Разработка круглого стола на тему Мемлекеттік тіл м?ртебесін к?терейік!


«О.Жандосов атындағы орта мектеп» мемлекеттік-коммуналдық мекемесі
Дөңгелек үстелдің тақырыбы:

Өткізгендер: Сүлейменова Ш.Е.
Бұланбаева Ш.Е.
Дөңгелек үстелдің тақырыбы: МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ МӘРТЕБЕСІН КӨТЕРЕЙІК!
Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы.
Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңына сәйкес қазақ тілі республикамыздағы негізгі тіл – мемлекеттік тіл болуына орай оның қолдан аясы, бедел-мерейі мемлекет ішінде ғана емес, халықаралық қатынастар деңгейіне дейін артып келеді. Осыған байланысты қазақ тілін оқу мен оқытуды жан-жақты зерттеп, дамыту жауапкершілігін алға тартып отыр.
Мемлекеттік тілдің мәдениетін көтеру, әдебиетті насихаттау, талантты жастарды іздеп табу мақсатында және өз елін, жерін, Отанын, туған халқының тілі мен салт-дәстүрін қастерлейтін саналы да парасатты азамат етіп тәрбиелеу үшін жыл сайын біздің мектебімізде дәстүрлі тіл мерекесі өтеді. Осы мерекеге байланысты тіл айлықтары жоспарлы түрде жүргізіледі. Өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін оқытудағы мақсат – мемлекеттік тілде сөйлей білуге, өз ойын айта білуге, сауатты жаза білуге үйрету. Тіл – ұлттың жаны. Ғабит Мүсірепов тіл туралы былай деген: «Тілін білмеген түбін білмейді».
Әрине, әр халықтың тілі өзіне ерекше құрметті. Тілдің байлығы, сөздік қорының өсуі халықтың өзіне байланысты.
Халықтың тілін білсең, оның жанын сезінесің, тіл арқылы бүкіл адамзатқа тән гуманистік идеяларға қол жеткізуге болады.
Мақсаты:
Білімділік:Мемлекеттік тілдің қадір - қасиетін біліп, көркемдігін сезініп, сөз құдіретін түсініп, оның адам өміріндегі маңызын ұғыну, тіл әуезділігін, көркемдігін, байлығын, шешендігін көрсететін нақыл сөздер, мақал-мәтелдер арқылы оқушылардың дүниетаным мен ой өрісін дамыту. Тіл тазалығын сақтау, Мемлекеттік тіл мәртебесін көтеруге ат салысу.
Дамытушылық: қазақ тілі туралы мақал-мәтелдер, өлең, нақыл сөздер айту арқылы оқушының сөздік қорын молайтып, тіл байлығын дамыту.
Тәрбиелік: оқушылардың пәнге қызығушылығын арттырып, тілді құрметтеуге, тіл байлығын, маңызын түсіне білуге баулу.
Сабақтың көрнекіліктері: слайдтар, нақыл сөздер, қаттамалар, оқушылар шығармалары.
Сабақтың түрі: Дөңгелек үстел
Барысы:
І. Ұйымдастыру кезеңі
ІІ. Кіріспе
Мұғалім: Құрметті қонақтар, ұстаздар, оқушылар!
«Адамға екі нәрсе тірек тегі,
Бірі – тіл, бірі – ділің жүректегі», - деп Жүсіп Баласағұн бабамыз айтқандай кез-келген мемлекеттің, елдің ең негізгі рәмізі де, ұраны да, тірегі де сол елдің ана тілі болмақ.
Біздің ана тіліміз – қазақ тілі. Біздің Отанымыз – Қазақстан. Қазақстан Республикасының өз елтаңбасы, әнұраны, туы бар. Сонымен қатар өз тілі бар.
Көп тіл білсең көкжиегің кең болар,
Құрметтейді кісі екен деп төрге озар.
Қай елде жүрсең де бұл дұрысы,
Мемлекеттік тілді үйренген жөн болар, - демекші, «МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ МӘРТЕБЕСІН КӨТЕРЕЙІК!» атты дөңгелек үстелді бастауға рұқсат етіңіздер. Ендеше тіл мәселесін өзек етіп, тіліміздің мәртебесін асырайық, құрметті оқушылар!
Алғашқы баяндамашы, 10 сынып оқушысы Ажарбек Алинаны ортамызға шақырамыз
Тіл –ұлттың жаны
Әр халықтың өз ана тілі бар. Тіл – жеке адам ойлап тапқан туынды емес, ол барша ұлтқа ортақ, соның төл перзенті. Сол халықтың мәдени әлеуметтік өмірінде өзіндік мәні бар киелі ұғым. Тіл – атадан балаға мирас болып қалып отыратын баға жетпес мұра. Тілдің адам өмірі үшін мәні айырықша. Оның бітпесті бітіретін, жетпесті жеткізетін, үзілгенді жалғайтын мүмкіндігі бар. Бір ауыз опық жегізіп, өмір бойы өзегіңді өртесе, бір ауыз орынды айтылған сөз жадыңда жатталып, бақытқа жеткізеді.
Қазақ халқының басына талай қиын нәубет, зұлматтың, қайғылы күндердің болғаны тарихтан белгілі. Сондай ауыр сәттерде, сын сағаттарда атамекен қонысын тастап босқан халықтың өзімен бірге алып жүрген байлығы – ана сүтімен санасына дарыған ана тілі ғана.
Тіл — адам жанының тілмәші. Тілсіз ұлт, тілінен айырылған ұлт болып жасай алмақ емес, ондай ұлт құрымақ. Ұлтының ұлт болуы үшін бірінші шарт- тілі болуы. Ұлттың тілі кеми бастауы ұлттың құри бастағанын көрсетеді.
Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмасқа тиісті. Бір ұлттың тілінде сол ұлттың жері, тарихы, тұрмысы, мінезі айнадай ашық көрініп тұрады. Қазақтың сары даласы кең. Тілі де бай.
Бүгінгі қазақ тілінің тағдыры мен болашағы Елбасын аз толғандырып жүрген жоқ. Сондықтан да болар Елбасының «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде», «Ана тілі – бәріміздің анамыз, өйткені, ол – ұлтымыздың анасы деген сөзі бар. Тіл - ұлттың жаны. Ал ұлттың болашағы - оның ана тілі. Тіл - халықпен бірге өмір сүріп дамиды, әр ұлттың тілі - оның бақыты мен тірегі. Елбасы Н.Ә.Назарбаев халықтың болашағы туралы тереңнен толғай отырып, «мемлекеттің ең басты дүниесі тек ғана байлық емес, сонымен қатар ана тіліміздің болашағы» деген болатын.
   Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық салаларында қолданылатын тіл болғандықтан, жүргізілетін барлық іс-қағаздары мен құжаттар мемлекеттік тілде болуы тиіс. Өйткені өркениетке құлаш ұратын елдің өрісі қашанда білікті де, саналы ұрпақпен кеңеймек. Әлемдегі өркениетті елдердің санатына енуді көздеген халықтың басты мақсаты да сауатты ұрпақ тәрбиелеу. Сауатты ұрпақ тәрбиелеу дегеніміз, мемлекеттк тілде еркін сөйлей алатын, оны терең меңгерген ұрпақ. Ал мемлекеттік тілді жақсы білмейінше сауатты сөйлеп, сауатты жазып, тіл байлығын мол қолданбайынша, шын мәніндегі мәдениетті адам бола алмайсың.
   Тіл тағдыры - ел тағдыры екенін ешуақытта ұмытпайық. Әрбір адам өз ана тілін білумен қатар мемлекеттік тілді меңгеру міндетті.
Баяндамашы Кенжалы Әділетті ортаға шақырамыз.
Қазақстанның болашағы- қазақ тілінде
Ана тілі дегеніміз – сол тілді жасаған, жасап келе жатқан халықтың өткені, бүгінгісі, болашағы. Қазақ тілі өзінің даласындай бай. Қазақ сөзі қашанда даланың қоңыр желіндей аңқылдап, еркін есіп тұрады. Қазақ тілі қасиетті Қазақ домбырасының үнімен үндесіп жатады. Ана тілі – бұл әкенің тілі, туған халықтың тілі. Ана тілін біз кішкентай кезімізден әке-шешемізден, әжеміз бен атамыздан біле бастаймыз. Ана сүтіндей бойымызға біртіндеп сіңеді. Халықтың тәуелсіздігінің ең басты белгісі – оның ана тілі, ұлттық мәдениеті. Өзінің ана тілі, ұлттық мәдениеті жоқ ел өз алдына мемлекет болып өмір сүре алмайды. Дүниедегі барлық халық тәуелсіздікке ұлттық қадыр-қасиетін, мәдениетін, ана тілін сақтап қалу үшін ұмтылады. Сондықтан кез келген мемлекет өзінің аумағында салт-дәстүрін, ана тілін айрықша қорғайды. Еліміз Қазақстан Республикасы егемен ел атанды. Ана тілімізге мемлекеттік мәртебе берілді. Тіл туралы заң қабылданды. Президентіміздің 2003 жылғы 15 қарашадағы жарлығымен қыркүйектің үшінші жексенбісі Қазақстан Республикасы халықтары тілдерінің күні ретінде атап өтілетін болды. Тіл адамдар арасындағы қатынас құралы, өйткені адамдар қоғамдық өмірде бір-бірімен тіл арқылы сөйлеседі, пікір алмасады, ойын жеткізеді. Тіл арқылы біз оқып, білім аламыз, қалаған мамандықты игереміз. Тіл арқылы даналар сөзін оқып білеміз, одан ғибрат аламыз. “Өнер алды – қызыл тіл” деген осыдан шыққан болар. Тіл халықпен бірге жасайды, дамиды, өркендейді.
    Қоғамдағы   мәдениетке жеткізетін, қоғамдық ой- сананы биікке көтеретін, қуатты да құдыретті ана тілі- қазақ тілін біз өз деңгейінде қолданысқа енгізіп келеміз бе? Дәл қазіргі уақытта қазақ елі жаһандану дәуіріне қадам басып келеді. Яғни, соңғы жылдары елімізде шетелдік фирмалармен алыс- беріс жасап, ынтымақтаса жұмыс істеу көбейді. Нарықтық экономиканың  халықаралық деңгейдегі сауда- делдалдық, көлік, қаржыландыру мен кредиттеу, жарнамалық қызмет, халықаралық көрмелер, аукциондар, халықаралық экономикалық  қатынастар т.б алуан түрлі салалар жұмысын күшейтті. Демек, дәл осы уақытта өркендеген елде тіліміздің құрылымы мен жүйесі дами түсіп, аса күрделі құбылыстарды дәл бейнелейтін қабілеті арта береді.
    Тіл- халықтың дамуымен тарихтың шеруімен, белгілі оқиғаларға орай байып отыруы керек. Жаңа ұғымдар, жаңа терминдер қалыптасу керек. Ол жаңадан енген терминдерді де өзімізден табу мүмкін емес немесе шарт емес. Міне, дәл осылай тіліміз күрделене береді. Қазақ тілі- түпкі табиғатында  ауқымы кең, оралымды, әрі аса бай тіл. Біз осы тілімізді толық иегере алдық па? Толық иегере алмай жатуымыз – сол ұшан байлықтың көрінісі. Оған жаңа терминдерді қосыңыз.
    Еліміздің Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның болашағы- қазақ тілінде» деген қанатты сөзімен мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру туралы үнемі алға қойып келе жатқан міндеттерін орындау аясында көптеген жұмыстар да атқарылып жатыр.
     Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңы, «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2010- 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламы» , «Мемлекеттік  тілдің қолданылу аясын кеңейтудің, оның бәсекеге, қабілеттігін арттыруға арналған  тұжырымдамасы» т.б мемлекеттік  тіліміздің мәртебесін көтеруге және дамытуға арналған құжаттар бар. Аталған құжаттардың іс жүзінде орындалуына да көптеген жұмыстар атқарылды және атқарыла бермек.      Ия, қазақ ұлтының қасиетін білгің келсе Абайды оқы, Мұхтар Әуезов, Ахмет Байтұрсынов т. б. ғұламалардың шығармаларын  парақта. «Сөзі жоғалған елдің өзі де жоғалады» деп Ахмет Байтұрсынов  айтқандай, ана тіліміздің мәртебесін көтеру әрбір қазақ шаңырағы өз отбасынан бастау керек. Әр ана мен әке өз баласына оның қазақ екенің, өз ұлтынан  биік ұлттың жоқ екенін, қазақ ұлтының салт- дәстүрлерін бойларына сіңіре білсе, ол бала – отан сүйгіш, болып өседі. Демек, нағыз азамат, нағыз қазақ ең бірінші отбасынан алған тәрбиесінің жемісің, игілігін  ең бірінші өз отбасына және еліне көрсетеді. Сондықтан , еліміз бен жеріміздің ертеңгі иесі- отаншыл, білімді ұрпақты тәрбиелеп өсіру әлемдік өркениет көшіндегі өз орнымызды анықтау болып табылады.
    Қазақстанның  гүлденуіне, биіктерден көрінуіне Қазақстандағы әрбір қазақ азаматының  ана тілінде сөйлеуіне, жақсы білім алуына, өз құқығын білуіне міндетті. Елдің тірегін берік ұстау тек өзімізге  байланысты. Рухымыздың биік, отан сүйгіштік қасиетіміз жоғары болса, тіліміздің де мәртебесі де үстем болмақ!
1. Мемлекеттік тілдің қадір – қасиеті мен көркемдігін сезіндіру, сөз құдіретінің адам өміріндегі маңызын ұғындыру.
2. Тіл тазалығын сақтап, мәдениетті сөйлеуге үйрену көздерін көрсету.
3. Тіл әуезділігін, көркемдігін, байлығын, шешендігін көрсететін нақыл сөздер, мақал-мәтелдер арқылы үндеу тастау
4. Мемлекеттік тіл мәртебесін дәріптейтін ғұлама ақын – жазушыларымыздың дана сөздерін үлгі ету.
Өзектілігі: Қазақстан Республикасы өз Тәуелсіздігін алса да, Ата Заңы мен Тіл туралы Заңы күшіне енсе де, елімізде өзге ұлт түгіл, қазақ ұлтының кейбір азаматтары мен жастары мемлекеттік тілді шұбарлауын қояр емес.
Маңызы:
Кіршіксіз қардай сақтаңдар,
Қазақтың тілін ғаламат.
Ана тіл – арым, иманым,
Аманат, саған, аманат.
                            Мұзафар Әлімбаев. 
Қазақстанда туып - өскен соң осы елдің қуанышы да, мұңы да бәрімізге ортақ. Қазақ елі күн санап тез қарқынмен өркендеп келеді. Түрлі себептермен мемлекеттік тіл мәртебесі көштен қалып қою қаупін сезіндіреді. Даналарымыз бен ақын – жазушыларымыздың аманатын арқалап, мемлекеттік тіл мәртебесін көтеруге ат салысу әрбір азаматтың Туған елі алдындағы азаматтық парызы
(слайдтар арқылы мағлұматтар беру)
Қазақ тілі дүние жүзіндегі ең бай да, көне тілдердің қатарында. Тіл байлығы – әр елдің мақтанышы. Ал, қазір «Сөз атасы – мақал» дегендей тіл туралы мақалдар айтып, мақалдар мен өлеңдердің жалғасын табамыз.
1.Туған тілім – тірлігімнің айғағы...
2.Сүйемін туған тілді...
3.Өнер алды...
4.Тіл тас жарады...
5.Ана тілің арың бұл...
6.Көре-көре көсем боласың...
7.Таза мінсіз асыл тас...
8.Бас кеспек болса да...
9.Көп сөз – көмір...
10.Жүйелі сөз жүйесін табады...
Мұғалім: Құрметті қ«МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ МӘРТЕБЕСІН КӨТЕРЕЙІК!» атты дөңгелек үстелге қатысушылар! Сіздер бүгін қасиетті тіліміздің құдіретін жан-жақты аша білдіңіздер. Қоғамда болып жатқан тілдің өзекті мәселесіне тоқталдып, кемшіліктерді дөп баса айта білдік. Тығырықтан шығатын тура жолды да көрдік. Сонымен, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтерудің тиімді жолдарын қолданып мемлекеттік тіл қазақ тілін терең де тиянақты меңгерейік!
Мемлекеттік тілді жақсы білмейінше сауатты сөйлеп, сауатты жазып, тіл байлығын мол қолданбайынша, шын мәніндегі елжанды азамат атану қиынға соғады. Сол үшін Мемлекеттік тіліміздің мәртебесін көтерейік!

Ең тәтті де – тіл, Ең ашты да – тіл, Ең жұмсак та – тіл, Ең катты да – тіл.
Тіл – ұлттың жан дүниесі. 
Тіл жоқ жерде - ұлт жоқ.
Өнер алды – қызыл тіл
Тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады.
Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ.
Шебердің қолы ортақ, шешеннің тілі ортақ
.
Тіл сенің - өмірдегі өрнек сырың.
Тіл сенің – көмейдегі күміс жырың!
Аспаның, айың, күнің, ауаң, демің.
Шат күлкің, тәтті әзілің, тапқыр сының.
Тіл сенің – жігіттік, балалығың,
Өмірде адамдық, даралығың.
Тіл сенің – шағын жорғаң шын тайпалар.
Сайысса саңлақ сөздер ер байқалар.
Жүйрік тіл жүректерді тебіренпесе,
Шешен деп, шежіре деп кім айталар?
Ердің құнын бағалар екі ауыз сөз,
Ел тағдырын шешіпті өткен бір кез.
Досқа – бал, дұшпанға – у, қайран тілдің,
Достарым, құдіретін осыдан сез!
Тіл сенің – тірліктегі жан ләззатың.
Тіл сенің – ар, арманың, махаббатың.
Дәулет деген – ұғыңдар!
Кеше болса, бүгін жоқ.
Тілің болса – күнің бар,
Тіл болмаса – түгің жоқ!
Тілім – шипам, дәрім де.
Мәңгүрт болып күн көрем.
Абыройдың бәрін де,
Маған осы тіл берген.
Тілсіз келген білімің.
Түбі нағыз қиғылық.
Көсегесін тілімнің,
Көтеремін ту қылып.
Ақын көзі жұмылмас,
Жырдың көзі жұмылмай.
Елдің туы жығылмас,
Тілдің туы жығылмай, -

Туған тілім – тірлігімнің айғағы,
Тілім барда айтылар сөз ойдағы.
Өссе тілім – мен де бірге өсемін.
Өшсе тілім – мен де бірге өшемін
.
Полиглоттар тарихынан қызықты деректер :
Шығыс ғұламасы Әл-Фараби 70-ке жуық тілді меңгерген.
* * *
А.С.Пушкин француз, ағылшын, неміс, итальян, испан, латын, грек, славян тілдерін білген. Көне еврей тілін зерттеген.
* * *
Ұлы Абай орыс-қазақ тілдерімен қатар парсы, араб тілдерін меңгерген. Орыс тілін орта жастан асып барып, кеш меңгерген.
* * *
Қазақ халқының ұлы перзенті Шоқан Уәлиханов араб, шағатай және түркі тілдерінің біразын білген. Кадет корпусында оқып жүргенде орыс тілін жетік біліп үлгерген.
* * *
А.С.Грибоедов бейтаныс біреуге жазған хатында: “Менің игерген білімім славян және орыс тілін, латын, француз, ағылшын, неміс тілдерін игергенімде болса керек. Персияда болған кезімде парсы және араб тілдерімен шұғылдандым”, – дейді.
* * *
И.Крылов Еуропаның негізгі тілдерін түгел игерген. Елу жасында ол көне грек тілінде еркін сөйлеген.
* * *
Профессор Құдайберген Жұбанов көп тіл білген кісі. Тіпті ана тілімізді салыстырмалы жүйемен үйренуге де, зерттеуге де себі бар деп жапон тілін де игерген.
* * *
Белгілі қазақстандық және ресейлік тарихшы, прозашы, ақын, әлемге Шоқан Уәлихановтың есімін танытқан Сергей Николаевич Марков түркі тілдерінің көбін білген, тіпті санскритті де меңгерген.
* * *
Шотландиялық Дерик Хернинг те 22 тілде еркін сөйлейді екен. Ол 1990 жылы Брюссельде өткен “Европа полиглоты” байқауында жеңімпаз болған.
* * *
Люксембург халқының түгелге жуығы төрт тілде еркін сөйлей алады, әсіресе, жастары. Ең бастысы, Люксембург балалары мектепке дейін төрт жастан бастап тегін ана тілінде, екінші сыныптан бастап француз тілінде оқиды. Ағылшын тілі алтыншы сыныптан басталады.
Мұзафар Әлімбаев татар, қырғыз, қарақалпақ тілдерін сөздіксіз аударады. Өзбек, түрікмен, башқұрт, балқар, ноғай, қарашай тілдеріндегі шығармаларды оқи алады, сөздік арқылы тәржімалайды.
* * *
Г.Бельгер: “Неміс тілі, қазақ тілі, орыс тілі – шабытымның үш қайнар бұлағы”.