Саба? жоспары Жа?сылы?тан жа?сылы??а ?зін-?зі тану 4-сынып


-489585-33210500 Слямова Алия Абильмажиновна
Шығыс Қазақстан облысы
Катонқарағай ауданы
Топқайың ауылы
«Топқайың орта мектебі» КММ
Өзін-өзі тану, музыка пәнінің мұғалімі

Сабақ №26 Сыныбы 4 Оқушы саны 10
Сабақтың тақырыбы Жақсылықтан жақсылыққа
Құндылық Қамқорлық, жақсылық жасау,дұрыс әрекет
Қасиеттер Сүйіспеншілік, мейірім, достық, адамгершілік
1. Сабақтың мақсаты:
оқушылардың дұрыс әрекет туралы құндылығын кеңейту.
Сабақтың міндеттері:
жақсылық жасаудың адам өміріндегі маңыздылығын түсіну;
жақсылық жасау іскерліктерін қалыптастыру;
имандылыққа ізгілікке тәрбиелеу.
Ресурстар(материалдар, дереккөздер)
слайд
2. Сабақтың барысы:
Ұйымдастыру кезеңі.
а/Амандасу
б/оқушылардың құрал жабдықтарын түгендеу
в/ 5 «Т» ұстанымын еске түсіру(тәртіп, талап, тыныштық, тазалық, татулық)
Сабақтағы жағымды күйге келу(Тыныштық сәті):
Арқаңызды тік ұстап отырыңыз. Көзіңізді жұмып, терең тыныстап демаламыз. Әрбір тыныс алған сайын неғұрлым көбірек босаңсып, сабырлы болуға тырысыңыз. Қазір біз орманға серуенге шығамыз. Өзіңіздің сынып есігіне қарай беттеп, есікті ашқаныңызды, дәлізбен өтіп, далаға шыққаныңызды елестетіңіз. Таза ауаны жұтып, шашыңызды желбіреткен желді және бетіңізді сәл-пәл қыздырған күн сәулесін сезініңіз. Орманға қарай жүре бастаңыз. Келе жатқанда абай болыңыз, жәндіктерді басып кетпеңіз. Бір минут тоқтап айналаға көз салыңыз. табиғаттың әсемдігі мен балғындығын сезініңіз. Гүлдердің біріне жақындап, еңкейіп,оның нәзіктілігі мен жұқалығына зейін салыңыз. Оны иіскеңіз және хош иісін жұтыңыз. Айналадағы бар нәрсені бақылап, ары қарай жүре беріңіз. Гүлдер, гүлдер мен ағаштардың иісі, құстардың дауысы мен жәндіктердің ызыңы.Орманға ендей түсіңіз, қараңызшы, ағаштар биіктей әрі қалыңдай түсті.Жарық орманда бақытты әрі қауіпсіз сезінеміз. Алаңқайға шығып, осында бірнеше минут демалыңыз. Түбіне барып отырғыңыз келетін ағашты таңдаңыз. Ағашқа жақындаңыз да оның діңінен құшақтаңыз. Оның қуаттылығын сезініңіз, ондағы өмір қуатын сезінуге және ұғынуға тырысыңыз. Енді оның діңіне арқаңызды сүйеп отырыңыз. Көзіңізді жұмыңыз, терең тыныс алыңыз және қоршаған айналаның жым-жырт тыныштығына көңіл бөліңіз. (Осы жерде 1-2 минут үзіліс жасау)
Табиғат неткен ғажап, оны қалайша сүйетінімізді және қадірлейтінімізді, бірде-бір тірі жәндікке зиян тигізбес үшін қамқорлық жасауды түсінеміз. Сіздің өз ағашыңыз бар екенін және кез келген уақытта оған келе алатыныңызды есте ұстаңыз. Ал қазір мектепке қайтуға дайындалыңыз. Орныңыздан тұрып айналаңызға тағы да бір көз қырын салыңыз. Келген жолыңызбен кері қайтыңыз, жолыңызда кездескен жәндіктерді басып кетпеңіз. Міне, мектептің алдына да келдік. Айналаңызға тағы бір қараңыз, таза ауаны тағы да бір терең жұтыңыз, есікті ашып, өз орныңызға қайтып келіңіз. Осы жым-жырттық, тыныштық, қанағат сезімін өзіңізде сақтаңыз. Көзіңізді ашып, жан-жағыңызға қарап күлімсіреңіз! Ескертулер
музыка әуенімен
3. Үй тапсырмасын тексеру
Үйге тапсырма ретінде «Жақсылық» туралы мақал-мәтелдер жаттап келу керек болатын. Қане балалар, жақсылыққа байланысты кім көп мақал-мәтел біледі? (Оқушылар өздерінің дайындап келген мақал-мәтелдерін айтып шығады. Соңында «жақсылық» адам бойындағы ең игі қасиет екенін топ болып тұдырымдайды).4. Жағымды ой-пікір (дәйексөз)
«Ешқандай жақсылық зая кетпейді.»
Үнді нақылы
1. Дәйексөзге байланысты оқушылардың пікірін тыңдау.
2. Мұғалімнің қорытындысы.
5. Әңгімелеу (Оқиға айту) «Жан ана»
Ерте, ерте, ертеде қалаға жақын ауылда бір Жан Ана өмір сүріпті. Жан Ананың негізгі есемін ешкім білмейді екен. Алтындай жүрегі болғандықтан ауыл адамдары оны Жан Ана деп атап кетіпті.
Жан Ананың баласы жоқ екен. Бірақ ол ауылдың бүкіл баласын жанындай жақсы көріп, оларға ертегі айтып, ойыншық жасап береді екен. Сондықтан да ауыл адамдарына қол ұшын беруге әрқашан дайын болыпты. Жұмыстары басынан асып жатқандар да Жан Анаға: «Бүгін ісіміз көп, келіп біраз көмек бересің бе?»- деп өтініш білдіреді екен.
Уақыт өте келе ауылдағылар Жан Ананың жақсылығын ұмытып, көмектесу оның міндеті деп ойлапты. Әрі Жан Анаға барып бұрынғыдай өтінудің орнына «Жан Ана, бізге келіп көмек бер», - деп бұйыра бастапты.
Жан Ана олардың бұл қылығына мүлде ренжімейді екен. Үлкен бір ауыл, жалғыз бір Жан Ана, қайсібірінің дертіне ортақ болсын. Қанша тырысса да барлығының ісіне үлгермепті. Тіпті жанындай жақсы көрген балаларға да көңіл бөле алмапты. Жан Ана көмекке бара алмаған ауыл тұрғындары есігіне келіп: «Ей, Жан Ана, неге бізге көмекке келмедің? Біз сені жақсы бір адам деп жүрсек»,- деп жазғыра бастайды. Бейшара Жан Ана ешкімнің көңілін қалдырмайын деп жүріп күндердің бірінде науқастанып қалады.
Ауыл тұрғындары оған көмектесудің орнына: «Кішкене бір аурудан төсек тартып жатуға болады ма?»- деген екен. Бұл сөздерді естіп Жан Ана қапа болыпты. «Ертегі айтып, ойыншық та жасамаймын. Ең жақсысы бұл ауылдан кетейін» деп ойлаған екен. Түн ортасында киімдерін, жейтін азығын алып,үн түнсіз ауылдан кетпек болады. Ертеңінде ауыл тұрғындары әдеттегідей азанмен Жан Ананың үйіне барған екен. Үйге келсе, ешкім жоқ, бос тұрғанын көріп таң қалыпты. «Енді Жан Анасыз қалай күн көреміз? Ісімізге кім көмек беріп, бізге кім ақылшы болады?»- деп қайғырыпты. Міне, осы кезде қателіктерін аңғарып, Жан Ананың қадірін түсінген екен.Жан Анаға бір ауыз рахметін айта алмағандарына өкініпті.
Оны қайта іздеп тауып, онымен жақсы қарым-қатынаста болуды ұйғарыпты. Бірақ қаншалықты іздестірсе де, Жан Ананы көрген ешкім болмапты. Қымбатты балалар! Іштеріңде оны көргендерің бар ма? Егер жан Ананы көрсеңдер, жасаған жақсылықтары үшін алғыс айтуды ұмытпаңдар, жарай ма? Талқылау сұрақтары:
1. Ауыл адамдарының жасаған әрекеттеріне сендердің көзқарастарың қандай?
2. Жан Ана адамдарға қандай жақсылық жасады?
3. Адамдар жақсылықты қалай түсінді?
4. Жан Ана неліктен өкінді?
5. Өздерің «жақсылық жасау» дегенді қалай түсінесіңдер?
6. Шығармашылық жұмыс, топтық жұмыс
«Жақсылық тамшысы» (оқушыларға алдын-ала дайындалған тамшы үлгісінде қиылған қағаздар үлестіріледі. Әр оқушы өзінің жасаған жақсы істері туралы жазып, тақтаға іледі. Қағаз, фламастер, желім
7. Топпен ән айту
«Бала тілегі» сөзін жазған С.Молдасанұлы
Әнін жазған Ф.Жолдасова
Бал балалық, балдырған шақ, сан арман,
Барлық бала армандауға жаралған.
Кел, достарым, әндетіңдер, билеңдер,
Гүлденсін деп атамекен, қара орман.,
Болашақтың иесіміз бәріміз,
Туған жердің түрлендірер нәріміз.
Алтын бесік – ұлан-байтақ елімде
Жарқын болсын шырқап айтар әніміз.
Қалықтаған көгершіні көгінде,
Мұңаймасын ешбір бала елімде.
Ата берген батаменен көркейсін,
Ұлы Отаным, тілегім сол менің де. 8. Үй тапсырмасы
Табиғатқа сен қандай қамқорлық жасадың? – тақырыбында өз ойын әңгімелеп беру. 9. Сабақтың қорытынды сәті
Балалар бүгінгі сабақта алған жақсы қасиеттерді өз жүректеріңе түйіп алыңдар. Әрдайым жақсылық жасап жүрейік. Барлықтарыңа бүгінгі сабаққа белсене қатысқандарыңа рахмет. Сау болыңдар.
Жақсылық4 бар жерде
Тыныштық4 бүкіл әлемде
Музыка қойылады