?аза?стан Республикасыны? т???ыш президенті


Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті
Мақсаты: 1. Оқушыларға Президентіміз Н.Ә. Назарбаев туралы мәлімет беру, сан қырлы талант
иесі, құдіретті тұлға екенін таныту.
2. Елімізге еңсе тіктетіп, мемлекетімізді мығымдап берген, халқымызды әлемге
танытып, алаш баласының абыройын ақсақтатқан Елбасының кісілік келбетін
меңгерту.
3. Отанын сүюге, елжандылыққа, елі сүйген Елбасынан үлгі алуға тәрбиелеу.
Көрнекілігі: Елбасы суреттері, интерактивті тақта, слайд, бейнетаспалар,топтық жұмысқа
керек флипчарт, маркер, желім, суреттер
Барысы:
-Сәлеметсіздер ме.Бүгінгі біздің іс-шарамыз Президент күніне арналады. Бұл қандай мереке? Біздің елімізде ғана тойлана ма? Басқа елдерде тойланса, қандай мемлекеттерде?
( Оқушылардың жауаптары)
Тақтаға назар аударамыз. (интерактивті тақтадан слайд көрсетіледі)
Тарихқа үңілсек, Президент күндері көптеген елдерде атап өтілуде.
АҚШ-та президенттік күн 1885 жылдан бері тойланып келеді.Ол күн-ақпанның үшінші дүйсенбісі. Бұл мереке тұңғыш рет Джорж Вашингтонның құрметіне арналған. Ал 1970 жылдан бастап Вашингтоннан басқа АҚШ-тың 16-шы президенті Авраам Линкольның құрметіне де өтетін болды.
Ұлыбританияда II Елизавета патшайымның туған күні-мемлекеттік мейрам. II Елизавета сәуір айында туса да, мереке маусымның екінші сенбісінде өтеді. II Елизавета таққа 1952 жылы отырған. Неше жыл ел билеуде? /64 жыл/
Исландияда президенттік күн -14 мамыр. Бұл мереке елдің 5-ші президенті Олавур Рагнар Гримсонның құрметіне өткізіледі. Осы күні Исландияның түкпір-түкпірінде мемлекеттік ту көтеріліп, бүкіл халық тойлайды.
Голландияда патша ауысқан сайын патша күніне арналған мейрам да ауысып тұрды. Өйтені бұл мейрам патшалардың туған күнімен байланысты болды.Қазіргі таңда Голландияда 27 сәуір-ең басты ұлттық мейрам – Патша күні. Ол монарх (король) Виллем-Александрдың туған күні өткізіледі. Осы күні халық қызыл-сары (оранжевый) түсті киім киеді, көшелерді қызыл-сары түстермен безендіреді, көптеген іс-шаралар өткізеді.
Маршалл аралдарында Президенттік күн 17 қарашада өтеді, өйткені сол күні тұңғыш президент Амата Кабуаның туған күні.Осы елмен Қазақстан 2015 жылы дипломатиялық қарым-қатынас орнатты.аршалл аралдарының Тәуелсіздік алуына Амата Кабуаның үлесі ұшаң теңіз және ол ел гимнінің сөзі мен музыкасының авторы.
Оңтүстік Африканың дамыған елі Боствананың президенті Серетсе Кхамаға арнналған Президент күні шілде айының 3-ші аптасында өтеді. Бұл кісі елді 14 жыл басқарған.1966 жылы ел Тәуелсіздік алған кезде ең артта қалған мемлекеттердің қатарында болса, 35 жыл ішінде дамыған елдердің қатарына қосылды.
Ал енді өз елімізге оралайық.
(бейнетаспа «Тұңғыш Президент. Тәуелсіз ел» 7 мин)
2012 жылдың 1 желтоқсанында еліміз алғаш рет Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің күнін атап өтті. Бұл біздің елде жаңа мейрам және ол Н. Назарбаев тұңғыш рет 1 желтоқсанда Президент болып сайланған күні аталып өтуде.
(оқушылар 3 топқа бөлінеді)
1-топ: Н.Ә. Назарбаевтың балалық шағы
2-топ: Н.Ә. Назарбаевтың жастық шағы
3-топ: Н.Ә. Назарбаевтың қызметі
(7-10 минут уақыт өткен соң әр топтан1-2 бала шығып, өз тақырыптарын ашады,
постерге түсіргендерін сөйлетеді)
Н.Назарбаевтың балалық шағы.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев 1940 жылы 6 шілдеде Алматы облысы Қаскелең ауданының Шамалған ауылында дүниеге келді. Сәбиге ат таңдаудың өзі жатқан бір хикаяға айналды. Тойға жиналған ағайын-туыс түрлі есімдерді тұс-тұстан айтып жатты. Ең ақырында жаңа туған ұлдың әжесі Мырзабала мынадай ұсыныс білдірді: «Менің сүйікті немерем екі бірдей есімді алып жүрсін. Оның аты Нұрсұлтан болсын».
Анасы-Әлжан, әкесі-Әбіш. Әбіш Назарбаев көңілді, қадірлі адам болды. Ол тек қазақ тілінде ғана емес, орыс және балқар тілдерінде де еркін сөйлейтін. Әбіш қазақ және орыс әндерін беріліп айтатын, әңгімелескен адамын зейін қойып тыңдап, пайдалы кеңес бере білетін. Әбіш Назарбаев 1971 ж қайтыс болды. Ал анасы 1977 жылы дүниеден өтті.
Нұрсұлтанның балалық шағы таршылық жағдайда өтті.Үлкендердің мал бағуына , бау- бақша өсіруіне көмек көрсету керек болды, шөпшек теріп, отын жарды. Өзі еске алғандай, аз-маз өнімдерін сатып, үй ішіне қажетті заттар алу үшін есек жеккен арбамен жақын маңдағы теміржол стансасына бару деген керемет мереке саналатын. Мектепті жақсы оқып, жақсы білім алды. Ата-анасын қатты құрмет тұтты.
Нұрсұлтан сабағын өте жақсы, кілең беспен оқыды. Өте зейінді, зерек бала болды. Мұғалімнің айтқан бір сөзін де қағас жібермей, қағып алып отыратын
Нұрсұлтанды үйде Сұлтан дейтін. Сұлтан ақылды, жақсы бала болып өсті. Үй ішіне де, әке-шешесіне де жайлы. Әкесінің бір сөзін екі етпейтін. Сол үйдегі баланың үлкені болғаннан кейін қарды күреу, отынды жару, көктемде бау-шарбақ отырғызу сияқты барлық жұмыстар Сұлтанның мойнында еді. Ол анау-мынау деп қиқаңдап, кейбір балаларша жұмыстан қашпайтын, сабағын да үлгеріп үздік оқитын. Әке-шешеге жасынан қайырымды, мейірімді болды.
Н.Назарбаевтың жастық шағы
18-ге таяған Нұрсұлтан өз қатарластарының арасында терең білімімен, ой-өрісінің кеңдігімен ерекше көзге түсті. Тынымсыз еңбек, спортпен жүйелі айналысу оны тығыншықтай етіп, шыңдап шығарды. Ол құрбы-құрдастарына қарағанда әлдеқайда ересек сияқты көрінетін. Бірақ оны ерекшелеген басты нәрсе – пікір айтудағы және әрекет етудегі дербестік пен жетекшілікке тұрақты ұмтылыс еді. Ол құрбы-құрдастарымен алғаш танысқан сәттен бастап, тіл табысып кете беретін. Өз ортасының ұйтқысы және қоғамдық ұйымдастырушысы болды. Әзіл-қалжыңға бейім болды, әнді жақсы айтатын, елдің көңілінен шығып, өз ортасын тез үйіріп әкете білді
Теміртаудағы металлургия комбинатының құрылысына комсомолдарды жинап жатқанын білген соң, Нұрсұлтан металлург болуға бел буды. Нұрсұлтан ертерек еңсесін тіктеп, өз ахуалын жақсартып, ата-анасына, туған-туыстарына материалдық тұрғыдан көмектескісі келді. Теміртауға келген соң, ол болашақ металлург ретінде Украинаға, Днепродзержинск қаласындағы Днепр металлургия комбинаты жанындағы кәсіптік-техникалық училищеге оқуға жіберілді. 1959 жылы Нұрсұлтан Назарбаев Кәсіподақтардың бүкілодақтық орталық кеңесі (ВЦСПС) ұйымдастырған жарыста жеңімпаз атанды. Сөйтіп, ол училище бітіргенде металлургтің қиын да күрделі мамандығын игеріп қана қоймай, Украинаның спорт шебері атанды. Табандылығы мен қайсарлығы өзі таңдаған мамандық бойынша барлық пәнді үздік игеруге жол ашты. Сондай-ақ, жас Назарбаев оқу бітіретін кездегі біліктілік емтихандарынан үздік баға алып, «домна пешінің сегізінші разрядты екінші горновойы» куәлігін иеленді. Жастық шағы Теміртауға оралғаннан кейін Нұрсұлтан Назарбаев өмірбаянының «жалынды» кезеңі басталды.
1960 жылы 3 шілдеде сол кезде Қазақстан мен Орталық Азиядағы алғашқы және бірден бір домна пеші іске қосылды. Бұл Қазақстан Магниткасы – Қарағанды металлургия зауытының өмірге келген күні болып саналады. Қазақстанның алғашқы шойынын қорытуға тәжірибелі шеберлермен бірге жас металлург Назарбаев та қатысты. Ол «Қарметте» басқа да тектес мамандықтарды игеріп, құю машинасының шойыншысы, домна пешінің горновойы, домна цехының диспетчері, газшысы болып жұмыс істеді. Жұмыс өте ауыр еді, кейбіреулер алапат ыстық пен қиындықта шыдамай, есінен танып, мұрындарынан қан саулап жататын. Көптеген жастар осыған төзе алмай, кетіп қалды. Бірақ Назарбаев олардың қатарынан емес еді. Жиырма жастағы Нұрсұлтан өзінің қомақты жалақысының жартысын жас балаларының мұқтаждығына жұмсасын деп, әкесіне жолдап отырды.
Алдыңғы қатарлы жұмысшы қазақ, комсомол мүшесі ретінде Назарбаев комсомол съездері мен жастар фестивальдеріне жиі жіберіліп тұрды. Ол танымал бола бастады, өндіріс үздігі Назарбаевтың суреті орталық баспасөзде де басылды. Жас металлург жұмыстастары арасында үлкен құрмет пен беделге ие болды. Сондықтан ол партияға өткеннен кейін цех парторгы болып сайланды. Осы жылдарда оның өмірінде тағы бір маңызды оқиға болды. Нұрсұлтан Әбішұлы кейіннен былай деп жазды: «Ал сол жылдардың өмір бойы есте қалатын ең бір елеулі оқиғасы – болашақ келіншегім Сарамен алғашқы кездесуім». Шаңырақтарында үш қыз – Дариға, Динара және Әлия дүниеге келді.
Ол 1969 жылдан бастап туған қаласындай болып кеткен Теміртауда өзіне ұсынылған партиялық, комсомолдық жұмысқа ауысуға келісім береді.
Н. Назарбаевтың қызметі
Өміріндегі бетбұрысты сәт оның 1972 жылы өзіне жақын Қарағанды металлургия комбинатында партия комитетінің хатшысы лауазымына тағайындалуы болды. Ол 30 мың адам жұмыс істейтін Қазақстан ауқымындағы аса ірі кәсіпорында комбинат директорынан кейінгі екінші тұлғаға айналды. Бұл зор жауапкершілік жүктеген еді, оның ауыртпалығын көп ұзамай-ақ толық сезінді. Тек партиялық жұмыстармен ғана емес, өндіріспен, өнім шығару жоспарымен, жөндеу және құрылыс мәселелерімен, кәсіпорынды жабдықтаумен, көптеген адамның тұрмыстық, баспаналық, мәдени және отбасылық істерімен де айналысуға тура келді.
Басшы ретінде Н.Назарбаевтың беделі жоғары болу себебі, ең алдымен, оның жұмысшылар қатарынан, ең төменгі буыннан көтерілгендігінен, барлық мәселелерді түп-төркінінен танып білетіндігінен еді. Сонымен бірге, оның бойында көрегендік, барлық мүмкіндікке және жаңа атаулыға деген зор ынта-ықылас сезіліп тұрды. Мұндай тәжірибелі және жігерлі мамандарға деген сұраныс елде зор болатын. Сондықтан да 1977 жылдың өзінде ол Қарағанды облыстық партия комитетінің хатшысы, одан соң екінші хатшысы болды. Нұрсұлтан Назарбаев 1979 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы болды. 1984 жылы 44 жасында Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы болып тағайындалды. Ол КСРО-дағы одақтық республикалардағы ең жас премьер еді
Ол Қазақстанның одақтық экономика үшін алып шикізат қорына айналып кеткенін көрді. 1986 жылдың желтоқсаны Қазақстан үшін «жылымық» кезең болғандай еді, бірақ республиканы Г.Колбин басқарған аз ғана жылда одақтық орталық өктемдік көрсетіп, қайта құрсаулап тастады.
Мәскеуде 1989 жылғы маусымда КСРО халық депутаттарының бірінші съезі болды. Халық депутаттарының съезі біте салысымен, Геннадий Колбин Мәскеуге жұмысқа ауыстырылды. Қазақ КСР Компартиясының Орталық Комитеті 1989 жылғы 22 маусымда бірінші хатшы лауазымына Нұрсұлтан Назарбаевты сайлады. Оған пленумға қатысқан 158 адамның 154-і жақтап дауыс берді. Сол 1989 жылғы шілдеде Қарағандыда экономикалық қана емес, саяси мақсат көздеп, Семей полигонын жабу туралы талап қойған шахтерлер ереуілі басталды. Назарбаев ереуілшілердің талаптарын халыққа қасірет әкелген Семей полигоны біржола жабылды.
Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі 1990 жылғы 24 сәуірде Қазақ КСР Президенті лауазымын белгіледі. Нұрсұлтан Назарбаев республиканың Жоғарғы Кеңесі сессиясында Қазақстан тарихындағы тұңғыш президент болып сайланды. 1991 жылғы 1 желтоқсанда республика президентінің алғашқы бүкілхалықтық сайлауы өтіп, оның барысында Назарбаев сайлаушыларының толық қолдауына ие болды. 1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Республиканың мемлекеттік тәуелсіздігін жария етті. Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіз Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне кірісті. Содан кейін 1995, 1999, 2005, 2011, 2015 жылдардағы өткен сайлауларда Н.Назарбаев ҚР Президенті болып сайланды.
Топтарға үлкен рахмет.
Н. Назарбаев президент болғалы көптеген жетістіктерге қол жеткіздік:
Тәуелсіздігімізді жарияладық;
БҰҰ- на мүше болдық;
Ана тілімізге мемлекеттік мәртебе берілді;
Рәміздеріміз белгіленді;
Ата заңымыз қабылданды;
Ұлттық валютамыз шығарылды;
Семей ядролық полигоны жабылды;
«Болашақ» бағдарламасы жүзеге асырылды;
ЕҚЫҰ- ның саммитіне төрағалық етілді;
7-Қысқы Азияда елімізде өткізілді;
Республикамыз әлемдегі бәсеге қабілетті 50 елдің қатарына енді;
Қазақтардың бірінші дүниежүзілік құрылтайы өтті;
ТМД аумағынан Ислам әлемімен төрағалық жасап отырған тұңғыш мемлекет;
Халықтар Ассамблеясын құрған тұңғыш және жалғыз мемлекет;
Елімізде қысқа мерзімде жаңа Астана тұрғызылды;
«Қазақстан -2030» және «Қазақстан-2050» бағдарламалары қабылданды.
Енді тақтаға назар аударамыз.
( Слайд «Нұрсұлтан Назарбаев»)
2004 жылы Астанада Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің Музейі ашылды. Онда 100 мыңнан астам экспонаттар бар. Президент Н.Назарбаевтың жеке мұрағаты мен кітапханасы мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар басшыларының тартулары, Елбасының бірегей марапаттар коллекциясы, жеке заттары, құжаттары қойылған.
Бейнетаспа «ҚР тұңғыш президенті мұражайы» 10 мин
Бүгін сендер ҚР Президенті туралы көп нәрсе білдіңдер. «Жігітке 8 өнер аз» дегендей Елбасымыз 8 қырлы ,бір сырлы адам. Шахмат ойнайды, шаңғы тебеді, домбыра шертеді, ән айтады... Тағы бір қыры-өлең жазады. Қазір сіздердің назарларыңызға Н.Назарбаевтың сөзіне жазылған Алтынбек Қоразбаевтың әні «Үш қоңыр». Қошеметпен Саматты қарсы алыңыздар.
(ән «Үш қоңыр»)
Енді Нұрсұлтан Назарбаевқа арналған өлеңдерін оқуға ортаға 6-сынып оқушыларын шақырамыз.
1.Тұратұғын болашақтың үні кеп
Тартылар күй айтылатын жыры көп
Ерекше бір еркіндейік, бауырлар
Басшымыздың бүгін туған күні деп
2.Тоқсан бірде Президентті сайладық
Еркіндікке белді бекем байладық.
Ақ киізге Нұр ағаны көтеріп,
Тілек айтып, шаттық тойын тойладық
3.Әнге толсын барлық қала, ауыл бар
Қағылсын бір барабандар, дабылдар
Елбасының туған күнін ардақтау
Бәріміздің борышымыз, бауырлар
4.Қазақ елі желбіреп көк байрағың
Гүлге оранды ауылың мен аймағың.
Нұрсұлтаның биіктерге бастады
Ол көрсеткен нұрлы жолдан таймағын.
5.Ауыр күнді артымызға тастауы –
Қиын сәтте қиындықтан қашпауы.
Тілім, дінім, ұлтым қайта көгерген,
Елбасымыз Нұрағаңның бастауы
6. Сан ұлттың басын қосып Қазақстан
Бекемдеп саясатын іш пен тыстан
Елбасы, алдын ала болжай біліп,
Сүрінбей аман өттік дағдарыстан.
7.Жыл сайын табыс қоссын табысыңа
Әр қазақ берік болсын намысына
Нұрсұлтан Назарбаев бастай берсін,
Нұрлы жол, Нұрлы заман бағытына
( «Байтақ елім» әні. Орындайтын Қамбаров Самат)
Биыл Тәуелсіздігімізге 25 жыл, Желтоқсан оқиғасына 30 жыл толады. Аспанымыз ашық, жарқыраған күніміз жер бетіне әрдайым нұрын, жылуын шашып тұрсын.
( Оқушылар тақтаға Тәуелсіздіктің 25 жылдығының эмблемасы мен Қазақстан картасын іледі. Картаның ортасына Н.Назарбаевтың суретін жапсырады)
Үш топтың оқушылары жүрек пішінді стикерге картаны қоршай Президентке арнаған тілектерін жапсырады.
Бар әлемге шын танылдық міне, біз,
Елін сүйген Елбасы деп білеміз.
Тең аталып Қазақстан - Нұрсұлтан
Нұрсұлтан мен Қазақстан тұр егіз.
Осымен бүгінгі шарамыз тәмәм. Барлықтарыңызға рахмет. Сау болыңыздар.
Ақмола облысы
Жарқайың ауданы
Тасөткел негізгі мектебі
Қ А З А Қ С Т А Н Р Е С П У Б Л И К А С Ы Н Ы Ң
Т Ұ Ң Ғ Ы Ш
П Р Е З И Д Е Н Т І
Өткізген: Жолдыбаева Лязат Тулегеновна
тарих пәні мұғалімі
2016-2017 оқу жылы