?ылыми жоба: 5 сынып. Адам келбетін сипаттауда к?ркем с?зді? псиологиялы? ?сері


КІРІСПЕ
Өзектілігі
Жеке адамды зерттеудің философиялық-әдебиеттік кезеңі - ежелгі ойшылдардан  XIX ғасырға дейін созылады.  Адамды зерттеу мәселесі адам табиғатын,   адамгершілігі, іс-әрекеттері мен мінез-құлықтарын   қарастырды. Адамға қатысты барлық мәселені, жеке адамға тән деп қарастырылған. Оның биологиялық, психологиялық, мінездік, мәдениеттік т.б жақтары жеке адамға қатысты деп түсінілген және ондай түсінік күні бүгінге дейін жалғасып келеді.
Жеке адамды кең түрде талдаудың өзіндік негізі бар. Адамның қажеттілігіне байланысты мейлі тәндік болсын, мейлі жандық болсын тұтас алғанда жеке адамды сипаттайды. Әдебиеттерде, философиялық және әлеуметтік ғылымдарда жеке адамды бұлай қарастырылуын түсінуге де болады. Дегенмен, психологияда мұндай қарастыру тым кең, жалпылық деп саналады. Сондықтан, гылыми - нақты мазмұнды қажет етеді.
Қазіргі таңда «достарым көп, бәрі де жақсы адамдар» деп жүріп, кішкене ренжіссе – «осындай адаммен қалай ғана дос болдым екен» деп қапаланатын адамдар көп.
Жасөспірімдердің көбі адамды тез тани білмейді. Сондықтан да, жиі ренжісіп, жиі достарын ауыстырып тұрады. Адамның достары жиі ауысып тұрса, бірлік болмайды, бірлік болмаса – береке болмайды. Бұл жайлы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев былай деген: «Жалпыұлттық идеяны өміршең ететін – Елдің бірлігі. Ауызбірлік қашқан, алауыздық тасқан жеоде ешқашан да жалпыұлттық идеялар жүзеге асқан емес. Қазақстанның шыққан шыңы мен бағындырған биіктерінің ең басты себебі – бірлік, берекесі» [1].
Осыған орай, біз өз жұмысымызда адам келбетін сипаттау арқылы оның мінез-құлқын зерттеуге арнадық.
Жұмыс мақсаты: Адамның түр-келбетін сипаттауда қолданылатын сөздер арқылы адамның мінез-құлқының элементтерін зерттеу.
Міндеттері:
Көркем әдебиеттерде адамның келбеті қалай сипатталғанын талдау.
Адамның мінез-құлқын келбеті арқылы анықтау ерекшеліктері.
Адамның келбеті арқылы оның мінез-құлқын анықтау үшін нұсқаулар дайындау.
Тәжірибиелік құндылығы:
Ғылыми жұмыс мектеп оқушыларына, психология ғылымына деген қызығушылығы бар адамарға өз септігін тигізеді. Жаңа адаммен танысқанда, оның келбетіне қарап, мінезін анықтауға көмектеседі.
Ғылыми жаңашылығы:
Жұмыста ұсынылған тұжырымдар, нәтижелер қазақ тіліндегі психолингвистикалық зерттеудің ғылыми-теориялық негіздері мен ұстанымдарын нақтылай түсуге, айқындауға өз деңгейінде үлес қосады.
Болжамы: Егер адам келбетін көркем сөзбен сипаттайтын болсақ, ол тек қана біздің мәдениеттілігімізді жоғарлатпайды, сипатталған адамның мінез-құлқын да анықтауға мүмкіншілік береді.
Ғылыми жобаның негізгі әдістері мен тәсілдері. Ғылыми жұмыстың мақсаты мен тақырып ерекшелігіне байланысты сипаттама, салыстырмалы талдау мен жинақтау, жүйелеу және оны түсіндіру, аналитикалық талдау әдістері қолданылды.
Ғылыми жобаның құрылымы: кіріспе, екі тарау, қорытынды және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
Ғылыми жоба «С.Сауытбеков атындағы Балуан негізгі мектебі» КММ базасында орындалды. Жобаны орындау барысында осы мектеп кітапханасы қорымен жұмыс атдарылды.
I КӨРКЕМ СӨЗДІ АДАМДЫ БЕЙНЕЛЕГЕНДЕ ҚОЛДАНУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Портрет жанры шығармашылық жұмыстың күрделі түрлеріне жатады. Сол себепті, портретті бейнелеуде мүмкіндігінше бірнеше зерттеу әдісін қолданған жөн. Жұмысты орындамас бұрын адамның түр-сипатын, көңіл-күйін, жас ерекшелігін пысықтап, ой елегінен өткізу қажет.
Г.Сүгіралиеваның ойынша, бейнелеушінің келбетін бейнелеуде оның сыртқы табиғи жаратылысы мен қоса оның ішкі психологиялық жағдайдағы мінез-құлқын зерттеп алған жөн [2].
Сондықтан, біз ең әуелі бейнеленуші адамның келбетін көркем теңеулермен ауызша сипаттаймыз. Бұл әдіс баланың тіл байлығын дамытады (психология, әдебиет). Осы себептен, бұл саланы зерттеп, шығармашылықпен жұмыс істеуіміз керек.
Әр адам өзінің даралық өзгешелігімен ерекшеленеді. Суретті сала отырып, ең басты нәрсеге көңіл аудару қажет. Ол – адамның табиғи жаратылысы, бет-әлпетінің сипаты. Бұны қазақ тілінінң байлығымен айтатын болсақ, бір ғана қастың өзін бірнеше атаулармен арқылы сипаттап, суреттеуге болады: «ай қабақ» , «қиғаш қас», «қатыңқы қабақ», «түксиген қас», «қалың қас», «қалам қас», т.б. атаулар бар.
Көзді «күлім көз», «сұсты көз», «бота көз», «қысық көз», «жіпсік көз», «шегір көз», «өткір көз», «қой көзді», түсі жағынан сипаттайтын болсақ: «қара көз», «қоңыр көз», «көк көз».
Мұрынға келсек, «қыр мұрын», «пісте мұрын», «қоңқа мұрын», т.б. деп сипаттаймыз.
Ерінді «қызыл ерін», «оймақ ауыз», «шиедей үлбіреген ерін».
Басты сипаттасақ: «қазан бас», «шүйке бас», «сопақ бас», «дөңгелек жүзді», «ал жақты», т.б. атап суреттеледі.
Шашты «қайратты шаш», «қалың шаш», «қолаң шаш», «бұйра шаш», «жирен шаш» дейді.
Маңдайдың өзін «кең маңдайлы», «тар маңдайлы», «жазық маңдайлы», «торсық шеке» деген сөздермен сипаттайды екен.
Мойынды: «қаз мойын», «қысқа мойын», «қылша мойын», «алма мойын» деп сипаттауға болады.
Құлақты «қалқаң құлақ», «үлкен құлақ», сияқты түрлі атаулармен сипаттауға болады.
Сонымен қоса, адамның өңіне де назар аударып отырған абзал. Адамның өңіне байланысты сипаттаулар «ақ құба», «қара торы», «бидай өңді», «шикі сары», «жирен сары, «қызыл шырайлы» болуы мүмкін.
Осыған орай, «Қыз Жібек» эпостық жарындағы, Қыз Жібек көркін сипатталуына тоқтасақ:
«Ақ маңдайы жалтылдап,
Танадай көзі жарқылдап,
Алтын шашбау шашында-ай.
Қыз Жібектің дидары –
Қоғалі көлдің құрағы,
Көз сипатын қарасаң –
Нұр қызының шырағы,
Дүри гауһар сырғасын,
Көтере алмай тұр құлағы,
Бой нұсқасын қарасаң
Бектер мінген пырағы.
Қыз жібектің ақтығы
Наурыздың ақша қарындай,
Ақ бетінің қызылы
Ақ тауықтың қанындай,
Екі беттің ажары
Жазғы түскен сағымдай,
Білегінің шырайы
Айбалтаның сабындай,
Төсінде бар қос анар
Нар бураның санындай.
Оймақ ауыз құмар көз
Іздеген ерге табылады-ай» [3].
М.Жұмабаевтың «Батыр Баян» дастанындағы сұлулық бейнесін алсақ, онда қалмақ қызы келесідей сипатталған екен:
«Сол сұлу сұлу екен атқан таңдай,
Бір соған бар сұлулық жиылғандай.
Торғын ет, шапақтай бет, тісі меруерт,
Сөздері – су сылдырлап құйылғандай.
Бір улап көз қарасы, бір айнытқан,
Жүлдыздай еркелеген сөнбей-жанбай.
Лебізі – жібек лебі, жұмсақ желі,
Кәусардай татқан адам қалар қанбай...» [4].
Осылайша, тіл шеберлігімен суреттелген образды көзге елестеткенде-ақ, адамның шығармашылық қиялы дами бастайды. Шығармашылық қиял жайында Ә. Алдамұратов былай деп жазған: «шығармашылық қиялдың көркем әдебиет пен өнер саласында да алатын орны айырықша. Қоғамдық өмір мен әлеуметтік құбылыстарды, адамдардың топтарын, типтерін көрсетуде шығармашылық ұиял арқылыа сан алуан бейнелер жасалып, типтік тұлғалар туындайды. Бұл ретте М.Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясындағы түрлі топтарға, кесек бейнелер мен кейіпкерлерге толы. Мәселен, Құнанбай, Майбасар, Тәкежан бір топқа жатса, Абай, Әбіш, Мағауия сияқтылар басқа бағыттағы кейіпкерлер. Сонымен қатар жазушының шығармасында Тоғжан, Әйгерім, Зере мен Ұлжан сияқты әйел образдары да тарихи тұлғалық бейнелер ретінде суреттеледі» [5].
Осылай, тіл мәдениеті арқылы әр бейнелуші адам келбеті арқылы және салыстыру арқылы тек сыртқы келбетті емес, жан дүниесін де таниды.
ІІ Адамның мінез-құлқын келбеті арқылы бақылау ерекшеліктері
2.1 Адамның мінез-құлқын анықтаудың теориялық негіздері
Кез келген адамды бір көргенде-ақ оның көзі, қасы, беті, құлақ-мұрыны, аузы-мойны, дене бітімі саған әр қилы әсер етеді. Онымен танысып, әңгімелесіп, араласып кетпей тұрып-ақ ол қандай адам, сол жөнінде өзіндік пікір де қалыптастырып үлгіресің. Бұл адамды адамның сыртқы келбеті арқылы-ақ танып, білу қасиеті. Содан, әлдекімді бір көргенде-ақ «Әлем-жәлем киінуді ұнататын сәнқойсымақ екен», «Күлкісі қандай жасанды», «Түрі қандай тұрпайы, өзі арсыз жан шығар», - деп те жатамыз. Әйтеуір, адамның сыртқы келбеті не сүйсіндіреді, не одан жиіркендіреді, тіпті, таң-тамаша да қалдырады.
Адамның сыртқы келбетіне кіретін дене, заттар, жаратылыс: киім, фигура (латын сөзі, аударғанда: «сыртқы түр» деген мағынаны білдіреді), келбет, бет-әлпетінің өзгерісі, дене құрылысы, бойы, салмағы, мүсіні. Кеуде сүйектері кеңдігінің мөлшеріне сәйкес шартты түрде адамның дене құрылысы үш түрге бөлінеді. Олар: астениктер – тар сүйектілер; нормостениктер – кең сүйектілер және гиперстениктер – өте кең сүйектілер.
Астеник, грек тілінен аударғанда – «әлсіз» дегенді білдіреді. Э.Кречмерге сүйенсек, дене бітімі астениктер орта бойлы, арық денелі. Сондықтан, бұл адамдардың бойы ұзын болып көрінеді. Астениктердің бет-әлпеті ұзындау келген. Мінезіне тоқталсақ, байсалды, эмоциясы бейсалдылықтан дейін тез ауыспалы. Өз тұжырымдамалары мен мақсаттарын ауыстырмайтын адамдар. Жаңа таныстарға тез бейімделмейді, абстракцияға бейімделген.
Нормостениктердің дене бітімі атлетикалық. Бұлшық еттері дамыған. Бойы ұзын немесе орташа келген, иықтары кең, жамбастары – жіңішке. Сондықтан да оларды, «атлет» деп те атайды.
У. Шелдонның зерттеулерінің нәтижесі бойынша, нормостениктер өте жақсы ораторлар және ұйымдастырушылар, экстраверт және стресске жақсы бейімделген.
Гиперстениктердің бойы орташа немесе одан төмен, салмағы үлкен. Олардың мінезін Э.Кречмер келесідей сипаттайды: гиперстениктер стресске бейімделмеген, көңіл-күйі ауыспалы және ойынан тез қайтатын адамдар. Олар тез ренжиді, бірақ, солай тез орнына түседі.
Адам бойы. Жоғарғы ақыл-парасат иесі – адамдардың бойлары зор маңызға ие. Жас жігіттер бойының тапалдығынан көп зардап шексе, қыздар бойларының сорақы ұзындығынан да кейде біраз қиындықтарға тап болып жатады.
Адам мүсіні. Мүсін дұрыс болмаса, оның денсаулыққа зияны мол. Адамның тынысын тарылтатын жағдай да мүсінінің дұрыс болмауынан. Адам шағын бойлы келгенімен, сымбатты да мүсінді болса, ол бойшаңдау көрінеді. Халқымызда мүсінді адамдар жөнінде «Қайыңдай сұлу, сымбатты екен» деп айтылатындай, небір жақсы теңеулер бар. Дұрыс мүсінді болудың элементтері: иықты тіктеп ұстау, іштің тартылып тұруы, бастың жоғары қарап, төменшіктемеуі, бұғақтың шығып кетпеуі, аяқтың қисайтылмай, оң басылуы.
Ғылыми жұмыстар жүргізіліп, адам табиғатын зерттеушілердің, көнекөз қариялардың болжамы бойынша «Адамның беті – ішкі жан-дүниесінің айнасы» тоқталып өтейік.
Дөңгелек жүзді адам айналасына жайлы, төңірегіндегілерге қолайлы жағдай жасай алатын жан. Олар турашыл, еңбекқор, жақсы қасиеттері үнемі көбейе түсетіндер.
Маңдайы жалпақ, иегі сүйірленіп, үшбұрыштанып келген адамның есте сақтау қабілеті жақсы, бірақ мінезі құбылмалы болады. Өте сезімтал, содан қолға алған ісінен тез жалыға салатын кездері көп.
Ат жақты кісі жұртты бір іске бастауға икемді, зиялы, ұйымдастыру қабілеті мол. Қажыр-қайраты, ерік-жігері бір басына жеткілікті болады.
Қырынан қарағанда томпақ бет болып көрінетін адам қалжыңқой, ақжарқын болып келеді екен.
Адамның маңдайына көңіл аударсақ, кең маңдай - ақыл-ой кемелділігінің белгісі; тар маңдайлы адам құнтты, пысық; орташа маңдай – есті адамның белгісі екен.
Қас бойынша адам мінезін білетін болсақ, жіңішке қас – талғампаз, кірпияз, ашуланшақ жанға; түзу қастың иесі – елгезек, тіл алғыш адамға; қиылған қарлығаш қас – қиялшыл, арманшыл адамдарға бітеді екен. Екі қастың арасы бір-бірінен алшақ тұрса, ондай адам басқалардың ықпалына тез түскіш. Қастың арасы түйісіп тұрса, ол адамның жүйкесі мықты.
Көздің де мәні зор: дөңгелек көздің иесі – кім көрінгенге сене салатын аңқау, қиықша көз – зеректіктің, тіпті кейде қулықшылдықтың да белгісі. Қысық көз – шулы жерді ұнатпайтын кісікиік жандарда болады екен.
Ал мұрынға келсек, үлкен мұрын – қызба, ұрыншақ, қызуқанды адамдарға, кішкентай мұрын – өмірден көп нәрсе талап ете бермейтін жанға, қусырылған мұрын – ашуланшақ, ызақор адамдарға, жалпақ мұрын иесі – қамсыз, уайымсыз, сөзінде тұра бермейтін кісілерге, ұзын мұрын – қорқақ, сақ адамдарға, кішкентай мұрынды адам – жайдары мінезді адамдарға тән екен. Мұрыны орташа адам – шыншыл, сенімді адамды білдіреді.
Үлкен ауыз – ақкөңілділіктің және елден ерекшеленіп көрінуге құштарлықтық белгісі. Кішкентай ауыз – уақ, сараң, өзімшіл адамдарға тән. Ұзын иек – қырсықтықтың, қысқа иек – ұшқалақтықтың белгісі [6].
Адамның шашы арқылы да біраз нәрсені білуге болады: Қара шашты әйелдер. Олар айтқанынан қайтпайтын бірбеткей, өктем сөйлейді, жұрт назарын бірден өзіне аударады Қоңыр шашты әйелдер (немесе қоңыр сары). Ашық мінезді, кеңпейілді, кез-келген адаммен тіл табыса алады, жаны жомарттықты қалайды. Бойындағы қарапайымдылығы мен тартымдылығын жоғалтпайды, жасанды қылық жасауды ұнатпайды. Мінезі байсалды.
Жирен шашты әйелдер. Олар өте сирек кездеседі. Жан-жақты талантты, бір көргенде бойынан қаталдық сезіледі, алайда мінезі жайдары, сезімтал.
Сары шашты әйелдер. Мінезі байсалды, әрі жұмсақ. Олармен жақсы тіл табыса алсаң, сені бойындағы ізгі қасиеттерімен қуантатын болады. Жүрегіне жол тапқандарға сары шашты әйелдер ерекше жылулық сыйлайды. Алайда кей адамдар бұларды «қу, сырын ішке бүккен тымырсық жан» деп те ойлайды.
Осылай, адамның түр-келбетіне қарап, адамдардың мінез-құлқын анықтауға болады.
2.2 Адамның мінез-құлқын келбеті бойынша анықтаудың тәжірибелік ерекшеліктері
Ғылыми жобаны орындау барысында біз, біріншіден, көркем әдебиетте сипаттамалары берілген кейіпкерлерді елестетіп, суретін салдық және оларға мінездеме бердік.
Екіншіден, өз достарымның мінез-құлқын олардың келбеті бойынша анықтауға тырыстық.
Толығымен тоқталсақ, І бөлімде көрсетілген екі кейіпкердің суреттері салынып, оларға келесідей мінездеме бердік:
«Қыз Жібек» эпосындағы Жібек - нұрын шашқан, өз сөздерін тура айта алатын, ерке болса да батыл қыз. 14 жаста болса да, өз бағасын білетін, ауылында сыйлы адам.
«Батыр Баян» дастанындағы қалмақ қызы – сабырлы келген, өз бауырларын ойлаған жас қыз. 14 жаста болса да, бойы, дене бітімі әлі біте қоймаған жасөспірім қыз.
Бұл кейіпкерлердің суреттері қосымшада берілген.
Ары қарай, өз достарыма да мінездеме жасадым. Олар Ерасыл, Лейла, Ринат және Алмас.
Ерасыл – арықша келген, бойы орташадан төмен бала. Қыр мұрынды, ақ бетті, бет-әлпеті дөңгелек, қастары түзу, маңдайы ашық.
Мінезіне тоқталсақ, ол – елгезек, ашық-жайдарлы, тіл алғыш. Өз ойын нақтылап айта алады, мақсаттарына бекем.
Лейланың дене бітімі – астеник типіне жатады. Бойы ұзын, арықша келген қыз. Қастары «үй» тәрізді, көздері үлкен, жымиып жүреді.
Мінезіне тоқталсақ, ол қиялшыл, есте сақтау қабілеті жоғары, еңбекқор. Лейла адамдарға сенгіш, бірақ өз тұжырымдарына берік. Айтқанында ылғи тұрады.
Ринат – орташа бойлы бала. Оның бет-әлпеті дөңгеленген, көздері бота, еріндері оймақтай, мұрны орташа, түрі қара-торы.
Ринаттың мінезу ашушаң, шыншыл, бірдеңе ұнамаса – тез айтады. Адамдарға сенгіш, пысық бала.
Алмас – орташа бойлы, арықша келген. Бет-әлпеті дөңгеленген, көздері қулы, қыр мұрынды бала. Алмас – ата-анасынан бөлек тұрғандықтан әр адамнан жылу іздейді. Егер оған біреу қатты сөйлесе, оған қарсыласып тұрып алады. Ал жылы қарағандардың жанынан шықпайды. Сөзінде берік, достарына шыншыл.
Міне, ғылыми жобаны орындау барысында осындай пысықтау жұмыстары орындалды.
Достарыма мінездеме жасау барысында, мен олардың келбетінің элементтеріне назар аударған жоқпын. Бірақ, мінездемені жазғаннан кейін, олардың келбеттерінің элементтері мен мінез-құлықтың байланысы бар екендігіне көзім жетті. Бұл жайтқа таңқалсақ та, ежелден келе жатқан психологиялық тұжырымдамалардың маңызы зор екенін түсінуге болады.
ҚОРЫТЫНДЫ
Адамның келбетін сипаттауда, оның мінез-құлқын анықтау және қай элементтерге көңіл бөлу керектігі осы теоретикалық ғылыми жұмыста нақты көрсетілген.
Жұмыстағы теориялық тұжырымдамалардың тәжірибелік маңызы зор, сондықтан оны әлі де зерттеп, біршама жұмыс атқару қажет. Мен осы жұмысты орындау барысында өзіме тағы бір мақсат қойдым – ол тақырыбымды ары қарай зерттеп, тәжірибелікке енгізу. Өйткені, менің ойымша, адамның мінез-құлқын анаықтау жолдары – ешқашан ескірмейтін мәселелерге жатады.
ҚОЛДАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
1. Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы, Астана, 11.11.2014.
2. Сүгірәлиева Г. Портретті бейнелеуде көркем сөздің әсері. Көкшетау, 2012.
3. Өзін-өзі тану, 6 сыныпқа арналған оқулық, 2010.
4. Жұмабаев М., Көп томдық шығармалар жинағы, 1 том, Алматы, 2004.
5. «Қазақстан» ұлттық энциклопедия/Бас редакторы Ә.Нысанбаев, Алматы, 1998.
6. Сүлеймен М., Адамның сыртқы келбеті, Алматы, 2012.