?аза? тілі мен ?дебиеті п?нін о?ытуда жа?а технологияларды пайдалану


Павлодар облысы, Баянауыл ауданы
Ш. Айманов атындағы жалпы орта білім
беру мектеп- интернатының қазақ
тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Рымхан Амангуль
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқытуда жаңа технологияларды пайдалану
(ауылдық мектеп тәжірибесі негізінде)
Қазіргі білім беру саласындағы оқытудың озық технологияларын меңгермейінше сауатты, жан - жақты маман болу мүмкін емес.
Жаңа инновациялық әдістер мен оқыту технологияларын қолдану арқылы, дамыта оқыту, дара тұлғаны бағыттап оқыту мақсаттарын жүзеге асыра отырып, оқу - тәрбие үрдісінің барлық деңгейлерінің тиімділігі мен сапасын жоғарлатуды көздейді. Бүгінгі күннің талабына сай білім саласында жаңа технологиялар қолданудың маңызы зор.
Заман талабына сай білім беру оқушылардың адамгершілік, интеллектуалдық дамуының жоғары деңгейі мен білімін қамтамасыз етуге бағытталған оқытудың үздіксіз үрдісі десек, оның тиімділігі мен сапасын арттыру мұғалімнен оқу процесінің ғылыми теорияға негізделген және оқушының қабілеті мен бейіміне негізделген оқытудың таңдамалы әдістеріне көшуді талап етеді. Ондағы негізгі мақсат оқушыға сапалы білім беру болып табылады. Бүгінгі таңда жас ұрпаққа кез келген пәнді ұғындырудың тиімді жолы – жаңа технология негіздері болып табылады.
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқытуда жаңа технологияларды пайдалану мұғалім үшін қандай маңызды болса, оқушы үшін одан да маңызды. Жаңа технологиялар оқушылардың білім сапасын арттыруға, өздігінен жұмыс істеу мүмкіндігін молайтуға көп көмегін тигізеді.
Оқушыларды ойлауға үйретуде, тілдерін дамытуда РАФТ, INSERT, екі түрлі түсінік күнделігі, еркін жазу, дөңгелек үстел,үш қадамдық сұхбат, бес жолды өлең, эссе, түртіп алу сияқты стратегиялардың тиімді де ұтымды жақтары көп.
Осы аталған стратегиялардың бірнешеуі әр сабақта қолданыс табады. Мазмұны өте күрделі шығармалардың мәнін жете түсінуде, есте сақтауда сыни тұрғыдан ойлау стратегиялары оқушыларға көп көмегін тигізеді.
Сыни тұрғысынан ойлау технологиясы бойынша сабақ құрылымы қызығушылықты ояту, мағынаны ажырату, ой толғаныс кезеңдерінен тұрып, әр кезеңдегі тәрбиелік және оқу мақсаттары әр түрлі стратегияларды қолдана отырып, алға мақсат қою, мәселені зерттеу, жауап іздеу, оқушылардың өз ойларын ашық айта білуге тәрбиелейді.
Жалпы айтқанда, «Оқу мен жазуды сын тұрғысынан ойлау» стратегиясы сабақты жоспарлауда өте тиімді. Сын тұрғысынан ойлау әдісі оқушының еркін сөйлеуіне, өз пікірін айтуға, достарының ойын тыңдауға, жағдаяттарды шешу жолдарын іздей отырып, қиындықты шешуге бағытталған бағдарлама. Сыни тұрғыдан ойлау дегеніміз – ой қозғай отырып, оқушының өз ойымен өзгелердің ойына сыни қарап, естіген - білгенін талдап салыстырып, білмегенін өзі зерттеп, дәлелдеп, өз бетімен және бірлесіп шығармашылық жұмыс жасау.
Сын тұрғысынан ойлауды дамыту сабақтарының негізінде сабақта оқушылар арасында:
- бір- бірінің пікірін тыңдауға, сыйлауға ынтымақты қарым-қатынастың негізі қаланды;
- өзін жеке дара тұлға ретінде тануға жол ашуға;
- бір-біріне құрметпен қарауға;
- өз ойын ашық, еркін айтуға, пікір алмасуға;
- өзін-өзі, бірін-бірі бағалауға;
- мұғаліммен еркін сөйлесіп, пікір алмастыруға;
- достарының ойын тыңдай отырып, проблеманы шешу жолдарын іздей отырып, қиындықты шешуге көмектесуге;
- белсенді шығармашылықты ойлауға негіз қаланады.