?СТАЗ БЕН О?УШЫЛАР АРАСЫНДА?Ы ?АРЫМ-?АТЫНАС К?НДЕЛІКТІ Т?ЛІМ-Т?РБИЕНІ? НА?ТЫЛЫ ФАКТІЛЕРІ


ҰСТАЗ БЕН ОҚУШЫЛАР АРАСЫНДАҒЫ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС КҮНДЕЛІКТІ ТӘЛІМ-ТӘРБИЕНІҢ НАҚТЫЛЫ ФАКТІЛЕРІ
Жаңбыршиева Нұрғайша Болысбайқызы
«Педагогика» пәнінің оқытушысы
Тараз «Болашақ» колледжі , Тараз қаласы
«Ел болашағы – бүгінгі ұрпақ» десек, жас буын өз болашағына тиімділік тұрғысынан қарайтын, ізденімпаздыққа, шығармашылыққа бейімді, өз ісіне жоғары талап қоя білетін адамдар болуға тиіс. Бүгінгі әлемдегі жаhандану үрдісі әлемдік бәсекелестікті күшейте түсуде. Осыған орай ұстаздар қауымының жалпы кәсіби шеберлігін, құзіреттілігін көтеру мәселесі – бүгінгі күннің басты талабы болып отыр. Ал кәсіби шеберлікті, құзіреттілікті көтеру дегеніміз – заманауи инновациялық технологияларды жете меңгере білген, әр оқушыға жеке тұлға ретінде қарап, шәкірттің ерекше дарынын, қабілетін аша білетін, жақсы қарым – қатынас орнататын, білгір, парасатты, өмір ағымынан қалыс қалмайтын ұрпақ тәрбиелеу.
Ұстаздың шеберлігі - талантты қажет ететін ерекше бір өнер емес, бірақ, ол басқа да мамандарды шеберлікке үйретуде қажет болатын мамандық. Жас ұрпақ тәрбиесіне бүкіл ғұмыры мен қайратын және бойындағы асыл сезімдерін бағыттаған мұғалімдерді айтуға болады.
Елбасымыз Нұрсылтан Назарбаев  «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан ұстазға жүктелер міндет ауыр» деген болатын. Педагог әрқашанда өзін қоғам талабына сай үздіксіз тәрбиелеп отыратын, адамдармен, әсіресе, оқушылармен қарым-қатынасқа тез түсе білетін, ұйымдастырушылық қабілеті бар, өз пәнін жетік білетін әрі уағыздаушы, таланты мен тәжірибесі тоғысқан, өзінің қоғамындағы саяси өмірге белсенді араласып, өз елі жеріне деген сүйіспеншілігі негізінде оқушыларға үлгі болуы керек.
Егер кіші мектеп жасындағы балалар үшін мұғалім барлық бейнесімен ерекше із қалдырып, оларға күшті әсер ететін тұлға болып саналатын болса, ал ересек балалар мұғалімнің әрбір қимыл-қозғалысына, іс-әрекеті мен сөйлеген сөзіне, оның ақыл кеңесіне, өзге адамдармен қарым-қатынасына, шәкірттерге қоятын түрлі талаптарына өздерінше іштей сын көзімен қарайды.
Педагогикалық шеберліктің қалыптасу мәселесі, оның мұғалім мен оқушы арасындағы қарым-қатынастағы рөлі жайында педагогика мен психология саласында Ю.П.Азаров, Ю.К. Бабанский, Н.В.Кузьмин, С.Д.Смирнов, В.А.Сластенин, Н.Д.Хмель, Шкутин Л.А, Н.В. Александров жұмыстары, Н.В. Кухарев, А.В.Мудрик, А.В.Петровский, В.И.Слуцкий, Л.И.Рувинский, А.А.Гин, А.П.Чернявская, А.А.Калюжний, Н.В.Мирза, Т.П.Смолькина және басқа да ғалымдардың еңбектерінде педагогикалық шеберлікті жетілдірудің жолдары ашылып, зерттелді.
Қазіргі кезде қарым – қатынас мәселесі өзекті мәселелердің бірі болып саналады.
Жасөспірімдер мен ұстаздар арасындағы өзара қарым-қатынас жасау мәселесі-психология ғылымындағы және тәлім-тәрбие ісіндегі әрі маңызды, әрі күрделі проблемалардың қатарына жатады.
Шәкірттердің ұстаз бойындағы сапалары мен ерекшеліктері туралы көзқарастары мен өзіндік пайым-түсініктерін мынадай төрт топқа бөліп анықтап көрсетейік:1. Мұғалімнің адамгершілік сапалары мен өзіндік қасиеттері; оқушыларға деген қарым - қатынасы; 2. Мұғалімнің өз пәнін жетік меңгеруі мен ұстаздық шеберлігі; 3. Мұғалімнің сынып ұжымын басқарып,оған жетекшілік ете алуы;
4. Мұғалімнің мінез-құлқындағы даралық сапалары, бойындағы қасиет ерекшелігі.
Педагогикалық қарым – қатынас шәкірттің ( оқушы, студент) психикалық дамуының қайнар көзі болып табылады. Ұстаздар мен шәкірттер арасындағы өзара қарым – қатынастың дамуына, яғни ұстаздың қарым – қатынас жасау деңгейі, педагогикалық топтың және сыныптың даму деңгейі әсер етеді.Ұстаз бен шәкірттердің қарым – қатынас функциясы әртүрлі. Сондай функциялардың классификациясының негізгі біреуі Ломовтың  «Индивидтің мінез – құлқындағы әлеуметтік регуляция және қарым – қатынас» атты еңбегінде, ол осы функцияның негізгі класын бөліп шығарды.
 Л.В.Путляева қарым-қатынастың әр қилы стиліне байланысты оқушылардың реакциясын анықтады. Мәселен, сенім, еркіндік, топтағы өзара түсіністік, көңілді ахуал – оқытушының тілдесімде дұрыс стиль таңдауын көрсетеді. Айтақ, кекесін, мысқыл – қандай да бір мазмұнды оқыту жүйесін жоққа шығарады.
Ұстаздың қатысымдық әрекеті оның жеке қасиеттеріне байланысты – қарым-қатынастың тәрбиелік тиімділігі осыған байланысты.Кезінде А.С.Макаренко “педагогикалық шеберлік тәрбиешінің дауысынан да, беті-әлпетін меңгеруінен де көрінеді”деп жазған болатын. Сондай-ақ педагогтармен кездесуінде “мен шеберлікке “бері кел” деген сөзді 15-20 ретпен айтып үйренген кезде жеттім деп ойлаймын” деп оқытушының педагогикалық шеберлік, педагогикалық қарым-қатынас техникасын меңгеру қажеттігін атап көрсетеді.
Ендігі кезекте ұстаздар мен шәкірттер қарым – қатынасындағы қарама – қайшылықтардың, кедергілердің пайда болуын қарастырамыз. Педагогикалық әрекетте қарама – қайшылықтар мен кедергілер әртүрлі болып келеді. Олар әрекеттің әртүрлі сферасына қатысты болады. Мұндағы қайшылықтар ұстаздың шәкірттеріне, өзінің пәнін меңгеру мен ұстаздық шеберлігіне, оқу орнына, өзінің әріптестеріне деген қарым – қатынасымен байланысты болуы мүмкін. Педагогикалық жұмыста кедергілердің тууының екі себебін айтуымызға болады. Бірінші себеп: мұғалімдердің өз ісіне немқұрайлықпен қарауы, сондай – ақ олардың оқу орнындағы білімге сәйкес алға қойған міндеті, мақсаттарын дер кезінде орындамауы салдарынан туындайды. Олар нашар оқытады, нашар қарым – қатынасқа түседі және нашар тәрбиелейді.
Ұстаз бен шәкірттер арасындағы қарым-қатынасты күнделікті тәлім-тәрбиенің нақтылы фактілерінен алынып, оларды салыстыра отырып, өзара топтастырып көрсетілді. Осындай аталған ұнамды, ұнамсыз деген сапалар мен ерекшеліктер шәкірттер тарапынан көрсетілген өз пікірлері. Солай дегенмен де бұл қасиеттердің бәрі оқу-тәрбие ісінде жиі кездесіп отырады. Мұндай жәйттердің бәрі шәкірттердің жүрегін жарып шыққан пікірлері мен жанашырлық ниетімен айтылған олардың жан дүниесін тебіренткен мәселелер екенін әрбір ұстаз, тәлім-тәрбиеші ақыл-ойға салып, өз қабырғасымен кеңесіп, таразылап көруі қажет. Шәкірттер мен мұғалімдер арасындағы, әсіресе мұғалім мен жасөспірімдер арасындағы, қарым-қатынаста кездесіп қалатын тартыстар осы кезге дейін жете зерттелмеген мәселе. Міне,осы мәселені зерттеуді негізгі объект етіп алып қарастыру мынадай себептерге байланысты.  1. Орта жастағы мектеп оқушылары өздеріне ерекше зейін қойып қарауды қажетсінеді. Олардың өмірдегі өтпелі кезең, жоғарғы талаптар, сана сезімі мен ақыл-ойының өсуі, мұғалімді жасөспірімдерге жаңа қырынан келуге мәжбүр етеді.
2. Өтпелі кезең жасындағы балаларға дұрыс қалып көрсетпеуден туындайтын тартыстарды жиі кездестіруге болады. Балалардың жас ерекшелігін және тәлім-тәрбие жұмысында соған сай әдіс амалдарды қолдана білмеуден кейбір мұғалімдер өз жұмысында көптеген қиындықтарға кездесіп жүр.
Педагогикалық жұмыстағы қарама – қайшылықтың туындауының екінші тобына, ұстаздардың шәкірттермен қалыпты, іскерлік, адамдық қатынасты, өзінің жұмысына, балаларға деген ерекше махаббаты, жоғарғы білімі болса да орната алмауынан туындайды. Мұндай жағдайда оқытушының өзі де зардап шегеді. Онда өзінің педагог ретінде шыңдалмағанын сезіну, өзінің күшіне сенбеушілік, кәсіпке деген жағымсыз қатынастар туындайды. Сонымен бірге педагогикалық қарым – қатынаста тәлім – тәрбие саласында жүргізілетін зерттеулерді анықтап қарағанда ұстаздар мен шәкірттер арасындағы қарама – қайшылықтар мен кедергілердің болуына әкеліп соғатын тағы да бірнеше түрлеріне тоқтала кетелік.
1. Оқу ісін жүзеге асырып, оны бірізділікпен жүргізуде кедергі болатын жәйттер мұғалімнің білім деңгейі мен оның шәкірттерге тиімді әдіс – тәсілдермен жеткізе алмай, тәжірибесіздік көрсетіп, шәкірттеріне серпінді ықпал ете алмайды.
2. Жеке бастың өзі ұстанған адамгершілік қасиеттерге байланысты кездесетін кедергілер мен қайшылықтар. Баланың өз басына талап қоюы, айналасына зер салып, әрбір нәрсеге мән беруі баланың өсіп – жетіле бастағанын көрсетеді.
3. Шәкірттердің жас ерекшеліктерін елемей, олардың құрдастарымен қарым – қатынастарының қыры мен сырына жете мән беріп, оларды жете бағаламау салдарынан болатын қайшылықтар.
4. Шәкірттердің даралық ерекшеліктеріне  тән  жағымсыз  қасиеттері мен мінез – құлқына орай туатын  кедергілер.
Қорыта келгенде, адамгершілік тәрбиесі – үзіліссіз жүргізілетін үрдіс, ол адамның өмірге келген күннен бастап өмір бойы жалғаса береді. Оның мазмұны оқушының жеке бас қасиеттерінің кең шеңберін қамтиды. Сондықтан оқу-тәрбие жұмыстарын ұйымдастыруда оқушылардың жеке бас ерекшеліктерін ескеру негізгі орын алмақ.
Шығыс ғұламасы «Орташа мұғалім айтып береді, жақсы мұғалім түсіндіреді, үздік мұғалім көрсетеді, ұлы мұғалім қанаттандырады, шабыттандырады» деген екен. Ендеше білімді де саналы, парасатты да өнегелі ұрпақ тәрбиелеу барысында еңбек етіп жатқан білім, білігі сапалы, кәсіби шеберлігі жоғары, өз ісінің шебері болып еңбек ете алатын, ең бастысы шәкірттерімен жақсы қарым – қатынас орната білетін ұстаздар қауымы көбейе беретініне сенімдімін.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
«Қазақ мектеп» журналы. 2014ж.
А.К. Маркова. Кәсіби құзыреттіліктің даму деңгейі. 2009ж.
М.И. Скаткин. Зерттеу мәдениеті-педагогикалық қабілет. 2008ж.
Б.А. Тұрғынбаева. Ұстаздық шығармашылық. 2007ж.
Тіркеу үлгісі
Аты, тегі, әкесінің аты (толығымен) Жаңбыршиева Нұрғайша Болысбайқызы
Ғылыми дәрежесі
ғылыми атағы
Мекеме Тараз «Болашақ» колледжіҚызыметі оқытушы
Қызметтік мекен-жайы .Тараз қаласы, Пушеин көшесі-57_____
Телефон, 87770893783, 87473144067
Баяндама атауы «Ұстаз бен оқушылар арасындағы қарым-қатынас күнделікті тәлім-тәрбиенің нақтылы фактілері»