БАСТАУЫШ СЫНЫП О?УШЫЛАРЫНЫ? ФУНКЦИОНАЛДЫ? САУАТТЫЛЫ?ЫН ?АЛЫПТАСТЫРУДЫ? ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ Баяндама


БАСТАУЫШ СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ ФУНКЦИОНАЛДЫҚ САУАТТЫЛЫҒЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Казенова Ш. А.Құсайынов атындағы ЖОББМБ бастауыш сынып мұғалімі Мұратсай ауылы, БҚО
Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың тапсырмасы бойынша үстіміздегі жылы оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі 2012-2016 жылдарға арналған ұлттық жоспар қабылданды. Бұл – Н.Ә. Назарбаевтың білім саласын жаңарту туралы бастамаларын іске асырудағы маңызды қадам болып табылады. «Функционалдық сауаттылық» ұғымы алғаш рет өткен ғасырдың 60-шы жылдары ЮНЕСКО құжаттарында пайда болды және кейіннен зерттеушілердің қолдануына енді. Функционалдық сауаттылық, кеңінен алғанда, білім берудің (бірінші кезекте жалпы білім беруді) көп жоспарлы адамзат қызметімен байланысын біріктіретін тұлғаның әлеуметтік бағдарлану тәсілі ретінде түсіндіріледі. Қазіргі тез құбылмалы әлемде функционалдық сауаттылық адамдардың әлеуметтік, мәдени, саяси және экономикалық қызметтерге белсенді
қатысуына, сондай-ақ өмір бойы білім алуына ықпал ететін базалық факторлардың біріне айналуда. Білім берудегі сауаттылық мәселесі, біріншіден, нақты бір елдегі халықтың әлеуметтік жағдайына, екіншіден, мемлекеттің экономикалық дамуына, үшіншіден, елдегі мәдени ахуалға тәуелді болатындығы айқын. Бүгінгі өркениеттің даму деңгейі білімділік пен сауаттылық ұғымдарының мазмұны мен оны түсінудің сара жолдарын іздестіруді қажет етіп отыр. Ғылыми еңбектерде сауаттылық ұғымының белгілі бір деңгейде ана тілінің грамматикалық нормаларына сай оқу, дұрыс жаза алу дағдыларын игеру екені байқалады. Әйтсе де адамның өмір сүруіне қажетті деп танылып, меңгеруге ұсынылған бастауыш мектеп деңгейіндегі белгілі бір білім, білік пен дағдылардың жиынтығы (оқу, жазу, санау, сурет салу және т.б.) ретіндегі тілдік сауаттылық қазіргі кездегі әлеуметтік сұраным талаптарымен сәйкес келе бермейді. Сауаттылық ұғымының нақты мазмұны дара тұлғаның дамуына қойылатын қоғамдық талаптарға байланысты құбылмалы сипатқа ие болады. Ол қарапайым оқу, жазу, санау біліктіліктерінен бастап адамның әлеуметтік үдерістерге саналы түрде қатысуына мүмкіндік беретін, қоғамдық қажеттігі айқын кешенді білімдер мен біліктерден құралатын функционалдық сауаттылықты меңгеруді де қамтиды. С.И.Ожеговтың сөздігінде «функция» сөзінің мәні «Вызванный функционированием чего-нибудь, зависящий от деятельности, а не от структуры, строения чего-нибудь (книжн)» – деп анықталса [5, 46], Қазақ тілінің түсіндерме сөздігінде: «фукционалды ұғымы бір нәрсенің құрылысы, құрамынан емес, қызметінен болатын, соның әрекетіне байланысты болады» [6, 17] – деп сипаттама беріледі. Бұдан «функция» категориясы белгілі бір заттың атқаратын қызметіне немесе іс-әрекетіне қатысты айтылатыны танылады. Мысалы: ақпарат құралдарының функциясы – халыққа ақпарат тарату. Ал «функция» ұғымы адамға қатысты айтылғанда, оның іс-әрекетіне байланысты қарастырылады. Жоғарыда сауаттылық адамның білімділігіне қатысты ұғым екені нақтыланды. Яғни, «функционалдық сауаттылық» белгілі бір кезеңге сай субьектінің алған білімі мен білігі негізінде сауатты іс-әрекет ете алуы деген мағынаны білдіреді. Қоғамның дамуына байланысты сауаттылық ұғымының мәні тарихи тұрғыдан өзгергенін, тұлғаға қойылатын талаптарда оқу, жазу, санай білу қабілеттерінен гөрі белгілі бір қоғамда өмір сүруге қажетті білім мен біліктердің жиынтығын игеру, яғни функционалдық сауаттылыққа жету деген сипатта ұғынылады. Қазіргі әлемдегі, еліміздегі өріс алып отырған түрлі бағыттағы дамулардың әсерінен қоғамның адамға қоятын талаптарының өзгеруі нәтижесінде функционалдық сауаттылық ұғымы кең тарала бастады. Сауаттылық ұғымы оны білім берудің әрекеттік аспектісімен бірлікте алғанда ғана кеңейе түседі . Функционалдық сауаттылық – тілдік тұлғаның әлеуметтік-қоғамдық ортада сөйлесім әрекетінің түрлерін (тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым, тілдесім) өзінің мақсатына қарай еркін қолдана алу мүмкіндіктерінің қалыптасқан жүйесі. Қоғамның дамуына байланысты сауаттылық ұғымының мәні тарихи тұрғыдан өзгергенін, тұлғаға қойылатын талаптарда оқу, жазу, санай білу қабілеттерінен гөрі белгілі бір қоғамда өмір сүруге қажетті білім мен біліктердің жиынтығын игеру, яғни функционалдық сауаттылыққа жету деген сипатта ұғынылады. Қазіргі әлемдегі, еліміздегі өріс алып отырған түрлі бағыттағы дамулардың әсерінен қоғамның адамға қоятын талаптарының өзгеруі нәтижесінде функционалдық сауаттылық ұғымы кең тарала бастады. Сауаттылық ұғымы оны білім берудің әрекеттік аспектісімен бірлікте алғанда ғана кеңейе түседі. Функционалдық сауаттылық – тұлғаның пәндік білім, білік, дағдыларын әлеуметтік-қоғамдық ортада кез келген жағдаятқа сәйкес еркін қолдана алу мүмкіндіктерінің қалыптасқан жүйесі. Бастауыш сынып оқушыларының функционалдық сауаттылықтарын қалыптастырудың психологиялық және педагогикалық негіздеріне келер болсақ, бастауыш сынып оқушыларының психологиялық ерекшеліктері ескерілуі керек. Оқу, жазу сауаттылықтарын қалыптастыруда, ең алдымен, кіші мектеп жасындағы балалардың ойлау
мен сөйлеуі маңызды орын алады. Бұл орайда Ж.Аймауытов, Б.В.Беляев, Е.И.Пассов, Н.И.Жинкиндердің ойлау мен сөйлеу секілді күрделі психикалық құбылыстар туралы ойпікірлері талданады. Ой ұйымдасқан сөйлесім үдерісіне айналуы үшін адам өзіне қажетті үлгіні, ойды дәл бейнелейтін сөзді таңдап алатын іштей сөйлеудің кезеңдерінен өтуі тиіс. Сөйлесім – айтылған не жазылған хабардың қабылданып, оған жауап қайтарылуды талап ететін, адамдар арасындағы тілдік қарым-қатынас негізінде іске асатын ортақ құбылыс. Оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыруда іштей сөйлеу мен сөйлесімнің мәнін назарға алу олар орындайтын жаттығулар мен тапсырмаларды іріктеуде маңызды рөл атқарады. Оқыту үдерісінің нәтижелілігі бастауыш сынып оқушысының физиологиялық, психологиялық негіздерін терең білу мен барлық оқу әрекетін соған негіздеуге байланысты болады. М.Жұмабаев:«Сыртқы дүниемен, адамзат тұрмысымен жаңа таныс болып келе жатқан адам бар нәрсені білуге, бар білгенін есте ұстауға ұмтылады. Естің қатынасуын қатты керек қылатын ғылымдарды үйретуге қолайлы шақ осы. Бұл жаста баланың міндеті ой жүгіртіп білімді іске асыру емес, білімді молайта беру; даярлай беру, бар нәрсені еске ала беру»,- деп, балаларда жасынан білуге, тануға ерекше талпыныс пайда болатынына тоқталады. Оқыту үдерісінде пәндік білім, білік, дағдыларды, яғни құзыреттіліктерді меңгертуде балалардың жас кезеңдеріне сәйкес пайда болатын жетекші әрекеттерге назар аударылды. Бастауыш сыныптан мектептің орта сатысына өту кезеңінде балалардың өзін қоршаған адамдармен қарым-қатынасы жаңа арнаға түседі: даралық сезімдері бас көтеріп, өзін-өзі тани бастайды. Білім беруде бұл мәселелер ескеріліп отыруы тиіс. Бастауыш мектеп кезеңі оқушылардың оқу, қарым-қатынас, еңбек секілді жетекші әрекеттер негізінде жалпы және ерекше қабілеттерінің дамуымен сипатталады. Оқу әрекетінде олардың жалпы интеллектуалдық қабілеттері қалыптаса бастайды. Олардың оқу әрекетінің өзіндік ерекшеліктері жөнінде Л.В.Выготский: «Бұл әрекеттің басты мақсаты мен нәтижесі, яғни, баланың үлкендермен, сондай-ақ, өзінің құрдастарымен әлеуметтік қатынасын қалыптастыру, әрі бұл уақытта өзіне дейінгінің тәжірибелерін, оның ішінде әлеуметтік қатынастың құралы болып саналатын сөйлеу тәжірибесін де меңгеруі қатар жүреді», – деп тұжырымдайды. Бастауыш сынып оқушыларының функционалдық сауаттылығын қалыптастырудың педагогикалық негіздеріне алынатын дидактикалық ұстанымдар екі бағытта белгіленді. 1.Функционалдық сауаттылықты қалыптастырудың дәстүрлі ұстанымдары. 2. Функционалдық сауаттылықты қалыптастырудың арнайы ұстанымдары. Дара тұлғаға бағдарлап оқыту ұстанымы бойынша барлық оқыту жүйесі оқу әрекетінің субьектісі – оқушының даралық сипатына, мотивіне, шынайы өмірлік қажеттілігіне, мүмкіндігіне, бейімділігіне, әлеуметтік-мәдени дамуына орай құрастырылады. Қатысымдық (коммуникативтік) тұрғыдан оқыту ұстанымы білім мазмұнындағы басшылыққа алынатын барлық ұстанымдардың негізіне салынады. Себебі тілді меңгертуде грамматикалық білімді ғана игеріп қана, оны тәжірибелік іс- әрекетте қолдана алмаудан арылуға бірден бір мүмкіндік беретін жүйе тілді оқушының сөйлеу, тіл мәдениетімен бірлікте қарастыру болып табылады. Тұтастық ұстанымы «сөйлесім әрекетіне қатысты бірнеше жұмысты қатар қамтиды. Олар: оқу, жазу, ауызша сөйлеу, тыңдау, қайталау, жауап беру. Бұл ұстанымның ерекшелігі: бір сабақтың үстінде осы жұмыстардың барлығын жүйелі түрде қолдана отырып, олардың арасынан ең басты біреуін таңдап алу және қалған жұмыстың түрлерін осыған бағындыра білуден көрінеді. Сонда бір сабақтың өзінде ортақ (өзек) пайда болады да, қалған бағыттар сол басты орталыққа жұмыс істеу мақсатында жүргізіледі, сөйтіп, сабақта тұтастық, бүтіндік пайда болады». Оқыту үдерісінде оқушылардың функционалдық сауаттылығын (жаратылыстану, математика, оқу және жазу, т.б.) қалыптастыруда, ең бастысы, оқушыларды ғылыми біліммен қаруландыру міндеті аса маңызды. Осы орайда оқытудың ғылымилығы ұстанымы
жетекші рөл атқарады. Бастауыш мектепте кез келген пәнді оқытуда оқушылардың қарапайым ғылыми зерттеу дағдыларын қалыптастыру, заттар мен құбылыстардың негізгі және жанама белгілерін ажырату, қоршаған әлемде және табиғатта болып жатқан құбылыстарды түсіну, салыстыру, талдау, жіктеу, жүйелеу, жалпылау білік, дағдыларын меңгерту мақсаттары көзделгенде ғана оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыруға болады. Бастауыш сынып оқушыларының жаратылыстану ғылымындағы сауаттылығын қалыптастыруда ерекше орын алатын ұстанымдардың бірі – кiрiктiру ұстанымы. Бұл ұстанымның мәні – ғылыми жаратылыстанулық бiлiм мен адам әрекетiнiң түрлерi және қоғам туралы ұғымдар кiрiктiрiлiп бiртұтастықта берiлуi. Яғни, адам, табиғат, қоғам бөлек қаралмай, адамның iс-әрекетi үнемi табиғи ортада, қоғамда (отбасында, мектепте, қоғамда, табиғатта, т.б.) бiр-бiрiмен байланыста қарастырылады. Заттар, нысандар, құбылыстар туралы мағлұматтар беру кезiнде де адам әрекетi солармен бiрлiкте, байланыста беріледі. Жаратылыстанулық бiлiм, білік, дағды қалыптастыру бастауыш мектепте «Дүниетану» пәні арқылы жүзеге асырылады. «Дүниетану» пәнінде кiрiктiру ұстанымы «адам – табиғат – қоғам» ретiнде ғана емес, «адам – заттар», «адам – қоғам», «адам – табиғат әлемі», «адам – адамдар», «адам – отбасы», «адам – оның шығармашылық әрекеттерi», «адам – туған елінің тарихы», т. б. арқылы да жүзеге асады. «Дүниетану» пәнін оқыту үдерісі кiрiктiру ұстанымына негізделсе, бастауыш сынып оқушысы «адам – табиғат – қоғам» жүйесіндегі өзара байланысты ұғынады, экологиялық мәдениеттің қарапайым білік, дағдыларын игереді, өзінің табиғаттағы әлеуметтік өмірдегі, қоғамдық ортадағы орнын түсініп, жеке тұлға ретінде өзін-өзі, өзінің мүмкіндіктері мен қабілеттерін сезінетін болады. Психологиялық зерттеулерде анықталғандай, балаларға берілетін білімнің көлемі мен мазмұны олардың өмірден жинаған тәжірибесіне, таным деңгейіне және психикалық тұрғыдан дамуына лайықталуы тиіс. Сондай-ақ олардың сұраныстары мен қабілеттері де ескерілуі керек. Өйткені бала ақпараттар ағынынан өзіне қажеттісін әрі түсініктісін ғана қабылдай алады. Сондықтан бастауыш сынып үшін оқушылардың жас ерекшелiктерiн ескеру ұстанымы басшылыққа алыну қажет. Бұл ұстанымның мәні – бастауыш сынып оқушыларының ұғымына жеңiл, психологиялық ерекшелiктерiне сай келетін, бiлiм деңгейлерiне лайықталған және олардың өмiр тәжiрибесiн есепке алатын материалдардың қамтылуы. Білім беруді оқушылардың жас ерекшелiктерiне бағдарлау ұстанымымен үндес келетін бiлiмнiң жеңiлден ауырға, қарапайымнан күрделіге, нақтыдан белгiсiзге қарай берiлуі ұстанымын да ескерудің маңызы зор. Осы орайда ұлы ұстаз Абайдың: «Адам атаанадан туғанда есті болып тумайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады» деген дана сөздерінен адам табиғатының, болмысы мен танымының қалыптасуының өзі осы ізбен жүретінін байқауға болады. Егер оқу үдерісі, балаларға білім, білік, дағдыларды игерту осы ұстанымға негізделсе, нәтижелі болатыны анық. Бұл оқушылардың келешекте негізгі білім беру сатысында ғылым негіздерін (жаратылыстану, математика, физика, химия пәндерiн) меңгеруге дайындық жасауға да септігін тигізеді. Оқытудың нәтижелілігін арттырып, оқушылардың функционалдық сауаттылығын (жаратылыстанулық, математикалық, оқу және жазу, т.б.) қалыптастыруда басшылыққа алынатын негізгі ұстанымның бірі – білімнің беріктігі ұстанымы. Бұл ұстанымның мәні – оқушылардың меңгерген білімдерінің берік әрі тиянақты болуы. Ол жоғарыда аталған ұстанымдардың өзара байланысын қамтамасыз еткен жағдайда ғана іске асады, яғни аталған ұстанымдардың барлығына тәуелді болып келеді. Оқушылардың алған білімі жүйелі, берік, тиянақты, терең болуы үшін мынадай мәселелер ескерілуі тиіс:
өтілген тарауларды, тақырыптарды үнемі қайталап отыру: а) күнделікті сабақ барысында; ә) белгілі бір тақырыпты немесе тарауды, бөлімді аяқтаған уақытта; б) тоқсан аяғында; в) оқу жылының басында және соңында; өтілген тақырыпты практикалық жаттығулармен (ауызша, жазбаша тапсырмалар, жаттығулар, тәжірибелік-бақылау жұмыстары, т.б.) байланыстырып отыру; оқушылардың білім сапасын есепке алып отыру (тексеру және бағалау), кемшіліктерін анықтап, тиісті жұмыс жүргізу; өтілген оқу материалындағы өзекті мәселелерді, негізгі ережелер мен ұғымдарды есте сақтауларын қамтамасыз ету. Мектептегі оқу-тәрбие үдерісінде мәдениеттендiру және ізгілендіру ұстанымының алар орны айрықша. Бүгінгі оқушы – оқу-тәрбие үдерісіндегі орталық тұлға, ертеңгі Қазақстан Республикасының азаматы, еліміздің саяси, экономикалық, әлеуметтік дамуына өз үлесін қосатын қызметкер немесе жұмысшы. Сондықтан да олардың функционалдық сауаттылығын қалыптастырумен қатар, мәдени-рухани дамуына, яғни оқушылардың жалпы мәдениетiн көтеруге баса көңiл бөлiнiп, жеке бас гигиенасынан бастап, жалпы халықтық мәдениет туралы мәлiметтер беруге дейін мән берілуі керек. Сондықтан әрбір пән бойынша берілетін білімнің мазмұны мен көлемін анықтағанда ұғымдық-ақпараттық материалдармен шектелмей, әдебиет, сәулет, өнер, ғылым салаларынан да белгілі бір деңгейде мағлұматтардың енгізілуін ескеру қажет. Қорыта келе, бастауыш мектептегі оқыту үдерісінде оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыруда жоғарыда аталған ұстанымдардың қай-қайсысының да қызметі ерекше. Себебі, бұл ұстанымдардың негізінде ұйымдастырылған оқыту үдерісі оқушылардың берілген білімді жүйелі, терең, берік, сабақтастықта және біртұтастықта, ғылыми білімдер жүйесін практикамен байланыста, жеңiлден ауырға, қарапайымнан күрделіге, нақтыдан белгiсiзге қарай жүретін бағытта белсенді түрде әрі қызығушылықпен меңгеруін қамтамасыз ете алады. Сондықтан да біз осы әдістемелік құралда бастауыш мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын қалыптастырудың педагогикалық мүмкіндіктерін қарастыру барысында оларды тығыз байланыста, оқытудың мақсатміндеттері мен мазмұнына тәуелділікте жүзеге асырудың маңыздылығын баса көрсеткіміз келді.
Әдебиеттер 1.Оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі 2012-2016 жылдарға арналған ұлттық іс-қимыл жоспары (Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 25 маусымдағы № 832 Қаулысы). 2.«Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2012 жылғы 27 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауы. 3. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» («Егемен Қазақстан»), 2012 ж. 10 шілде мақаласы. 4.2012 жылғы 5 қыркүйекте Назарбаев Университетіндегі Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың интерактивті дәрісі. 5.Словарь русского языка. – М.: Русский язык. 1998 г. – 46 с. 6.Қазақ тілінің сөздігі. – Алматы: Ғылым, 1986. 10 том. – 17 б. 7.Дополнительное образование детей: Учебное пособие для студентов вузов/ Под ред. О.Е.Лебедева. – М.: ВЛАДОС, 2000. – 256 с. 8.Оразахынова Н., Кенжебаева Г. М. - «Оқушылардың функциональдық сауаттылығын қалыптастыру жолдары» ғылыми мақаласы, 2012. - Б. 42-47. 9.Рауандина А.К. «Қазақ тілін оқытуда оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыру әдістемесі (орыс тілді мектептердің 5-6-сыныптары)» автореферат дисс. – Алматы, 2010. - 26 б. 10.Выготский Л.С. Психология развития человека. – М.: Смысл, 2006. – 48 с.