?й?ыр тілі мен ?дебиеті п?нінде интербелсенді ?дістерді пайдалану ар?ылы о?ушыларды? функционалды? сауаттылы?ын ?алыптастыру жолдары


Ұйғыр тілі мен әдебиеті пәнінде интербелсенді әдістерді пайдалану арқылы оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыру жолдары
Елбасы Н.Ә. Назарбаев 2012 жылғы 27 қаңтардағы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына кезекті Жолдауында білім беру ұйымдары жастарға жалаң білім беріп қана қоймай алған білімдерін өмірдің түрлі жағдайларында пайдалана алуды үйретуі керек екендігін баса айтып, үкіметке оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытудың бес жылға арналған Ұлттық шаралар жоспарын дайындау жөнінде нақты тапсырма берген болатын.
Осы тапсырманың негізінде маусым айында Үкіметтің 25 маусым 2012 жылы №832 қаулысымен бекітілген «Мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі 2012-2016 жылдарға арналған ұлттық іс-қимыл жоспары» қабылданды. Ұлттық жоспардың мақсаты – Қазақстан Республикасындағы мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту үшін жағдай жасау болып белгіленген.
Оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамытуда оқу бағдарламасындағы әрбір пәннің рөлі зор. Соның ішінде ұйғыр тілі мен әдебиетінің алатын орны ерекше. Осы ретте, оқушыға халықтың қоғамдық өмірін, арман-мүддесін танытуда, оларға идеялық-саяси, рухани-адамгершілік, этикалық-эстетикалық т.б. тәрбие беруде, дүниеге көзқарасын, мінезін, жалпы мәдениетін қалыптастыруда көркем әдебиетті қуатты құралдардың бірі ретінде пайдалану – әдебиет пәнінің басты мақсаты болып есептелсе, тіліміздің өзіндік қалыптасқан нормаларын, жалпы айтқанда грамматикасын үйрету – ұйғыр тілінің басты міндеті болып танылады.
Болашақ азамат өз ұлтының асыл мұрасымен сусындау арқылы туған халқының тарихымен, мәдениетімен жете танысып, білімін кеңейтеді. Ұйғыр тілінің грамматикасын терең меңгерген оқушы, мемлекеттік тілді де жоғары меңгеріп, қоғамның кез келген саласында қиналмай жұмыс істеп, өзінің функционалды сауаттылығын көрсете алады.
Жалпы білім беретін орта мектептегі оқушыны жеке тұлға ретінде және оның ұлттық сана-сезімін, өзіндік, дүниетанымын, азаматтық ұстанымын, рухани құндылықтарын қалыптастыруға негіз болатын бай, мазмұнды, көркемдік деңгейі жоғары әдебиеттердің қатарындағы ұйғыр әдебиеті пәнін жүргізудің өзіндік қыры сан қилы.
Әдебиет – оқушыға беймәлім өмірді танытатын қуатты құрал. Әдебиет арқылы біз оқушыларға ұлттық болмысымызды, асыл қасиеттерімізді танытамыз. Адамға тәрбие беруші әуелі, ата-ана, сонан соң ұстаз, мектеп, қоршаған орта екені баршамызға белгілі. Өнер, ғылым бар жұртта өскелең ұрпақ тәрбиені ата-анадан да, мектептен де, араласатын ортасынан да, өздері оқып жүрген қазақ әдебиетіндегі түрлі аңыз-ертегілерден де аларына ешкім шүбә келтірмейді. Әдебиет адамға өмірді танытып қана қоймайды, ол адамды тәрбиелейді. Адамның өмірге көзқарасын танытады, мінез-құлқына ықпал етеді, күллі тіршілігіне әсер етеді. Қазақ әдебиетіндегі көркем туындыларды оқыған сайын өмір сырын, Отан, ерлік, елдік, жақсылық, жамандық, секілді ұғымдардың мәнін оқушы терең аңғарады. Олар өнерді сүйетін, одан рухани ләззат ала білетін, көркемдік талғамы бар, адамгершілікті, нәзік сезімді болып өседі. Дөрекілікке, бойкүйездікке, жамандыққа аяқ баспайды.
Әдебиет арқылы оқушы бойында өмір туралы дұрыс талғам, түсінік қалыптастырамыз. Ұйғыр әдебиетіндегі көркем туындылар арқылы қалаған мамандықты игеріп, өмірден өз орнын табуларына, қалаулы азамат болып өсулеріне тигізетін әсері мол. Ұрпақ бойында ұлттық ұғымдарды сіңіру үшін, біз оқушыға өткен тарихымызды танытуымыз тиіс.
Пән мұғалімі оқушының назарын аудару үшін сабақ кезінде әртүрлі тақырыптық, пәнаралық, сыныпаралық байланыс орнатып, қызықты әңгімелерді сахналық көрініс ретінде өтуді ұйымдастыра білуі қажет. Сонымен қатар, түрлі көрнекілік құралдарын қолдану, сұрақ-жауап, талдау, жинақтау, ажырату, тақтаға жазу, айтқан ойды мысалдармен дәлелдеу, сөздікпен жұмыс, проблемалық мәселелерге жауап беру, нақтылы және жалпылама тапсырмалар беріп, шағын шығармашылық жұмыстарды орындату, оқушының бірін-бірі сынауы, өзіндік пікір білдіруі, баяндама жасауы, ғылыми зерттеу жазып қорғауы т.б. алуан түрлі әдіс-тәсілдерді қолдануы керек. Осындай әдіс-тәсілдерді түрлендіріп, жүйелі түрде пайдаланып мұғалімнің шәкірттері өз бетімен жұмыс істеуге тез үйренеді. Орта буын оқушыларының арнайы ереже дәптерлері, альбомдар, сөздіктері, канспектілері, хронологиялық кестелері болуға тиіс. Сонымен бірге, шығармашылық дәптері бөлек болғаны дұрыс. Оған оқушы өздеріне ұнаған мақал-мәтелдерді, афоризмдерді, шешендік сөздерді де жазып алып жүруге баулу керек. Осы ретте, шығармашылыққа жақын кейбір оқушылар сол дәптерге қыса әңгіме, мақала, күнделік, пікір жазып үйренуіне мүмкіндік туады.
Ұйғыр тілі мен әдебиетінің мектепте оқытылу жайы әркімде де толғандыруы тиіс.
Ұйғыр тілін оқыту алдына үлкен міндеттер, оқушыларға түсіндірудің тиімді әдіс-тәсілдерін іздестіру қажеттілігі қазіргі таңда да қарастырылып келе жатқан мәселе. Демек, тіл ғылымының үздіксіз дамуының нәтижесінде, адам баласы ой-санасының, дүниетанымының өсуіне байланысты оқыту әдістемесі де қатар жетіліп байып отыр. Өйткені, озат мұғалімдер тәжірибелерінен толығып оның мазмұны мен жүйесі, құрылысы, кеңейіп, байып отырады. Қоғам ілгері дамыған сайын оқыту мазмұны да күнделікті жаңарып, жетіліп отырады.
Озық ойлы адамдар заманның, қоғамның дамуына, өзгеруіне өз үлесін қосады. Осындай қоғамдық, әлеуметтік, мәдени өзгерістер дамулар мектептің оқыту процесіне әсер етеді. Соңғы жылдары жеке тұлғаны қалыптастыруды дамыту мен оған жан-жақты терең білім беру мақсатында көптеген технологиялар ұсынылуда. Жаңа технологияның басты мақсатының бірі – баланы оқыта отырып оның еркіндігін, белсенділігін қалыптастыру, өз бетінде шешім қабылдауға дағдыландыру.
Яғни, ғылыми негізде білім беру үшін жаңа технологияларды меңгере отырып, оны сабаққа енгізу педагогтар алдындағы өзекті мәселе екені анық.
Түйін сөз: Оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамытуда – бүгінгі заман талабы. Осы ретте, ұйғыр тілі мен әдебиеті пәнін дұрыс жүргізе білудің маңызы зор. Педагогтың шеберлігі, яғни шығармашылық пен жауапкершілікті ұштастырып сабақ өтуі, бұл заман талабынан туындап отырған мәселе. Жоғары деңгейде сабақ беретін оқытушының алдынан шыққан оқушы – өмір айдынындағы өз жолын адаспай табады, азамат болып қалыптасады. Бұл ұстаз үшін абыройдың үлкені, әрбір мұғалім осыған ұмтылса ұрпақ алдындағы қарыздың өтелгені.
Малыбай орта мектебінің ұйғыр тілі ен әдебиеті пәні мұғалімі
Жунусова Турсунбуви Жамалдинқызы
Баяндама: « Функционалдық сауаттылықты жүзеге асыру жолдары» Функционалдық сауаттылық дегеніміз не? Бұл сұраққа мынандай деректер келтіруге болады. Ресми дерек бойынша, мектеп жасындағы балалардың 40 пайызы әдеби мәтінді түсінуге қиналатындығы дәлелденген. Бұлар мектептен білім алса да, қызмет жасауға келгенде қарапайым жазу үлгісін білмейтіндігін көрсеткен. Тіпті олар әр түрлі жағдайда кездескен бланкіні толтыра алмай, ондағы ақ-параттың мәнісін түсіне алмапты.Бір қызығы,олар теледидарда не айтылып жатқанын, жалпы айтқанда, күнделікті өмірдің есебін білмейтін болып шық-қан. Соның салдарынан жұмыссыздық,өндірістегі апат, жазатайым оқиғалар, жарақат алулар көбейіп кеткен. Жалпы, барлық зерттеушілердің болжамы бойынша адамдардың сауатсыздық деңгейінің төмендеуі, оларға дұрыс білім беріп, тиянақты оқытпаудан, оқырман болуға үйретпеуден болған көрінеді. Сақтанбау, ұқыпсыздық, байқаусыздық, апаттар: мұның бәрі ережені дұрыс оқымағандықтан, түсінбегендіктен, санаға сіңірмегендіктен орын алып отыр. Қазақ маманы С.Раевтың ойынша, сауатсыздық дерті адамға кішкентай кезінен бастап жұғады екен. Әсіресе бүлдіршінді жазу мен оқуға баули бастаған 1-ден 3-сыныпқа дейінгі аралықта пайда болады. Яғни, үшінші сынып оқушысы ешқашан кітапханаға бармаса, оқулықтан басқа ешқандай кітап оқымас тағы бір ертеңгі сауатсыздың дүниеге келгені. Ғалымдардың айтуынша, 8-сыныптан бастап оқушылардың 60 пайызының өз бетімен жазып-оқуға деген ынтасы жоғалады екен. Тіпті түлектердің үштен бірінің оқуға мүлдем құлқы болмайтын көрінеді. Елбасы дұрыс айтады, «білім беру тек қана оқытумен ғана шектелмей, оны керiсiнше, әлеуметтiк адаптация процесіне бейiмдеу қажет». Сонымен, функционалдық сауаттылық дегеніміз не? Функционалдық сауаттылығы дегеніміз-адамдардың әлеуметтік , мәдени, саяси және экономикалық қызметтерге белсене араласуы, яғни бүгінгі жаһандану дәуіріндегі заман ағымына, жасына қарамай ілесіп отыруы, адамның маман-дығына , жасына қарамай үнемі білімін жетілдіріп отыруы. Ондағы басты мақсат жалпы білім беретін мектептерде Қазақстан Республикасының зияткерлік, дене және рухани тұрғысынан дамыған азаматын қалыптастыру, оның әлемде әлеуметтік бейімделуі болып табылады. Мұндағы басшылыққа алынатын сапалар: -белсенділік -шығармашылық тұрғыда ойлау -шешім қабылдай алу -өз кәсібін дұрыс таңдай алу -өмір бойы білім алуға дайын тұруы болып табылады. Бұл функционалдық дағдылар мектеп қабырғасында қалыптасады. Функционалдық сауаттылықты дамытудың жалпы бағдары 2011-2020 жылының мемлекеттік бағдарламасында айқын көрсетілген. Және де Елбасы 2012 жылғы 27 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдау -ында мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту мақса-тында бес жылдық ұлттық жоспар қабылданғаны баршамызға белгілі. Ұлт-тық жоспардың мақсаты - Қазақстанда білім сапасын жетілдірудегі, оқушы-лардың функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі атқарылатын іс-шаралардың жүйелілігі мен тұтастығын қамтамассыз ету болып табылады. Осыған орай, Ұлттық жоспарда функционалдық сауаттылықтың төрт негізгі механизмін бөліп көрсетеді. Оның бірінші механизмі-оқыту әдіснамасы мен мазмұнын түбегейлі жаңарту / МЖБС -мемлекеттік стандарт/ . Ол үшін мұғалім оқушының бойына әлеуметтік ортаға бейімделуіне, алған білімін практиакалық жағ-дайда тиімді пайдалана алатындай негізгі құзыреттіліктерді сіңіруі керек. Олар: -басқарушылық /проблеманы шешу қабілеті/; -ақпараттық /өз бетінше ақпараттар көздері арқылы үнемі білімін көтеріп отыруы, сол арқылы танымдық қабілетін ұштау/; -коммуникативтік /қазақ ,орыс ,ағылшын тілінде ауызша ,жазбаша қарым-қатынас жасау; -әлеуметтік /қоғамда, өз өмір сүрген ортада іс-әрекет жасай алу қабілеті/; -тұлғалық / өзін жеке тұлға ретінде қалыптастыруға, , қажетті білім, білік, дағдыларды игеру, болашақта өзі таңдаған кәсібін өзі анықтау, оның қиын-шылығы мен күрделілігіне төзімді болу/; -азаматтық /қазақ халқының салт-дәстүрі,тарихы, мәдениеті, діні мен тілін терең меңгеріп, Қазақстанның өсіп өркендеуі жолындағы азаматтық парызын түсінуі/ -технологиялық / ақпараттық технологияларды, білім беру технологияларды сауатты пайдалану/; Оқушы осы аталған негізгі құзыреттіліктермен қатар пәндік құзырет-тіліктерді /әр пәннің мазмұны арқылы/ меңгеруі тиіс. Елбасы Н. Назарбаев оқулық мәселесіне де ерекше тоқталған болатын. Оқулықтың мақсаты, міндеті, мазмұны ,құрылымы функционалдық сауатты-лықтың құзыреттілігіне сай жазылуы тиіс. Ұлттық жоспарда көрсетілген функционалдық сауаттылықтың екінші механизмі-оқу нәтижелерінің бағалау жүйесін өзгерту. /Қазіргі біз қолданып отырған жүйеде 5, 4 және 3 деген бағаларды не үшін қоюға бола-тыны нақты анықталмаған / Бағалау жүйесі функционалдық сауаттылықта сырттай бағалау және іштей бағалау болып бөлінеді. Іштей бағалау- оқу пәні бойынша оқыту сапасын диагностикалау. Ал сырттай бағалау- әрбір деңгейді аяқтау бойынша білім алушының оқу жетістіктерінің нәтижелері /ҰБТ,ОЖСБ-ВОУД/. Сондай-ақ халықаралық /TIMSS , PISA және PIRLS/ зерттеулерге қатысуы . Білім алушылардың өзін-өзі бағалауы өзін-өзі ұйымдастыру және өзін-өзі жетілдіру үшін жеке жетістіктерін бағалау арқылы жүзеге асырылады.Критериялық бағалау жүйесі енгізілетін болады. Функционалдық сауаттылықтың үшінші механизмі-ата-аналардың балаларды оқыту мен тәрбиелеуге белсенді қатысуын қамтамасыз ету.Ата-ананың борышы бала бойына жас кезінен адами құндылықтарын дарытып, саналы өмір сүруге баулу. Ата-ана баласының функционалдық сауаттылығын дамыту үшін мұғалімдерімен тығыз байланыс жасау керек. Ата-ана баласының ерекше қасиетін тану, түсініп қол үшін беру, олардың қабілетін дамыту, бойына рухани құндылықтарды қалыптастыру, жағымсыз мінез-құлық, әдеттрден арылтуға көмек беруі керек. Ата-ананың бойында да фукционалдық сауаттылық болуы тиіс. Бұл үшін мемлекет жаңа әдістемені әзірлеуге кірісті. Осы әдістеменің негізінде ата-аналарға арналған семинарлар мен тренингтер өткізіледі. Аталған жұмысқа Үкіметтік емес ұйымдар (ҮЕҰ) және азаматтық қауымдастықтың басқа да секторлары белсенді тартылады. Төртінші механизм-қосымша білім беру жүйесін дамыту. Ұлттық жоспарда оқушылар сарайы,музыка мектептері,жас техниктер мен натура-листер станциялары жұмыстарын түбегейлі өзгерту қарастырылған. Қазақстанның тарихында алғаш рет аталған ұйымдардың материалдық техникалық базасы жаңартылатын болады.Оқытудың жаңа технологиялары мен интерактивтік, инновациялық формалары енгізілетін болады. Олар: балалар интерактивті парктері (ғылыми қалалар), технопарктер, балалар мұражайлары, ғылыми үйірмелер және т.б Бұл – шығармашылық пен инновацияға деген қызығушылықты арттырады. Мұндай оқыту жүйесі баланың санасына әлеуметтік тұрмысына, төңіректегі әлемге терең көзбен қарап үйреніп, жолығатын қиын мәселелерді оңай шешетін болады. Бұрынғыдай мектептен шыққан соң бала үйренген білімін ұмытып қалмайды, қайта өмірде пайдаланатын болады. Ұлттық жоспарды іске асырудың күтілетін нәтижелері: Ұлттық жоспарды орындаудың нәтижесінде 2017 жылға қарай қазақстандық мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту үшін мынадай жағдайлар жасалатын болады: 1. Ғылыми-зерттеу жағынан қамтамасыз етеді. 2. Білім беру мазмұнын жаңартады. 3. Оқу-әдістемелікпен қамтамасыз етеді. 4. Мектеп оқушыларының білім сапасын бағалау және оған мониторинг жүргізу жүйесі енгізіледі. 5. Материалдық-техникалық базасы жаңартылып, нығайтылады. Жалпы алғанда, Ұлттық жоспарды жүйелі және одан әрі іске асыру Қазақстанның ұлттық білім беру жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін және функциялық сауаттылығын дамуына мүмкіндік береді. Жалпы білім беретін орта мектептердегі құзіретті тұлғаны қалыптастыруда тіл пәндерінің орны ерекше болып келеді. Бұл орыс мектептердегі «Қазақ тілі» пәніне де тікелей қатысты. Өйткені мемлекеттік тіл ретінде оқытылатын оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыру ҚР «Білім туралы», «Тіл туралы» Заңдарының жүзеге асуының басты шарты болып саналады. Фукционалдық сауаттылықты қалыптастыру үшін өзге тілді мектептердегі «Қазақ тілі» пәнін оқытудың әдістеме негіздерді қайта қарастырып, білім беру жүйесіне өзгерістер енгізіледі. Баяндамамның соңында қазақ тілі пәнінен оқушының функционалдық сауаттылығын дамыту мәселесіне мынандай тұжырымдарманы ұсынуға болады: 1.Оқушыларды бірінші сабақтан бастап сөйлесім әрекетінің түрлерін (айтылым, жазылым, тыңдалым, оқылым, тілдесім) меңгерте білу 2. Оқушылардың алған білімдерін өмірде, кез-келген жағдайда, әлеуметтік ортада қолдана алуға үйрету; 3.Мемлекеттік тілде ауызша,жазбаша қарым-қатынас жасау; 4.Әлеуметтік талаптарына сай келу үшін оқушының ақпараттық технологияларды қолдану және проблемалардың шешімін таба алуға үйрету; 5. Оқушылардың өзгермелі өмірге бейімделуіне үйрету ; 6. Оқушылардың жеке бас қабілеттерін дамытуы; 7.Оқушылардың әлеуметтік-мәдени дағдыларын дамытуы ; 8. Қазақ халқының салт –дәстүрі, мәдениеті, тарихын түсіну және құрметтеге баулу; 
Оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі 2012 - 2016 жылдарға арналған ұлттық іс-қимыл жоспарын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 25 маусымдағы № 832 Қаулысы
      «Мемлекет басшысының 2012 жылғы 27 қаңтардағы «Әлеуметтік- экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 30 қаңтардағы № 261 Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:      1. Қоса беріліп отырған Оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі 2012 - 2016 жылдарға арналған ұлттық іс-қимыл жоспары бекітілсін.      2. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
      Қазақстан Республикасының      Премьер-Министрі                                   К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы Үкіметінің      2012 жылғы 25 маусымдағы№ 832 қаулысымен   бекітілген     
Мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі 2012 - 2016 жылдарға арналған ұлттық іс-қимыл жоспары
Кіріспе
      Елбасы Н. Назарбаев 2012 жылғы 27 қаңтардағы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында Мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту бойынша бес жылдық ұлттық жоспарды қабылдау жөнінде нақты міндет қойды.      Аталған міндет Қазақстанның әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіруі процесінде де маңызды болып табылады. Еліміз үшін маңызды болып табылатын аталған стратегиялық міндетті шешу жағдайында тұлғаның ең басты функциялық сапалары белсенділік, шығармашыл тұрғыда ойлауға және шешім қабылдай алуға, кәсіби жолын таңдай алуға қабілеттілік, өмір бойы білім алуға дайын тұруы болып табылады. Бұл функционалдық дағдылар мектеп қабырғасында қалыптасады.      Функционалдық сауаттылықты дамытудың жалпы бағдары Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында анық көрсетілген. Ондағы басты мақсат жалпы білім беретін мектептерде Қазақстан Республикасының зияткерлік, дене және рухани тұрғысынан дамыған азаматын қалыптастыру, оның физикалық құбылмалы әлемде әлеуметтік бейімделуін қамтамасыз ететін білім алудағы қажеттіліктерін қанағаттандыру болып табылады.      Осы Мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі 2012 - 2016 жылдарға арналған ұлттық іс-қимыл жоспары (бұдан әрі - Ұлттық жоспар) мектеп оқушыларының функциялық сауаттылығын дамыту процесін мазмұндық, оқу-әдістемелік, материалдық-техникалық қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар кешенін қамтиды. Ұлттық жоспар Қазақстан Республикасындағы білім сапасын жетілдірудің негізгі бағдары ретінде мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту іс-қимылдарының мақсаттылығын, біртұтастығы мен жүйелілігін қамтамасыз етуге арналған.
1. Ұлттық жоспардың мақсаты мен міндеттері
      Ұлттық жоспардың мақсаты - Қазақстан Республикасындағы мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту үшін жағдай жасау.      Ұлттық жоспардың міндеттері:      1. Мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамытудың отандық және халықаралық практикасын зерделеу.      2. Мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту бойынша шаралар жүйесін іске асырудың тетіктерін анықтау.      3. Білім мазмұнын жаңғыртуды қамтамасыз ету: стандарттар, оқу жоспарлары мен бағдарламалар.      4. Білім беру процесін оқу-әдістемелік қамтамасыз етуді әзірлеу.      5. Мектеп оқушыларының білім сапасын бағалау және мониторинг жүргізу жүйесін дамыту.      6. Мектептің және қосымша білім беру жүйесі ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту.
2. Мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту бойынша ағымдағы жағдайды талдау
      «Функционалдық сауаттылық» ұғымы алғаш рет өткен ғасырдың 60-шы жылдары ЮНЕСКО құжаттарында пайда болды және кейіннен зерттеушілердің қолдануына енді. Функционалдық сауаттылық, кеңінен алғанда, білім берудің (бірінші кезекте жалпы білім беруді) көп жоспарлы адамзат қызметімен байланысын біріктіретін тұлғаның әлеуметтік бағдарлану тәсілі ретінде түсіндіріледі. Қазіргі тез құбылмалы әлемде функционалдық сауаттылық адамдардың әлеуметтік, мәдени, саяси және экономикалық қызметтерге белсенді қатысуына, сондай-ақ өмір бойы білім алуына ықпал ететін базалық факторлардың біріне айналуда.      Функционалдық сауаттылық тұжырымдамасына негізделген анағұрлым танымал халықаралық бағалау зерттемелерінің бірі Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) қолдауымен өткізілетін 15 жастағы оқушылардың оқу жетістіктерін бағалаудың халықаралық бағдарламасы (Programmer for International Student Assessment – РІSА) болып табылады. РІSА 15 жастағы жасөспірімдердің мектепте алған білімдерін, іскерлігі мен дағдыларын адами іс-әрекеттердің әртүрлі салаларында, сондай-ақ тұлғааралық қарым-қатынас пен әлеуметтік қатынастарда өмірлік міндеттерді шешу үшін пайдалана алу қабілеттерін бағалайды.      РІSА зерттеулері қазіргі уақытта әлемде мектептік білім берудің тиімділігін салыстырмалы бағалаудың әмбебап құралы ретінде қарастырылады. Зерттеу барысында алынған деректер тұтастай оқытудың мазмұны мен әдістері ретінде, сондай-ақ контексті факторлардың (басқару моделі, оқыту тілі, отбасының және т.б әлеуметтік мәртебесі) мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту деңгейіне әсері ретінде білім беру жүйесін дамыту стратегиясын анықтауға негіз болады.      РІSА шеңберіндегі тестілеу барысында функционалдық сауаттылықтың үш саласы бағаланады: оқудағы сауаттылық, математикалық және жаратылыстану-ғылыми сауаттылық. Зерттеу айналым бойынша (үш жылда бір рет) жүргізіледі. Әрбір айналымда функциялық сауаттылықтың қандай да бір түріне ерекше назар аударылады. РІSА бағдарламасының фокусында 2009 жылы оқу сауаттылығы болды.      2009 жылы Қазақстан РІSА зерттеуіне бірінші рет қатысты.      Нәтижелер мыналарды дәлелдейді:      1) қандай да бір күрделі оқу мәтіндерін дәл пайдаланып, олардың көмегімен күнделікті жағдайларда бағдар алуға әзір қазақстандық оқушылардың үлесі - оқу сауаттылығын зерттеуге қатысушылар санының 5%-ын құрайды (ЭЫДҰ елдері бойынша орташа көрсеткіш – 28,6%);      2) нақты бір жағдай үшін нақты модельдермен тиімді жұмыс жасауға, әртүрлі тапсырмаларды дамыту мен кіріктіруге әзір қазақстандық оқушылардың үлесі – математикалық сауаттылықты зерттеуге қатысушылар санының 4,2%-ын құрайды (ЭЫДҰ елдері бойынша орташа көрсеткіш – 16% қатысушы);      3) жаратылыстану ғылымдарының рөлі туралы қорытынды жасауды талап ететін тиімді жұмыс жасауға, әртүрлі жаратылыстану пәндерінен түсініктемелерді таңдауға және біріктіруге, осы түсініктерді өмірлік жағдаяттарға тікелей қолдануға дайын қазақстандық оқушылардың үлесі - жаратылыстану ғылыми сауаттылығын зерттеуге қатысушылар санының 3,6%-ын құрайды (ЭЫДҰ елдері бойынша орташа көрсеткіш – 20,5%).      Бұл ретте TIMSS зерттеулерінде қазақстандық оқушылар жоғары нәтижелер көрсетуде.      Осылайша, Қазақстанның PISA мен TIMSS-қа қатысу нәтижесі республикадағы жалпы білім беретін мектептер педагогтерінің мықты пәндік білім беретіндігін, бірақ оны нақты өмірдегі жағдайларда пайдалануға үйретпейтіндігін көрсетеді.
3. Мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту тетіктері
      РІSА зерттеулері бойынша көш басында тұрған елдердің (Австралия, Финляндия, Жапония, Жаңа Зеландия, Италия, Оңтүстік Корея және т.б.) нәтижесі көрсеткендей, оқушылардың функциялық сауаттылығын дамытуға мынадай факторлар әсер етеді:      1) білім беру мазмұны (ұлттық стандарттар, оқу бағдарламалары);      2) оқыту нысандары мен әдістері;      3) білім алушылардың оқудағы жетістіктерін диагностикалау мен бағалау жүйесі;      4) мектептен тыс, қосымша білім беру бағдарламалары;      5) мектепті басқару моделі (қоғамдық-мемлекеттік нысан, мектептердің оқу жоспарын реттеудегі дербестігінің жоғары деңгейі);      6) барлық мүдделі тараптармен әріптестікке негізделген достық қалыптағы білім беру ортасының болуы;      7) ата-аналардың балаларды оқыту мен тәрбиелеу процесіндегі белсенді рөлі.      Төменде ұсынылған қазақстандық оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту тетіктері жоғарыда аталған факторлар есебінен анықталды.
Білім стандарттарын, оқу бағдарламалары мен жоспарларын жаңарту
      Мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту қазіргі 11 жылдық сияқты 12 жылдық мектептің Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартын (МЖБС) жаңарту шеңберінде білім берудің басым мақсаттарының бірі ретінде айқындалады.      Бұл ретте функционалдық сауаттылықты дамыту нәтижесі білім алушылардың жастарға алған білімдерін практикалық жағдайларда тиімді және әлеуметтік бейімделу процесінде сәтті пайдалануға мүмкіндік беретін негізгі құзыреттіліктер жүйесін меңгеруі болып табылады. Негізгі құзыреттілік - бұл мемлекеттің орта мектепті бітіруші тұлғаның сапасына МЖБС-да және оқу бағдарламаларында көрсетілген білім беру нәтижелері түрінде қоятын талаптары.      Орта мектепті бітірушінің мынадай негізгі құзыреттіліктері белгіленген:      Басқарушылық (проблеманы шешу қабілеті);      Ақпараттық (өзіндік танымдық қызметке қабілеті немесе өмір бойы білім ала білуі);      Коммуникативтік (қазақ, орыс және ағылшын (шет) тілдерінде ауызша, жазбаша және нәтижелі қарым-қатынас жасауға қабілеті);      Әлеуметтік (әлеуметтік өзара іс-қимыл жасауға қабілеті);      Тұлғалық (өзіндік іске асыру, өзін-өзі жетілдіру, өмірлік және кәсіби өзін-өзі анықтау, төзімді болу қабілеті);      Азаматтық (қазақстандық сана-сезім мен мәдени ұқсастық негізінде өзінің отаны үшін жауапкершілікті сезіну қабілеті);      Технологиялық (тиімді пайдалану деңгейінде технологияларды, оның ішінде ғылыми, сандық технологияларды пайдалану қабілеті).      Негізгі құзыреттіліктен басқа жекелеген пәндік салалар шеңберінде пәндік құзыреттілік: оқу пәні шеңберінде меңгерілген ерекше білім, іскерлік, дағды ерекшеленеді.      Негізгі және пәндік құзыреттіліктің білім берудің нәтижесі ретінде нақты, өлшемді, қолжетімді, шынайы және уақыты анықталған болуы қажет.      Оқу бағдарламалары, сондай-ақ, мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамытуғажәне негізгі, пәндік құзыреттіліктерге қол жеткізуге бағдарланады.      PISA зерттеуінде табысты елдердің (Оңтүстік Корея, Жапония, Қытай, Гонконг және т.б.) тәжірибелерін ескере отырып, жоспардың инварианттық (міндетті) және вариативтік (мектептің таңдауы бойынша) бөліктері арасындағы тиімді пропорцияны анықтау есебінен оқу жоспарын реттеудегі мектептер дербестігінің сәйкес деңгейі қамтамасыз етілетін болады. Оқу жоспарлары оқу әдебиетін, математиканы оқыту және жаратылыстану-ғылыми, ақпараттық, тілдік сауаттылықты қалыптастыру үшін оқу сағаттарының қажетті санын бөлуді қарастырады.
Оқыту нысандарын, әдістері мен технологияларын жаңарту
      Оқыту нысаны мен әдістерін жаңарту елдегі жалпы білім беретін мектептерге Назарбаев Зияткерлік мектептерінің (НЗМ) тәжірибесін тарату және баланың оқуға қызығушылығын тудыратын қазіргі заманғы білім беру технологияларын пайдалану есебінен қамтамасыз етіледі.      Білім беру нәтижелеріне табысты қол жеткізуді, алған білімін оқу және практикалық қызметте пайдалана алуын қамтамасыз ететін логикалық, конструктивті және сыни тұрғыда ойлау негіздерін қалыптастыру үшін оқытудың тиімді нысандары мен әдістері енгізілетін болады.      Жоғары оқу орындарының, «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДБҰ педагогикалық шеберлік орталықтары мен «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының өңірлік орталықтарының базасында педагог кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау бағдарламаларының мазмұны жаңартылып, іске асырылатын болады.      Мұғалімнің кәсіби-жеке тұлғалық құзыреттілігін диагностикалау жүйесі әзірленетін болады. Мұғалімдердің оқытудың инновациялық әдістерін, қазіргі заманғы білім беру және ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайлануы қолдау табатын болады. Мұғалімдер мен оқушыларға қашықтықтан білім беру технологияларын пайдалана отырып ең үздік оқытушылардың сабақтарына қатысу қолжетімділігі ұсынылатын болады.      Интерактивті, инновациялық, жобалық-зерттеу технологияларын, сандық инфрақұрылымдарды пайдалана отырып, сынып ұжымын жаппай оқыту нысанынан әрбір білім алушының жеке білім беру аймағын іске асыруға ауысу қамтамасыз етілетін болады.      Бұл ретте оқушыларға басы артық абстрактілі-теориялық білім мен тапсырмалар беру жойылады. Ол оқу процесін неғұрлым икемді етіп, практикалық бағыттауға мүмкіндік береді.      Оқыту нысандары мен әдістерін түбегейлі жаңарту мұғалім мен оқушы арасындағы әріптестік және достық қарым-қатынастың орнауына ықпал ететін болады.
Мектеп оқушыларын оқыту нәтижелерін бағалау жүйесін дамыту
      Мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту процесі оқу қызметінің барлық түрлерінің нәтижелілігін оқу материалын меңгерудің процесуалды жағын және жеке тұлғалық қасиеттердің пайда болуын есепке алатын бағалаудың жаңа жүйесін енгізуді айқындайды.      Сырттай бағалау әрбір деңгейді аяқтау бойынша білім алушының оқу жетістіктерінің мәлімделген нәтижелерге (ҰБТ, ОЖСБ және т.б.) сәйкестігіне, сондай-ақ халықаралық зерттеулерге (TIMSS, PISA және PIRLS) қатысуы арқылы жүзеге асырылатын болады.      Іштей бағалау нақты тұлғалық жетістіктерді белгілеу үшін оқу пәні бойынша оқыту сапасын диагностикалау арқылы және МЖБС өлшемдеріне сәйкестігі (аралық және қорытынды бағалау) арқылы жүзеге асырылады.      Білім алушылардың өзін-өзі бағалауы өзін-өзі ұйымдастыру және өзін-өзі жетілдіру үшін жеке жетістіктерін (білім алушының өзін-өзі бағалауы және жетістіктерін есепке алуы үшін портфолио) бағалау арқылы жүзеге асырылады.      Критериялық бағалау жүйесі енгізілетін болады: білім алушының оқу жетістіктерінің МЖБС-да белгіленген мәлімделген нәтижелерге (өлшемдерге) сәйкестігін бағалау. Бағалауға МЖБС-да және оқу бағдарламаларында мәлімделген барлық білім беру нәтижелері, сондай-ақ негізгі және пәндік құзыреттіліктер жатады.      Мониторинг нәтижелері білім алушының функционалдық сауаттылығының даму динамикасын, мектеп оқушыларының, мұғалімдер мен мектептердің жетістіктерін бағалауды, сондай-ақ стандарттарды, оқу бағдарламалары мен оқулықтарды жаңарту іс-шараларының тиімділігін қамтамасыз етеді.
Ата-аналардың балаларды оқыту мен тәрбилеуге белсенді қатысуын қамтамасыз ету
      Отбасы балаға жастайынан адами құндылықтарын танытып, саналы және өнімді өмір сүруге бағдар беруге міндетті. PISA-2009 зерттеуі функционалдық сауаттылық деңгейіне ата-аналардың балаларды оқыту мен дамыту процесіне қатысуы оң әсер ететіндігін көрсетті.      Сондықтан да ата-аналардың баланы жақсы тануына, оны түрлі жағдайда көре алуына, үлкендерге баланың жеке ерекшелігін танытуға, олардың қабілеттерін дамытуға, өмірлік құнды бағдарын қалыптастыруға, жағымсыз мінез-құлықтарынан арылтуға көмек беруге мүмкіндік беретін функционалдық сауаттылығын арттыру әдіснамасы әзірленеді.      Ата-аналарды мектеп өміріне белсенді тартуға бағытталған іс-шаралар жүйесі әзірленеді: қамқоршылық кеңесін, ата-аналар қауымдастығын, ата-аналар университетін құру. Аталған қоғамдық институт әрбір білім алушының отбасымен әріптестік қарым-қатынас орнатуға, отбасы мен мектеп мүдделерін өзара қолдап, ортақ жағдай жасауға әсер етеді. Бұл ретте мектеп есептілігінің және оқушылардың оқу жетістіктері мен мектеп қызметі туралы қауымдастыққа толық және ашық ақпарат ұсынудың барабар деңгейі қамтамасыз етіледі.
Қосымша білім беруді дамыту
      Білім беру нәтижелеріне қол жеткізуге ықпал ететін факторларға PISA көшбасшы елдері оқушыларды қосымша біліммен және мектептен тыс сабақтармен қамтуды жатқызады.      Қосымша білім беру мазмұны жаңаратын болады, балалардың интерактивті парктерін, технопарктерін, балалардың ғылыми мұражайларын құру арқылы оқытудың жаңа технологиялары және интерактивтік, инновациялық, ұйымдастыру нысандары енгізіледі. Сапалы бейінді оқытуды ұйымдастыру үшін жас техниктердің, натуралистердің, туристердің жұмыс істеп тұрған станциялары қазіргі заманғы интерактивтік техникамен, жабдықтармен және технологиялармен жарақтандырылатын болады.      Жалпы білім беретін мектептегі және мектептен тыс ұйымдардағы әртүрлі бағыттағы үйірмелер, секциялар желісін кеңейту есебінен балаларды қосымша білім берумен қамту ұлғайтылады. Басты назар ғылыми-зерттеу жобаларына, техникалық шығармашылыққа, өнертапқыштыққа, модельдеуге, нанотехнологияларға, робот техникасына, легожобалауға және т.б. аударылады.      Тұлғаның бейімділігін, қажеттілігін қанағаттандыруды, қызығушылығын, қабілетінің дамуын ескере отырып, білім беру ресурстарына (функционалдық сауаттылығына) қол жеткізуді қамтамасыз ету үшін қосымша білім беру ұйымдары мен жалпы білім беретін мектептердің қызметін біріктіру қамтамасыз етіледі. Жалпы біріктіру тұлғаның кәсіптік тұрғыда өзін-өзі анықтауына және оқушыда шығармашылық және инновациялық қызметке деген қажеттілікті қалыптастыруға ықпал ететін болады.      Қосымша білім беру ұйымының әлеуметтік қорғалмаған отбасылардан шыққан оқушылар мен мүмкіндігі шектеулі балаларды тартуы арқылы әлеуметтік маңызы артатын болады.      Осылайша, Қазақстан Республикасының білім беру жүйесі білім беру мазмұнын жаңарту, оқу бағдарламаларын, оқулықтарды жасау, мұғалімдердің біліктілігін арттыру және оларды қайта даярлау бағдарламаларын қайта қарау, оқушылардың алған білімін оқу және практикалық жағдайларда қолдану қабілеттеріне мониторинг жүргізу бойынша бірқатар пәрменді шаралар қабылдауы, сондай-ақ мектеп оқушыларын оқытуды барабар материалдық-техникалық, психологиялық-педагогикалық және техникалық жағдайлармен қамтамасыз етуі қажет.
4. Ұлттық жоспарды іске асырудан күтілетін нәтижелер
      Ұлттық жоспарды іске асыру мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту бойынша мемлекеттік органдардың, кәсіби қоғамдастықтардың, үкіметтік емес ұйымдардың, ата-аналардың қызметін жалпы үйлестіруді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.      Ұлттық жоспардың негізгі орындаушылары Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі, ведомстволық бағынысты ұйымдары, «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДБҰ, жергілікті атқарушы органдар болып табылады.      Ұлттық жоспарды орындаудың нәтижесінде 2017 жылға қарай қазақстандық мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту үшін мынадай жағдайлар жасалатын болады:      1. Ғылыми-зерттеу жағынан қамтамасыз ету:      1) функционалдық сауаттылықты қалыптастыру мен дамытудың ғылыми-әдіснамалық негіздері, құзыретті білім беру парадигмасында мектепті басқару жүйелері анықталды;      2) функционалдық сауаттылықты қалыптастыру мен дамытуға бағытталған іс-шараларды ғылыми-зерттеушілік, сараптамалық-талдамалық алып жүру қамтамасыз етілді;      3) балалардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыруда мектеп оқушыларының өмірлік бағдарының мәнін, ата-аналардың рөлін диагностикалау қамтамасыз етілді.      2. Білім беру мазмұнын жаңарту:      1) мемлекеттік стандарттар мен оқу бағдарламалары функционалдық сауаттылық пен құзыреттілік тәсіліне бағытталған білім беру мазмұнын қамтамасыз етеді;      2) оқу жоспарлары тұлғалық жетілуді қамтамасыз ететін білім беру вариативтілігін, коммуникативті дағдыларды қалыптастыратын білім алудағы дербестікті, ақпарат пен технологияны пайдалана білуді, проблемаларды шешуді, іскерлік пен сыни тұрғыда ойлауды қарастырады.      3. Оқу-әдістемелік қамтамасыз ету:      1) практикаға бағдарланған оқулықтар әзірленді;      2) жаңартылды, мектеп оқушыларының тұлғалық бағдарын, білім берудің саралануын, практикалық бағытын, дифференциациасын, тәжірибелік бағыттылығын қамтамасыз ететін қазіргі заманғы технологиялар мен ұстанымдар педагогтердің практикасына табысты енгізілді;      3) мектеп оқушыларын оқытуда ақпараттық-коммуникациялық технологияларды ақпараттандыру мен пайдалану деңгейі артты;      4) мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамытуға қойылатын талаптар мен тәсілдердің кешенділігі және біртұтастығын қамтамасыз ететін мектептің, отбасы мен қоғамның әлеуметтік өзара әрекетінің мазмұны мен нысаны жаңартылды;      5) тұлғаның кәсіби қалыптасуына ықпал ететін қосымша білім берудің беделі қамтамасыз етілді. Білім алушылар мен тәрбиеленушілердің 50 %-ы қосымша біліммен қамтылды;      6) ата-аналардың алғашқы кезекте балалардың білім алуға және тұлғалық қызығушылықтарын қамтамасыз етуге назарын аударуды және белсенділігін арттыруды туғызатын ата-аналардың функционалдық сауаттылығы артты.      4. Мектеп оқушыларының білім сапасын бағалау және оған мониторинг жүргізу жүйесі:      1) білім нәтижелерін тәуелсіз мониторингтік зерттеулер жүргізілді, сыни тұрғыда бағалау, білім алушылардың өзін-өзі бағалау жүйесі енгізілді;      2) стандарттарды, оқу бағдарламалары мен оқулықтарды одан әрі жетілдіру үшін ұсынымдамалар әзірленді;      3) жазбаша тапсырмаларды қоса алғанда білім алушылардың құзыреттіліктерінің қалыптасу деңгейін анықтауға бағытталған тестілеу тапсырмаларының базасы қалыптастырылды;      4) оқушылардың білім жетістіктерін бағалау бойынша халықаралық бағдарламада (PISA) 50-55 орындарға және 4, 8-сыныптардағы оқушылардың математикалық және жаратылыстану-ғылыми сауаттылығын бағалау бойынша (TIMSS) 10-15 орындарға қол жеткізілді.      5. Материалдық-техникалық база:      1) білім беру мазмұнының стандарттары мен сабақтан тыс іс-әрекет бағдарламаларын іске асыруды қамтамасыз ету үшін мектептің материалдық-техникалық базасы жаңартылып, нығайтылды;      2) базалық мектептік білім берумен біріктіру міндеттерін шешу үшін қосымша білім беру ұйымдарының қазіргі заманғы жабдықтармен жарақтандырылуы және балаларға негізгі: көркем-эстетикалық, ғылыми-техникалық, экологиялық-биологиялық, туристік-өлкетанушылық, оқу-сауықтыру және т.б. бағыттар бойынша қосымша білім беру мазмұнын дамыту мәселелері шешілді.      Жалпы алғанда, Ұлттық жоспарды жүйелі және одан әрі іске асыру Қазақстанның ұлттық білім беру жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін жалпы әлемдік үрдістер мен ХХІ ғасырдың білім беру мазмұнына және функциялық сауаттылықтың дамуына қойылатын талаптар контекстінде арттыруға мүмкіндік береді.
5. Қажетті қаржы ресурстары
      Ұлттық жоспардың іс-шараларын мемлекеттік бюджеттен қаржыландыру көлемі 24,6*млрд. теңгені, оның ішінде республикалық бюджеттен 22,7 млрд. теңгені құрайды:      2012 жылы – 1,3 млрд.теңге;      2013 жылы – 6,6 млрд.теңге;      2014 жылы – 4,6 млрд.теңге;      2015 жылы – 5,7 млрд.теңге;      2016 жылы – 4,5 млрд.теңге.      Ұлттық жоспардың іс-шараларын жергілікті бюджеттен қаржыландыру жыл сайын тиісті жергілікті бюджеттен білім беру жүйесін дамытуға бөлінетін қаражат шегінде жүзеге асырылатын болады.      *Ұлттық жоспарды қаржыландыру көлемі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті қаржы жылдарына арналған республикалық бюджетті бекіту кезінде нақтыланатын болады.