География саба?тарында практикалы? ж?мыстарды ?йымдастыру жолдары.


География сабақтарында практикалық жұмыстарды ұйымдастыру жолдары.
Географияны оқытуда өздік және сарамандық жұмыстардың маңызы ерекше.
Бұл әдістемелік баяндамада географиядан жүргізілетін практикалық жұмыстардың түрлеріне мысалдар келтірілген және бірнеше жұмыс түрлері көрсетілген. Жас мамандарға көмек болар деген оймен жариялауды жөн көрдім.
Мектептегі география пәні оқушыларға физикалық географияның алғашқы курсында географиялық түсініктер мен ұғымдарды бере отырып адамның табиғатпен қатынасы, халықтар, ғаламдық проблемалар, дүние жүзілік экономика туралы білімдермен ұштастырылады. Оқу бағдарламасының базалық мазмұны мұғалімдерге оқушылардың теориялық білімі негізінде олардың практикалық тапсырмаларды орындау біліктерін қалыптастыруға көмектеседі.
Оқу материалының практикалық жұмыстары бағалау,болжау,түсіндіру,сипаттау, картадан көрсетіп атап беру біліктерін қалыптастыруға бағытталған. Оқушылардың бағалау және болжай алу біліктерін қалыптастыруға арналған практикалық жұмыстар жоғары сыныптарда басымырақ болып келеді. Практикалық жұмысты орындау барысында оқушы шығармашылықпен жұмыс істеуді және картаны еркін оқуды меңгереді. Сондықтан әрбір практикалық жұмыстарды орындауға ерекше көңіл бөліну керек. Сабақтардағы практикалық жұмыстарды орындау кезінде оны дұрыс ұйымдастыра білу маңызды болып табылады. Дұрыс ұйымдастырылған жұмыстар ғана оң нәтиже береді. Практикалық жұмыстарды орындау барысында карталармен, диаграмма, статистикалық мәліметтермен жұмыс жүргізіледі. Жалпы карта географияның екінші тілі десек, оны меңгерген оқушы географиялық білім көздерін де толық меңгереді. Әрбір класс бойынша орындалатын практикалық жұмыстардың өзіндік ерекшеліктері бар.
Мысалы: 6 сыныпта оқушылары көкжиек тұстарын анықтау, азимут, географиялық координаталарды анықтау, сызба сызу, шартты белгілермен жұмыс тәрізді жұмыстарды орындаса, 9 класс оқушылары Қазақстанның шаруашылық құрылымы сызбасын құрастыру, халықтар тығыздығын анықтау, статистикалық мәліметтерді пайдалана отырып диаграмма құру тәрізді күрделенген тапсырмаларды орындайды. Практикалық жұмыстарды орындау барысында оқушылар мерзімдік баспасөз материалдарын, әлемдегі өзгерістер жүйесін де меңгереді. Табиғат пен қоғамның өзара әсерлесуіне өзіндік көзқарастарын қалыптастырады.
Практикалық жұмыстарды ұйымдастыру кезінде бұрыннан келе жатқан сабақ жоспарының модельі сақталғанымен, сабақ барысында әр ұстаз өзінің шығармашылық даму деңгейіне қарай мүмкіндігінше түрлендіріп отырады. Практикалық жұмыстар оқушылардың әртүрлі проблемаларды шешу жолдарын іздестіруіне мүмкіншілік туғызып, олардың логикалық ойлау қабілетін дамытады, оқуға қызығушылығын арттырады.
Мысалы: 8 сыныпта Қазақстанның топырағы және топырақ – жер ресурстары тақырыбын өткенде практикалық жұмысты төмендегідей ұйымдастыруға болады:
Практикалық жұмыстың тақырыбы: Топырақ типтері ,таралуы,жергілікті жер топырақтарының ерекшеліктеріне бақылау
Жұмыстың мақсаты: Жергілікті жер материалдарын пайдалана отырып танымдық сараптама жасау, өзіндік іс-әрекеттерін қалыптастыру, сараптау, іскерлік қабілеттерін дамыту.
Жұмысқа қажетті материалдар: Оқулық, карта, топырақ топтамасы.
Жұмыстың орындалу реті:
Сабақтарда ұйымдастырылатын практикалық жұмыстар сол тарауда өтілген барлық материалдарды қамтитындай етіп алынса, оқушылардың білім деңгейін анықтауға да мүмкіндік туады. Сабақ барысында қатынаспаған немесе өз білімін көрсете алмаған оқушылар практикалық жұмыста материалды қаншалықты меңгергенін анық көрсетеді және оқушы білімін бағалауда да талас тумайды.
Практикалық жұмыстар коммуникативтік, ақпараттық және проблемаларды шешу сияқты түйінді құзіреттіліктерді шешуді қамтиды. Сондықтан практикалық жұмыстарды өз мәнінде ұйымдастыру оқушы білімінің сапасын көтеруге көмектеседі және шығармашылықпен, ғылыми жұмыстармен айналысатын оқушылардың дараланып шығуына ықпал жасайды. Қорыта келгенде георгафия сабақтарында практикалық жұмыстарды орындатуды түрлендіріп өткізуге әртүрлі бағытта ұйымдастыруға болатындығын баса айтқым келеді.