Биология саба? жоспары ?кпені? тіршілік сыйымдылы?ы


Күні:
Сынып: 8а
Пән: биология
Тақырыбы: Өкпенің тіршілік сыйымдылығы. Тыныс алудың жүйкелік және гуморальдық реттелуі. Тынысалу мүшелерінің аурулары.
Сабақтың мақсаты:
1. Білімділігі: оқушыларға өкпенің тіршілік сыйымдылығы, тыныс алудың жүйкелік және гуморальдық реттелуі мен тынысалу мүшелерінің аурулары жайында мәлімет беру.
2. Тәрбиелігі: оқушыларды жағымсыз қасиеттерден аулақ болуға және қиналған адамдарға әр уақытта қол ұшын беруге, әдептілікке, салауатты өмір салтына тәрбиелеу.
3. Дамытушылығы: оқушылардың шығармашылық, ақыл-ойын дамыту, тұлғалық қасиеттерін жетілдіру және қалыптастыру.
Сабақ типі (түрі): Аралас немесе құрастырылған.
Сабақ әдісі: Түсіндірмелі – көрнекілік, демеуші – ізденушілік және эвристикалық, ауызша, дәптермен жұмыс.
Сабақ көрнекілігі: Дем алып, дем шығарғандағы өкпе көлемінің ұлғайып – кішіреюінің суреті салынған плакат.
Сабақтың барысы:
1.Ұйымдастыру (1-2 мин.).
2. Үй тапсырмасын сұрау (оқушыларды 3 топқа бөліп, тақырыпты қамтитын сұрақ-жауап бойынша білімдерін тексеріп, бағалау) (5-7 мин.).
3. Жаңа материалды түсіндіру (20-25 мин.).
- плакат суретімен жұмыс.
4. Бекіту (10-15 мин.).
- тақырып соңындағы деңгейлік сұрақтармен жұмыс.
5. Оқушылардың жұмысын және білімін бағалау.
1. Сәлемдесу, оқушыларды тыныштандырып, түгендеу сабаққа (оқулық, дәптер, қажетті құралдарын) дайындату.
2. Үй тапсырмасын сұрау: биологиялық диктант алу жолымен алынды.
Биологиялық диктант.
1. Оң жақ өкпе...., ал сол жақ өкпе .... бөліктен тұрады.
2. Ауа құрамында .... % - оттек, …% - көмірқышқыл газы, ....% - азот бар.
3. Өкпедегі және ұлпалардағы газ алмасу ... кезеңнен тұрады.
4. Кеңірдек ... – інші арқа омыртқасының тұсынан оң және сол жақ өкпеге баратын ... бронхыға тармақталады.
5. Адамда ... өкпе болады, оның оң жақ өкпесі ... бөлікке, сол жақ өкпесі ... бөлікке бөледі.
6. Жаңа туған нәрестенің тынысалу қозғалыстары минутына ... рет, ересек адамдарда ... рет.
Жауабы: 1 – 3, 2; 4 – 5, 2;
2 – 21, 0,03, 79; 5 – 2, 3, 2;
3 – 3; 6 – 60, 16-18;
3. Жаңа материалды түсіндіру:
Сабақтың жоспары:
Өкпенің тіршілік сыйымдылығы.
Тыныс алудың жүйкелік және гуморальдық реттелуі.
Жасанды тынысалу жолдары.
Тынысалу мүшелерінің аурулары және оның гигиенасы.
Темекі шегудің тыныс мүшелеріне зияны.
1. Өкпенің тіршілік сыйымдылығы деп адам терең дем алып, терең дем шығарғандағы ең көп мөлшерін айтады. Әйелдердің өкпесінің тіршілік сыйымдылығы орташ есеппен алғанда 3000 – 5000 мл, ер адамдарда 3500 – 4800 мл болады. Дене еңбегімен шыныққан адамдарда өкпенің сыйымдылығы 6000 – 7500 мл дейін барады.
Өкпенің тіршілік сыйымдылығы (ӨТС) 3 құрамды бөліктен тұрады. Адам тыныштық қалыпта әрбір дем алғанда және әрбір дем шығарғанда шамамен 500 мл ауаны жұтады, әрі шығарады. Бұл ауа мөлшері тыныстық сыйымдылық деп аталады.
Адам қалыпты дем алып, артынша дем алғанда тағы да қосымша 1500 мл ауаны жұтады. Бұл жұтылған ауа мөлщерін тыныс алудың қосымша сыйымдылығы деп аталады.
Адам қалыпты дем шығарып, артынша терең дем шығарғанда тағы да қосымша 1500 мл ауаны шығарады. Бұл ауа мөлшері тыныс шығарудың қосымша сыйымдылығы деп аталады.
Қаншама терең дем шығарғанмен де өкпеде 1200 мл ауа қалып қояды. Оны қалдық ауа сыйымдылығы деп атайды. Сондықтн да өкпе еш уақытта қабысып қалмайды.
Өкпенің тіршілік сыйымдылығын өлшейтін арнайы құралды спирометр дейді. Неғұрлым өкпенің тіршілік сыйымдылығының көлемі көбірек болса, соғұрлым адамның денсаулығы күшті болады.
2. Тыныс алудың жүйкелік және гуморальдық реттелуі. Тыныс алу мен тыныс шығарудың алмасуы орталық жүйке жүйесінің қызметіне байланысты. Сопақша мида тынысалу, тыныс шығару орталығы орналасады. Тыныс шығырғанда өкпенің сығылуы өкпе көпіршіктеріндегі жүйке ұштарын тітіркендіріп, қозу пайда болады. Қозу сезгіш жүйке талшықтары арқылы тынысалу орталығының тынысалу бөліміне беріледі. Бұл бөлімнің импульстері жұлынға, одан қозғалтқыш жүйке талшықтары арқылы сыртқы қабырғааралық бұлшықеттер мен көкетке беріледі. Бұлшықеттер жиырылып, кеуде қуысын кеңейтеді, тыныс алады. Тыныс алу мен тыныс шығаруды реттейтін орталық – жүйке жүйесі. Мұны жүйкелік реттелу дейді. Тынысалу орталығы жөтелу, түшкіру сияқты қорғаныш рефлекстерін тудырады.
Гуморальдық реттелу. Қанның химиялық құрамы өзгергенде (көмірқышқыл газының артуы, қан қышқылдығының жоғарлауы және т.б.) тынысалу орталығының жұмысы гуморальды реттейді. Қанда көмірқышқыл газы концентрациясының артуы мидағы тынысалу орталығын қоздырып, тынысалу жиілетеді.
3. Жасанды тыныс алу жолдары. Адам суға кеткенде, тоқ соққанда, газбен уланғанда есінен танып қалуы мүмкін. 5-7 минут ішінде жүрек пен өкпенің жұмысын қалпына келтіру керек. Жедел жасанды тыныс алдырып, жүрекке массаж жасау қажет.
Жасанды тыныс алу жолдары:
а) аурудың басын шалқайта қатты заттың үстіне жатқызу;
ә) түймелерін ағытып, кеудесін жалаңаштау;
б) мұрны мен аузын дәкемен жауып, минутына 16 рет ауа үрлеу;
в) суға кеткенде етпетінен жатқызып, өкпесін судан тазартып құстыру;
г) жүрегі тоқтап қалса кеудесін қос қолдап ырғақты басу;
д) әрбір 5-6 рет басқаннан соң аузына ауа үрлеу;
е) тамыр соғуын ұдайы тексеріп (қадағалау) тұру.
4. Тынысалу мүшелерінің аурулары және оның гигиенасы. Атмосфералық және өндірістік шаң-тозаң болады. Атмосфера шаң-тозаңы кен орындарынан көтеріледі, одан шыққан газ, түтін, шөп, тоғай өртенгенде пайда болған түтін, күл; құмды жерде желмен көтерілетін және қала көшелерінен, жерден көтерілген шаңдар; өндірісте болатын шаң-тозаңдар әртүрлі завод-фабрикалардан, шахталардың қалдықтарынан көтеріліп шығады. Шаң тынысалу жолдарын жыбырлатып, тітіркендіріп, жөтелтіп, түшкіртеді. Шаңда ауру тудыратын әртүрлі микробтар болуы мүмкін. Егер жұмыс орнында шаң-тозаң болса, мұрын бітіп, даусы қарлығады, кейде өкпе ауруымен ауруы да мүмкін. Шаң-тозаң болған жерде түрлі ауру тарататын микробтар болады, мысалы, туберкулез, тұмау және т.б.
Өкпені жарақаттайтын ауру – туберкулез. Туберкулез (латынша «tuberculum» - төмпешік) – микроскоппен ғана көрінетін туберкулез таяқшасы микробы қоздыратын жұқпалы ауру. Туберкулез таяқшасы адам ағзасында өте тез көбейеді. Ағзадан тыс жерде көбеймейді, бірақ қараңғы, ылғалды, жылы жерде ұзақ сақталады. Даладағы шаңның ішінде 3-14 күнге дейін тіршілік етеді. Туберкулез ауруы ұлпаларды жансыздандырады. Өкпе қатайып беріштенеді. Ауырған адам терлегіш, әлсіз, дене қызуы 37-37,7 градусқа дейін көтеріңкі болады. Тамаққа тәбеті тартпайды, жөтеледі, ұйықтағанда терлей береді, қаны азайып, жүдейді, қан түкіреді.
Күтіну шаралары: витаминді, қуатты тамақ ішу; бойды таза ұстау; таза ауада көп серундеу; дәрігер белгілеген дәрілерді уақытында ішу.
Мұрын қуысының сілемейлі қабықшасының қабынуын тұмау деп атайды. Тұмау – бүкіл ағзаны әлсірететін өте кең тараған қауіпті жұқпалы ауру. Асқынғанда басқа аурулардың тууына себепші болады. Аурудың дене қызуы көтеріледі, түшкіреді, жөтеледі, тамақтың иісін, дәмін сезбейді. Иіс, дәм сезу мүшелеріне қатты әсер етеді. Мұрын қуысындағы капилляр қантамырларының қабырғалары кеңейіп, кілегейлі қабықшадан сұйық заттар көп бөлінеді. Тұмаумен ауырғанда гигиенаны сақтау керек: а) ыдыс-аяқ, төсек-орынды бөлектеу; ә) бөлмені ауық-ауық тазалау; б) желдеткішті ашып, таза ауа кіргізу; в) жатып демалу және т.б.; г) терең тыныс алу; д) спорт, дене шынықтыру, дене еңбегімен шұғылдану.
Тынысалу мүшелерінің ауруларына туберкулез бен тұмаудан басқа ауа тамырларының, өкпенің қабынып, тыныс демікпесі, мұрын қойнаулары, жұтқыншақ, көмекей аурулары (синусит, тонзиллит, фарингит) жатады. Бұл аурулармен ауырған адмдар тез арада дәрігерге көрініп, тек дәрігер емдеуі тиіс.
Мұрын арқылы демалудың маңызы ерекше. Оның себебі мұрын қуысындағы толып жатқан иірімдер болады. Олар ауаны жылытады және ауадағы микробтарды ұстап қалады. Суық күндері суық тиіп аурудан сақтайды. Ауызбен тыныс алғанда суық ауадан тістьің кіреукесі бұзылады. Сондықтан мұрынмен тынысалу тісті бұзылудан, түрлі тынысалу мүшелерінің ауруларынан қорғайды.
Сынып бөлмесінің де ауасының тазалығын қадағалап отырыңдар. Үзіліс кезінде терезені ашып желдетуді ұмытпаңдар!
5. Темекі шегудің тыныс мүшелеріне зияны. Темекі түтінінде адам ағзасына зиянды 200-ден астам улы заттар болады. Ең басты темекінің түтінінде өте улы зат – никотин бар. Бұл заттар сілекейде еріп, асқазанға түседі де, оның кілегейлі қабығын жарақаттайды. Темекі түтіні тыныс жолының кілегейлі қабығын қабындырады, сөйтіп, қорғаныш қасиеті нашарлаған сілемейлі қабықша арқылы ауру туғызатын микробтар енеді. Сондықтан темекі шегетін адамдар көбінесе суық тиіп, тағы басқа ауруларға тез шалдығады. Темекіні күніне жиырмасын тартқан адам 90 милиграмм шамасында никотин жұтады. Темекі түтінінде болатын күйе (сажа) мен қара май (деготь) ұсақ бронхиолалар мен өкпе көпіршіктерін бітеп тастайды. Өкпе ағзаны оттекпен толық қамтамасыз ете алмай газ алмасу бұзылады, қан тамырлары тарылады. Бұл ауатамыр ауруына өкпе, пәле (рак) ауруларына шалдықтырады. Өкпедегі пәле (рак) ауруымен ауырғандардың 97% - і темекі шегетіндер. Бұған себеп – тыныс мүшелерінде темекіні ұзақ шеккенде көпке дейін жазылмайтын жараның пайда болуы. Неғұрлым адам өте ерте – бала кезінен темекі шегумен айналысса, соғұрлым рак ауруына жиі шалдығатыны ақиқат. Және темекі шеккендердің өмірі қысқа болады. Темекінің түтініндегі радиоактивті заттар ағзаға жиналады. Күніне бір қорап темекі тартқан адам мөлшерден артық 3,5 сәулеленуге ұшырайды. Сонымен қоса, орталық жүйке жүйесін зақымдайды. Көп мөлшерде болса, адам үшін өте қауіпті, өліп кетуі де мүмкін. Темекі, әсіресе жас ағзаны тез уландырады. Жас достар! Темекіге әуестенбеңдер!
4. Қорытындылау, бекіту.
Тест арқылы қорытындылап, бекіттім. Тест түрі жабық тест, бір ғана жауабы бар. Тесттерді әр оқушыларға таратып, бүгінгі сабақты қаншалықты түсінгенін, білімін тексеру үшін берілді.
Жабық тест сұрақтары:
1. Егер адамның өкпесінің тіршілік сыйымдылығы қалыптағыдан 400 мл төмен болса, онда өкпедегі газ алмасу:
а) төмендегені;
ә) жоғарлағаны;
б) өзгермегені;
в) ауру тудырғаны.
2. Тынысалу мүшелеріне жататын ауру:
а) сколиоз;
ә) кариес;
б) туберкулез;
в) рахит.
3. Тынысалу жүйесінің ауруын жатпайды:
а) тұмау;
ә) пневмания;
б) туберкулез;
в) цистит.
4. Адам өкпесінің орташа тіршілік сыйымдылығы:
а) 1000 мл;
ә) 3500 мл;
б) 500 мл;
в) 5000 мл.
5. Тыныс алғандағы ауаның микробтар мен шаң-тозаңнан тазаруы, жылынуы:
а) ауа тамырда;
ә) мұрын қуысында;
б) өкпеде;
в) кеңірдекте.
6. Мұрынның иіс сезімталдығын төмендететін жұқпалы ауру:
а) туберкулез;
ә) бронхит;
б) тұмау;
в) трахейт.
7. Адам тыныс алуына қажетті газ:
а) азот;
ә) азот (ІІ) оксиді;
б) оттек;
в) көмірқышқыл газы.
8. Темекі шегу зардабынан болатын өкпе ауруы:
а) силикоз;
ә) плеврит;
б) СПИД;
в) пәле (рак).
Жауаптары: 1-а, 2-б, 3-в, 4-ә, 5-ә, 6-б, 7-б, 8-в.
5. Қорытынды, бағалау.
Оқушылардың сабаққа белсенді қатысып, сұраққа жақсы жауап бергендерге «5» - бағасын қойдым, ал белсенді қатысып, бірақ жанма жауап бергендерге «4» - бағасын қойдым.
6. Үй тапсырмасы: бүгінгі өтілген тақырыпты мазмұндап оқып келу.