?осымша ?дебиеттерді пайдалана отырып математикалы? шы?арма жаздыру.


Қосымша әдебиеттерді пайдалана отырып математикалық
шығарма жаздыру.
Орта мектеп математикасының бүгінгі өмір талабына сәйкестендірілген жаңа мазмұны оқушылардың өздігінен білім алу қабілетін қалыптастырып, дамытуды, ой-өрісін кеңейтуді талап етеді. Мұндай талаптарды іске асыру жолдарының бірі – оқушыларды математикадан қосымша әдебиеттер оқуға баулу.
Математикадан қосымша әдебиеттер – оқушыларды ұлы математиктер өмірбаянымен, олардың математика ғылымын дамытуға қосқан үлестерімен және түрлі математикалық зерттеу методтарымен таныстырады, балалардың математикаға қызығушылығын тудырады, математикалық білімін тереңдетеді. Жаңа программа бойынша орта мектеп математикасын оқытудың міндеті – қазіргі қоғамның әрбір мүшесінің күнделікті өмірі мен қызметіне керекті, оқушыларға мектепке басқа ғылымдар негізін меңгеруге қажетті, мектеп бітірген сон одан әрі өздігінен білімін жетілдіруге, ғылыми – көпшілікке арналған және техникалық әдебиеттерді , т.с.с. оқып түсінуге жеткілікті математикалық білім мен дағдыны берік әрі сапалы игеру. Сондықтан жаңа программаны оқытуды барынша жандандыруда, оқушыларды материалдармен, графиктерді дұрыс пайдаланумен, анықтамалармен, таблицалармен өздігінен жұмыс істей білуге дағдыландыруда оларды кітаппен жұмыс істеу мәдениетіне үйретудің маңызы күшті.
Оқушыларды математикалық кітаптарды пайдалана білуге үйрету дегеніміз – оларды техникалық әдебиеттерді оқуға әзірлеу. Мектепте оқыту процесінде балалар алдымен оқулықтармен жұмыс істеуге үйренеді, дағдыланады. Алайда оқулық математика ғылымының кейбір маңызды тарауларын, мәселелерін қамти алмайды, математиканың қазіргі бағыттарының дамуы туралы, ұлы математиктердің өмірі мен қызметі, олардың еңбектері жайлы қанағаттанарлықтай мағлұматтар бере алмайды. Оқушылар мұндай мағлұматтарды пән мұғалімінің әңгімесі немесе қосымша әдебиеттер оқудан ғана алады. Сөйтіп, оқушылардың қосымша әдебиеттермен жұмыс істеуі стихиялы басталады. Сондықтан математика пәнінің мұғалімі оқушыларға қандай қосымша әдебиеттер оқу қажеттілігіне бағыт сілтеп, ол әдебиеттермен қалай жұмыс істеу жөнінде кеңес беруі керек.
Оқушыларды қосымша әдебиеттерді оқуға бағыттаушы жұмыстардың бірі – математикалық шығарма жаздыру.
Математикалық шығарма – оқушылардың теориялық білімінің сапасын анықтаумен қатар, оларды өздігінен ізденуге және оқулықпен, қосымша материалмен жұмыс істеуге, өз ойларын толық жазуға, математикалық тілмен сөйлеуге үйрететін әдістің бірі. Шығарма оқушының өздігінен білім алуына, ойлау қабілетінің дамуына көмегін тигізеді. Математикалық шығарманы оқушыларға үйде жаздыруға болады.
Математикалық шығарма жазуға мынандай талаптар қойылады:
Математикалық дәйектерге сүйене отырып, оқушыларды өз ой-пікірін математикалық тілмен дәл баяндай білуге үйрету.
Оқушыларды белгілі бір тарау, тақырып бойынша алған білімін жүйелі түрде баяндай білуге дағдыландыру.
Оқушыларды оқулықтар, қосымша әдебиеттер, математикалық сөздік және анықтамалар бойынша жұрыс жұмыс істеуге баулу.
Математикалық шығарманың тақырыбы программа талабы негізінде құрылып, оқушыларға түсінікті және ықшам болуы тиіс.
Математикалық шығарма өз мазмұны және түрі жағынан оқушыларды жаңалыққа баулуы, бағыттауы керек.
Бұл талаптарды жүзеге асыруда математикалық шығарма мазмұны жағынан әр түрлі болады.
Белгілі бір тарау не тақырып бойынша негізгі математикалық ұғымдарды анықтайтын шығармалар.
Математиканың белгілі тарихи даму кезеңін бейнелейтін, математикалық идея мен әдістің шығуын және математикалық – ғылым еңбегін мадақтайтын тарихи сипаттағы шығармалар.
Математикалық әдістің мазмұнын және оның есеп шығаруға қолданылуы жағдайын көрсететін шығармалар.
Математиканың басқа оқу пәндерімен байланысын анықтайтын шығармалар.
Бірінші түрдегі математикалық шығарма негізгі математикалық ұғымдарды ( сандар, функциялар, теңдеулер, теңсіздіктер, геометриялық фигуралар т.б.) қайталау және белгілі жүйеге келтіру мақсатын қояды. Мұндай сипаттағы шығармаларды орындай отырып оқушылар белгілі математикалық ұғым бойынша өз білімдерін белгілі жүйеге келтіріп қана қоймай, қосымша әдебиеттермен танысады, кітаппен жұмыс істеу жөніндегі дағдысын молайта түседі. Шығарманың екінші түрі ұлы математиктердің өмірі мен олардың идеяларының даму тарихымен, біздің отандастарымыздың әлем ғылымы алдындағы ұлылығы және беделімен оқушылардың кеңірек танысуына мүмкіншілік тудырады.
Зерттеу сипатындағы шығарманың өзіне тән ерекшеліктері бар:
Мұндай шығарманың мазмұнының құрамында белгілі бір проблема болуға тиіс.
Проблеманы шешу зерттеу талабына әкелу керек.
Математикалық шығарма оқушылардың өздігінен істейтін кездейсоқ жұмысы ретінде емес, алдын ала жүйелі түрде жоспарланып беріледі.
Оқушыларды математикалық шығарма жазуға дағдыландыру мына тұрғыда жүргізіледу:
Материалдың көлеміне байланысты қайталау сабақтары кезінде тақырып не тарау бойынша сұрақтар тізбегі оқушылардың назарына күн ілгері ұсынылады.
Алдын ала талқыланған сұрақтар бойынша оқушылардың үйде дайындайтын шығармасының тақырыбы белгіленеді.
Тақырыбы белгіленген шығарманың жоспары мұғалімнің тікелей басшылығымен жасалады.
Шығарманы орындау мерзімі (мазмұн – түріне қарай) белгіленеді (4 күннен 1 айға дейін).
Шығарма жаздыруды жоспарлауда оның тақырыптарын сұрыптауда мынадай екі бағытты ұстауға болады:
бірінші бағыт – программада қарастырылған сандар (теориясы, жиындар теориясы жіне математикалық логика элементтерін, теңдеу, теңсіздік , өріс, сақина сияқты мәселелерді бұрынғыдан да тереңірек қарастыру .
екінші бағыт – оқушыларды жаңа ұғымдармен қазіргі математика тұрғысында таныстыру үшін, оларға сызықтық алгебра, топология, ықшамдықтар теориясы, векторлар кеңістігі, метрикалық кеңістік, аксиомалық метод, математикалық модель сияқты мәселелерге қатысты тақырыптар ұсыну.
Шығарма тақырыптары, әрбір тақырыпқа қажетті әдебиеттер тізімі 2-3 ай бұрын хабарланады. Осы дайындық кезеңінде оқушылар мұғалімдермен өз-ара пікірлесіп, келісіп отырып дайындық жұмысын жүргізген жөн.
Математикалық шығарма жаздырудан бұрын мұғалім оқушыларға шығарма туралы толық түсінік береді. Ол үшін өтілген материалдарға толық қорытынды жасай отырып, тек оқулықтағы материалды ғана пайдаланып қоймай, басқа да әдебиеттерді пайдалану керек екендігі, әр түрлі сипаттағы жаттығулар ұсынылып, тексереді. Математикалық шығарма жазғанда да сол алынған тақырыпқа байланысты жоспар жасалып, онда тақырыпты толық қамтуы, жинаған материалын нақты формулалар мен анықтамаларды пайдалана отырып грамматикалық қатесіз, ұйқасымды баяндауы ескеріледі.
Оқушылар математикалық шығарманы алғашқы жазған кезінде, дайындалған тақырыбы бойынша жоспар жасалуына қандай әдебиеттерді пайдалануға болатынына жәрдемдесу керек. Осындай жоспарлы жұмыс нәтижесінен туған математикалық шығарма үздік оқушылар үшін творчестволық белсенділігі мен қабілетін арттыру жолындағы жемісті еңбек болса, нашар оқитын оқушылар үшін белгілі тарау не тақырып бойынша өз білімдеріндегі кемшіліктерді жоюдың жолы болып табылады.
Әр класс үшін математикалық шығарма саны оқу жылы ішінде ең кем дегенде 2-3 болу керек. Барлық шығармаларға мұқият дайындықты ұйымдастыра отырып, мұғалім әсіресе шығарманың бірінші түріне ерекше көңіл бөлуі тиіс. Ол үшін мұғалім математикалық шығарма жазуда кейбір қойылатын талаптарды, яғни белгілі тақырып бойынша шығарманы жақсы жазу үшін нелерді білудің қажеттілігін, шығарманың негізгі идеясын көрсету керектігін, шығарма бойынша кететін қателермен т.б. оқушыларды таныстыру жөн. Алғашқы математикалық шығарма тақырып және мазмұн бойынша оқушыларға барлық жағынан ықшам және жеңіл болуы тиіс. Ең алдымен шығарманы оқушылар үйде дайындайды да, мұғалімнің берген консультациясы негізінде ұқыпты аяқтайтын болады.
Әрбір математикалық шығарманы жазуда оқушылар мына талаптарды мұқият орындаулары міндетті:
Шығарманың әуелі жоспарын құру керек.
Шығарма белгілі бір тақырып не тарау мазмұнын толық қамтитын көлемде анық, дәл, дәлелді деректер негізінде жазылуы керек.
Келтірілген цитатаның алынған жерін дәл көрсетуі керек.
Шығарма үшін пайдаланылған әрбір қосымша мәліметтің артықшылығы мен кемшілігі шығарма авторының мүмкіншілігіне өз көзқарасы көрсетілгені жөн.
Шығарма мазмұнына керекті сызбалар барынша дәл, ұқыпты, анық және ықшам орындалуы керек.
Шығарма орындалған дәптердегі жазу орфографиялық режим талабын толық қанағаттандыруы қажет.
Тексерілген әрбір шығармаға мұғалім рецензия жазады, бағасын оқушының күнделігіне және класс журналына қояды.
Оқушылардың математикалық шығармаларын бағалау мына негізде жүргізіледі:
Шығарма мазмұнын баяндауда оқушылардың математикалық ұғымдарды дұрыс баяндай білуі, негізгі белгіні қосалқы белгіден ажырата білуі, салыстыру, анализ т.б. әдістерді дұрыс пайдалана білуі, белгілі фактілер - негізінде дұрыс қорытынды жасай алуы және дәлелдеу процесінде дедуктивтік әдісті дұрыс пайдалана білуі.
Әр оқушының шығарма мазмұнын баяндаудағы даярлығы.
Шығарма тақырыбының жан-жақты көрсетілуі.
Оқушылардың шығарма дайындауда қосымша әдебиеттерді пайдалана білуі.
Оқушылар теориялық мәліметтерді практикалық есептер шешуге дұрыс пайдаланған ба?
Шығармада кездескен математикалық қателер мен пікірлердің саны және сипаты.
Келтіріген бұл факторлар тек шығарманы дұрыс бағалауға жәрдем етіп қоймай, келесі математикалық шығармаларды дайындауда мұғалімге басшылық нұсқау болады.
Оқу жылы аяғында (әр класс бойынша) оқушылардың математикалық шығармалары негізінде конференция өткізген орынды. Онда шығарма авторлары сөйлейді, олардың шығармалары жан-жақты талқыланады.