?аза? ханды?ыны? 550 жылды?ы


«Қазақ хандығының 550 жылдығына арналады»
«Қазақ елі: кеше, бүгін»
Мақсаты:
Қазақ хандығының құрылу тарихымен таныстыру, қазақ жеріндегітұңғыш дербес мемлекеттің жаулап алушылық соғыстар нәтижесінде емес,халықтың ғасырлар бойы армандаған арман тілегі мен өзара туыстастығы нәтижесінде дүниеге келгенін түсіндіру. Қасым, Абылай мен Тәуке ханның билік саясатына түсінік беру. Одан әрі таным деңгейін арттыру, әр оқиғаны жете тануға қызығушылығын ояту, актерлік шеберлікке, Отанын, жерін сүйе білуге тәрбиелеу
Сабақтың түрі: Рөлдік-ойын сабағы, тарихи кеш.
Көрнекіліктер: Видеослайд, , суреттер, тақ, хан сарайына керекті жабдықтар, суретті плакаттар, жалаушалар
Сабақтың барысы:
Музыка ойнайды.Сахнаға қария шығып, сахна бұрышына жайғасып,терең ойға кетеді.Қарияның ойын қасына жүгіріп келген бала бұзып жібереді.Жандарында ағып жатқан өзен суымен бетін жуған бала қарияға тіл қатады:
Бала:«Ассалаумағалейкум ата, мұнда не істеп отырсыз? Мынау қандай өзен? Айдалада неге жалғыз отырсыз»?
Қария:«Уағалейкүмәссәлам балам! Ееееей,шырағым,мен жермен сырласып отырмын, бұл ағып жатқан Шу өзені.»
Бала:(бала күліп жібереді) «Ата, адам жермен де сөйлесуші мееді?Сонда жер не деп жатыр ?»
Қария:(шал күрсініп) «Әрине шырағым, бұл жердің айтатыны көп, себебі дәл осы жерде Қазақ хандығының туы тігіліп, қазақ мемлекет болып қалыптасқан жер »
Бала:(қызыға қарап) «Ата,ата,айтып беріңізші! Маған еліміздің тарихын білу өте маңызды»
Қария:«Дұрыс шырағым! Жастардың тарихымызды біліп, Отанын,жерін сүйіп, ата-бабаларының ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен жерімізді қорғап, қаншама қан төккендері тектен-текке кетпегенін сезінулері қажет.Біздің мақсатымыз, келешек ұрпаққа тарихымыздың түп тамырын жеткізу.(Музыка жай ғана қосылады) «Ендеше тыңда балам, Дешті Қыпшақ жерін билеген Әілқайырдың, елдің мазасын кетірген құйтырқы соғыс әрекеттерінен шаршаған халық, Моғолстан жеріне көшіп кетеді.Еркіндік пен бостандықты, тыныштық пен ынтымақты аңсаған халық, Шу мен Талас өңірінде қоныс теуіп, мемлекет құрады.Қазақ хандығының туы тігіліп, негізін Керей мен Жәнібек сұлтандар құрайды.Бұл 1465-1466 жылдар еді.»
Бала:«Одан кейін ше ата? Қазақ халқының жағдайы жақсы болды ма?»
Қария:«Жақсылық пен жамандық қатар жүрер қарағым.Әрине, оңай болған жоқ.Бірақ қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман орнады.Ол Қасым ханның тұсында болатын.»
Музыка ойнайды.Сахнаға Қасым хан, екі жауынгері және уәзірі шығады.Хан тақта отырады.
Уәзір:«Ханием, сіздің көрегендігіңіз бен ел басқарудағы шексіз еңбегіңіздің жемісін көріп жатырмыз.Халқымыздың саны екі есеге өсіп, жеріміздің аумағы кеңейді.»
Қасым хан:«Уәзір, қолбасшылар мен уәзірлерді жина, халықтың өмір сүруіне тәртіп орнату мақсатында жазылған заңдар жинағын елге таныстырайық.»
Уәзір :«Құп болады тақсыр» деп, бәрі музыкамен сахнадан шығып кетеді
Қария:Бұл заңдар жинағы тарихымызда «Қасым ханның қасқа жолы»- деп аталды.
Бала:«Мәссаған,ары қарай не болып еді ата?»
Қария:«Ел басына күн туған кезде, жау жағадан алғанда, қашанда қолына қару алған батырларымыз жауға қарсы тұра білді.Бірақ ішкі хан тағына таластар, қазақтың жағдайын құлдыратып, жаулар жерімізге көз тіге бастады»
Бала:«Қазақтар таққа таласпай, бастары біріксе, кез – келген жаудың бетін қайтармай ма ата?»
Қария:«Дұрыс айтасың балам.Ондай бас қосып,күш біріктірулер болды әрине.1710 жылы Тәуке хан ел билеп тұрған кезде, қазақтың игі жақсылары Қарақұмда жиналған болатын»
Музыка ойнайды.Сахнаға Тәуке хан, Билер мен батырлар шығады.
Хан:«Бүгінгі жиынымыздың басты мәселесі жоңғарларға қарсы соққы беру.»
Біреулер: «Руларды ғана емес, жүздердің басын біріктіріп, жоңғарларға қарсы шығып, оларды жерімізден қуып шығуымыз керек» - десе
Біреулер:«Жоңғар қандығы жағына шығумыз керек» - деп шулап кетеді.( көп пікірталастан кейінгі шешуші кез келгенде ортаға ашулы Бөгенбай батыр шығып)
Бөгенбай батыр:«Жауымыздан есемізді қайтарамыз, тоналған жайлауымызды, тұтқындалған балаларымызды көріп қарап отыра алмаймыз, өлсек қолымызға қару алып өлеміз.Қыпшақ даласының батырлары қай кезеңде бастарын төмен түсірген?Мен қолымды жауымның қанына бояған кезде сақалыма әлі ақ түспеген еді! Қазіргі келімсектердің зорлығына қалай шыдаймын?Біз әлі жүйрік аттардан кенде емеспіз.Әлі қорамсақта өткір ұшты садағымыз бар»Аттан қазақ! Аттан деп сахнадан бәрі шығып кетеді.
Қария:«Бөгенбай батырдың бұл сөзі жоңғар мәселесін шешудің шегі болды.Бұл сөзден кейін ешқайсысы ашық шығып сөйлей алмады»
Бала: «Иәә ата, керемет.Бұл жоңғарлармен соғыс қай уақытқа дейін жалғасты?»
Қария:«Ата-бабаларының жолын жеңіспен жалғастырған,үш жүздің басын біріктірген хан – Абылай еді.Шын есімі Әбілмансұр. Қабанбай, Бөгенбай, Жәнібек сынды батырлармен жеңісті жорықтар жасап,ақыры 200 жылға созылған сұрапыл соғыста қазақ халқы түпкілікті жеңіске жетті.Бұл жеңістің соңы ұлан-ғайыр тойға ұласты»
Музыкалық номер:
Мектеп жанынан құрылған бишілер тобы. «Көшпенділер» биі
Дәулетова Сымбаттың орындауында «Саржайлау» әні.
Бала:«Қазақтың тағдыры ары қарай не болды ата?»
Қария:«Бұл айтулы жеңістен кейін де, шұрайлы жерімізге көз тіккен жауларымыз аз болған жоқ.Бір жарым ғасыр Ресей империясының отарлық шырмауында оралған, Ұлы Отан соғысының қаһарлы күндері мен кешегі өткен желтоқсанның ызғарына тонбаған,сан ғасыр бостандыққа ұмтылып, ащы соғыстың зардабын тартқан қазақ халқы, өз арман-мұраты - Тәуелсіздікке қол жеткізді. Шекарасы бекітіліп, мемлекеттік рәміздерін қабылдады. Ұлттық төлқұжат пен Ата заңымызға қол қойылды. »
Сахнаға оқушылар шығады:
1 – оқушы: Мемлекеттік Ту. Бүкіл өмірі ат үстінде жаугершілікпен өткен халқымыз үшін тудың қадір – қасиеті ерекше.Туды бейбіт кезде үлкен құрметпен сақтап, жаугершілік кезде алып шығатын болған. Ту ең атақты, ең ержүрек батырларға сеніп тапсырылатын. Өйткені ту жығылса, әскердің рухы түсіп, құты қашатынына ауыз әдебиетінде көп кездесетін: «ту жығылды, жау қашты» деген сөз дәлел.Сүйінбай Аронұлының: «Бөрілі байрақ астында, бөгеліп көрген жан емен» деуі де халық өмірінде ту көтеріп,ту қадау – үлкен рухани, әскери мәнге ие болғанын көрсетеді. Сол байрақтар туған жерді таптаған жауға қарсы шығуға халықты жігерлендірген, күш берген, жауын үрейлендіріп, құтын қашырған. Кешегі соғыста жау ордасының төбесіне ту тіккен Рахымжан Қошқарбаевтың даңқы бүкіл елге жайылуын мақтаныш ете аламыз.
2 – оқушы: Мемлекеттік Елтаңба.Елтаңба тарихыда тереңде жатыр.Әр ру, әр тайпаның өзінің таңба - белгісі болған.Бұл белгілер әр ру, тайпаның өзіндік ерекшеліктерін ғана емес сонымен қатар ұстанымын да бейнелейтін болған. Халық басына қауіп төнгенде әр рудың адамдары бір таудың тасына өз таңба-белгілерін салуы жауға қарсы барлық рудың біріккенін көрсеткен. Әр мемлекеттің елтаңбасы сол елдің ұлттық ерекшелігін, тарихын, сенім-нанымын, ұстанған саясатын, таным-түйсігін, мақсат – мүддесін айқындап тұратын ерекше белгі.
3 – оқушы: Мемлекеттік Әнұран.Халықтың мұңы мен мұратын, қайғысы мен қуанышын білдіретін, құштарлығы мен құлшынысын білдіретін әуен. "Менің Қазақстаным" әні алғаш шыққан сәтінен-ақ халық жүрегіне жол тауып, мемлекеттік мәртебе алмай тұрып-ақ халықтың әнұранына айналған құдыретті ән. Қазақ жеріне бөлшектену қаупі төніп тұрғанда халықтың рухын оятып, күллі қазаққа «елдің, жердің иесі сенсің, өз жеріңе басқаға қол сұққызба» деп ұран тастап, елдің еңсесін көтерген, осынау қасиетті жердің иесі қазақ қана екендігін ескертіп келімсектердің мысын басқан ән. Дүниеге келген сәтінен – ақ еліміздің бірлігі, жеріміздің тұтастығын сақтауда маңызды міндет атқарып келе жатқан ән. Желтоқсанда қазақ жастарының ұраны болған, еліміздің егемендік алуына да септігін тигізген ән.
4 – оқушы: Мемлекеттік тіл.«Ана тілін сүймегендік, білмегендік, ұлт сезімін жоя отырып, ұлт безерлік тудырады». Бауыржан Момышұлы.Мемелекеттік тіл – тәуелсіздігімізді нығайтып, елдігімізді сақтап қалудың ең басты кепілі. Халқымыздың рухани өрісі, мәртебесі, тұрмыс – салты, мінез құлқы, қазақтың қанында, жанында болған қасиеттің бәрі – тілімізде.
5 – оқушы: Мемлекеттік шекара. Халқымыздың ең басты байлығы – жері. Бұл жер – өмірін жаугершілікпен өткізіп, осынау ұланғайыр жерді ұрпағына мұра еткен бабаларымыздың аманаты. Жер жайында аңыз да көп, ән де көп. Көрші елдің ханы алдымен жүйрік атын, артынан жаңадан алған жарын сұратқанда, халқын соғысқа ұрындырмас үшін сөзге келмей айтқанын беріп жіберген, елдің шетінде жатқан ел қонбайтын қу тақыр жерді беруін сұрағанда «Жер ата-бабамыздың келер ұрпаққа жеткіз деген аманаты, бере алмаймын» деп атқа қонған Мөде хан жайлы аңыз қазақ халқының жер үшін жанын қиятынын, жерді қаншалықты қастерлегенін көрсетеді. Олай болса қазақ жерінің іргесін қымтап, белгіленген жердің қазақ халқына ғана тиісті екенін көрсететін шекарамыз – мемлекеттігіміздің басты белгілерінің бірі.
6 – оқушы: Төлқұжат. Мемлекеттің азаматы ретінде осы елдің барлық игілігін басқалармен қатар көруге, мемлекет азаматына тиісті барлық құқықтарды пайдалануға, еліңнің жеткен жетістіктеріне марқайып, шетте жүргенде арқа сүйер тірегің бар екенін сезінуге жетелейтін қасиетті тұмар.
7 – оқушы: Ата Заң. Адам ретінде өмір сүруге жағдай жасайтын барлық құқықтарыңды айқындап берген, құқығың бұзылған жағдайда қорғаның болар, арқа сүйер қастерлі құжат. Мемлекеттің өз азаматын қорғайтынына кепілдік бере отырып, ел азаматы өз мемлекетінің тағдыры үшін жауапты екенін білдіреді.
8 – оқушы: Жұбан Молдағалиев «МЕН ҚАЗАҚПЫН»
9–оқушы:Мұқағали Мақатаев «ОТАН»
Қария:«Ел басымыз болып Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тағайындалды.Ол-көкірегі ояу, жүрегі қазақ деп соққан азамат. Халық ықыласына, сенімі мен махаббатына бөленіп, ел мақтанышына айналды.Ел басының бастауымен 2015 жылдың күзінде Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толуына орай киелі Тараз шаһарында үлкен мерей той аталып өтті.»
Бала:«Елбасының осыншама ел басқарып, халқының оны сонша жақсы көретінінің себебі не ата?»
Қария:«Себебі балам, ЖАН ЕМЕС ОҒАН КЕРЕГІ-КӨК ТУДЫҢ ЖЕЛБІРЕГЕНІ»
Абзал Нұрболдың орындауында «Көк тудың желбірегені» әні.
Жарық тугел жанып, Сахнаға барлық қатысқан оқушылар жалаушалармен шығады.