Сыныптан тыс шара Дос-ажары?,жолдас-базары?


Курмашева Арайлым Аскаровна
Батыс Қазақстан облысы
Бөкей ордасы ауданы, Сайқын ауылы
М-С.Бабажанов атындағы жалпы орта білім беретін мектебі
Тақырыбы: Дос – ажарың, жолдас – базарың
Мақсаты: достық, сыйластық туралы пікірлесе отырып оқушылар арасында сезім қалыптастыру; достық туралы жақсы пікір қалыптастыра отырып досты қадірлей білуге үйрету; өмірде кездесетін достың түрін ажырата біліп, адал доспен дос болу керек екенін түсіндіру, ұғындыру.
Әдісі: пікірталас
Көрнекілігі: шар , слайд, нақыл сөздер.
Барысы:
1-жүргізуші: Достық –адамдардың бір-бірін жаны қалап, шын жақын көріп, қалтқысыз сеніп, тілектес, мұраттас болуы. Достық туралы ұлы философтар мен ақын-жазушыларға қоса ұстаздар мен педагог-психолог ғалымдардың ой толғамағаны, оның мәнін, сырын білуге талпынбағаны кемде кем.
2-жүргізуші: Біз бүгін 7-8-сынып оқушылары арасында «Дос-ажарың, жолдас-базарың» деген тақырыпта пікірталас ұйымдастырып отырмыз.
Амандасу /шаттық шеңбері/
Сәлеметсіңдер ме, оқушылар! Бір-бірімізге қолымызды созып, шын жүректен мынадай сөздермен амандасып көрейік.
Ән салуға барамыз (Шеңбер бойымен жүреді)
Досымызды табамыз (Тоқтайды).
Сәлемет пе! Міне мен! (Қолдарын екі жаққа сермейді).
Доспын енді сенімен (Көршілерімен қол алысады).
1-жүргізуші: Мақсатымыз – оқушылардың бүгінгі достық туралы ой пікірлерін білу, достықты қадірлей білуге шақыру, адал дос таба білуге баулу, яғни Мұса Жәлел айтқандай:
«Шын дос үшін қалайда
Тік қатерге басыңды.
Айыра біл алайда
Досың менен қасыңды». Сіздерді біз «достық» туралы тақырыпта сырласуға шақырамыз. Ойларымызды жинақтап алғанша «Достар» әнін тыңдайық.
Ән: «Достар».
2-жүргізуші:
«Досым саған сенемін, сеніп өтем,
Жолы бөтен демеймін, жөні бөтен.
Достық деген өмірдің көрігі екен,
Достық деген адамның серігі екен» деп Мұқағали жырлағандай бүгінгі пікірталасымыз дос, жолдас, достық туралы болмақ. Олай болса достық туралы бейнероликке назар аударайық.
Пікір алысу.
Достық дегеніміз не? Достық неден туындайды? Дос қандай болу керек?
Сіздің достарыңыз кім? Достың сіздің өміріңізде алар орны қандай? Сіз дос бола аласыз ба
Дос пен жолдастың айырмашылығы. Үш адам нағыз дос бола ала ма? Нағыз дос қандай болуы тиіс? Нағыз дос қандай жағжайда сыналады?
1-жүргізуші:
Достық- аспандағы жарық жұлдыз, теңіздегі гауһар тас. Жұлдыз да, асыл тас та кіршіксіз мөлдір. Бұл екеуін ешкімде, еш құдірет те кірлете алмайды. Досыңның кішкене сыйын көптей көр, досыңа қанша берсеңде аздай көр. Нағыз дос адамға шабыт береді.
Оқушылар тақтада тұрған «Гүлді» дос ұғымы деп есептейік те «Дос деген кім?» деген сұрақ төңірегінде топтастырып жазайық.
2-жүргізуші:
Достық-өмір тірегі,
Достық –адам тілегі.
Татулық дәйім сақталса,
Қуанышпен соғады әр адамның жүрегі. Енді ойынға кезек берейік.
Ойын: «Досыңды тап»
Ойынның мақсаты: оқушылардың бойына достық сезімін қалыптастыру; достарына адал болуға тәрбиелеу.
Оқушылардың барлығы бір қатарға тұрады, ортаға бір оқушы шығады. Жасырынған адам бір сөз айтады. Ол оны сол сөзі арқылы тану керек, егер таба алмай жатқан жағдайда досының қолын, шашын, кипімдерін ұстап, сипау арқылы табуына болады. Егер досын таппаған жағдайда дос туралы мақал –мәтел айтады немесе достарының қалауын орындайды.
1-жүргізуші:
Ғажап қой мына өмірде дос дегенің,
Көбейгенін досымның хош көремін.
Көрген жанға жылы қабақ танытсам,
Әр баласын қазақтың дос көремін.
Достарыммен әрқашан мақтанамын,
Өздеріңмен өмірден бақ табамын,
Ұлы ұғым болса –дағы үш әріп,
Солар менің байлығым мен аппақ арым.
Келесі кезекте жағдаяттан шығу.
Саған ата-анаң үй шаруасын орындау керектігін ескертіп, өздері жұмысқа кетіп қалды. Кенеттен жан досың қоңырау шалып, оған бір топ балалар тиісіп жатқандығын айтып көмекке келуіңді өтінеді. Бұл жағдайда не істер едің?
Көптен күткен әншінің концертіне бара жатырсың. Қалтаңда билеттің құнына жететін 1000 теңге бар. Жолдан құрбың кездесіп, шұғыл ақша керек болып тұрғанын айтып, қарызға 500 теңге сұрады. Бұл жағдайда қалай шығасың?
Екеуің жан доссыңдар, тағы бір досың бар. Сырт көзге қарағанда қызығарлықтай құрбысыңдар. Бірақ та сен онымен көп жағдайда келіспей қаласың. Сен қай досты таңдар едің?
Сен математикадан есеп шығарып келдің, досың сенен көшіріп алды. Сенен кеткен қатені ол байқап ол өзіне қатесіз жазды. Үй жұмысынан сен «4» деген баға , ал ол «5» деген баға алды. Сен бұл жағдайда досыңа не дейсің?
2-жүргізуші:
Жақсының әрбір сөзін қайырмаңыз,
Жасыған жездей болып мойымаңыз.
Сыр алмаған біреумен дос болам деп
Сыр алған досыңыздан айырылмаңыз.
Міне, оқушылар, достық – өмірдің ең зор қуаныштарының бірі, сырыңды айтатын, қуаныш-қайғыңды бөлісетін адамның болуы. Ендеше келесі кезекті ұлы жазушылардың нақыл сөздеріне берсек. Олай болса, экранға назар аударайық. /слайд2/
1-жүргізуші:
Досы үшін дос көнеді бейнетке,
Дос деген сөз ең қадірлі жер көкте,
Жақсылардың айрылмас досы көп,
Қолын берген қиыншылық кездессе.
Дос туралы әңгімелерді болжап айтайық.
Бір құмырсқа өз илеуінен бөлініп, ара, қоңызбен дос болыпты. Жем іздей шыққан құмырсқа жол үстінен бір дән тауып алыпты. Жалғыз өзі ары-бері әуреленіп, қозғалта алмапты. Енді көмек сұрау үшін достарын іздейді. Гүл жинап жүрген араға жолығып:
Досым маған көмектесіп жібер, -деп өтініпті.
Көрмей тұрсың ба, менде жұмыс істеп жатырмын ғой,-депті ара. Енді ара қоңыздан көмек сұрапты.
Сен үшін өз еңбегімді еш қыла алмаймын! –деп кете барады қоңыз. Екі досынан күдер үзгенқұмырсқа мұңайып келе жатып, өзінің ұялас достарымен ұшырасыпты. Олар мұның түрін көріп: - Не істеп жүрсің? –депті....
Ертеде жауынгершілік жиі болатын кезде қазақтың екі жауынгері төс қағысып дос болады. Екі достың біреуі тұтқиылдан тиген жау қолына түседі. Досының қолға түсіп қалғанын естіген батыр күздің қара суығын елеместен өзенді малтып өтіп, жау жатқан жағаға келеді.
Мен қолдарыңа түскен бір жауынгерге құн төлеп сатып алуға келдім.
Менің айырбасқа беретін малым, мүлкім жоқ. Бір- ақ нәрсе беремін. Ол- өзімнің өмірім. Досымды босатыңдар, - дейді. Қолбасы ойланып отырып оны сынамақ болады.
Жарайды, мен сені қыршыныңнан қимай-ақ қояйын. Маған сол өміріңнің
бір бөлшегін ғана берсең болады: маған екі көзің керек, -дейді қолбасы, -екі көзіңді ойып аламын!
Ол да болсын, көзімді тезірек ал да досымды босат, -дейді жігіт....
Сергіту сәті: «Өзіммен-өзім»
2-жүргізуші:
Жарайсыңдар, оқушылар. Енді біз қиял әлеміне саяхат жасайық. Барлығымыз ыңғайланып отырып көзімізді жұмамыз. Өзімізді тек достық әлемінде, «Бірлік, татулық» деп аталатын таңғажайып елде жүрміз деп елестетейік. Бұл елде жамандық атаулыға мүлдем орын жоқ. Неткен ғажап десеңші! Тек қана үлкендерді құрметтеп, кішілерге қамқорлық жасайтын, жүректері мейірім мен сүйіспеншілікке толы, достарын сыйлай білетін, досының қадірін түсінетін ең қадірлі адамдар ғана өмір сүреді. Олар қашанда бір-біріне көмек көрсетуден, қамқорлық жасаудан шаршамайды. Достықтың қадірін, достың қадірін түсіне білейік!
Мұқағали Мақатаевтың «Дос» өлеңін тыңдау.
Енді бұрыңғы қалпымызға түсіп көзімізді ашамыз. (Оқушылардан алған әсерлерін сұрау).
1-жүргізуші:
Не жетеді нағыз досқа, асылға,
Қуансаң да, қайғырсаң да қасыңда.
Қиналады сен қиналсаң болғаны,
Ұйықтамасаң ұйықтамайды ол-дағы.
Досымның жүрегі
Оқушылар енді сендерге жүрекшелерді беремін. Бұл жүрекшелерге достарыңа қандай тілек тілейсіңдер, соны жазыңдар...
Енді қолымыздағы жүрекшелерімізді «Достық» ағашына орналастырайық. Біздің достық ағашымыз қандай әдемі болды! Осы ағашымыз тамырын терең жайып, барлық әлем балаларын достыққа, жолдастыққа, бірлікке шақырып өсе берсін!
2-жүргізуші: Сонымен, оқушылар, енді мен мынадай достық ережесін ұсынғым келеді. Осы ережелерді есімізде сақтайық.
«Достық» ережесі
Қиын кездерде бір –біріңе көмек көрсетіңдер.
Досыңды алдамай, оған адал бол.
Досыңды қорлама.
Досыңмен қызықты шақтарды бөлісе біл.
Досыңды барда да сына, жоқта да сына.
Досыңның кемшілігін кешіре біл.
Хор: «Сен және мен бәріміз»
1-жүргізуші:
Достық екен өмірде ең керегі,
Достық болып дүние дөңгеленді.
Өзендегі толқындар дос боп ақты
Қанымыздай жүгіріп кеудедегі.
Ағаш біткен дос болып тербеледі,
Тағдыр досқа бақытты тең бөледі.
Сүйеп келе жатқандай бірнеше қол,
Бірнеше қол осынау жерде мені.
Осымен «Дос – ажарың, жолдас – базарың» атты пікірталасымыз тәмәм.
2-жүргізуші: Бүгінгі өз білімдеріңмен пікірталасқа белсене қатысып, өз ойларыңды айтқандарыңа алғыс білдіре отырып, «Достығымыз нығая берсін!» дегім келеді.