Мектепалды даярлы? тіл дамыту


Тақырыбы: Төрт түлік мал
Білім беру саласы: Қатынас Бөлімі: Тіл дамыту
Мақсаты: 1. Балалардың төрт түлік мал туралы түсініктерін кеңейту.Олардың төлдерін ажырата білуге үйрету.Малдың пайдасы жайлы айтып үйрету. Дамытушылық: Балалардың сөздік қорларын дамыту.Сөздік қорларын жаңа сөздермен толықтыру. Тәрбиелік: Үй жануарларына деген қамқорлыққа тәрбиелеу.
Көрнекіліктер: жайлау макеті, қатты қағаздан жасалған ат мүсіндері, жануарлар суреттері.
Сабақ түрі: Саяхат сабақ. Әдіс - тәсілдері: Жұмбақ шешу, ойын ойнау, мақал айту, әңгімелету, дидактикалық ойын. Сабақтың барысы: Ұйымдастыру кезеңі:
Психо-жаттығу.1 - бала: Білер қазақ баласы,Сәлем сөздің анасы.Алдымыздан кезіккен,Көп танысты көреміз.Бәріне де ізетпен,Біздер сәлем береміз.Бәрі: Сәлеметсіздер ме. Шаттық шеңбері:
Қане біздер қол ұстасып,
Күлімдесіп қарайық.
Бір - бірімізге «сәлем» айтып,
Шүбірлесіп тарайық.
Тәрбиеші: Айтыңдаршы балалар, жайлауға жұрт қай уақытта шығады? Балалар: Көктемде шығады. Тәрбиеші: Балалар мен сендерге жайлауға саяхатқа шығуды ұсынамын. Бұрында ата - бабамыз жайлауға атпен, арбамен шығатын. Бүгін біз де атпен жайлауға шығамыз.(Қабырғада сүйеулі тұрған қатты қағаздан жасалған аттарға қарап:)- Міне, біздің арғымақтарымыз да әзір тұр. Аттарыңа мініңдер.(Балалар бір - бір ойыншық аттарды алып, мініп, бірінің артынан бірі тұрып, дайындала бастайды)«Адай»күйі орындалып тұрады, балалар жайлауға келеді. Тәрбиеші: - Ал, біз жайлауға да келіп жеттік. Бәріміз көзімізді жұмып таза ауамен дем алайықшы.- Біз саяхатқа қайда келдік? Балалар: Жайлауға келдік.(Алдарынан Шопан ата шығады) Тәрбиеші: Дұрыс, жайлауға келдік. Шопан ата да осында екен ғой, сәлеметсіз бе? Шопан ата: Сәлеметсіңдер ме, балалар! Біздің жайлауға келгендеріңе қуаныштымын. Балалар: Сәлеметсіз бе! Тәрбиеші: Балалар Шопан ата қойдың иесі. Шопан ата: Балалар төрт түлік малға не жататынын білесіңдер ме? Балалар: Түйе, жылқы, сиыр, қой жатады. Шопан ата: Дұрыс айтасыңдар. Ал енді осы жануарларға байланысты жұмбақ шешіп көріңдерші.1. Кішкене ғана бойы бар,Айналдырып киген тоны бар. (Қой) Тәрбиеші: Ал осы жерден қойды кім тауып көрсетеді?(Жұмбақ шешкен кезде балалар жануарлардың макетін көрсетеді) Шопан ата: 2. Кезікті бір жануар,Үстінде екі тауы бар.(Түйе)3. Басында екі таяғы бар,Төрт аяғы бар.Бірақ тағы сақалы бар.(Ешкі)4. Екі айнасы бар,Екі найзасы бар.Төрт жылтырмағы бар,Бір шыбыртқысы бар.(Сиыр)5. Екеу елеңдеп келеді,Төртеу төбелесіп келеді.(Жылқы) Тәрбиеші: Бұл төрт түлік малдың адамға пайдасы бар ма? Балалар: Бар. Тәрбиеші: Қандай пайдасы бар, бізге не береді? Балалар: Сүт, ет, жүн береді. Тәрбиеші: Түйенің сүтінен не жасайды? Балалар: Шұбат. Тәрбиеші: Ал, жылқының сүтінен не жасайды? Балалар: Қымыз. Тәрбиеші: Сиыр, қой, ешкінің сүтінен не жасайды? Балалар: Май, құрт, айран, ірімшік жасайды. Тәрбиеші: Қойдың, ешкінің, түйенің жүнінен не жасайды? Балалар: Жіп, киім тоқиды, көрпе жасайды. Шопан ата: Апай мына балаларыңызға риза болып тұрмын, төрт түлік туралы көп біледі екен. Дидактикалық ойын: «Кім қалай дыбыстайды?» Тәрбиеші: Мен қазір қандай жануардың суретін көрсетсем, сол жануардың қалай дыбыстайтынын айтасыңдар.(Тәрбиеші балаларға суреттерді көрсетеді)
Сиыр - Мө - мөҚой - Мә - мәТүйе - Бө - бөЖылқы - Е - е - еЕшкі - Мәә - мәә Тәрбиеші: Өте жақсы, дұрыс айттыңдар. Енді мені тыңдаңдар, малдың дыбыстағанын былай деп айтады:Жылқы – кісінейді;Сиыр – мөңірейді;Қой, ешкі – маңырайды;Түйе - боздайды.- Бәріміз осы сөздерді қайталап ұғып жаттап алайық.(Балалар қайталайды)
Сергіту сәті.
Біздің үйдің ешкісі
Күнде тәртіп бұзыпты
Балаларды сүзіпті,
Жемістерді үзіпті
Анам оны көріп қап,
Шыбықпенен қуыпты.
(Балалар Шопан атамен қоштасып, атқа мініп топқа келеді.)
Тәрбиеші: Балалар осы төрт түлік мал туралы мақал білесіңдер ме?1. Жылқы малдың - патшасы,Түйе малдың - қасқасы.2. Мал өсірсең, қой өсір,Өнімі оның көл - көсір.3. Түйе малдың үлкені,Жылқы малдың үркегі.4. Малды баға біл,Бабын таба біл.
5. Мал төлімен жарасты,
Жер гүлімен жарасты.
6. Ұлыс бақты болсын,
Төрт түлік ақты болсын.
7. Ер қанаты – ат.
8. Сиырдың сүті – тілінде.
9. Байлықтың көзі – жылқының түгі.
Дидактикалық ойын: «Төлін тап»Тәрбиеші: Жарайсыңдар, балалар. Енді төрт түліктің төлдерін қалай атайтынын көрейік.
Сиыр төлі – бұзау
Жылқы төлі – құлын
Ешкі төлі - лақ
Қой төлі – қозы Түйенің төлі – бота
Қорытынды:
Тәрбиеші: Төрт түлік малға не жатады екен? Балалар: Қой, ешкі, сиыр, жылқы, түйе жатады. Тәрбиеші: Қандай жаңа сөздермен таныстық? Балалар: Жылқы кісінейді, сиыр мөңірейді, түйе боздайды, қой маңырайды. Тәрбиеші: - Балалар сендерге бүгінгі сабақ ұнадыма? Сендер сабаққа жақсы қатыстыңдар. Осымен сабағымызды аяқтаймыз. Әр уақытта да осындай белсенді болуларыңа тілектеспін.
Балаларды мадақтау, рахмет айту.