Ма?ала ?аза? тілі ?аза?ты? р?міздік есімдері


ҚАЗАҚТЫҢ РӘМІЗДІК ЕСІМДЕРІ
Қазақ тілінде жиынтық образға айналған көбіне аңыздағы кейіпкерлер мен өмірде болған тұлғалар. Оларға: Асан қайғы, Алдаркөсе, Жиренше, Қожанасыр, Қарабай және т. б. жатады.
Асан қайғы. Халқының сорлы тағдырын, мүшкіл тұрмысын, құлазып жатқан даланы көріп қайғы алған Асан малға мекен, елге ырыс жер іздейді. Бұл аңыздағы бақытты жер іздеу – халықтың өз арманы, оның басқа тұрмысты көксеген тілегі. Қазақ халқы өзінің бүкіл тарихи жолында, Асан есімін өктемдікке қарсылықтың символындай сезді.
Алдар көсе. Ел ішінде аңқау, ақкөңіл адамды Қожанасыр деп атайтын болса, айлакер, қу адамды Алдар Көсеге теңейді. Сараңдық пен қараулықты, ақымақтық пен аярлықты аяусыз әжуа ететін халықтық юмор Алдар Көсе жайындағы ертегілерде әсіресе мол болып келеді. Алдардың айлалы ақылдығы мен тапқырлығына байланысты аңыз-әңгімелер халық арасында аса көп. Сондықтан Алдар аты жиынтық есім болып кеткен. Оның «шық бермес Шығайбайды» алдап сайқымазақ етуі – сараң, жеміт, сасық бай атаулыға арналған қоғамдық мысқылдың айқын көрінісі. Мұнда дүниеқоңыз, шірік байдың сұм құлқынын, көзі тоймас озбырлығын көпшілік Алдардың іс-әрекеті арқылы өлтіре мазақ етеді. [28; 57].
Жиренше. Халқымыз шешендікті, аталы сөзді қадір тұтқан халық. Небір бітімсіз дау-жанжалдың шешімін екі-ақ ауыз сөзбен айтып тындыру, ойлы да образды сөздерді суырып салып айту қазақ тарихында көп болған. Шешен, тапқыр адамның образы қазақ халық ауыз әдебиеті үлгілерінің бәрінде де бар. Ал Жиренше жайындағы аңыздың бәрінен де оның асқан тапқырлығы, шешендігі айқын көрінеді. Жиренше аты жезтаңдай, тапқыр, шешен адамның жиынтық есіміндей болып кеткен.
Қожанасыр. Қазақ арасына тараған аңыз-әңгімелерде Қожанасыр есімі аңқаулықтың, ақкөңілділіктің бейнесін елестетеді. Ол қу емес, аңқау, бірақ та оны алдамақ болған қулардың өзі ақыр соңында опық жеп отырады. Ал осы образ өзге Шығыс халықтарында Ходжа Насредин есімді айлакер, сайқымазақ, жол тапқыш адамның кейпін білдіреді [33; 2].
Қарынбай. Бұл қазақ фольклорындағы көзі тоймайтын сараң, қараң байдың бейнесі. Құрандағы Харун туралы аңызға байланысты қалыптасады. Харун – жетім-жесірге қайыр садақасы жоқ, қолда бар байлығын місе тұтпайтын адам. Тәңірі Харунның сараңдығын сынау үшін оған Мұса пайғамбарды қайыршы етіп жіберіпті-міс. Харун қайыршыға бір тал қыл ғана садақа бергені үшін аңызда, ол «Құдайдың қаһарына ұшырап, оны жер жұтады. Малдары түгел жабайы аңға айналып кетеді. Харунды тозаққа түсетін жолда қайыр ретінде берген жалғыз тал қыл ұстап қалады». Қазақ аңызында Харун есімі Қарынбай, Қарабай болып, оқиға жемісі өзгерген.
Қодар. «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» дастанының кейіпкері. Жырда Қодар Қарабайдың тоқсан мың жылқысын шөлден құтқарады. Қара күш иесі Қодар Баянды алмақ ниетпен Көрпешті өлтіреді. Қодар дөкір қара күш рәмізіне айналған.