Бастауыш сынып о?ушыларыны? функционалды? сауаттылы?ын ?алыптастыру.


Тақырыбы:Бастауыш сынып оқушыларының функционалдық сауаттылығын қалыптастыру.
Мақсаты: Бастауыш мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын қалыптастырудың жолдарын анықтау.
Міндеттері
1) Бастауыш мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын қалыптастырудың әдіснамалық, ғылыми-әдістемелік, психологиялық және педагогикалық негізін талдау;
2) Бастауыш мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын қалыптастырудың әдіс-тәсілдерін анықтау.
Елбасы Н.Ә. Назарбаев 2012 жылғы 27 қаңтардағы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына кезекті Жолдауында білім беру ұйымдары жастарға жалаң білім беріп қана қоймай алған білімдерін өмірдің түрлі жағдайларында пайдалана алуды үйретуі керек екендігін баса айтып, үкіметке оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытудың бес жылға арналған Ұлттық шаралар жоспарын дайындау жөнінде нақты тапсырма берген болатын.
Осы тапсырманың негізінде маусым айында Үкіметтің 25 маусым 2012 жылы №832 қаулысымен бекітілген «Мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі 2012-2016 жылдарға арналған ұлттық іс-қимыл жоспары» қабылданды. Ұлттық жоспардың мақсаты – Қазақстан Республикасындағы мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту үшін жағдай жасау болып белгіленген.
Сонымен, функционалдық сауаттылық дегеніміз не? Функционалдық сауаттылығы дегеніміз-адамдардың әлеуметтік , мәдени, саяси және экономикалық қызметтерге белсене араласуы, яғни бүгінгі жаһандану дәуіріндегі заман ағымына, жасына қарамай ілесіп отыруы, адамның мамандығына , жасына қарамай үнемі білімін жетілдіріп отыруы. Ондағы басты мақсат жалпы білім беретін мектептерде Қазақстан Республикасының зияткерлік, дене және рухани тұрғысынан дамыған азаматын қалыптастыру, оның әлемде әлеуметтік бейімделуі болып табылады. Қоғамның дамуына байланысты сауаттылық ұғымының мәні тарихи тұрғыдан өзгергенін, тұлғаға қойылатын талаптарда оқу, жазу, санай білу қабілеттерінен гөрі белгілі бір қоғамда өмір сүруге қажетті білім мен біліктердің жиынтығын игеру, яғни функционалдық сауаттылыққа жету, қалыптастыру,меңгерту. Қазіргі әлемдегі, еліміздегі өріс алып отырған түрлі бағыттағы дамулардың әсерінен қоғамның адамға қоятын талаптарының өзгеруі нәтижесінде функционалдық сауаттылық ұғымы кең тарала бастады. Қазіргі әлемдік білім кеңістігіндегі халықаралық стандарт талаптарына сай оқыту үдерісінің орталық тұлғасы білім алушы субъект, ал ол субьектінің алған білімінің түпкі нәтижесі құзыреттіліктер болып белгіленуі білім беру жүйесінде «функционалдық сауаттылықты» қалыптастыру мақсаты негізге алынып отыр.
Жай сауаттылық- адамның оқу, түсіну, қысқа мәтіндерді құру және қарапайым арифметикалық әрекеттерді орындауы. Функционалдық сауаттылық – адамның сыртқы ортамен қарым-қатынасқа түсе алу қабілеті және сол ортаға барынша тез бейімделе алуы мен қарым-қатынас жасай алу деңгейінің көрсеткіші. Олай болса, функционалдық сауаттылық тұлғаның белгілі бір мәдени ортада өмір сүруі үшін қажетті деп саналатын және оның әлеуметтік қарым-қатынас жасауын қамтамасыз ететін білім, білік, дағдылардың жиынтығынан құралады. Ал кең мағынасында ол тек білік пен білімділік әлеміне барудың жолы ғана емес, ол – ұлттың, елдің немесе жеке адамдар тобының мәдени және әлеуметтік дамуының өлшемі. Осындай сапалық сипаты тұрғысынан қарағанда функционалдық сауаттылық жеке адамды дамытудың тетігі ретінде қолданылады. Мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығы дегеніміз – оқушының пәнді терең түсіну қабілетін дамыту, алған білімін сыныптан тыс жерде , кез келген жағдайда тиімді пайдалана білуін қамтамасыз ету.Егер осы шарттар бастауыш сыныпта орындалғанда оқушының функционалдық сауаттылығы қалыптасады.
Бастауыш сынып оқушылардың фукционалдық сауаттылық мазмұны келесі мағынада сипатталады (5-слайд):
- оқу, жазу сауаттылығынан;
- жаратылыстану ғылымындағы сауаттылығынан;
математикалық сауаттылығынан;
компьютерлік сауаттылықтан;
денсаулық мәселесіндегі сауаттылықтан;
құқықтық сауаттылығынан.
Оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамытуда оқу бағдарламасындағы әрбір пәннің рөлі зор. Соның ішінде бастауыш сынып оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамытуда білім берудің алатын орны ерекше. Осы ретте, оқушыға халықтың қоғамдық өмірін, арман-мүддесін танытуда, оларға идеялық-саяси, рухани-адамгершілік, этикалық-эстетикалық т.б. тәрбие беруде, дүниеге көзқарасын, мінезін, жалпы мәдениетін қалыптастыруда көркем әдебиетті қуатты құралдардың бірі ретінде пайдалану – бастауыш сынып пәнінің басты мақсаты болып есептелсе, тіліміздің өзіндік қалыптасқан нормаларын, жалпы айтқанда грамматикасын үйрету – қазақ тілінің басты міндеті болып танылады.
Білім алу - батылдық,
оны толықтыру – даналық,
ал шебер қолдана білу – өнер!
«Сабақ беру – үйреншікті жай ғана шеберлік емес, ол – жаңадан жаңаны табатын өнер» - деген екен Жүсіпбек Аймауытов. Сондықтан қазіргі таңда оқушыларға саналы тәрбие мен сапалы білім беру ісін жаңа талап тұрғысынан өзгертіп, оқыту тәсілдерін үнемі жетілдіріп отыруға міндеттіміз.
Елбасымыз Н. Назарбаев: «Қазіргі заман мұғалімі – рухани дамыған əрі əлеуметтік тұрғыдан есейген, педагогикалық құралдардың барлық түрлерін шебер меңгерген білікті маман, өзін-өзі əрдайым жетілдіруге ұмтылатын шығармашыл тұлға. Ол жоғары білімді шығармашыл тұлғаны қалыптастырып, дамыту үшін жауапты» деген.
Олай болса шығармашыл тұлғаны қалыптастыру үшін әр сабағымызда біз тек оқулық шеңберіндегі білімді үйретумен шектеліп қана қоймай, кең түрде әр баланың талабына, деңгейіне сай жұмыстарды саралап, ыңғайластыруымыз керек.  Тұлға құзіреттілігін дамыту үшін, яғни бастауыш сынып оқушыларының функционалдық сауаттылығын арттыруда  жаңа инновациялық әдіс – тәсілдердің ең тиімдісін пайдалану жоғарғы нәтиже береді деген қағидамен,өзім оқып, үйреніп, тәжірибеде пайдаланып келе жатқан сын тұрғысынан ойлау технологиясының маңызы зор деген тұжырымға келдім.
Диалогтық интербелсенді оқыту арқылы оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыру .Осы мақсатта төмендегідей әдіс – тәсілдерді қолдануға болады.
Екі таяқша әдісі
Төрт сөйлем әдісі
Тұжырым кестесі
Эйлер шеңбері
Мысал ретінде 3 сынып оқулығынан үш автордың ұқсас мәтіні алынады.Мақсаты мәтіндегі кейіпкерлерді табу, іс – әрекетін талдау, іс – әрекеттің нәтижесін шығару. Үш мәтіннің негізгі түйінді ойын табу.
Оқу процесінде қолданылған интербелсенді әдістерді қолдану кезіндегі оқушының іс-әрекеті критериалды бағаланып, рефлексия жүргізілсе онда біздің де алдымызда отырған оқушының да жұмысы, даму деңгейі бірден көрінеді және олардың функционалды сауатты болып дамитындығы сөзсіз. Яғни біз аталған мақсат, міндеттерімізді, Ел басымыздың алдымызға қойылған заман талабын орындауда өзіміздің бір үлесімізді қосамыз деген ойдамыз. Интербелсенді әдісте оқушылар төмендегідей білім, білік, дағды, машықтарға үйренеді:
- терең ойлану, жеке рефлексиялық қабілеттерді дамыту;
- өз идеялары мен әрекеттерін талдау және оларға баға беру;
- ақпаратты өздігімен түсініп, жан-жақты талдап, таңдап алу;
- өздігімен жаңа түсінік пен білім құрастыру;
- пікірталастарға қатысып, өз ойы мен пікірін дәлелдеу;
- шешім қабылдау және қиын мәселелерді шешу;
Сол себепті интербелсенді оқытуда студенттер келесі әрекеттерді атқаруға дайын болу керек:
- бірлескен жұмыс;
- танымдық, коммуникативтік, әлеуметтік тұрғыдан белсенділік таныту.
Интербелсенді оқыту барысында тіл үйренушілер белсенді болуы, өзіндік пікір қалыптастырып, өз ойларын дұрыс жеткізе білуге, өз қөзқарасын дәлелдеуге, пікірталас жүргізуге, басқаларды тыңдауға, өзге пікірді сыйлауға және онымен санасуға үйренеді.
Интербелсенді әдістемесінің жұмыс түрлері мен әрекеттері:
- бірлескен жұмыстар (жұптық, топтық, ұжымдық),   
- рөлдік және іскерлік ойындар, пікірталастар,
- ақпараттың әртүрлі көздерімен жұмыс жасау (кітап, лекция, интернет,
  құжаттар, мұражай т.б.)
- презентациялар,
- тренингтер,
- интервью,
- сауалнама т.б.
Өз сабағымды Блум таксаномиясы негізінде және «Дамыта оқыту» технологиясының элементтерін пайдалана отырып құрастыру үлгісін назарларыңызға ұсынғалы отырмын. Себебі, Блум таксаномиясы бір ізбен реттелген мақсаттар жүйесі арқылы оқушылардың білім деңгейлерін, шығармашылық деңгейге жетуді ұсынады.
Тақырыбы: «Өнер білім бар жұрттар» Ы. Алтынсарин
«Балық сүйегі»


Оқу тапсырмасы
Білу Ы. Алтынсарин туралы не білетініңді балық сүйегіне жаз. Өлеңді мәнерлеп оқып шық.
Түсіну Сарай не арба сөздеріне сипаттаманы балық сүйегіне жаз.
Қолдану Кәзіргі уақыттағы көлік түрлерін балық сүйегіне жаз.
Талдау Айшылық алыс жерлер, көзді ашып жұмғанша сөйлем құра
Жинақтау Өнер, білім жайлы мақал жаз
Бағалау Өлеңді кәзіргі өмірмен салыстыр, дәлелде.
С. Торайғыров «Туған еліме»
Біліктілігі Оқушы іс-әрекеті
Білу Зат есім дегеніміз не?
Түсіну Жұмбақты оқып шешуін тап. Шешуіне қатысты екі сөйлем құра. Сызбаға зат есім жайлы білгенінді жаз
Қолдану Ребусты шешіп, шешуіндегі сөзге әңгіме құра
Талдау Мәтінді көшіріп жаз. Зат есімді тап, жалқы, жалпы зат есімдерді ажырат.
Жинақтауы Артық сөзді тап.Кітап, дәптер,қайшы, сотка
Бағалауы Шағын эссе жаз
Сенің атын кім? Сенің сүйікті жануарын бар ма? Ол үшін не істей алатындығынды ойландың ба? Жануарларды қорғауға сенің тигізер үлесің қандай?
Мысалы 1 «Бес жолды өлең»
Кім? Әже
Қандай? Қамқоршы, нәзік
Не істейді? Мәпелейді, аялайды, тәрбиелейді
Түйін Мені әжем мәпелеп өсіреді.
Синоним Адам
Білім мен тәжірибе ұштастыра отырып төмендегідей көрсеткіштерге қол жеткіздім.(слайд)

Мұндағы басшылыққа алынатын сапалар: -белсенділік -шығармашылық тұрғыда ойлау -шешім қабылдай алу -өз кәсібін дұрыс таңдай алу -өмір бойы білім алуға дайын тұруы болып табылады. Бұл функционалдық дағдылар мектеп қабырғасында қалыптасады.
Оқушылардың сабаққа деген қызығушылығын аттыру үшін мұғалім шебер болуы керек. Ол баланы қалай оқыту, оның сабаққа деген ынтасын қалай ашуға болады деген сұрақтар төңірегінде жұмыс жасауы тиіс. Жалпы адам баласы есту, көру, ұстап көру, сезу және иіскеу арқылы есте сақтайды. Кейбір оқушылар жазбашаға, кейбірі ауызшаға қабілетті болып келеді.
Функционалдық сауаттылықты түсінудің басқа да жолдары бар: адамның жақсылық пен тілектестік рухында тәрбиеленуі үшін қарым-қатынас мәдениетін, жеке кәсіби дайындығын, кәсіби технологиялық дайындығын қамтамасыз етеді.
СТО - сынау емес, шыңдалған, бірін-бірі толықтырған ойлау. Ең бастысы жекелей, топта, сыныпта оқушылардың білім деңгейін көтеруге ретімен сұрыптап қолданылған стратегиялардың қайсысы болсын сабақтың сапасын арттыруда үлесі зор.
Жаңа білімді қабылдау, бекіту, іскерлік пен дағдыны тәбиелеу барысында жұмыс жүйесін, оқушылардың дербес белсенді әрекетін дамытуда, өздік жұмысының тиімділігін арттыруда «Сын тұрғысынан ойлау» барысындағы стратегияларды білімді меңгертудің әртүрлі кезеңінде қолдануға болатын тәжірибе көрсетті.
«Оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлауды» дамыту бағдарламасы- ұстаз бен оқушыны ізденуге жетелейтін, шығармашылық шабыт беретін, толғанып жүрген мәселелерді шешуге бағыт беретін, болашаққа деген үмітті арттыратын сәуле екеніне көзіміз жетті.
Әр оқушыда өзін - өзі дамыта, жетілдіре, бақылай алатын дағды қалыптастыру, соған сәйкес өз бетінше білім алуға үйрету дамытудың ең биік шыңына жету болып табылады. Яғни, ең алдымен, шығармашылық ойлау нәтижесінде жаңалық ашылады, тұлғаның дамуы жеделдейді. Оқушы ойын осылайша шыңдауға мүмкіндік туады. Сын тұрғысынан ойлауды үйрету үшін, мына шараларды білу қажет:
Сын тұрғысынан ойлауды уйрету үшін уақыт керек.
Оқушыларға ойланып- толғануға, ойын ашық айтуға рұқсат беру.
Әртүрлі идеялар мен пікірлерді қабылдау.
Үйрену барысында оқушылардың белсенді іс- әрекетін қолдау.
Кейбір оқушылардың бір- бірінің жауабына жасаған сынының дәлелді, дәйекті болуын талап ету.
Сын тұрғысынан ойлауды бағалау.
Ал оқушыларға байланысты:
Сенімділікпен жұмыс істеу;
Бар ынтасымен оқуға берілу;
Пікірлерді талдау, құрметтеу.
Өз пікірін ашық білдіруді талап ету қажет. Тек сонда ғана олар:
Мен осы мәселе туралы не ойлаймын?
Осы мазмұннан алған ақпарат менің бұрынғы білетініме сәйкес пе?
Маған бұл жаңа ойлар қаншалықты әсер етті? – деген сауалдар төңірегінде ойлануға үйренеді.
Сонымен қатар оқушылардың ой- өрісі, ізденімпаздығы, шығармашылық қабілеттері дамиды. Әсіресе, оқушылардың белсенділігі артады. Сын тұрғысынан ойлау сабақтарының алғы шарттары:
Сабақты белсенді өткізіп, әр баладан еркін жауап алуға жағдай жасау;
Сенімділікке тәрбиелеу үшін баланың жауабын санмен бағалау;
Қиялын дамыту үшін «Менің ойымша» деген жауапқа дағдыландыру;
Әртүрлі жауапқа бірдей қарау, жақсысын мадақтап, жаманын сынамау;
Тіл байлығын дамыту үшің, қалайда жауабын соңына дейін тыңдау;жауап беруге тілек білдірмеген баланы өз еркінсіз, қинап сұрамау;
Жеке тұлға ретінде «Мен» деген рөлін көтеру, өз пікірін қалыптастыру.
Пән мұғалімі оқушының назарын аудару үшін сабақ кезінде әртүрлі тақырыптық, пәнаралық, сыныпаралық байланыс орнатып, қызықты әңгімелерді сахналық көрініс ретінде өтуді ұйымдастыра білуі қажет. Сонымен қатар, түрлі көрнекілік құралдарын қолдану, сұрақ-жауап, талдау, жинақтау, ажырату, тақтаға жазу, айтқан ойды мысалдармен дәлелдеу, сөздікпен жұмыс, проблемалық мәселелерге жауап беру, нақтылы және жалпылама тапсырмалар беріп, шағын шығармашылық жұмыстарды орындату, оқушының бірін-бірі сынауы, өзіндік пікір білдіруі, баяндама жасауы, ғылыми зерттеу жазып қорғауы т.б. алуан түрлі әдіс-тәсілдерді қолдануы керек. Осындай әдіс-тәсілдерді түрлендіріп, жүйелі түрде пайдаланып мұғалімнің шәкірттері өз бетімен жұмыс істеуге тез үйренеді. Орта буын оқушыларының арнайы ереже дәптерлері, альбомдар, сөздіктері, , ронологиялық кестелері болуға тиіс. Сонымен бірге, шығармашылық дәптері бөлек болғаны дұрыс. Оған оқушы өздеріне ұнаған мақал-мәтелдерді, афоризмдерді, шешендік сөздерді де жазып алып жүруге баулу керек. Осы ретте, шығармашылыққа жақын кейбір оқушылар сол дәптерге қыса әңгіме, мақала, күнделік, пікір жазып үйренуіне мүмкіндік туады. Озат мұғалімдер тәжірибелерінен толығып оның мазмұны мен жүйесі, құрылысы, кеңейіп, байып отырады. Қоғам ілгері дамыған сайын оқыту мазмұны да күнделікті жаңарып, жетіліп отырады.

Сондықтан әр түрлі оқыту технологияларын оқу мазмұны мен оқушылардың жас және психологиялық ерекшеліктеріне орай таңдап, тәжірибеден сынап қараудың маңызы зор. Қазіргі білім беру саласындағы оқытудың озық технологияларын меңгермейінше сауатты, жан-жақты маман болу мүмкін емес. Жаңа технологияны меңгеру мұғалімнің интеллектуалдық, кәсіптік, адамгершілік рухани, азаматтық және басқа көптеген адами келбетінің қалыптасуына игі әсерін тигізеді, өзін-өзі дамытып, оқу-тәрбие үрдсін тиімді ұйымдастыруына көмектеседі.
Қорыта келе оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту – бүгінгі заман талабы. Осы ретте, бастауыш сыныпта сабақты дұрыс жүргізе білудің маңызы зор. Педагогтың шеберлігі, яғни шығармашылық пен жауапкершілікті ұштастырып сабақ өтуі, бұл заман талабынан туындап отырған мәселе. Жоғары деңгейде сабақ беретін оқытушының алдынан шыққан оқушы – өмір айдынындағы өз жолын адаспай табады, азамат болып қалыптасады. Бұл ұстаз үшін абыройдың үлкені, әрбір мұғалім осыған ұмтылса ұрпақ алдындағы қарыздың өтелгені. Жоғарыда айтылған жұмыстардың барлығынан көретін нәтижеміз, тұлғаның; сөздік қоры молаяды, ізденімпаздыққа үйренеді, ойлау қабілеті артады, ойын еркін айтады, белсенділігі артады, шығармашыл жұмыс істейді, қиялы ұшталады, тапқырлыққа үйренеді.
Сөзімнің соңында көнеден келе жатқан «Қыран-түлегіне қайтпас қанат сыйлайды, ұстаз-шәкіртіне талмайтын талап сыйлайды»,-деген даналық сөзіндей, ұстаз қай кезде де мектептің жүрегі, қоғамның тірегі. Қоғам тұлғаны қаншылықты жетілдірсе, жетілген тұлға қоғамды соншалықты дәрежеде дамытады. Сондықтан тұлғаны қалыптастыруда Елбасының биылғы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» жолдауын басты ұрандай ұстансақ артық болмас, өйткені болашақ тізгінін ұстайтын ұрпақтың функционалды сауатты болуын біз назарда ұстауымыз керек.