Физика п?нін де?гейлеп саралап о?ыту технологиясы


Физика пәнін деңгейлеп саралап оқыту технологиясы
Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуы барысында орта білім берудің жүйелі реформалануы қоғамдық тұрғыдан үлкен маңызға ие болды. Білім беруді реформалауды жүзеге асырудың және бір маңызды сипаты қазіргі уақыттағы оқыту процесін технологияландырудың қажеттігінен туып отыр. Осыған орай, соңғы кезде оқытудың әр түрлі педагогикалық технологиялары жасалып мектеп практикасына енгізілуде. Атап айтқанда, академик В.М.Монаховтың оқыту технологиясы. Дьяченконың жұмыстарында айтылатын оқытудың ұжымдық тәсілі [5].
Профессор Ж.Қараевтың жұмыстарында еліміздің көптеген мектептерінде қолданылып жүрген:
оқытуды дербестендіру мен деңгейлік дифференциялдау;
білім беруді демократияландыру мен ізгілендіру принциптеріне негізделген жаңа педагогикалық компьютерлік технология алғаш рет зерттелген. Егер осы жұмыстарда қарастырылған оқытудың педагогикалық технологиясын оқу – тәрбие процесіне оқытудың жаңартылған жүйесінің жобасы ретінде енгізген болсақ, онда:
білімді демократияландыруға және ізгілендіруге,
оқыту сапасын арттыруға,
басқа тиімділігін жетілдіруге,
оқушылардың дамуына бақылау жасауға,
оған сәйкес бағалауға болатыны дәлелдеп отыр.
Бұл жағдайда педагогикалық технология – компьютерлік техниканы тиімді пайдалануына мүмкіндік туғызады. Сондықтан да, бірқатар мектептерде жүргізіліп жатқан біздің тәрбиелік – сынақ жұмыстарымыздың басты міндеті – дәл осындай оқытудың жаңа педагогикалық технологиясын оқыту процесіне енгізу болып табылады.
Педагогикалық технология дегеніміз – тәжірибеде жүзеге асырылатын белгілі бір педагогикалық жүйенің жобасы [20].
Жалпы, педагогика ғылымында баланы оқыту мен тәрбиелеудің мақсаты – жан-жақты дамыған жеке тұлғаны қалыптастыру болып табылғандықтан, бұл жерде де жаңа технология бойынша, әдістемелік жүйенің басты компаненті - оқыту мақсаты болып табылады.
Бірақ ол мақсат - өздігімен дамуға ұмтылатын жеке тұлғаны қалыптастыру. Сондықтан оның өзіндік танымдылық іс-әрекеті белгілі бір дәрежеде белсендірілуі қажет. Жаңа мақсат оқытудың әдістемелік жүйесінің қалған бөліктерінің (мазмұн, әдіс, оқыту түрі мен құралдарының) өзара байланыстағы қалыптарымен өзгерулерін талап етеді.
Осы талапты орындау үшін төмендегі төрт ұсынысты қажет деп санаймыз:
Жаңаша өзгерген мақсат оқушылардың өздігімен танып, ізденіс іс - әрекетінің әдістерін меңгерулерін талап етеді. Бұл әдістердің – мұғалімдердің күнделікті жұмыста пайдаланып жүрген оқыту әдістерінен айырмашылығы бар. Демек, біздің жағдайымыздағы «оқыту әдістемесі» - деп отырғанымыз «оқушы - мұғалім» деген өзара тығыз байланыстағы қатынасты қарастырады. Бұл жағдайда бірінші орында оқушы тұрады және оның өз бетімен білім алудағы белсенділігіне аса назар аударылады.
Жаңаша оқытудың негізгі түрлері болып, оқытудың дербес және топтық түрлері табылады. Оқытудың бұл түрлеріндегі ең бастысы – оқушыға деген сенім, оның өз ісіне жауап беру мүмкіндігіне сүйене отырып, өз беделі, қадір – қасиет сезімін дамыту. Оқытудың фронтальды түрі, көбінесе, бағыт беру, талқылау және түзету енгізуде ғана пайдаланылады.
Жаңа технологияның жаңа мақсаты бойынша «оқытуды ізгілендіру» қажет деп отырмыз ғой. Ол – оқыту құралдарына деген көзқарасты да өзгертуді талап етеді. Бұл өзгеірістер бойынша оқу құралдары оқушылардың өздігінен танымдық іс - әрекетін жүргізе алатындай құралдар болуы керек. Бұрынғы дәстүрлі оқулықтар мұндай талапты қанағаттандыра алмайды, сондықтан оқушылардың өз бетімен білім алуына аса бейімделеген жаңа типтегі оқулықтар қажет. Ол оқулықтардың қандай болуы керек екендігі төменде айтылады. Осы жерде компьютерлік техниканың да функционалдық мүмкіндіктерінің мол екендігін ескере кету қажет, себебі компьютерлік техника – оқушыға, ол ізденіс және зерттеу жұмыстарын жүргізе алатындай, оқытушы орта құруына мүмкіндік береді. Жаңа мақсат талап ететін жаңа оқулықтарда – оқу материалдарының мазмұны жаңаша баяндалуы қажет.
Оқытудың басты мақсаты өздігімен білім алып, дами алатын жеке тұлға қалыптастыру болғандықтан теориялық материалдың мазмұны әңгімелесуші – оқулықтарда беріліп, оқушының өздігімен жаңа тақырыпты меңгеруіне қолайлы және қызықты мазмұндалуы керек. Мұндай талаптарды қанағаттандыру үшін оқулықта келтірілетін тапсырмалар «сұрақ - жауап» диалогы түрінде беріледі, оқушылардың өздігімен танымдық іс - әрекетін дамытуға бағытталады. Бұл тапсырмалар, негізінен, жаңа тақырыптар бойынша заңдар мен ережелерді өздігімен шығаруға және анықтамаларды өздігімен құрастыруға жетелейді. Жаңа меңгерген тақырыптарды бекіту үшін, қарапайым мысалдар келтірсе жеткілікті. Осындай әңгімелесуші – оқушылардың мазмұны, бұл жағдайда, білім алу құралына айналды.
Технологиямыздың тағы бір психологиялық негізі болып табылатын теория – Л.С.Выготскийдің «Оқыту процесінде оқушының ақыл-ойының дамуы» актуалды даму «аймағына» жақын арадағы даму «аймағына ауысуы» туралы теориясы. Бұл ауысу – тапсырмаларды қайталап орындауға ғана арналған бір деңгейден өнімді іс-әрекетті қажет ететін жоғарғы деңгейлерге ауысу негізіндегі іс-әрекет арқылы жүзеге асады.
Осындай іс-әрекет деңгейлері арқылы оқушылар оқу материалын әр түрлі деңгейде қабылдайды.
В.П.Беспалько бұл деңгейлерді төртке бөледі: Бірінші деңгей – міндет оқушылық, екінші – алгоритмдік, үшінші – эвристикалық және төртінші – шығармашылық деңгейлердегі қабылдау.
Сондықтан да оқушылардың білім, білік дағдыларын жетілдіру үшін, оқытудың жаңа технологиясы бойынша, дифференциалды және дербес деңгейлік принциптерінің талаптарына сәйкес өткізілетін әр түрлі сабақтар түрлеріне арналған жаңа тұрпаттағы оқулықтар мен оқу құралдары қажет. Бұлар әңгімелесуші – оқулықтар және оларға қосымша төрт деңгейдегі тапсырмалар берілген жұмыс дәптерлері.
Әңгімелесуші – оқулық бойынша оқушылар жаңа тақырыпты өз бетімен меңгеріп, анықтама, ережелерін өзі шығарады. Қарапайым жаттығу-мысалдармен оларды бекіткеннен кейін, жұмыс дәптерлерінде деңгейлік тапсырмаларды орындауға көшеді. Деңгейлік тапсырмаларға, мысалы физика пәнінен төмендегідей талаптар қойылады:
Бірінші деңгейдегі тапсырмаларға:
Жаттап алуға лайықталған болуы керек.
Алдыңғы сабақта жаңадан меңгерілген білімнің өңін өзгертпей қайталап, пысықтауына мүмкіндік беруі тиіс.
Тапсырмалар жаңа тақырып үшін тіпті және өмірмен байланысты болуы керек.
Физика пәнінде мұндай талаптар жаңа тақырыпты игеру соңында шығарған есептерге ұқсас тапсырмалар құру арқылы орындалады және олар оқушының өзі шығарған ереже, анықтама, заңдарын бекітуге арналады. Мұндай тапсырмаларды құрастырған кезде олардың танымдылығы мен қызықтылық жақтарына ерекше көңіл аударған жөн.
Екінші деңгейдегі тапсырмаларға:
Өтіп кеткен материалды реттеуге және жүйелеуге берілген тапсырмалар. Бұлар өзгертілген жағдайлардағы тапсырмалар, яғни бұрынғы тапсырмаларға ұқсас, бірақ оларды орындау үшін алғашқы алған білімдерін түрлендіріп пайдалану қажет болады. Физикада мұндай іс-әрекетке келтірілген тапсырмалар: мәтінмен берілген кері есептер кері байланыс функциясын атқаратын тексеру тапсырмалары, т.с.с.
Оқушының ойлау қабілетін жетілдіруге берілетін тапсырмалар. Оларда біздің ұлттық ерекшеліктеріміз ескеріліп, танымдық және үйретімділік маңызы болуы қажет болады. Бұлар: логикалық есептер, ребустар және сөзжұмбақтар.
Үшінші эвристикалық деңгейдегі тапсырмаларды біз төмендегіше топтастырдық:
Танымдық-іздену (эвристикалық) түрдегі тапсырмаларды орындау барысында оқушылар жаңа тақырып бойынша меңгерген алғашқы қарапайым білімдерін (заңдылықтар шығару, анықтамалар, формулаларды жаттау, т.с.с.) жетілдіріп, тереңдетумен қатар, ол тағы да жаңа білімді меңгеріп, өзі үшін жаңалық ашуы тиіс. Эврика! Мұндай жұмыс – анализ бен синтез және салыстыру арқылы негізгісін анықтау, қорытындылау сияқты ой жұмыстарын қажет етеді. Мұндай есептерді шешу барысында оқушылар жаңа есептерге тап болады да, проблемалық жағдай туындайды. Оны шешу үшін оқушы жаңа әдістер іздеуі керек.
Әртүрлі әдіс-тәсілдермен шешілетін есептер.
Өздігімен мысалдар мен есептер құрастыру және оны өздігімен шығару, өмірден алынған мәліметтер негізінде диаграмма, графиктер салу, жергілікті жағдайда өлшеу жұмыстарын жүргізу, көрнекі құралдар дайындауға берілетін тапсырмалар. Ой қорытуға арналған, дағды қалыптастыратын тапсырмалар.
Төртінші шығармашылық деңгей тапсырмалары:
Оқушылардың жинаған өмірлік тәжірибесі мен қалыптастырған ұғым, түсініктерінің, қиялы мен белсенді ой еңбегінің нәтижесінде жаңаша, бұған дейін болмаған белгілі бір дәрежеде олардың жеке басының икемділігін байқататын дүние жасап шығуына негізделген (теорема дәлелдеу, заңдылықтарды оқулыққа сүйенбей мұғалімнің көмегінсіз қорытып шығару).
Олимпиадалық есептер.
Берілген тақырыпқа өз бетімен реферат, баяндамалар дайындау.
Демек, бұл тапсырмалар – оқушылардың біліктілігі мен дағдысын қалыптастыру және оны бағалау деңгейі болады.
Сонымен қорытып айтатын болсақ, бұлар: бірінші деңгей үшін игерілгенді пысықтау мен қайталауға, ережелер мен анықтамаларды, формулаларды жаттауға арналған.
Жоғары деңгейлер үшін – алған білімдерін өз бетімен қорыту мен жүйелеуге және тәжірибеде қолдануға арналған тапсырмалар. Технология бойынша жүргізілетін оқушылардың өз бетімен білім алу процесі «басқаруға ынғайсыз» - делініп, сыналып жатады. Сондағы айтатындары: «Оқушы осы кезеңде өз білгенін істейді, оның іс-әрекеті, көбінесе қате болады», - дейді.
Мүмкін, дәстүрлі оқу процесінде оқушылардың дәстүрлі оқулықтар бойынша өздігінен оқуға тырысып, осыған ұқсас өзіндік жұмыстарын жүргізген кезде солай болса, болған шығар.
Бірақ, оқытудың жаңа технологиясы жағдайында:
оқушылардың өздігімен жүргізетін танымдық іс-әрекеті үшін тапсырмалар күрделілігі төрт деңгей бойына қарастырылып;
оқыту проблемалық принциптер бойынша жүргізіліп;
барлық деңгейлердегі тапсырмалар қызғылықты мазмұндалған болса, оқушыларда ынталану пайда болады. Сондықтан да, жаңа технология бойынша сабақ беруші мұғалімдер, үзіліс кезінде де оқушылардың сабақтан бас алмайтындығын байқаған. Олар өзара бәсекелесе отырып жұмбақ, сөзжұмбақ, ребус, физикалық бас қатырқыштар сияқты әр деңгейдегі тапсырмаларды шешіп, өтіп жатқан тақырыптан барынша көп ұпай алуға тырысқан. Себебі, ертең жаңа тақырып басталады. Нәтижесінде «екіліктер» жойылумен қатар, «үштік» алып жүрудің өзі де ұят саналатын болған.
Осы жерде, «үлгерімі кейіндеп қалып, өз құрбыларын белгілі бір себептермен қуып жете алмайтын оқушылармен қалай жұмыс істеуіміз қажет?» - деген сұрақ туады. Бұл мәселенің де шешуі қарастырылған.
Мұндай жағдайда барлық тапсырмаларды мезгілінде орындаған оқушылар үлгермеушілерге көмектеседі;
Сыныптың басқа оқушылары өздігімен жұмыс істеп жатқан кезде мұғалімнің де үлгерімі төмен оқушыларға дербес көмек көрсетуіне уақыты болады. Ол сынып оқушыларының өздік жұмыс іс-әрекетін тек ұйымдастырып, басқару, жалпы бақылау жасау және балалардың өз-өзін бағалауын бақылау функциясын атқарады.
Бұл қалайша жүзеге асырылады? Бізге үйреншікті бақылау мен бағалауға қарағанда деңгейлеп оқыту барысындағы бақылау мен бағалаудың ерекшелігі неде?
Деңгейлік тапсырмаларды енгізгендегі басты мақсат – сынып оқушыларын «қабілетті» және «қабілетсіз» деп жасанды түрде әр түрлі жіктерге бөлуді болдырмау. Осы арқылы деңгейлік және дербес оқыту принциптерімен қатар, барлық оқушыға қатысты, ізгілендіру принципі де сақталады.
Деңгейлеп оқыту барысында оқушының бірінші деңгейдегі тапсырмаларды дұрыс орындағаны «есепке» алынып отырылады.
Қандай оқушы болмасын, мысалы өзінің жақсы оқитындығына қарамастан, жұмысын «оқушылық», «міндетті», 1-ші деңгейдің тапсырмаларын орындаудан бастайды.
Барлық оқушылар жұмысын бір мезгілде бастап әр қайсысы білім игерудегі өз қабілетіне қарай, өз биігіне жетеді. Бұл барлық оқушыларды тірек білімімен қамтамасыз етеді және Қазақстан Республикасының Білім туралы Заңының талаптарына сай келеді. Нақтырақ айтсақ: барлық оқушылардың оқу мақсатына 100 пайыз қол жеткізуінің кепілі болады және оқу пәндерінің барлық тақырыбы бойынша ең болмағанда міндетті бірінші деңгейді игеруін толық жүзеге асырады. Бұл, өз кезегінде, мемелекеттік стандарттың талаптарының орындалуына кепілдік береді.
«Есепке алу» жүйесін жүргізу нәтижесінде үлгерімі нашар оқушылар да, кем дегенде «оқушылық» деңгейге сәйкес білімді толық меңгеріп алатынын өз тәжірибемізден байқадық. Себебі ол осы деңгейдің тапсырмаларын толық және дұрыс орындап, өткізбегенінше келесі деңгейге көшпейді. «Міндетті» деңгейді толық меңгергеннен кейін оқушы әрі қарай, ілгері ұмтылады, өзіне өзінің сенімі артады.
Олардың өзінің әрқайсысы бірінші деңгейлік тапсырмаларды орындауға міндетті және жоғары деңгейлік тапсырмаларды орындауға құқылы.
Осылайша, бір деңгейден бір деңгейге өз білімін біртіндеп толықтыра отырып, өз қабілетін де жетілдіреді. Бұл жағдайда жоғары деңгейлік тапсырмаларды орындау әр оқушының күнделікті мақсатына айналады. Біз дайындаған жұмыс дәптерлерінде тапсырмалар үш деңгейде ғана берілген.
Деңгейлік тапсырмаларды дұрыс орындағаны үшін оқушылар сол деңгейді игергеніне сәйкес ұпай алады: бірінші деңгей үшін – 5 ұпай, екінші деңгей үшін – 10 ұпай, үшінші деңгей үшін – 15 ұпай.
Біздің жағдайда, әр тақырып бойынша жасалған деңгейлік жұмыстардың үш деңгейге бөлінуі, үй жұмысын жақсы ұйымдастыруға және реттеуге мүмкіндік береді. Себебі, тақырыпты меңгерудегі төрт деңгейлік тапсырмалар үлгерімі өте жақсы оқушыға есептеліп, соған сәйкес құрылғандықтан, бұл жұмыстарды толық, сабақ үстінде орындап бітіруге барлық оқушылардың мүмкіндігі жете бермейді. Сондықтан да олар үйде өз бетімен немесе сабақтан тыс уақытта мұғалімнің көмегімен аяқтауға беріледі:
бірінші деңгейдің тапсырмаларын орындап үлгерген оқушыға екінші деңгейдің тапсырмалары;
екінші деңгейдің тапсырмаларын орындаған оқушыға одан да жоғары деңгейлік тапсырмалар беріледі;
тағы сол сияқты деңгейден деңгейге көтеріле береді.
Ең жоғары деңгейдегі шығармашылықты қажет ететін тапсырмаларды, әрине, дарынды да, еңбекқор оқушы орындай алады.
Осылайша, әр тақырып бойынша оқушыларға, сыныптан тыс уақытта, жоғары деңгейлік тапсырмаларды орындау арқылы көбірек ұпай жинап көтеріңкі баға алуға мүмкіндік беріледі және дамыта оқыту принципі орындалады. Нәтижесінде оқушылардың табиғи қабілеттері мен дарындылық қасиеттерінің ашылуына жақсы жағдай жасалады.
Сонымен, әр деңгейдегі тапсырмаларды оқушылар тақта жанында ілулі тұратын жалпы ведомостьта және өздерінің арнайы деңгейлік жұмыс дәптерлерінің соңындағы ведомостьта (+) – пен белгілеп отырады.
Бұл оқушылар арасында, олардың бір-бірінің үлгерім деңгейлерін бақылап отыра алатындықтарынан өзара жарыс тудырады. Бірақ, оқушылардың өзара көмегіне және мұғалім тарапынан жасалатын демеп жіберуге жол беріледі. Сондықтан бақылау мен бағалау ішкі бақылау мен ішкі бағалау болып табылады. Сабақ дұрыс орындалған барлық тапсырмалар үшін жиналған ұпайларды есептеумен аяқталады.
Жинаған ұпайларын оқушылар әр сабақтың соңында нүктемен белгілеп отырады. Осы нүктелердің арасын түзу сызықтармен біртіндеп қосса, график шығады. Ол – оқушының даму мониторингі деп аталады. Мониторинг бойынша мұғалім кезекті деңгейде меңгергенін қадағалап үлгірмеушілермен қосымша жұмыс жүргізеді.
Тақырыптық бақылау жұмысы да әр деңгейлі тапсырмалар мен беріледі. Бұл жағдайда ол бөгде біреудің көмегінсіз орындалады және мұғалім тарапынан оқушылар қатаң бақыланып, өздерінің нақты алған білімдеріне тиісті ұпайлар алады. Осындай бақылау мен бағалауды біз сыртқы бақылау мен сыртқы бағалау ретінде қарастырамыз. бұл ұпайлар да оқушылардың даму мониторингінде белгіленеді.
Оқушының даму мониторингі, оның жеке басының қабілетіне қарай, тақырып бойынша игерген білім сапасының объективті сипатын көрсетеді. Осы жағдайда оқушының даму деңгейі – басқалармен емес, уақыт өткен сайын, өзімен өзін салыстыру арқылы анықталғандықтан, ол оқушыларға деген ізгілік қатынасты көрсетеді.
Сонымен, оқытудың педагогикалық технологиясын қолдану жағдайында, бағалау процесі арнайы «қосу» әдісімен жүзеге асырылады. Бағалау жүйесінің негізі болып, оқушы білімінің ең төменгі деңгейі алынады және ол деңгей мемлекеттік стандарттың ең төменгі талабына сәйкес келеді. Бұл деңгейдегі тапсырмаларды дарындылығына да, бейімділігіне де, жоғары даму деңгейіне де қарамастан оқушылардың барлығының дұрыс орындауы міндетті.
Бірінші деңгейдегі барлық дұрыс және мезгілінде орындалған тапсырмаларға «есеп» алынып отырады. «Есептің» «екіліктен» айырмашылығы: осы бірінші деңгейдің «есепке алынбаған» тапсырмалары қашан «есепке алынғанша» міндетті түрде қайта-қайта тапсырыла береді.
Өзін-өзі бағалау «қосу» әдісімен жүргізілетіндіктен оқушы бұрынғыдай «екілік» аламын деп қорықпайды. Оқушыда жоғары ұпай жинауға ұмтылушылық пайда болады. Бұл дұрыс орындалған тапсырмалардың санына тікелей тәуелді.
Сонымен, технологияның принциптері - оқытуды ізгілендіру мен демократияландыру жағдайында, өздігімен даму бағдарын анықтап, дамитын және өздігімен дұрыс шешім қабылдай алатын, өзін-өзі жетілдіріп өсіруші, өзін-өзі тәрбиелеуші тұлға қалыптастыруға болады екен.
Өздігімен оқытудың осындай мақсаттарын жүзеге асыру үшін, білім беру жүйесінің алдында тұрған басты мақсат жаңа технологияның талаптарына сай жаңа оқулықтар буынын жазу болып табылады. Жаңа оқулықтар мен дидактикалық құралдардың ерекшелігі – қысқа мерзімде, ешқандай бейімдеусіз-ақ олардың мазмұнын компьютерге кіргізуге болады. Себебі, бұл құралдардың құрылымы электрондық оқулық құрылымына ұқсас.
Айтылғандар жаңа педагогикалық технологияның барлық мүмкіндіктерін әлі толық ашпайды. Оның басқа да талай тиімді тұстарын күнделікті ұстаздық тәжірибемізден анықтай беретінімізге сенеміз.
Оқыту деп - аға ұрпақтың білімін, біліктілігін, жинақталған тәжірибелерін, үйрену шеберлігін жас жеткіншектерге беру процесін айтамыз. Бұл тұтас процестің құрамына мақсаты, жаңа технологиялық әдістемелер жеткізу құралдары кіреді.
Деңгейлеп оқыту технологиясының мақсаты: әрбір оқушы өзінің даму деңгейінде оқу материалын меңгеруін қамтамасыз етуі.
Деңгейлеп оқыту әр оқушыға өз мүмкіндіктерін барынша білім алуына жағдай жасап мүмкіндік береді.
Деңгейлеп оқыту әр түрлі категориядағы балаларға зейін аударып саралап жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
Деңгейлеп саралап оқыту құрылымында білімді игерудің негізгі үш деңгейі құрастырылады: ең төменгі деңгей (минималдық базалық), бағдарламалық күрделенген деңгей. Базалық деңгей – мемелекеттік стандарты бойынша анықталған ең төменгі шек. Сондықтан оны әрбір оқушы меңгеруі тиіс. Бұл деңгей оқушыға өзінің қызығушылығы мен қабілетін ескере отырып, уақыты мен күшін дұрыс пайдалануға мүмкіндік береді.
Оқушының жеке тәжірибесінде негізделген деңгейлеп оқыту технологиясы тиімді де нәтижелі болу үшін:
жеке тұлға ерекшеліктеріне;
психологиялық даму ерекшеліктеріне (есте сақтау қабілетінің ерекшелігі, өзінің эмоциясын басқара білуіне);
пән бойынша білімді игеру деңгейіне (оқушының білімімен іс-әрекет тәсіліне назар аударып, көңіл бөлу керек [21].
Саралап оқыту проблемасын қарастырғанда жекелеп оқытумен байланысты оқушыларға жеке және саралап ықпал жасау туралы сұрақтарды тастап кетуге болмайды. Себебі оқушылардың өздерінің іс-әрекетін есепке алмай саралап оқытуды іске асыру мүмкін емес. Д.Б.Элконин былай атап көрсетеді: «Оқу әрекетінің өзіне тән бір қайшылығы ол өзінің мағынасына, өздерінің мазмұнына, өздерінің іске асырылуы түріне қарай қоғамдық болуы, сонымен қатар ол нәтижесіне байланысты жеке болып табылады, яғни оқу әрекеті үрдісінде игерілген білім, іскерлік дағды, әрекет тәсілдері жеке оқушының жетістігі болып табылады» [5].
Педагогикалық энциклопедияда «Саралап оқыту» және «Жекелеп оқыту» ұғымдары келесі түрде анықталады: І-ші «орта мектептің жоғары сыныптарында бағдарлама мен оқу жоспарының бөлінуі» деп түсінеді, ал ІІ-ші «оқушылардың оқуға деген қабілеті және даму деңгейлерін, жеке ерекшелігін ескертіп оқытудың қарқынымен, әдістерін, тәсілдерін таңдай отырып оқу үрдісін ұйымдастыру».
Осылайша «Жекелеп оқыту» және «саралап оқыту» ұғымдары педагогикалық әдебиеттерде әртүрлі дидактикалық тұжырымдамаға сүйенуінен педагокалық әдебиеттерде әртүрлі мағынада қолданылады. Бірақ «Саралап оқытуда», «оқушыларды саралау» ұғымын анықтауда әр түрлі авторлардың әртүрлі көзқарастарына қарамай, оларда қандай да бір ортақ ұғым бар бұл оқу тәрбие үрдісінде оқушылардың өзгешелігі мен ерекшеліктерін есепке алу сонымен жоғарыда айтылғандардың барлығынан мынадай қорытынды жасауға болады. Қазіргі уақытта саралап оқытудың екі негізі: кәсіби (мазмұнына қарай) және деңгейлі түрлері бар.
Кәсіби немесе мазмұнына қарай саралау – енгізілген сұрақтар поменклатурасы және мәліметтер көлемі, материалдың тереңнен мазмұндалуымен ерекшеленетін бағдарламалар бойынша әр түрлі топ оқушыларын оқытуды ұйғарады. Арнайы бағытта оқытатын мектептер мен сыныптар, колледждер, лицей, және гимназиялар осындай ұғымдағы саралап оқытудың мысалдары болып табылады.
Деңгейлік саралап оқыту – бірдей және осындай бағдарламалармен оқитын оқушылардың оқу материалын әр түрлі алдын ала жоспарламаған деңгейде, бірақ кейбір міндетті деңгейден төмен емес деңгейде меңгеруге құқығы және мүмкіндігі бар оқытуды ұйымдастыру, яғни бір сыныптың әртүрлі оқушылары үшін қолданылатын оқытудың формасы мен әдісі бойынша оқушыларды бөле жүреді.
Ендеше кәсіби және деңгейлі саралау өздерін жалпы үрдісінің екі жағы ретінде көрсетеді. Жалпы педагогикалық міндеттерді шешуде, оқу үрдісінде саралаудың бұл түрлерінің біреуі екіншісінсіз толық емес, бұл екі түрлі бірін-бірі толықтырып тұрады. Осылайша, оқушыларды деңгейлі саралап оқыту принциптерін есепке алып, кәсіби саралау жағдайында оқыту олардың болашақта өз білімін көтеру және білім алуға дайындық, оқушылардың жеке жан-жақты дамуын қамтамасыз етудің шешуші жолдарының бірі екенін білдіреді