Уровневые курсы отчет В



Менің мектебімнің бастапқы жағдайы қандай?
Ұрпағының болашағын ойлаған ұлт- жастарының білімді болуын басты мақсат етері даусыз. Тамыры тереңге жайылған тарихында қазақтың білім-ғылым жолын насихат еткен ауызы дуалы абыздары, данышпан датқалары, шежірелі шешендері өте көп болған. «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» деген нақыл сөзден халқымыздың ықылым заманнан білімнің қадірін білгендігін аңғартады. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек» деген сөздерінен қазіргі жағдайдағы мектеп әлемдік стандарттарға сай жұмыс жасайтын мұғалімдермен толықтырылуды көздейді. Болашақ ұрпаққа дамыған елдермен бәсекеге түсе алатындай терең тәрбие мен білім беруде мұғалімдердің инновациялық іс-әрекетінің ғылыми-педагогикалық негіздерін меңгеруі- маңызды мәселелердің бірі. Осы бағытта іске асырылып жатқан жұмыстар да ауқымды. Солардың бірі- мектеп мұғалімдерді жаңа форматтағы деңгейлік курстардан өткізу. Өзім Қарағанды қаласындағы педагогикалық шеберлік орталығында І деңгей тыңдаушысы ретінде 3 наурыз бен 4 сәуір аралығында оқыдым. Осы аралықта меңгерген жаңа білімімді мектеп тәжірибесіне еңгізуге асықтым. Осы курстың бірінші бетпе-бетін аяқтап, мектепке келген кезімде шын мәніде өзімнің мойнымда қандай жауапкершілік тұрғанын сезіндім. Себебі, І деңгей тыңдаушысы ретінде мектеп үрдісіне жаңашылдық лебін жеткізуім керек, мұғалімдердің сеніміне кіріп, оларды алға жетелеуші көшбасшы болуым керек. Бірінші деңгей бағдарламасының түйінді функциясы мектепті дамыту үрдісіне қолдау көрсету мақсатында даму бағдарламасын іске асыру, оқу тәжірибесіне жаңа әдіс-тәсілдер еңгізу, бір-екі әріптеске тәлімгер болумен коучинг өткізу арқылы мұғалімдерді оқыту, дайындау болып табылады. Бұл оңай жұмыс емес, себебі көшбасшылық қасиет кез келген адамның бойынан табыла бермейді. Бар болған жағдайда, оны орынды пайдалану да үлкен шеберлікті талап етеді. Өзімнің күш-қайратым, білімімді пайдалана отырып, алдағы мақсаттарымды іске асырамын деген үмітпен жұмысымда бастадым.
Мен жұмыс жасайтын «Абай негізгі орта мектебі» КММ Ақтоғай ауданының Абай ауылында орналасқан. Құрылғанына небәрі 30 жыл болған мектепте біршама оқушы білім алып, қазіргі таңда жан-жақта лауазымды қызметтер атқарып отыр. Орта мектеп болған кездерінде жыл сайын мектеп оқушылары ҰБТ көрсеткіштері бойынша аудандағы алдыңғы қатарлы мектеп болды, түлектеріміз жыл сайын грант иегері болып отырды. Заман ағымына қарай ауыл жастарының қалаға шоғырлануына байланысты, көші-қон көбейіп, бала саны азайып, мектеп 2012 жылдан бастап негізгі мектепке айналды. Мектептің 19 мұғалімнен тұратын педагогикалық ұжымы жаңашыл бағытты ұстанып, білім беруде ынтымақтастық педагогика негіздерін басшылыққа алып жұмыс жасайды. Мұғалімдерге әдістемелік көмек көрсетуге бағытталған мектептің әдістемелік орталығы үнемі өз жұмысын жандандырып отырады. Мектепте үш пән бірлестігі: жаратылыстану-математикалық, гуманитарлық және бастауыш пән бірлестіктері жұмыс жасайды. «Жас мамандар» мектебі жүйелі жұмыс атқарып, жас ұстаздарға әдістемелік көмек көрсетіп отырады. Мектеп жанында «Балауса» шағын орталығы жұмыс жасайды. Онда 20 бала тәрбиеленеді. Мектепалды даярлық сыныбында 8 оқушы білім алады. Мектеп мұғалімдерінің 3-і жоғары санатты, 8-і бірінші санатты, 8-і екінші санатты ұстаздар. Ұжымның 90% жоғарғы білімді. 1 мұғалім «Оқу ісінің озық қызметкері» төсбелгісінің иегері. Мектеп мұғалімдерінің орташа жасы -40 жас. Ұстаздардың қажырлы еңбегінің нәтижесінде білім сапасы жылдан-жылға артып отырады. «Ұстаздық- ұлы қызмет» деп жазушы Ә.Нұршайықов айтқандай, мектеп ұстаздары үлкен жауапкершілік сезіммен оқушыға тиянақты білім беріп қана қоймай, таусылмас қажыр қайрат жұмсай отырып, өсіп келе жатқан ұрпақты адалдыққа, адамгершілікке, жоғары өнегелі қасиеттерге баулып, білім берудегі жаңа міндеттерді шығармашылықпен іске асырып келеді. Осындай нәтижелі еңбектің арқасында жыл сайын мектеп оқушылары аудандық олимпиадаға қатысып, жүлделі орындар алады.
Қазіргі таңда мектепте 54 оқушы білім алады. Мектеп жанындағы интернатта 25 бала тәрбиеленіп, білім алады. Интернат оқушыларына 5 мезгіл тегін тамақ ішіп, демалыс сайын моншаға түсіп, бос уақыттарында сабақ оқып, теледидар көруіне жағдай жасалынған. Олардың көпшілігі жағдайы төмен отбасы оқушылары болғандықтан, мектеп , мұғалімдер тарапынан оларға материалдық көмек көрсетіліп отырылады. Оқу құралдары, киімдер, гигиеналық заттар беріледі. Ауыл мектебі болғандықтан жетіспей жататын жақтарымыз да баршылық. Оның негізгісі – материалдық техникалық базамыздың әлсіздігі. Мектепте небәрі 10 компьютер, 1 проектор ғана бар. Интернет желісінің сапасы төмен. Жаңа модификациялы кабинеттер, интерактивті тақталар, лингафон кабинеттері жоқ. Мектептің дене тәрбиесі сабағын өткізетін залы жоқ. Пәндер бойынша оқулықтар жетіспейді. Мектеп кітапханасында әдеби кітаптар саны аз. Кітапханада интернетпен жұмыс жасауға мүлдем жағдай жасалынбаған. Осындай қиыншылықтар болғанымен, мектеп мұғалімдері қолда барды қанағат тұтып, оқушылардың сапалы да тиянақты білім алуына жағдай жасап отыр.
Мектеп дамуының ең басты факторы- білім жүйесіне үздіксіз жаңалық еңгізу болып отыр. Мұның қажеттілігі сыртқы себептермен де айқындалып отыр: адамдардың мұқтаждылығын қамтамасыз ету қажеттілігі, мектеп оқушыларының білімге, дағдыға, шеберлікке деген ұмтылысы, жоғары сапалы білім алудағы жеке тұлғаның дамуы. Осындай сұраныстарды қанағаттандыру үшін, мектеп мұғалімдері үнемі ізденісте болу керек. І деңгейлі курс тыңдаушысы ретінде алғашқы жұмысым мектеп әкімшілігімен кездесіп, өзімнің жұмыс жоспарымен таныстырып, ақылдасу болды. 7 сәуір күні мектеп директоры Б.Т-мен кездесу барысында ол кісі тарапынан жасайтын жұмыстарыма қолдау алдым. І-ші бетпе-бетте мектептің күрделі мәселесінің бірі- мектеп оқушыларының әдеби кітап оқуға деген қызығушылықтарының төмендігі екендігін алға қойып, осы бағытта мектепті дамыту жоспарын құрып келгенімді айттым. Бұл проблеманы шешудің қаншалықты маңызды екендігін түсіндірдім. Алдағы уақытта осы бағытта жұмыс жасайтындығым туралы ол кісімен ақылдастым. Осы мәселе төңірегінде жұмыс жасаймын дегенде, мектеп директоры бұл бағыт шындығында мектепте шешімін таба алмай жүрген жұмыспа соны айқындау үшін мектеп оқушыларынан, мұғалімдерден, ата-аналардан сауалнама алуымды өтініп, қолдау көрсетті. Әрине, тез арада шешімін таппаса да, жыл сайын осы бағытта атқарылатын жұмыстар жүйелі жасалынса, әйтеуір бір түйінге жететініміз белгілі. Сондықтан ең басты мәселе- мектебіміздегі оқушылардың қазіргі таңдағы кітап оқуға көзқарасы , ата-аналардың , мұғалімдердің пікірі қандай екенін анықтау. Келесі күні мектеп психологы М.З бірігіп, сауалнама сұрақтарын құрып, ата-аналардан, мұғалімдерден, оқушылардан сауалнама алдық. Сауалнама сұрақтары алдын-ала психологпен бірлесе отырып, құрылды. Сұрақтардың сауатты, жауаптарының дәл болуына мән бере отырып, І апта ішінде оны алып, талдауды басты мақсат етіп қойдық. Сауалнамаға мектептің 4-9 сынып аралығынан 25 оқушы қатысты, осы оқушылардың ата-аналары, сосын мектептің 13 мұғалімі қатысты. Сауалнама сұрақтары мектеп оқушыларының қазіргі уақытта қызығушылықтары қандай бағытта, олар бос уақытында немен шұғылданады екендігін айқындау. Сауалнамаға қатысқан 25 оқушының 18-і әдеби кітапты жиі оқымайды, бос уақыттарында 22 оқушы теледидар көріп, музыка тыңдайды, тек 3 оқушы ғана кітап оқиды екен. Бұл сұрақтардың жауабы мектеп мұғалімдері мен ата-аналарды алаңдату керек. Себебі бос уақытында теледидар көріп музыка тыңдайтын бала – өз ойын ашық айта алмайды, үнсіз ғана тыңдаушы ретінде қалып қояды. «Кітап-рухани қазына» деген пікірге 23 оқушы қосылатындығын байқатты, осы пікірге 16 ата-анада қосылатындығын айтқан. Бұл жауаптар қуантады, себебі оқушылардың көпшілігі кітап оқыған жағдайда рухани әлемдері байитындығын теориялық тұрғыда түсінеді, яғни жұмыс нәтижесі сәтті болады деп үміттенуге болады. 22 оқушының ата-анасы баласына кітап оқып бермейді екен. Бұл жерде ата-аналар жиналысында оларға шет мемлекеттерден ол жақта ата-ана баласына үнемі кешкі уақытта кітап оқып беретіндігі туралы мысал келтіріп, осы үрдіске тарту керек деп ойлаймын.15 оқушы ауыл кітапханасына мүлдем бармаған, 10 оқушы анда-санда баратындықтарын айтқан. Келесі оқу жылында мектеп кітапханашысы, сынып жетекшілері, тәрбие ісінің меңгерушісімен «Кітапханаға саяхат» атты бастама көтеру керек екендігі туралы ұсыныс айту керек.Бүл үрдіске қатысқан 16 ата-ананың жауаптары төмендегідей болды: 10 ата-ана баласы кітап оқымайды десе, 14 ата-ана баласы бос уақытында теледидар көреді деген, 14 ата-ана баласына мүлдем кітап оқып бермейді, 15 ата-ана өздері әдеби кітап оқығанды ұнататындықтарын білдірді. Нәтижесіге қарасам, 16 ата-ананың 15-і өздері кітап оқиды, онда неге олар баласына да кітап оқуды үйретуді қолға алмайды? Ата-анамен де жұмыс жоспарыма осы сұрақты шешуге бағытталған іс-шара еңгізу керек екен деп шештім. Сауалнама қатысқан 13 мұғалімнің 12-і кітап оқығанды ұнатса, баланы кітап оқуға тартуда ата-ана рөлі өте зор дейді 13 мұғалім. Кітап оқуға қызықтыру үшін қандай шаралар өткізуге болады? деген сұраққа 5 мұғалім конференция, 4 мұғалім пікірталас, қалған мұғалімдер саяхат, сайыстар өткізу керек деген. Кітап оқудың қандай пайдасы бар? деген сұраққа 2 мұғалім тілдік қоры көбейеді, 2 мұғалім рухани байиды, 2 мұғалім сауаттылықтары артады десе, 7 мұғалім өмірге көзқарасы қалыптасады деген. Сонымен қатар, мектепте тоқсан сайын оқушылардың оқу машығы тексеріліп отырылады. Бұл тексеріске 2-7 сынып аралығындағы оқушылар тартылады. Мектепте бұл аралықта 39 оқушы білім алады. Бұл оқушылардың 11-і нормадан төмен оқиды. Бұл олардың жалпы санының 28%. Бұған қоса мектеп кітапханашысы К.С мен сұхбаттасқанда оқушылардың көпшілігі оқулық іздеп қана кітапханаға келеді, әдеби кітап алуға келетін балалар саны аз екендігін байқадық. Ал ауыл кітапханашысы С.С айтуы бойынша, оқушылар кітапханаға қосымша мәлімет іздеп қана келеді, оның өзінде мұғалімнің тапсырмасы бойынша ғана. Өз бетінше кітап оқығысы келіп баратын балалар жоқтың қасы екен. Осы жүргізілген зерттеулер қорытындысы көрсетіп отырғандай, баланы кітап оқуға тарту – маңызды мәселе. Өмірге көзқарасы қалыптасады деген пікір – ол бала кітаптан үйренген жақсы жақтарын өмірде қолдана алады деген сөз, баланың жолында кездескен кедергілерді оқығанын пайдаланып, шеше алады деген сөз. Ал қазіргі оқытудың басты мақсаты – бала оқып-тоқығанын өмірде пайдалана алу керек деген пікір болса, онда баланы кітап оқуға тартудың бұған қосар үлесі зор екендігін түсінуге болады. Сондықтан, алған бағытым дұрыс болар деген сеніммен жұмысты бастадым. Ең алдымен, бұл мәселе төңірегінде жұмыс жасау үшін мұғалімдермен ақылдаса отырып, арнайы орта мерзімді жоспар құрдым. Жоспар құрған уақытта сауалнамадаға ата-ана, мұғалім, оқушы пікірлерін есепке алдып отырдым. Қызықты да тартымды жұмыстың үнемі мол жеміс беретініне сенімдімін. Егерде жұмыс жақсы жетістіктерге жеткізсе, міндетті түрде ұзақ мерзімді жоспар ретінде осы басымдық бойынша жұмыс жасауды өзіме мақсат етіп қойдым. Яғни, жыл сайын мектептің қоғамдық ұйымдарының жоспарларына «Бірлескен оқу», «Оқу аптасы» , «Менің сүйікті кейіпкерім» т.б тақырыптар төңірегінде шаралар еңгізсем, мұғалімдердің сабақтарында топтық жұмыс, СТО стратегияларын пайдалануды еңгіземін, семинар, жиналыстарда осы проблеманы шешудің тиімді жолдарын анықтап отырамын, ауыл кітапханасымен байланыс жасау бағытында жұмыстар жоспарлаймын.
Мектепті дамыту жоспарының басымдылығы ретінді оқушылардың әдеби кітап оқуға деген қызығушылықтарын арттыру деп алу себебім – әдеби кітап оқу арқылы оқушылардың ой-өрісі дамиды, оқушылар сауаттылығы артады, сөз қоры ұлғаяды, ойын жеткізе алады. Сөйлегенде мәдени, әдеби тілде көптеген сөздердің баламасын тауып айтып, өз ойы бойынша мазмұндап айта алады. Көркем әдебиетті үнемі оқитын оқушылар суреттер бойынша сөйлегенде шешендік қабілеттерін де көрсете алады, сөз таңдай біледі. Оқушыны өз бетімен кітап оқуға үйрету, оны қалыптастыру оқушыны өмірге дайындаудың негізі болып табылады. Қазіргі ХХІ ғасыр компьютер мен техниканың дамыған заманында, дабыл қағатындай мәселелердің бірі: балдырғандар кітап оқудың орнына күндіз-түні компьютерге телміріп өсіп жатыр; балалардың көркем әдебиетке қызығушылығы төмен; көркем әдебиетті қойғанда қазақ тіліндегі кітаптар, газет-журналдарды оқымайды; соған байланысты сөйлеу мәдениеті төмендейді; Бұл проблемалардың шешімі кітап оқудың бірнеше тәсілдерін дұрыс жолға қоя білу. Менің ойымша, ол үшін мектептерде Финляндия мемлекетіндегі сияқты «Бірлесіп оқу», «Дауыстап оқу», «Отбасылық оқу үрдісі» сияқты шараларды еңгізіп, кітапханалардың материалдық –техникалық жағдайын көтеру керек. Мектептің оқу-тәрбие процесінде жұртшылықпен бірлескен іс-шаралар жиі өткізіп отырылса.
Ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арналған 2013жылғы Жолдауында білім беру саласын дамыту қажеттігі және оны жүзеге асырудың тиімді жолдары туралы атап айтылған. Онда, ең бірінші орынға білім беру үрдісінде алдыңғы қатарлы заманауи әдістемелер мен технологияларды қолдану мәселесі көтерілсе, екінші маңызды мәселе ретінде педагогтардың сапасын арттырудың маңыздылығына назар аударылады. Елбасы осы Жолдауында сондай-ақ, білім алушыларға тек білімнің өзін ғана емес, оның әлеуметтік ортаға бейімделу барысында өз білімін тиімді пайдалану жолдарын үйретудің маңызын айта отырып, мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамытудың бес жылға арналған Ұлттық іс- қимыл жоспарын қабылдауды Үкіметке тапсырды.
Елбасы бастамасымен өмірге келген «Функционалдық сауаттылық бойынша Ұлттық жоспардың» маңызы ерекше. Оның негізгі мақсаты – оқушылардың білімдерін өмірде тиімді қолдануға үйрету. Сонымен қатар, ол орта білім жүйесінің парадигмасын түбегейлі өзгертудің негізі болып табылады. Бұл – дәстүрлі мектеп моделінен рационалды модельге, әрі қарай феноменальді модельге «үш адым» ілгері аттау дегенді білдіреді. Осы мақсатқа қол жеткізу арқылы Қазақстан оқыту деңгейі мен сапасы жағынан жетекші елдер тобына қосылады.
«PISA» зерттеуiнде оқу сауаттылығын оқушылардың жазбаша мәтіндерді ұғына оқу қабілеттілігі және оларға рефлексия,олардың мазмұнын өз мақсаттарына қол жеткізу үшін қолдануы, бiлiмдері мен дағдыларын қоғамның белсендi өмiріне араласуы үшiн дамытуы деп түсінуге болады. Оқушылардың оқу сауаттылықтарын тексеру оқу техникасы немесе мәтiннің мазмұнын нақты түсiнуін бағалауға емес, оқу барысында меңгерген білімдері мен дағдыларын өмірлік жағдайларда қолдана білу ептіліктерін бағалауға бағытталған. Оқу сауаттылығын бағалау барысында үш аспекті есепке алынады: оқу материалдарының форматы, тапсырманың түрi, мәтiннiң қолдану жағдайы немесе мақсаттары.
Оқушылардың функционалдық сауаттылық мазмұны келесі құзыреттіліктерден көрінеді: оқу, жазу сауаттылығынан; жаратылыстану ғылымындағы сауаттылығынан; математикалық сауаттылығынан; компьютерлік сауаттылықтан; денсаулық мәселесіндегі сауаттылықтан; құқықтық сауаттылығынан тұрады. Оқу, жазу сауаттылығына: түйіндеме жаза білу, көшедегі жарнаманы түсіну,қатесін көру, математикалық сауаттылығына: сатып алған тауарының бағасын тез есептеу, бөлмеге неше түсқағаз керек екенін есептеу жатса; денсаулық мәселесіндегі сауаттылыққа: тамақтың құрамындағы заттарға талдау жасау жатады. Қарап отырсақ, осы құзыреттіліктердің барлығы баланың өмірге бейімделуіне көп көмек береді.
Қазақстан мектептерінде оқу ісін ілгерілету, оқу мәдениеті мен сауаттылықты қалыптастыру, рухани мұрамызды сақтау, ана тілімізге деген қамқорлық көзқарас, сондай-ақ жастарды отаншылдыққа әрі өнегелілікке тәрбиелеу мақсатында балаларды кітап оқуға тартып, кітапқа деген сүйіспеншілікті арттыру керек. Қорытындылай келе, әрбір ата-ана баласына кітап оқып отырса, әрбір ұстаз оқушысының бойынан кітап оқуға деген құлшыныс оята білсе, алдымызда отырған шәкірттеріміз білімді де сауатты, болашағымыз кемел болады деп ойлаймын.

Пайдаланған әдебиет:
Мұғалімге арналған нұсқаулық
Ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арналған 2013 жылғы Жолдауы
«Функционалдық сауаттылықты дамыту бойынша 2016 жылға дейінгі ұлттық жоспар»