?ош бол, ??тты ?ліппе! ?ліппемен ?оштасу ерте?гілігі


Катонқарағай ауданы Үлкен Нарын ауылы «Қ.Дамитов атындағы орта мектеп» КММ
Бастауыш сынып мұғалімі: Конушпаева Булгын Толкумбаевна
«Қош бол, құтты Әліппе!» ертеңгілігі
Мақсаты: Оқу тілін дамытып, сөздік қорын молайту. Оқушылардың әліппеден алған білімдерін тиянақтау.Әр оқушының іс- әрекеттері арқылы икемділігін, қабілеттерін көрсету, шығармашылық мүмкіндіктерін ашу;Оқушылардың елін, Отанын сүюге, оны қорғай білуге тәрбиелеу.Көрнекілігі: Слайд, видеоролик, қазақ әліпбиіндегі әріптер, нақыл сөздер, «Әліппе» оқулығының мұқабасы, шарлар.Қатысушылар: 1«Ә» сынып оқушылары, Дымбілмес, Білгішбек, Әліппе, Ана тілі  Мұғалім: Армысыздар, құрметті қонақтар, оқушылар! Шәкірттердің қолдарына тұңғыш рет ұстап, бетін ашқан оқулығы – Әліппе. Барлық ғылымның атасы, болашағымыздың негізі – әліппені бітіру тойына қош келіпсіздер дей отырып, ертеңгілігімізді бастайық.
(Ұшақтың даусы естіледі.)
Дауыс: Құрметті жолаушылар, «Әліппе» аэропортынан «1 Ә» ұшақ рейсіне отырғызу басталды. Сіздерге ұшақ стюардессалары Слям Айзат пен Кәкім Гүлжайна қызмет көрсетеді.  Алдымен жолқұжаттарыңызды көрсетіп, орындарыңызға жайғасу сұралады.
1 стюардесса(Айзат): Құрметті жолаушылар! Біздің ұшағымызға қош келдіңіздер!
2 стюардесса(Гүлжайна): Ұшағымыздың білім кеңістігіне көтерілуіне аздаған ғана сәттер қалды. Осы сәтті қызықты да, көңілді өткізу өзімізге байланысты.  Алдымен сіздермен таныс болайық!
2 стюардесса: Қане, әріптер, шығыңдар!
Орындарыңа тұрыңдар!
Бастайық, қане айтысты,
Жібермейік намысты.
Әлижан«А»: А дегенің ана ғой,
Ана деген дана ғой.
Балжан «Ә»: Әжем әнге басады,
Әтеш ұйқы ашады.
Әбілмансұр«Б»: Б дегенің бала ғой,
Жұмсаса апаң бара ғой
Еркебұлан «Г»: Г әрпімен гүлденер,
Қызғалдақты қырат, тау.
Саяжан«Ғ»: Ғ әрпімен бір келер,
Ғылым атты ұлы тау.
Дильназ«Д»: Д әрпінен басталар,
Дархан, дария, далам бар
Алихан«Е»: Е-ні  ұмытпас ешқашан,
Елін сүйген жарандар.
Жалғас«Ж»: Ж дегенің жөргегің,
Туып өскен жерлерің
Милана «И»: И дегенің – иманың,
Адалдықтың асқары
Жанель«К»: К дегенің – күй-дарын,
Домбыраның дастаны.
Әлижан «М»: Мақтанышым ұдайы,
Маңғыстаудың мұнайы
Балжан«О»: Отан – жерім, отан – суым,
Отан қуат нәр береді.
Отан – ұран, отан – туым,
Отан мәңгі гүлденеді.
Әбілмансұр«Р»: Р дегенің – рақым,
Мейірің мен пейілің.
 Ислам«Ш»: Ш  дегенің шапағат,
Тие берсін баршаға
Саяжан«Х»: Х дегенің сәлем хат,
Қуанышың қаншама
1 стюардесса: Гүлжайна, қарашы, сүйкімді әріптер боп экипажымызға келген  біздің жолаушыларымыз қандай әдемі!
Өсті, міне, бойларың,
Өсті ақыл-ойларың.
Қуанышқа ортақпын,
Құтты болсын тойларың. 
2 стюардесса: Құрметті жолаушылар! Ұшуға дайындықтарыңызды тексеру үшін сіздерге қояр сұрағым бар:
Іші толы әріпке, Білімдегі жарық не? 
Хормен: Болашаққа жол ашар,
Ол – сүйікті Әліппе! Ол – сүйікті Әліппе! 
1 стюардесса: Олай болса, бәрімізге ең қымбат, «Әліппе» аэропортының бас директорын ортаға шақырайық!
Хормен: Ә-ліп-пе! Ә-ліп-пе!
«Әліппе» әнінің әуенімен ортаға «Әліппе» келеді.
Әліппе(Мақсат): Армысыздар, жас достар,
Армысыздар, ата-ана!
1 стюардесса: Самғамақ боп білімнің көгіне біз,
Жақсыдан артқа қалар мәңгілік із.
Білімнің белесіне жетелейтін,
Әліппеге алғыс деп бас имекпіз. (Оқушылар бас иеді.)
2 стюардесса: Әліппе, әріппен таныстырып, оқуды үйреткеніңіз үшін сізге біздің жолаушыларымыз дән риза! Өзіңізге арналған әнімізді қабыл алыңыз!
Ән: «Әліппе» (хормен)
(Оқушылардың әліппе туралы тақпақтары)
1 оқушы: (1.Әлихан, 2.Балжан, 3.Еркебұлан, 4.Жалғас, 5.Жанель)
Әліппем, менің, Әліппем!
Сені қолға алып мен.
Есігін аштым мектептің,
Ертеңгі сәуле жарықпен.
2 оқушы: Келгенде алғаш мектепке,
Білмеуші едік әріп те.
Оқимыз қазір ертекті,
Үйреткен оны Әліппе!
3 оқушы: Әліппе деген алтын жол,
Апарар сені алысқа.
Жеңіл емес ауыр жол,
Тырысып бақ намысқа
Әліппе: Рахмет, балалар! Өнерлі, талапты екенсіздер! Дымбілмес болмай, Білгішбек болыңыздар! (Дымбілмес келеді)
Дымбілмес(Рахат):
– Лә-лә-лә! Лә-лә-лә!
Мен Дымбілмес, Дымбілмес!
Тазалықты сүймеймін,
Мен ештеңе білмеймін.
– Мыналар неге жиналып тұр, а? Менің атымды атаған қайсың?
Әліппе: Сәлеметсің бе, Дымбілмес?! Алдымен амандасқан жөн. Сенің  атыңды атаған менмін. Бүгін балалар менімен қоштасып, «Білімпаздар» ұшағымен білім кеңістігіне ұшқалы тұр.
Дымбілмес: Не дейді? Ұшақ дей ме? Менің де ұшаққа мінгім келеді.
Әліппе: Дымбілмес, бұл ұшаққа тек білгір, ұқыпты, әдепті балалар ғана мінеді. Ал, сен, әріп танымайсың ғой.
Дымбілмес: Неге білмейм, білем. Мынау – доңғалақтың суреті. Ал мынау – рогатка. Мынау – есік. Бұлардың бәрін мен Әліппені оқымай-ақ білемін.
Мұғалім: Ол не дегенің, Дымбілмес?! Бұлар – О,Ү,П әріптері. Дегенмен, балалар, Дымбілместің сөзінің жаны бар. Әрбір әріп бір нәрсеге ұқсас.
Дымбілмес, кәне, оқуды білсең мына балалар бейнелеген сөздерді оқып берші.
(оқушылар әріптерді бейнелейді. АТА,АНА сөздері шығады.)
1 стюардесса: Ендеше, ата-аналардың ыстық лебізді тілегін естіп, батасын алайық! Ата-аналар атынан сөйлеу үшін ортаға Сәлима әжені шақырамыз.
(Ата ана сөз сөйлеп, шашу шашады.)
2 стюардесса: Бізді осы күнге жеткізіп, бірге қуанып, бірге ренжитін, әріптерді меңгеріп оқуымызға көмектескен ата-аналарымызға айтар алғысымыз шексіз!
Сіздерге шашу ретінде «Қазіргі заман» биін ұсынамыз! Мың бұралған биші жолаушыларымызды қарсы алыңыздар!
(Би биленеді: Айшат,Саяжан,Балжан,Гүлжайна,Айзат)
Дымбілмес: Әй, бәсе, балалар, сендерге ата-аналарың көмектескен екен ғой. Сендер 4 айда оқу, жазуды үйренсеңдер, мен 4 күнде-ақ үйреніп келемін. Мен кеттім, пока, чау!
(Дымбілмес кетеді де, Білгішбек келеді.)
Білгішбек(Аягөз): Армысыздар, халайық?!
Бармысыздар , халайық?!
Не үйрендік, не білдік?
Қане, ортаға салайық!
Мен  Білгішбек боламын. Сендердің білімдеріңді сынап, қолымдағы қоржынды толтырып, сіздерге беріп жіберуге келдім. Бұл қоржынға  жақсы оқушыға лайықты сипаттама сөздер салынуы керек. Ендеше, бастайық. (ортаға шарлар тастайды. Әр шар ішіндегі сөзді оқи отырып, балалар қоржынға салады )
Білімді. Тапқыр. Зерек. Зерделі. Әдепті. Сауатты. Өнерлі. Ақылды. Талапты.Тәртіпті.Ұқыпты.Алғыр.Белсенді.Еңбекқор.
Мұғалім: Міне, балалар, Білгішбекке оқи алатындарыңды көрсеттіңдер, енді есептеу жағына қалай екендеріңді көрсетіңдер.
1.Көлден ұшты 7 қаз, Қайтып келді 2 қаз.
Қонбады оның нешеуі? Кәне, кім тез шешеді?
2. Жаңа ғана шалғында Алты бұзау жүр еді.
Әлде шаршап қалды ма, Жатып қапты біреуі.
Нешеуі енді жайылып, Айт жүргенін айырып.
3. Аулада бес үйрек, Қорада үш үйрек.
Бір үйрек тығылды, Бір үйрек жығылды.
Қалғаны неше үйрек?
4.Мұз айдында жеті бала Асыр сап жүр сырғанап.
Сырғанамай екі бала Жағалауда тұр қарап
Енді осы бар баланың Санын айтсаң жарадың.
5,6,7 есептер
( Айзатқа бірнеше сөзді аударып оқып беру ұсынылады.Оқушылар не ата аналар арасынан сөздер айтқызуға болады)
Білгішбек: Міне, балалар, қоржындарыңды толтырдық. Енді маған арнап өз өнерлеріңізді көрсетсеңіздер қалай болады?!
1 стюардесса: Білгішбек, жолаушыларымыздың дайындаған ертегі көрінісін тамашалаңыз.
Ертегі: «Мақтақыз бен мысық »
Білгішбек: Балалар, мен сендерге ризамын. Қоржындарыңыз тек игі жақсы сөздер мен істерге тола берсін. Жолдарыңыз болсын! Білім әлемінің биігіне қанаттарың талмай, самғай беріңіздер! Сау болыңыздар! (Білгішбек кетеді)
Әліппе: Балалар, 4 ай бойы өздеріңізбен бірге болдым. Мені ұқыпты ұстағандарыңызға, ерінбей оқығандарыңызға көп рахмет! Сендердің келешекте сауатты болатындарыңызға сенемін.
1 стюардесса: Құрметті, Әліппе! Сіздің досыңыз, көрші аэропорт директоры «Ана тілі» байланысқа шығып тұр.
Әліппе: Балалар, сендер менімен қоштасып, енді келесі аэропортқа ұшқалы отырсыздар! Ол «Ана тілі» деп аталады. Ендеше, оның сөзіне құлақ түрелік! Сәлем, Ана тілі!
Ана тілі(экраннан): Сәлем, Әліппе! Сәлеметсіңдер ме, балалар!
Туған елдің тілімін, Ақылыммен танылам.
Түсіндірер бәріне, Ана тілі мен болам.
Менің сендерге үйретерім көп. Қазақ  тілінің қыр-сырын ұғындырамын. Ақын-жазушылармен , олардың шығармаларымен таныстырамын. Жаттығулар орындап көбірек жазатын боламыз. Сендер оған дайын деген сенімдемін. Ең бастысы, табандылық пен шыдамдылық керек.
Мен сендерді күтемін, балалар. Кездескенше!
Әліппе: Ал, балалар, жол болсын!
5 болсын алар бағаңыз,
Білімнен бақыт табасыз.
Өнер, білім көп тоқып, Өсе берсін санаңыз.
Сіздерге «Әліппені» оқып бітіргендерің  үшін рахмет айтып, диплом табыстаймын. (дипломдар табыс етіледі.)
Хормен: Қош бол, құтты Әліппе!
(Ортаға 2 стюардесса шығады.)
1 стюардесса: – Әріптерді үйретіп,
Жақын болған кім бізге? 
Жамандықтан жирентіп,
Ақыл берген кім бізге?
2 стюардесса: – Әліппені оқуға,
Үйреткен әр күні.
Үйретіп санауды
Көп еңбек сіңірген. Ол кім?
Хормен: «Мұғалім – ол біздің» (әні хормен айтылады)
Әлижан: Үйретіп бәрімізге әліппені,
Мұғалім ғылымға жол салып берді.
Адамның ақыл-ойы, мақсаттары,
Оқудың сәулесімен жарық көрді.
Саяжан: Әліппе даңғыл жол ашты,
Жаңадан пәндер жалғасты.
Әліппе сырын ұқтырған,
Рахмет, ұстаз, алғашқы.
1 стюардесса: Келесі концерттік нөмірлер ұстазымызға және бізді шығарып салуға келген баршаңызға арналады. Қабыл алыңыздар!
Ән «Астана» Айзаттың орындауында
Би: флешмоб
Мұғалім: Құрметті жолаушылар, осындай көтеріңкі көңіл күймен жолға шығамыз! Ата-аналар келгендеріңізге көп рахмет! Сау болыңыздар! Ұшағымыз ұшуға дайын. Сәт, сапар, жас бүлдіршіндер!
(Ұшақтың ұшқан дыбысы естіледі.)
Осымен ертеңгілігіміз аяқталды.Көңіл қойып, тыңдағандарыңызға көп рахмет!