Шатты??а толы ж?рекпен 1 сынып


Бекітемін:
Оқу ісінің меңгерушісі:
__________ Қ. Төлегенова
«01.02.03.04.05_» 09 2015ж
« Өзін - өзі тану пәнінен » сабақ жоспары
1-сынып 1- сабақ
Сабақтың тақырыбы: « Шаттыққа толы жүрекпен»
Сабақтың мақсаты: балалардың өзін – өзі тануына, адамгершілік құндылық
тарын үйренуіне ықпал ету,
Сабақтың міндеттері:
- « өзін –өзі тану» пәні туралы түсінік беру,
- өзіне деген сенімділігін арттыру
- өзіне және бірін – бірі сыйлауға тәрбиелеу,
Көрнекі құралдар: үнтаспа, « өзін –өзі тану елінің» суреті.
Шаттық шеңбер:
Балалар, бәріміз шаттық шеңберін құрайық.
Қош келдіңдер, балалар! Мен сендерді көргеніме қуаныштымын.
Шаттық шеңбер аясында бір – бірімізбен танысайық. Алғашқы айналысында сағат тілінің қозғалысы бойынша өзімнен бастап, әр оқушы кезекпен өзін көрсетіп, өз есімдеріңді яғни, Мен Болатпын, Мен Аружанмын деп атап шығыңдар.
Жақсы балалар, мен сендермен танысқаныма қуаныштымын. Ендеше, өлең жолдарын бірге айтайық:
Қуанамын мен де, (өзін көрсетеді)
Қуанасың сен де, (жанындағы досын көрсетеді)
Қуанайық, достарым (бір – бірінің қолдарын ұстайды)
Арайлап атқан күнге! (қолдарын жоғары көтереді)
Балалар, «шаттық шеңберінде» бір – бірімізге өзіміздің жылы, жақсы сөздерімізді шын көңілмен, мейіріммен жеткізейік. Қимылдарды көтеріңкі көңіл –күймен, өз еркімізбен жасайық.
Әңгімелесу
Балаларды өзін – өзі тақырыбына әңгімелесуге шақырамын.
Балалар, «өзін – өзі тану» дегенді қалай түсінесіңдер?
Балалардың жауаптары тыңдалады.
«Өзі» деген – Мен, яғни ол –Бекзат, Аяулым. « Тану» дегеніміз адам туралы, оны қоршаған айнала мен адамдар, құбылыстар туралы ақпаратты айту. «Өзін – өзі тану» - өзіңді, өзгені, айналаңдағы адамгершілік құндылықтарға жетелейді. Бұл пән бізге жақсылық жасауды, көмектесуді, кешірімді, мейірімді болуды, достасуды үйретеді. Ең бастысы, өзіңді өзің тәрбиелеуге көмектеседі.
Тапсырма
Оқушыларға оқулықта берілген суретке қарай отырып, «Сәлем саған, мектебім» тақырыбына әңгіме құрастыру тапсырылады.
Назар аударыңдар
Балалар, өзін – өзі тану сабақтарында өздеріңмен бірге болатын Данышпан ата, Алпамыс, Ақбота, Махаббат атты көмекшілеріңмен таныс болыңдар.
Жаңа ақпарат
Оқулықтағы жаңа ақпарат «Өзін – өзі тану еліне саяхат» атты тақырыпта суреттер берілген.
Балалар, бүгінгі сабақта «Өзін – өзі тану еліне» саяхат жасаймыз. Ол елдерде орман – тау, өзен – көл, патшалықтар, елді мекендер ме сарайлар бар. «өзін – өзі тану елі» - «Тіл табысу» , « Табиғат пен Денсаулық» , «Адамгершілік» атты өлкелерден тұрады.
Балалар, бұл «Тіл табысу» өлкесі. Бұл өлкеде сыпайы, бір –біріне қамқор, мейірімді адамдар өмір сүреді. Бізде өз бойымыздағы жақсы қасиеттерді көрсете білейік. Ол үшін адамдармен қарым – қатынас жасауда айтылатын сөздер айтайық. Оқушылардың жауаптары тыңдалады.
Өте жақсы, балалар.
Саяхат сапарымызды жалғастырайық. Алдымызда қалың ағаштар арасынан алыстан жарқырап, әдемі де биік ақ күмістен, саф алтыннан, асыл тастардан соғылған күмбезді сарай көрінді. Сарай айналасы аппақ нұрға бөленген. Осы сарайға кіру – әрбір адамның арманы. Өйткені бұл «Білім сарайы». Білімді адам ғана бұл сарайға кіре алады. Бізде өз білімімізді байқатайық, балалар. Ол үшін Данышпан атаның бізге жіберген тапсырмасын орындап, сыйлығын алайық.
Данышпан атаның бірінші тапсырмасы: Жұмбақтың шешуін табыңдар.
Қабат – қабат қаттама,
Ақылың болса аттама. (кітап)
Данышпан атаның екінші тапсырмасы : Мақал – мәтелдердің жалғасын тауып алыңдар.
Оқусыз білім жоқ, .........(білімсіз күнің жоқ)
Күш – білімде , білім - ......(кітапта)
Балалар жарайсыңдар. Білім алу үшін, кітап, мектеп, оқу – біз үшін аса қажет.
Енді бізді «Өзін – өзі тану елінің» ең төрінен орын алған «Адамгершілік» өлкесі күтіп тұр. Басын қар мен мұз басқан осы шыңға кез келген бала шыға алмайды. Ал шыңның басында «Алтын сандық» бар. Сандық ішінде Данышпан атаның тапсырмасы берілген.
1-Жағдаят:
Сәуле ауырып қалды. Әлия сабақтан кейін ауырған құрбысына барып, үй тапсырмасын орындауға көмектесті.
Осы жағдаяттан Әлияның қандай қасиетін көріп отырсыңдар?
2-жағдаят:
Асан жүгіріп келе жатып, абайсызда Дамирді қағып кетті. Дамир жерге құлап, қолын ауыртып алды. Асан оған қарамастан, асығып жүгірген күйі өте шықты.
Сендер Асанның орнында болсаңдар, не істей едіңдер?
Балалар, жарайсыңдар! Тапсырманы сүрінбей орындап шықтыңдар.
Балалар, біздің саяхатымыз ұнадыма?
Саяхатымызда қай жерлерде болдық?
Тыныштық сәті
Балалар , денелеріңді түзу ұстап, бастарыңды жоғары көтеріп, ыңғайланып отырыңдар. Көздеріңді жұмсаңдар да болады. Ауаны терең тыныс алыңдар. Ал енді көздеріңді ашсаңдар да болады.
Дәптермен жұмыс
Табиғат аясын өздеріңе ұнайтын түспен бояңдар.
Қорытындылау
Балалар, бүгінгі өзін –өзі тану сабағында кімдермен таныстық?
Біздің көмекшілеріміз – Данышпан Ата, Алпамыс, Махаббат және Ақботамен таныстық.
Жүректен жүрекке
Балалар шеңбер құрайық. Бірге ән айтайық.

Көк аспанда күн күлсін!
Бірге күлсін бүлдіршін.
Көк аспанда Күн күлсін,
Жерге ұдайы нұр құйсын!
Бекітемін :
Оқу ісінің меңгерушісі
_________ Қ.Төлегенова
«08.09.10.11.12» «09» 2015ж.
1-сынып « Өзін – өзі тану»
2-сабақ Шаттыққа толы жүрекпен
Сабақтың мақсаты: балалардың өзін – өзі тануына, адамгершілік
құндылықтарын үйренуіне ықпал ету,
Сабақтың міндеттері: - «өзін – өзі тану» пәні туралы түсінік беру;
- өзіне деген сенімділігін арттыру;
- өзін және бірін-бірі сыйлауға тәрбиелеу;
Көрнекі құралдар: үнтаспа, сюжетті суреттер.
Шаттық шеңбері
Балалар, бәріміз бірге шаттық шеңберін құрайық.
Балалар, сендерді көргеніме қуаныштымын. Бір – бірімізбен күлімдеп сәлемдесейік. Балалар үнтаспаға қосылып, ән шырқайды.
Әнші балапан
Білім, ғылым, өнерге,
Қанат қағар кездерің.
Ата салтын ертеңге
Жеткізетін өздерің
Жеткізетін өздерің!
Қайырмасы:
Әнші,биші,әнші балапан
Әнші, жыршы, күйші балапан.
Әнші, биші, әнші балапан,
Әнші,жыршы, күйші балапан.
Дәйексөз
Тақтаға «өмірді тану – өзіңді танудан басталады» деп жазып қойып, балалардың «өзін-өзі тану» пәнін үйренуге қызығушылықтарын арттыру мақсатында халық даналығының мәнін түсіндіру.
Халық даналығында «Өмірді тану – өзіңді танудан басталады» деп өте орынды айтылған. Себебі, өзіңді адамдармен, қоршаған ортамен, қарым-қатынаста тани аласың. Ал, адамдарды, қоршаған ортаны, қоғамды және олардағы құбылыстар мен әрекеттерді білу – өмірді тану дегенді білдіреді.
Жаңа ақпарат
«үйренерім көп менің» деген тақырыпта оқушыларға жаңа ақпарат беріледі. Мұғалім оқулықтағы «Үйренерім көп менің» тақырыбында берілген суреттерге оқушылардың назарын аударады. Онда «білім», «денсаулық», «қамқорлық», «әдептілік» құндылықтарын бейнелейтін суреттер берілген. Әр бір құндылықтарға тоқталып, түсінік беру.
Жағдаятты шешу.
Сюжетті суреттер:
Анасы шаңсорғышпен едендегі кілемді тазалап жатыр, Айжан теледидар көріп отыр.
Немересі киіне бастаған атасына бас киімін, таяғын беріп тұр.
Осы сюжетті суреттер бойынша мынадай сұрақтар қойылады:
Суреттердегі балалардың орнында өздерің болсаңдар, қандай әрекет жасар едіңдер?
Дәптермен жұмыс
Балалар, дәптерде бейнеленген « өзін – өзі тану елінің» суретін бояңдар.
Қорытындылау
Балалар, бүгінгі өзін – өзі тану сабағында адам бойындағы қандай құндылықтармен таныстық?
Достық, білім,әдептілік, табиғатқа қамқорлық құндылықтарымен, сыйластық, сыпайылық қасиеттерімен таныстық. Достық көмек, өзара сыйластық, денсаулық, қамқорлық, құрмет құндылықтарымен таныстық. Адам болып қалыптасуымыз үшін оқу мен білімнің қажеттілігін түсіндік.
Жүректен жүрекке
Бұл балалар «Алтын сақа» - әрбір баланың арман - тілегінің орындалуына, бір – бірімен достасып ойнауына көмектеседі. Қазір осы «алтын сақаны» қолымызға ұстап тұрып, бір – бірімізге жақсы тілектер айтайық. Шеңбер бойында балалар асықты бір – біріне бере отырып, тілек (Ашық аспан, қуанышты күн, Мықты денсаулық, Жақсы достар тілеймін) айтады. Оқушылар мұғаліммен бірге шеңберде тұрып, «Ризашылық» әнін айтады.
Ризашылық әні
Ризамыз бүгінге,
Ризамыз бүгінге,
Ризамыз бүгінге.
Ризамыз қазірге!
Ризамын , ризамын , ризамын бүгінге!
Ризамын , ризамын , ризамын қазірге!