?аза?станда?ы ?лт-азатты? ?оз?алыстар революция?а дейінгі зерттеушілерді? е?бектерінде та?ырыбында ма?ала


Қазақстандағы ұлт-азаттық қозғалыстар революцияға дейінгі зерттеушілердің еңбектерінде
Жоңғар жаулап алушыларымен ұзаққа созылған соғыстан кейін қазақтар Ресей мен ортаазиялық хандықтардың отарлау саясатына қарсы екі ғасырдан астам уақыт бойы ұлт-азаттық күрес жүргізуге мәжбүр болды. Қазақтардың патшалық Ресейдің отарлау саясатымен күресі ең ұзақ болды. Ресей тарапынан отарлау жерлерді тартып алу, қазақтардың жерінде бекіністер салу, қалыптасқан әкімшілік-басқарушылық жүйені жою, елді бөліктерге бөліп, оларды Қазақстанның территориясынан тыс жердегі әр түрлі генерал-губернаторлыққа бағындыру, тікелей және жанама салықтардың көбеюі, Қазақстан халқы мен табиғи байлықты тонау түрінде жүрді.
1916 жылы В.И. Ленин: «Ұлттық көтеріліс «отанды қорғаумен» тең. Біраз ойланып қарасақ, оның дәл солай екеніне әркімнің көзі жетеді, яғни әрбір «көтеріліске шыққан ұлт» басқыншылық жасаушы ұлттан өзін, өзінің тілі мен өз отанын қорғайды.
Әрбір ұлттық қанаушылық халықтың тойтарыс беруіне әкеледі, ал қаналушы халықтың тойтарыс беру тенденциясы ұлттық көтеріліс болып табылады» [1, 280-281беттер].
ХVІІІ ғасырдың соңғы ширегіндегі Қазақстандағы маңызды таптық қозғалыстардың бірі батыр Сырым Датов бастаған көтеріліс (1783-1797) болды.
Революцияға дейінгі Ресей ғылымында бұл қозғалыстың тарихнамасы өте мардымсыз. Сырым Датов бастаған көтерілістің негізгі кезеңдері Қазақстанның төңкеріске дейінгі көрнекті тарихшы-зерттеушісі А.И. Левшиннің «Қырғыз-қайсақ немесе қырғыз-қайсақ ордалары мен далаларын суреттеу» еңбегінде баяндалған [2].
А.И. Левшин (1797-1879) Сырым батырды «қырғыз-қазақ халқындағы маңызды түбегейлі өзгерістердің» құралы [2, 260бет] және шекаралық қамалдарға қарақшылық шабуылдарды ұйымдастырушы ретінде қарастырады. Ол С. Датұлы бастаған Кіші жүз қазақтарының қозғалысының себептерін көрсетпейді. Ресей әскерінің қазақ даласына жорығын «қарақшылыққа» жауап ретінде түсіндіреді: «... 1785 жылы қазақ даласына Ресейден зауральские екі жасақ жіберілді. Біріншісі 2760 адамнан құралған және Орынбордан Ембінің бастауына жіберілді, ал екіншісі 1250 адамнан тұрып, Оралдан сол өзеннің сағасына жіберілді. Қалың қар әскерге кедергі болды... Дегенмен бұл жорық мүлдем пайдасыз болмады. Осыған дейін тұтқынға алынған ресейліктерді қайтарып алу үшін 213 әйелдер мен балалар тұтқынға алынды (1784 жылы Кіші жүз қазақтары 176 орысты алып кеткен болатын)» [2, 260бет]. А.И. Левшиннің пікірі бойынша, қазақтардың шабуыл жасауына «барлық тыйым салынуларға қарамастан оралдық жазықтарға шабуыл жасап, өз жауларын ойрандатып тұрған башқұрттарды айтпағанда, шекаралық ресейліктердің жиі зәбір көрсетуі мен қысым жасауы мәжбүр етті. Шынымен де көптеген шабуылдар кек қайтарудың жемісі болды» [2, 261-262беттер].
А.И. Левшин 1784 жылы 2 мамырда Екатеринаның жарлығы бойынша Орынборда ашылған шекаралық сот пен оның құрамын қарастырады; 1786 жылы Нұраланың хандық биліктен шеттеліп, Уфаға жер аударылуы және Оралда оның інісі Айшуақтың ұсталуы; сол кезде қарақалпақтарды басқарған Әбілқайырдың үлкен ұлы Ералы сұлтанның Сырымға қарсы жорығы: «сол жорықта: халық жиналысының өкілі (Сырым өзін осылай атаған) оның тұтқыны болды» [2, 261 бет]. Сырым тұтқыннан босатылды.
1790 жылы Нұралы Уфада қайтыс болады. Нұралының өлімі жайлы естігеннен кейін II Екатерина 1791 жылы 29 қаңтарда «Ералыны оның мирасқоры деп атап, ешқандай таныстуруды күтпестен оған Кіші жүздің ханы атағынаграмотаны жіберуді бұйырады» [2, 273бет].
1792 жылы жылы Сырым «салтанатты түрде Ресейге соғыс жариялады» [2, 275бет]. Сырымның жетекшілігімен қазақтар Елек қалашығына, Калмыкская бекінісіне және Илецский сызығының басқа да елді мекендеріне шабуыл жасады. Ералы хан толқуларды тоқтата алмады. Ол 1794 жылы маусымда Кіші жүзде үш жыл билік еткеннен кейін қайтыс болады.
А.И. Левшин 1797 жылы Сырым батыр Красноярская бекінісінің түбінде Есімге шабуыл жасағандығы туралы мәлімет береді: «жауыздықпен оны өлтіріп, оған тиесілі барлық мүлікті тонады. ...бұл ержүрек қаскүнем Ресейге жасаған барлық әрекеттері үшін жазадан қашып кетті» [2, 277бет]
А.И. Левшин ресми үкіметтік тарихнаманың жақтаушысы ретінде Ресейдің отарларда жүргізген саясатын Ресейлік патшалық билік тұрғысынан баяндады, ал қазақтардың үкімет әскерімен жүргізген әскери күрестерін екіжақты шекаралық барымта деңгейінде қарастырады. Алайда А.И. Левшин көтерілістің әлеуметтік-экономикалық себептерін және Сырымның Нұралы ханға оппозиция құруын хандық дәрежені көре алмаушылықпен түсіндіріп, оның шынайы себептерін де ашып көрсетпейді.
Ресейдің экспансиялық саясаты мен оған қарсы болған Қазақстан мен Орта Азия территорияларындағы ұлт-азаттық көтеріліс мәселесі тұңғыш рет жүйелі түрде М.А. Терентьевтің «Орта Азияны жаулап алу тарихы» деп аталатын еңбегінде қарастырылды [3, 31бет]. XVIII ғ. 90-шы жылдарында 30-40 жыл өткеннен кейін Левшин сияқты көптеген орыс авторлары қазақ еңбекшілерінің патша әскерлерімен қақтығысын суреттеуде оларды бұзақы топтар ретінде көрсетіп, көтерілісшілердің жетекшісі Сырым Датовты барып тұрған «қатыгез» деп атауының себебі осы жерден түсінікті [3, 31бет]. «Қырғыз-қайсақтар туралы қысқаша суреттеменің» авторы бір орыс чиновнигінің қырғыздар әр түрлі бекіністерден 116 ресей азаматтарын және жылқылар мен ірі-қара малдың көп мөлшерін басып алғандығы туралы айтқанын жазды. Сырымды қудалау үшін қазақ далаларына орыс әскерлерін жіберу тыныштық орната алмады, өйткені ханға қарсы топтар оны жақтаушылар мен сол жердегі шекаралық басшыларға да ашық қарсы шықты [3, 31бет].
XIX ғасырдың екінші жартысында Николай Акимович Середа (1840-1915 жж. 20 тамыз) 1866 жылдан 1918 жылға дейін ай сайын шығарылатын «Европа хабаршысы» журналының үш бөлімінде «Қырғыз сұлтаны Кенесары Қасымовтың бүлігі. (1838-1847 жж.)» атты еңбекті жазды. Бірінші бөлімде Кенесары Қасымұлының көтерілісіне дейінгі сұлтан Қайып Галиев, Жоламан мен Исатай бастаған толқулар қарастырылған. Н.А. Середа көтерілісшілердің үгіт қағазын келтірді, Кенесарының саясатын ашты, оның Ресейден бөлініп, Қоқан хандығын бағындыру үшін Бұхар хандығымен жақындасу ұмтылысын көрсетті [2, 281бет]. Жұмыстың екінші бөлімінде сібір ведомствосының даласындағы тәртіпсіздік жағдайларының қайта толқуы, ішкі аймақтағы тәртіпсіздіктер: челябинсктегі бүлік пен Ресейдің Кенесарымен саясатының өзгеруі және басқа мәселелер қарастырылған [3, 281бет]. Еңбектің үшінші бөлімінде 1843-1845 жылдарды қамтыған оқиғалар баяндалады: 1843 жылғы күзгі экспедиция және оның салдары.
Ш. Уалиханов патша өкіметінің отарлық саясатына қарсы ұлт-азаттық көтерілістерге назар аударды. Хан атағын жою, елді округтерге бөлу және қазақ даласын басқару үшін сібір мекемесін енгізу дүрбелеңсіз өтпеді. 1825 жылы Қасым сұлтан, одан кейін оның балалары Санжар мен Кенесары наразылық білдірушілерді бастап бүлік бастап, 1846 жылға дейін қарумен тоқтатылған тынышсыздық туғызды [1, 281бет]. Қасым сұлтан мен оның ұлы Санжар бастаған қазақтардың көтерілісі Қазақстанды отарлау, сыртқы округтерді ашу және Қарқаралы (1824 ж. 24 шілде), Көкшетау (1824 ж. 17 қыркүйек), Баянауыл (1826 ж.) жарлықтары мен бекініс салудан туындады.
Көтерілісшілер үкімет әскеріне қарулы қарсылық көрсетті, бірақ күштері тең болмағандықтан қарсылықтың әлсіз түрі шоғырланған жерін ауыстыруды жиі пайдаланды. Кенесары Қасымұлы патша өкіметіне жазғандай, жаңа орында да оларға тыныштық бермеді: «1825-1840 жылдар аралығында жазалау отрядтары біздің ауылға 15 тонаушылыққа ұшыратты. Сондықтан біз, қазақтар, қысымшылыққа, тонау мен өлімге шыдамай, белгісіз бағытта қоныс ауыстыруға мәжбүр болдық. Дегенмен онда да олар бізге маза бермеді. Сондықтан мен, Кенесары Қасымұлы, қаруланып, ұлы күресті бастап қарсы шықтым» [4, 277бет].
1869 ж. көтерілістің тарихын алғаш рет жүйелі түде баяндаған тарихшы Н.А.Середа болды. Н.А.Середа дворяндық-буржуазиялық тарихнама өкілі болғанымен де кейбір кереғар теориялық тұжырымдаманың болуына қарамастан, оның еңбектері деректік материалдарға байлығымен құнды болып табылады. Середаның «Из истории волнений в Оренбургском крае» атты мақаласы қазақ халқының 1869-1870 жылдардағы ерлік көрсеткен көтерілісіне арналған. Н.А.Середа көтеріліс туралы: «...басында барымташылар партиясы қалыптасады, кейіннен саны жағынан біршама, жақсы қаруланған, әрқайсысының басында өзінің көсемі мен басшысы бар топтарға бөлінеді. ...бұл топтар өзара байланыс орнатып қана қоймай, толқу байқалған жерлердің бәріне, тіпті Үстіртте көшіп-қонып жүрген қазақтарға шабарман жіберу арқылы бірдей қимылдауға келіскен сыңайлары да байқалады», - деп атап көрсетті [3, 32бет].
Ресейдегі дворяндық-буржуазиялық тарихтың өкілі ретінде ол көтерілістің шығу себебіне қазақтарды басқарып отырған әкімшілікті айыптап, оның басқаруды жүргізу тәсілін, қазақтардың рухани істерінің Орынбор мүфтиятынынан алынып, Ішкі істер министрлігіне берілгендігін сынға алды. Орынбор қазақтарының толқуларының шығу себебіне ерекше мән беріп, өзінше сараптаған автор: «ордалықтардың өздеріне мүлдем беймәлім, жаңа тәртіптерді қабылдауға дайын еместігін», сонымен қатар «жартылай жабайы халықтың өміріне реформаны енгізудегі әкімшіліктің қателігін атап көрсетті. Келесі кезекте, толқулардың тууына «пайдаларын түсіне алмаған халықтың надандығының» себепші болғандығын айтады [3, 33бет]. Бұдан автордың халықшылдық көзқарастары қылаң беріп қалады.
Ресей тарихшылары бұл көтерілістің басқа ортаазиялық аудандармен тығыз байланыста болғандығын атап көрсетті. Терентьевтің айтуынша, 1869 жылы ерте көктемде «Ережені» қабылдамаған қазақтардың атынан Әзберген Мұңайтпасов би, Ханғали Арысланов сұлтан және тағы басқа 20 адамнан тұратын делегация Хиуаға келеді. Олар қазақтардың жаңа ережені қабылдаудан бас тартып, орыс үкіметіне қарсы көтеріліске шығатындығын хабарлайды. Бірнеше мың әскермен Хиуа ханын дала бекіністерін басып алуға шақырады. Үш жылға зекет салығынан босатылған жағдайда, Хиуаның қол астына қарайтындықтарын да білдіреді. Делегация ханды өз жағына тарту үшін 20 түйе, 20 ақ киізді сыйға тартады. Хан өз кезегінде қазақтарға шапан, арғымақтар, қылыштар сыйлайды. 1867 жылы енгізілген «Жаңа Ережеден» қашқан 10 мыңдай түтін Сырдария қазақтары өз еркімен Хиуаның билігін мойындаған болатын. Осындай табыстарға қанағаттанған Хиуа ханы Сеид-Мұхамед қазақ жеріне әскер жіберуге келісімін береді. Нәтижесінде, 1869 жылы наурыз айының бірінші жартысында 3 мың адамнан тұратын, төрт зеңбірек пен екі айға жететін азығы бар отряд Хиуа иеліктерінен Орынбор өлкесіне аттанып кетті. Қазақтар тарапынан күшті қолдау таппаған хиуа әскері мамыр айының ортасынан бастап, кейін құрылып қайта бастайды. Осылайша, 1869 жылғы Хиуа отряды жорығы сәтсіз аяқталды [3, 33бет]. В.Поттоның айтуынша, хиуалықтардың жорығының сәтсіз аяқталуына Үлкен Борсық құмдары маңын мекендейтін күшті ру-шектілердің патша үкіметіне сақтаған адал қызметі көп септігін тигізген көрінеді [3, 33бет].
Бұл көтеріліске Түркістан әкімшілігінің бірқатар қайраткерлерінің еңбектері арналды. Олардың бірі А.К.Гейнс болды. 1865 жылы 2 ақпанда Әскери министрлігінің бас қосқан комитетінің мәжілісінде стас-кеңесші Гирстің төрағалығымен «Ерекше комиссия» құрылды. Бұл комиссияға қазақ жерінде әкімшілік, сот және т.б. салаларда реформалар жүргізу мүмкіндігін анықтау жүктелді. 1865 жылы комиссияның құрамында болған А.К.Гейнстің күнделік зерттеулері көтеріліс қарсаңында Орынбор өлкесіндегі қазақтардың жағдайымен, олардың географиялық орналасуы мен көшіп-қону мәселесімен толығырақ танысуға мүмкіндік береді. А.К.Гейнс көшпенді шаруашылық жүйесін ғылыми тұрғыда зерттеу жалпы Қазан төңкерісіне дейін бірінші рет мәселе етіп көтеріп, ұлт-азаттық көтерілісін түсінуге бағыт сілтеді. Ол отаршылдық үкіметтің мүддесін білдіретін көзқарастарды ұстанды. Комиссия құрамында жүріп ол Орынбор өлкесін орыстандырудың бірден-бір жолы – «қазақ-орыс колонияларын көбейту керек» десе, кейін 1887 жылы қазақтарды басқарудың басында тұрған кезінде бұған күмәнданушылығын да жасырмады [3, 33бет].
Төңкеріске дейінгі орыс ғалымдары Орал, Торғай облысындағы қазақтардың көтерілісінің салыстырмалы түрде алғанда осыншама қысқа мерзімде тез аяқталуының объективті және субъективті себептерін көрсетті. Бірінші аталған себептерге тоқталатын болсақ, көтерілісті талқандаудың стратегиялық жоспарының «сәтті» ойластыруында еді. Әкімшілік, әскери істердің бір адамның қолында шоғырлануының төтенше, шұғыл шараларды тез арада қолданып, жүзеге асыруға жағдай жасады. Ресей әскери құрамаларының қатарында тұрақты үйретілген армия болды, көтерілісшілерге қарсы алдыңғы қатарлы жамыған қару-жарақ түрлерінің пайдаланғандығын айтатын болсақ, оларға қарсы бас көтерген қазақтарда оынң бірі де жоқ болатын. 1865 жылы қазақ даласын зерттеу мақсатында жіберілген комиссия құрамында болған Бас штабтың поковнигі А.К.Гейнстің көрсетуінше, патша үкіметі Қазақстанда оқ-дәрімен атылатын қаруыдың таратылуын шектеп отырған Сонымен қатар, әскери өнердегі шеп түзеп соғысу, қару-жарақты біркелкі пайдалану сияқты қарсылас жауларына тән дағдыларды қазақтар меңгерген жоқ. Алайда олардың өздеріне тән далалық соғыс жүргізу әдісі болғанымен, сонау бүкіл «Еуропаның жандармы» аталынған Ресейді жеңу мүмкін емес болатын. Көтерілістің тез арада жеңіліске ұшырауына, оларға қарсы ең ауыр жаза – малдарды тартып алып тәркілеу жазасының қолдануы болды. Көтерілісшілерді жазалаудың басты шарасы олардың негізгі тіршілік көзінен айыруы, көтерілісті өзінің экономикалық тірегінен қол үздірді. Енді субъективтік себептерге төңкеріске дейінгі ғалымдар мыналарды жатқызды: отаршылдық үкіметтің шенеуніктері өз мақсаттарына ұтымды пайдаланған көтерілісшілердің арасында қобалжу тудырып отырған алып-қашпа хабарлардың таралуы, халық ішінде беделді, сөзі өтімді қазақтарға шен-шекпен, түрлі сыйлықтар үлестіру арқылы алдап-арбау саясаты, көтерілісшілердіңқимылы мен әскерді басқарудың бір жерден, орталықтан ұйымдасқан формасының болмауы, көтерілісті басқаратын алып тұлғанын болмауы [3, 33-34беттер].
П. Юдин мен В. Поттоның зерттеулерінде 1870 жылы Маңғышлақ түбегіндегі қазақтардың көтерілістері қарастырылған [1, 284бет].
А.И. Герцен (1812 ж. 6 сәуір – 1870 ж. 9 қаңтар) алғашында Лондонда, содан Женевада шығарылған өзінің атақты газетінде «Колокол» (1857 ж. 22 маусым – 1867 ж.) Есет Көтібарұлының қозғалысын басу туралы жазды [1, 284бет].
Орыс авторлары еңбектерінде қазақтардың көптеген көтерілістерінің себептерін әр түрлі біріктіруге қарамастан, оларды шартты түрде ең көп таралған үш пікірге бөлуге болады: билік пен қоныс үшін руаралық күрес, сұлтандар мен ру старшиндарының жеке ұмтылыстары және осылардың арасында ең объективтісі, - Кіші және Ұлы жүздің ішкі істеріне Орынбор және Сібір әкімшілігінің араласуына, сонымен қатар даладағы казак ізденістеріне деген наразылық.
Әр түрлі дәрежедегі келтірілген пікірлерді салыстыру, біріншіден, Қазақстанды зерттеудің жалпы дәрежесіне байланысты революцияға дейінгі кезеңдегі әдебиеттерде қазақтардың ұлт-азаттық көтерілісінің зерттелуінің әлсіздігін, екіншіден, оны зерттеудің әскери-саяси бағыты ғылыми-тарихи бағыттан үстем болуын көрсетті. Халықаралық оқиғалардың қысымынан Азияға мақсатты түрде қозғалу қажеттігін түсіне отырып, Ресейдің өзі метрополия ретінде қалыптасу процесін өтіп жатты.
Бұл жағдай қазақтардың қарсыласы тақырыбына объективті қарау, саяси проблемаға шынайы қарауды талап етеді. Қазақтардың ұзақ қарсыласуы Орта Азияда орыс отарлауының алға басуын ұзаққа тоқтатты.
Жекелеген қарсылық қозғалысы арасындағы байланыс пен жалғастырушылық мәселесі Қазақстандағы ұзаққа созылған қарсылықты біртұтас тарихи процесс ретінде зерттеудегі әдістемелік маңызды мәселе. Ресей авторлары бұл сұраққа баса назар аудармады. XVIII ғасырдың соңғы жартысы - XIX ғ. 70-жылдарындағы қазақ халқының ұлт-азаттық көтерілісінің толық көрінісі революцияға дейінгі тарихнамада қалыптаспады. Бір-біріне объективті тартылған элеметтерден: стихиялық, отаршыл әкімшілік орнатқан шекараларды жаппай бұзу; орыс патшасы тағайындаған емес, далада сайланған хан билігі үшін күрес; әкімшілік реформаларына қарулы күрестен тұратын бүкіл процесс біртұтас ұлт-азаттық қозғалыс ретінде зерттеліп, мағынасы толық ашылған жоқ. Сыртқы және ішкі себептердің күрделі жиынтығы зерттелінбеді.
ХІХ ғасыр еңбектерінде қазақтардың қарулы көтерілістері толқулар және бүліктер деп аталды және де бұл сол кез үшін дұрыс пікір болды. Барлық күрестер орыс билігіне қарсы бағытталды деп есептелмеді. Сол заманда осы мәселелерді зерделеу қиын болды, өйткені оған теориялық көзқарас пен патшалық Ресейдің идеологиялық мақсаты өз ықпалын тигізді.
Революцияға дейінгі еңбектердегі пікірлер, бағалаулар, мәліметтерді салыстыру, оларда қойылған мәселелерді маңызы бойынша талдау қиын, себебі бұл еңбектер Қазақстандағы ұлт-азаттық қозғалыстарды зерттеуге бастама болды.
Қазақ халқы бұл әдебиеттерде тарихи процестің субъектісі ретінде емес, отарлау саясатының объектісі ретінде қарастырылды.
Осыған қарамастан, революцияға дейінгі еңбектердің маңызы зор, олар көптеген дәйекті материалдарды айналымға енгізді.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
Игибаев С. К. Историография истории Казахстана : учебник / С. К. игибаев. – Алматы, 2013. - 358 бет.
Левшин А. И. Описание киргиз-казачьих или киргиз-кайсацких, орд и степей / А. И. Левшин. – Алматы : Санат, 1996. – 260 с.
Сүтеева Қ. А. Қазан төңкерісіне дейінгі орыс тарихнамасы XVIII ғ. екінші жартысы мен XIX ғ. қазақ халқының ұлт-азаттық күресінің кейбір мәселелері туралы / Қ. А. Сүтеева // Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Хабаршысы. Тарих сериясы. – 2002. - №2. – 30-34 бет.
История Казахской ССР с древнейших времен до наших дней. – 2-изд., испр. и доп. – Алма-Ата, 1949. – Т.1. – 277 с.