«Са?ынды?, а?а, ?ні?ді!» ?аза?стан Республикасы к?ніне орай, Ш?мші ?алдыая?овты? мерейтойына арнал?ан кеш сценарийі.


«Сағындық, аға, әніңді!»
Қазақстан Республикасы күніне орай, Шәмші Қалдыаяқовтың мерейтойына арналған кеш сценарийі.
Кеш жарық, өнер сүйер қауым! Егеменді еліміз –Қазақстан Республикасының туған күні құтты болсын!
Осындай жарқын мереке қарсаңында сіздерге қазақтың біртуар талант иесі, қастерлі ұлдарының бірі- Шәмші Қалдыаяқовтың өмірі мен шығармашылығынан концерт беруді ұйғардық. Себебі үстіміздегі жылы Шәмші аға 75 жасқа толып отыр. Ендеше салтанатты ән мерекесіне қош келдіңіздер!
Ән- «Шәмшіге арнау» ( Мырзахметов Мадияр)
Қайран Шәмші! Тамылжыған тамаша әндеріңмен қаншама тыңдарманның жүрегінен орын тептің?! Аяулы ана, асыл жар, мөлдір махаббат, шынайы бақыт туралы тамаша әндер жазып, өзі елеусіздеу тірлік кешкен қазақтың асыл ұлдарының бірі – биыл 75 жаста.
Ән әлемінің падишасы атанған бірегей талант иесі қазақ тыңдарманына қаншама тамаша әндер сыйлады. Шәмші әндерін білмейтін қазақ кем де, кем. Шәмші әндерін білмейтін қазақты қазақ деп керегі не?!
Қазақ совет музыкасындағы анаға арнап ең алғаш боп ән жазғандардың бірі – Шәмші аға. «Ана туралы жырды» біз мектеп партасынан жаттап өстік.Осы бір тамаша әннің дүниеге келу тарихын тыңдап өтейік.
... Шәмшінің композиторлық атағы ел аралап кеткенде, оның ғазиз анасы кенетен айықпастай дертке тап болады. Өзінің бұл дүниелік емес екендігін сезген қайран ана баласын шақыртады.
-Балам, - дейді кіреуке тартқан көздеріне жас үйірілген ана. Бұл өмірден жас кеттім, арманда кеттім демеймін. Жазмыш маған келіннің қызығын көруді, немере сүюді жазбапты. Тағдыр солай да, қайтейін. Бар тілеуім тек сен аман бол. Бұл өмірде салған әнің, айтылмай жатып , үзілмесін, әнің ұзаққа кетсін. Батыл бол, балам! Анасының ақтық лебізін естігенде ғана, Шәмші өзінің отызға тақап қалғанын, әлі үйленбегенін, анасына еш қызық көрсете алмағанын ойлап егіледі. Анасы оған бар әлемнің жарығын сыйлапты, даланың бар гүлін жинапты... Шәмші анасының кеудесіне басын қойып жылап жібереді.
- Апа, қарыздармын саған. Сенің басыңа мавзолей орнату қолымнан келе қоймас, бірақ саған әннің ең сұлуынан, ең нәзігінен ескерткіш қалдырамын. Бұл 1957 жыл болатын. Анасына берген уәдесін Шәмші 1961 жылы орындады. Бұл ән- ана алдында ешқашан борышты өтелмейтін баланың көз жасы еді. Бұл барлық аналарға арналған гимн болатын.
Қазір бұл әнді білмейтіндер жоқ. Тіпті татар, башқұрт ағайындарға да төл әні болып кетті. Монғолиядағы қазақ мектебінің оқушылары гимннен кейін осы әнді орындайтын көрінеді. Ендеше тамаша әнге тағы бір құлақ түрейікші. Ғафу Қайырбековтың сөзіне жазылған
« Ана туралы жыр». Қабыл алыңыздар!
Ән – «Ана туралы жыр» (Еспосенова Гүлжан )
Шәмші жазған тамаша әндердің бірі – «Бәрінен де сен сұлу» әні. Бұл ән қарт редактор Мақсұт Майшекиннің ұсынысымен жазылған болатын. Ән ел арасына тез тарап кетеді. Шәмші бір күні консерваторияда жүрсе, Ахмет Жұбанов тоқтатып алып: «Әй ,бала, «Сен сұлудың» сөзін кім жазды?»- дейді. Шәмші сасқалақтап: «Майшекин аға –ғой»- дейді.
Соқ өтірікті. Оның авторы басқа адам. Ол ұрлық ән. Әйтсе де әнің жақсы екен- деп кетіп қалады. Осы ой көп мазалаған Шәмші Майшекинге телефон шалып:
Аға, біздің әннің авторы кім?- деп сұрайды.
Мұндай әңгімені телефонмен айтпайды. Үйге кел.
Үйге келгесін Майшекин есік – терезені жауып алып, Шәмшіге төніп:
Өлеңнің авторы Мағжан Жұмабаев. Білуші ме едің ондай кісіні?
Мағжан атылған жылы жеті жастағы Шәмші оны қайдан білсін.
37- ші жылы халық жауы болып ұсталып кеткен. Шын ақын. Біз ол кісінің өлеңін оқып өстік. Мағжанның әр сөзі алтын секілді еді ғой. Сәбит Мұқановтың өзі «Абай- ақылдың ақыны, Мағжан- ақынның ақыны» - деген болатын. Сондай адамның бір өлеңін тірілтіп, ұрпаққа тастап кеткенімді, ұрлық емес, ерлік деп есептеймін.
Өлеңнің жалған авторы Майшекин Мағжанның ақталатын күніне жеткен жоқ. Әйтсе де, осы бір тамаша әнді қазір біз салып жүрміз.
Ән – «Бәрінен де сен сұлу» (Қонқашева Жангүл)
Бірде Шәмші достарына:
Жер бетінде қандай ауру жақсы білесіңдер ме? – деп сұрапты.
Сонда достары:
Қойшы, аурудың жақсысы бола ма? – десе керек.
Ең жақсы ауру- жүрек ауруы. Көп қиналмай, ешкімге масыл болмай кетесің. Сонда кейінгісі – қотыр.
Жүрек жөнінде дұрыс делік, ал қотырыңа жол болсын. Оның несі жақсы?
Қотырды қасыған сайын рахаттанасың, сонысы жақсы. Шәмші қарқылдап күліп алып:
Кентауда бір інім бар. Соған жүрегім туралы көп шағымдансам керек. Сонда інім:
Шәке, білемісің? Жүрек ауруымен тек жүрегі барлар ғана ауырады- деп басу айтқан.
Ал, біз Шәмшінің сол інісінің сөзіне: «Үлкен жүректі адамдар ғана осындай тамаша әндер жазған болар еді» - деп қосар едік. Шәмшінің үлкен жүрегінен шыққан тағы бір тамаша әнді қабыл алыңыздар.
Ән – «Тамды аруы» (Қайырқұлова Шынар)
Шыға келсең алдымнан күліп тағы,
Атпас па еді алдымнан үміт таңы.
Тамылжыған сыры мол айлы түнді,
Сүйген жүрек қалайша ұмытады.
Алыстасың аяулым, аңсағаным,
Сағынышпен жабырқап ән саламын.
Көңілімнің күні боп күлсең сәулем,
Гүлі болып көктемнің қарсы аламын.
Келесі кезекте балғын әншілеріміздің орындауында Шәмші ағаның махаббат жайлы әндерінен попури ұсынамыз. Қабыл алыңыздар!
Ән – Попури (Толыбаева Гүлдария, Тасқалиева Гүлсезім, Нұртазина Әсел)
Шәмшінің қыздарға арналған әндері де баршылық. «Шынарым», «Тамды аруы», «Қара көз», «Жақсыгүл», «Дәрігер қыз», «Сырлы сұлуы»... толып жатыр. Қазіргі таңда қазақ поп музыкасының танымал шлягеріне айналған, қазақ жастарының сүйікті әндерінің бірі – «Дүнген қыз» әнін қабыл алыңыздар.
Ән – «Дүнген қыз» (Мырзахметов Данияр)
Қазақ ат қоюға әуелден шебер халық. Шәмшіге дәп басып қойған аттарының бірі- «Қазақ вальсінің королі». Көзі тірісінде көре алмаған құрметке ол өлгеннен кейін ие болды. Ол құрметті халқы көрсетті, ол құрметті халқы берді.
Бір сырласу кешінде Шәмшіден достары : «Кейбіреулердің атағы өлгеннен кейін шығады, неге олай ?» - деп сұраса, Шәмші: «Тірі кезінде мақтаса, тым талтаңдап кетеді. Сондықтан жұрт ондайларды өлгеннен кейін мақтайды» - депті. Шәмші бұл сөздерді көрегендігінен емес, өмір көргендігінен айтқан болатын. Ақ иық ақын Мұқағали: «Ән әлемінің падишасы – Шәмші секілді ардақты ұлдардың қадірін кеш ұқтық. Әйтсе де ештен кеш жақсы» - деген екен. Бүгінде сазгер ағаның әуенін халқы сүйеді, оған жастар құштар. Сахнада – вальс. Қарсы алыңыздар!
( Вальс – 6 класс оқушылары )
«Шәмші ән туралы мынадай әңгімені жиі айтушы еді» - дейді достары. «Ән туралы мынадай аңыз бар. Ән құс болып ұшып, қазақ даласын шарлап жүрсе керек. Сөйтіп жүргенде ол қоңыраттарға қонып өтіп, арғындарға барып түнейді. Сондықтан қоңыраттар әнді қоңырлата, баяулата айтса, арғындар шырқап, шарықтатып әкетеді. Ән айтуға келгенде грузиндерден өтерлік ешкім жоқ. Қазақтар әнді әрі кеткенде екі дауыста айтса, 100 грузин жиналып, 100 дауыста айтады ғой, шіркін! Менің бір әнімді грузиндер шырқағанын естісем, арманым болмас еді». Келесі кезекте қос әншіміз Шәмші әнін қос дауыста орындайды. Қабыл алыңыздар!
Ән – «Әнім сен едің» ( Аралбаева Ақтолқын, Орынғалиева Сәуле )
Сазгердің «Шынарым» деп аталатын жақсы әні бар. Бұл ән Ахмет Жұбановтың қызы Ғазизаға арналған болатын. Ақаң секілді дүниеге бір рет келетін адамның талшыбықтай бұралған қызын көргенде Шәмші қайран қалыпты... Бұл – өнерпаз қазақ қызына деген үлкен құрмет болатын. Сол «Шынарымды» бір тыңдап көрейікші.
Ән – «Шынарым» ( Хамиев Өркен )
Біраз жұрт Шәмшіні композитор ретінде біледі. Ал, оның қандай ақын екендігі көпшілікке беймәлім. Шәмші ағаның қандай ақын екендігін келесі әннен ұғасыздар. Әнін де, сөзін де өзі жазған тамаша туындылардың бірін назарларыңызға ұсынамыз.
Ән – «Құшақ жайған қандай адам» ( Нұртаева Самал )
Шәмші Қалдыаяқовты көпшілік арнау әннің авторы деп те біледі. Шындығында қазақ даласында Шәмші әнге қоспаған өлке аз. Сыр бойы, Арыс бойы, Мойынқұм, Шәуілдір, Байқоңыр, Талдықорған, Жамбыл, Отырар... Шәмші аға біздің туған өлкеміз – Жайық өңірін де әнге бөлеген. Келесі тыңдайтындарыңыз Төлеген Айбергеновтың сөзіне жазылған «Ақ ерке – Ақ Жайық» әні. Қабыл алыңыздар!
Ән – «Ақ ерке – Ақ Жайық» ( Қойшыбаева Сара )
Сағыныштың сазы ма?
Жүрегіңнің назы ма?
Сен едің бір ерке жыр,
Сен едің бір қазына.
Асыл аға, жан аға,
Жұлдыз болып көктегі.
Әндеріңмен оралар,
Тіршіліктің көктемі.
Елге бақыт сыйладың,
Әндеріңмен, жан аға!
Құдіретіңе құрметпен
Бас иеміз, Ән аға!
Ән – «Ән аға» ( Хамиев Өркен, Тасқалиева Гүлсезім, Нұртаева Самал, Аралбаева Ақтолқын )
Бүгінгі ән кешін тамамдай келе тағы да Шәмші ағаның ән туралы пікіріне ден қойсақ:
... Ән адал жүректен туады. Асқақтата салған ән сені әлде қайда алысқа, қиян шетке, сонау төскейде көрінген шың басына жетелейді. Сол шың басында қыран отыр. Анда – санда қанатын қомдап, бар даусымен шаңқ етеді. Ол да енді қайтып қайталанбайтын ерекше бір ән ғой. Табиғат әсер етпесе, қыраннан ол ән тумас еді. Қыранның көзін шетсіз – шексіз дала ашты. Дала оның көңілін оятты, жүрегін тербеді. Қыран бүркіт секілді сұңқылдай бермейді. Ол өзінің ең ғажап, ең айбынды әнін анда – санда айтады. Ол ән дала төсін аралап ұзаққа кетеді. Естіген құлақты ерлікке шақырады. Қыран әні осы...
Осы сөздерден кейін, еске 1986 жылғы желтоқсан түседі. Сонда қазақ жастары азаттықтың туын көтеріп, Шәмшінің «Менің Қазақстаным!» әнін айтып, Алматыдағы орталық алаңға шыққан еді. Бұдан кейін Шәмші Қалдыаяқовты тек вальс жазады, әндері лирикалы болып келеді деп қалай айтарсың? Шәмшінің көзі тірісінде сол әннің гимнге айналуы неткен бақыт десеңші?!
« Менің Қазақстаным!» ( Хор )


Соңы.
БҚО
Теректі ауданы
Хамза Есенжанов атындағы орта мектеп
Аралбаева Ақтолқын Ғаббасқызы – БӨ, сызу, технология пәні мұғалімі

Сабақтың тақырыбы: Сәукеленің үлгісін жасау.
Класы: 8 «а» класы
Өткізілген күні: 14 ақпан 2009 жыл.
Мақсаты:
Білімділік: Ұлттық бас киім туралы білімдерін толықтыру.
Дамытушылық: Саусақ икемдерін жетілдіру, шеберліктерін шыңдау.
Тәрбиелік: Ұлттық өнерді қадірлеуге үйрету.
Құрал жабдықтар: Қайшы, ине- жіп, желім немесе скоч, бор т.б.
Қажет материалдар: Қызғылт түсті мата ( 25 х 25), жұқа кортон қағаз (25 х 25), бисер моншақтар, жабысқақ жылтыр қағаз, өрнекті таспа (35 см ), үкі.
Көрнекіліктер: Киім стильдерінің түрелері – слайд, Ұлттық бас киім түрлері- слайд, Қазақстан суретшілерінің суреттері – слайд, сәукеленің түрлері- слайд.
Сабақтың жоспары:
I. Ұйымдастыру бөлімі.
II. Үй тапсырмасын сұрау – Киімнің шығу тарихы.
III. Жаңа сабақ:
Теориялық бөлімі:
Киім стильдерін қайталау.
Ұлттық киім түрлері.
Аңыз әңгіме.
Ерлерге арналған бас киімдер.
Әйелдерге арналған бас киімдер.
Сәукеле түрлері мен құрылысы.
Сәукеле туралы.
Қазақстан суретшілерінің шығармаларымен танысу.
Практикалық жұмыс:
Сәукеленің үлгісін жасау.
IV. Жаңа сабақты бекіту.
V. Үйге тапсырма
Сабақтың барысы:
Үй тапсырмасын тексеру.
Оқушылар, біз өткен сабақта киімнің шығу тарихына тоқталып өткен болатынбыз. Мына тақтадағы сұрақтарға дұрыс жауап беру арқылы бүгінгі сабаққа байланысты суретті аша аламыз.
Сұрақтар:
Киім дегеніміз не? Қызметі.
Алғашқы киімдер қашан пайда болды? Сипатта.
Матаға бедер, сурет салу туралы не білесің?
Киімге ою- өрнек салу қайдан шыққан?
Үкіні не үшін кімдер таққан?
Қазақтың ұлттық киімінде қандай көшпенді халықтың киім үлгісі көбірек сақталған?
Ұлттық киім қандай шаруашылыққа байланысты дамыды?
Қазақтар европа үлгісіне қашан көшті? Толығырақ тоқталып өт.
Сонымен мына жерде сәукеленің суреті ашылды. Бүгінгі біздің сабағымыздың тақырыбы – «Сәукеленің үлгісін жасау»
Жаңа сабақты бастамас бұрын, біз тағы да киім дегеніміз не, киім үлгісінде қандай с