«?аза?станда?ы ?леуметтік-экономикалы? географияны? дамуы» ?алым Н.Н.Баранский ту?анына 135 жыл баяндама
Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық географияның дамуы
Ғалым Н.Н.Баранский туғанына 135 жыл толады
Биылғы жылғы 27-шілдеде көрнекті географ,отандық әлеуметтік және экономикалық географияның негізін қалаушы, әлемдік ғылыми ортаға танымал әрі жеке басының зор беделі бар тұлға, атақты әдіскер-ғалым Н.Н.Баранский туғанына 135 жыл толады. Ол 1881 жылы Томск қаласында дүниеге келіп,онда гимназияны бітіріп,Томск университетінде оқыған. Оның ғылыми пікірлерінің Қазақстандағы экономикалық-географиялық зерттеулерге ықпалы жайында сөз қозғасақ,осы жерде Николай Николаевичтің идея-ойларының көп мөлшерде еліміздегі аудандық жоспарлау және экономикалық аудандастыру ісіне,территориялық еңбек бөлінісі мен территориялық-өндірістік кешен негіздемелеріне,тұрғындар географиясы мен елтану салаларына және оларды дамыту мәселелеріне үлкен үлес қосқаны туралы айта кеткен орынды. Әсіресе, Қазақстан орта мектептері мен жоғары оқу орындарында «Экономикалық және әлеуметтік географияны» оқыту әдістерінің жетілдіріліп шыңдалуы кезінде Н.Н.Баранский прогрессивті педагогикалық қағидаларының негізінде жүзеге асқан және бүгінгі таңда да өз жалғасын табуда.
Николай Николаевич Баранский Мәскеуде тұрып жұмыс істесе де әр қашанда,елімізде болып жатқан жалпы географиялық зерттеулер барысына және оның аудандық тұрғыдағы зерттелу мәселелеріне,орта мектептер мен жоғары оқу орындарында географияны оқытуға зор мән беріп,оларды қадағалап отырған.Әсіресе, Николай Николаевич Қазақстандағы экономикалық және әлеуметтік географияның дамуына ерекше көңіл бөліп қамқорлық көрсетіп отырды. Біздің Республикамызға оның назарын аударған жайт,ол ел территориясының ауқымдылығы мен табиғат жағдайларының әр түрлілігіне байланысты туындайтын кең көлемді және өте маңызды географиялық тұрғыдағы шиеленісті проблемалар болатын. Әрі Баранскийдің Қазақстанға жүрегінің бұрып тұруының тағы бір себебі,Ұлы Отан соғысы кезінде ол осында, атап айтқанда Алматыда эвакуация жылдарын өткізген.
Шынтуайтқа келгенде,оның Қазақстанмен алғашқы танысуы 1936 жылдың жазында болған. Ол кезде Николай Никлаевич Оңтүстік Қазақстан облысының әкімшілік аудандарын зерттеуге және соның негізінде бүтіндей облыс пен оның жекелеген аудандарында кешенді экономикалық-географиялық сипаттама жасауға құрылған экспедицияның құрамында болды. Жұмыс өте қысқа мерзімде орындалды әрі Оңтүстік Қазақстан облыстық атқару комитетінде бірауыздан мақұлданды. Ол өз кезегінде,осы облыстың халық шаруашылығын дамытуды жоспарлауда маңызды рөл атқарды. Ғылыми-әдістемелік жағынан шағын территорияларға кешенді эономикалық-географиялық сараптамалық талдау жасаудағы және оларды аудандастырудағы жүргізілген алғашқы тәжірибе ретіндегі бұл жұмыс өте тартымды әрі құнды еңбек болды.
Н.Н.Баранскийдің Ұлы Отан соғысы жылдарындағы эвакуациямен байланысты Қазақстандағы жұмысының екінші кезеңі оның өміріндегі ең жемісті кезең болды. Сол кездердегі Николай Николаевичтің Алматыдағы барынша көпқырлы қызметі: әлеуметтік-экономикалық географияның теорялық мәселелерін зерттеумен қатар, оны оқытудың әдіс-тәсілдерін жетілдіруді қамтып қана қойған жоқ,бұған қоса ол әр түрлі аудиторияларда өзінің лекциялары және баяндамаларымен көпшілік алдында шығып жүрді және қаланың ұстаздарымен өте нәтижелі жұмыстар атқарды. Сонымен қатар ол Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтында (ҚазПИ) және республикалық жоғары партиялық мектебінде экономикалық және әлеуметтік георгафия пәнінен дәріс берді, КазПИ-дің «Экономикалық география және географияны оқыту методикасы» кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарып әрі КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалының география секторын қоса басқарды,сонымен қатар география бойынша ғылыми кадрларды даярлаумен белсене айналысты.
Осы жерде айта кететін бір жайт,КСРО ҒА-ның корреспондент мүшесі,профессор Н.Н Баранский Қазақстанда,1941 жылы өзінің 60 жасқа толуын атап өтті. Осынау мерейтойға байланысты өткен салтанатты мәжілісте Н.Н.Баранскийді, сол кездегі Кеңес Одағы ҒА Қазақ филиалы Президиумының төрағасы, КСРО Ға-ның корреспондент мүшесі Қ.И.Сатбаев құттықтады. Бұл екі ірі ғалымды өзара үлкен достық пен сыйластық байланыстырды. Оның тамыры,ең алдымен әр түрлі уақытта болса да екеуінің де бір – Сібірдің Томск қаласындағы университетте білім алуына қатысты негізделді. Соғыс жылдарындағы тұрмыстық және басқа да қиыншылықтарға қарамастан Н.Н.Баранский бұрынғысынша экономикалық географияны оқытудың әдістемесі мен әдіснамаларының мәселелері бойынша жұмысын жалғастыра берді.
1944 жылы оның Алматыда жазған негізгі ережелері» атты жас ұстаздарға арналған өте қысқа мазмұндағы жұмысы жарық көрді. Оқулықта географияның мән-мазмұнына,атап айтқанда,ондағы экономикалық географияға өте ықшамдалған түрдегі анықтама берілген. Бұл жұмыс әрі Николай Николаевичтің кейіннен жазып даярлаған «Экономикалық географияның методикасы мен методологиясы бойынша очерктер» кітабына тұжырымдама болып табылады.
Н.Н.Баранский Алматыда тұрған езінде қаланың ұстаздарымен жан-жақты көп жұмыстар атқарды. Ол мектептерде жиі болып тұрды,методикалық бірлестіктердегі бас қосуларда баяндамаларымен талқыға шығып жүрді, өзінің орта мектептің 8-сыныбына арналған «КСРО экономикалық географиясы» оқулығының мазмұны бойынша мұғалімдердің ескетпелері мен ұсыныстарына көңіл бөле отырып,оларды үлкен ынтамен және қызығушылықпен тыңдайтын.
РСФСР Оқу-ағарту халық комиссариатының тапсырысымен 1942 жылы осы оқулықты жаңа басылымға қайта өңдеп,сонымен қатар орта мектепке арнап география пәні бойынша түсіндірмелік хаты бар жаңа бағдарлама түзіп құрды.
Алматыда Н.Н.Баранский үлкен ғылыми-педагогикалық жұмыс жүргізді. Сол жылдары Абай атындағы ҚазПИ-дің география факультетінде және республикалық жоғары партиялық мектепте оқып, одан дәріс алғандардың барлығы Н.Н.Баранскийдің лекциялары әрқашанда терең ғылыми негізде аса жарқын өтетіндігі туралы өз пікірлерін айтқан. Себебі, Николай Николаевич өте білімдар,жан-жақты жарасымды дамыған,керемет шешен, өз тыңдаушыларын үйіріп алатын дарынды адам болған. Бұрыңғы студенттері мен аспиранттарының айтуынша оның лекциялары,кейін географиялық афоризмдерге айналған өткір ескертулермен әрі дәл тауып айтылған салыстырмалармен ерекшеленетін.
Н.Н.Баранский студенттер арасында жастардың кездесу кешінде және комсомол жиналысында жиі болып, олармен өте бай өмірлік және ғылыми тәжірибесімен бөлісетін. Николай Николаевич өзін студенттер алдында өте қарапайым ұстайтын әрі олардың ой-пікірлерімен санасатын, егер де олардың бойында сәл жауапкершіліксіздік пен формализмді байқап қалса сол мезетте өте қатал да, мейірімсіз бола қалатын. Н.Н Баранский өзінің мол күш-қайраты мен көп уақытын жас ғалымдарға арнаған. Олармен аса жомарттықпен өз білімімен, ой-пікірлерімен және идеялармен бөлісетін,оның қол астынан қазақстандық географтардың талай-талай диссертациялары өткен. Оның осы диссертанттармен жұмыс жасау әдісі де өзіне тән ерекшелікке ие еді. Оның оқушыларының бірі, Абай атындағы ҚазПИ-дің география факультетнің соғы жылдарындағы түлегі профессор М.Ш. Ярмухамедов ол жайында мына жағдайды есіне алды: «Н.Н.Баранский әдетте ескертулері мен кеңестерін жекелеген парақтарға өзінің ірі қолтаңбасымен жазып қоятын, мұндай жазбалар көп болып жиналып қалатын. Еуропалық тілдерді еркін меңгерген ол, көп жағдайда шетелдік мақал-мәтелдер мен теңгермелі сөздерді жиі қолданатын. Сол жазбаларды оқып отырсаң бейне бір Баранскийді тірі кезіндегідей талғампаз,кішіпейіл әрі талап қойғыш,мейірімді дос және тәлімгер ұстаз,ғылыми жетекшің ретінде көз алдыңа елестетесің» дейді.
Қазақстанда экономикалық - географиялық зерттеу жұмыстарын ұйымдастырудағы Н.Н.Баранскийдің рөлі ерекше. Ол соғыс жылдарында,республикамызда 1939 жылы құрылған КСРО Ға-ның Қазақ филиалының география секторын басқарды. Н.Н.Баранскийдің басқаруымен география секторының эконом-географтарының азғантай тобы соғысқа дейін бастауын алған «Оңтүстік Қазақстанның таулы және тау алды аудандарының өндіргіш күштері және өндірісті орналастыру» тақырыбын ары қарай дамытты. Солтүстік және Батыс Жоңғар мен Алматы қаласы маңы аймағында жүргізілген бұл зерттеу жұмыстарының мақсаты-өндірісті орналастыру мәселелері бойынша жоспарлау және шаруашылық органдарына көмек ретінде Оңтүстік Қазақстанның күрделі табиғат және шаруашылық жағдайындағы өндіргіш күштеріне экономикалық-географиялық сараптама жасау болатын.
Осы орайда Н.Н.Баранскийдің сол кездегі география секторының айналысып жатқан ғылыми тақырыптарының қолданбалық және тәжірибелік бағытын қолдап,нығайта түскенін ескерте кеткен жөн. Мәселен, осы сектордың эконом-географтары Қаз.ССР Жер туралы халық комиссариаты бригадасының отарлап мал бағылатын жайылымдар мен қала маңы шаруашылығын ұйымдастыруды дамыту мәселелері бойынша жұмыстарға қатысты. Осымен бір мезетте Н.Н.Баранский «Қазақстан географиясы» атты екі томдық монографиялық жинақ құрастыруды басқарды.Ол әсіресе, республиканың тұрғындар географиясына және оның қалаларына ерекше назар аударды. Осы кезеңде «Қалаларға географиялық сипаттама беру әдістері» және «Картографиядағы және мәтінді географиялық сипаттаулардағы саралау» атты ғылыми мақалаларын жазды. Әдетте, Николай Николаевичтің өзіне тән жеке бір қасиеті, ол қажетті алғашқы мәліметтерді өзі ерінбей жинайтын.
Ең алғаш Қазақстанды экономикалық аудандастыру мәселесін ғылыми тұрғыда көтерген Баранский екендігін айтпай кетпеуге болмайды.Табиғат ресурстары мен табиғи жағдайларының әр түрлілігі,шаруашылығының мамандандырылуы,халықтың құрамы мен оның орналасуы ерекшеліктері негізінде ол Қазақстанды 5 ірі республикаішілік экономикалық аудандарға бөлді (Солтүстік,Батыс,Шығыс,Орталық және Оңтүстік Қазақстан).Кейіннен бұлайша аудандастыру жоспарлау органдары тарапынан әрі ғылыми көпшілік қауыммен жалпы мойындалып,жоғары және орта мектептерге арналған барлық оқулықтарға және басқа да Қазақстан бойынша экономикалық-географиялық еңбектерге енгізілді. Н.Н.Баранский Қазақстанда болған кезінде республикадағы одан ары қарайғы экономикалық-географиялық зерттеулердің келесі бағыт бағдарларының негізін қалады: әр түрлі халық шаруашылық мәселелеріне сәйкес территориялық - өндірістік кешендер мен экономикалық аудандарды зерттеу,әлеуметтік география мәселелерін әдістемелеу,Қазақстанның облыстары мен аудандары бойынша ірі елтанушылық монографиялар құрастыру,экономикалық картографиялау,т.б. Осылайша Н.Н.Баранскийдің идеялары,Қазақстан Республикасында экономикалық және әлеуметтік географияның даму жолдарын көп жылдарға айқындады.
Н.Н.Баранский оқулықтар мен оқу құралдарына көп мән берді. Өзі де көптеген оқулықтар мен әдістемелік құралдар жазды. Сонымен қатар, 233 география оқулығын сараптамалау бойынша талдау жасау арқылы үлкен жұмыс атқарды. Бұл жерде әңгіме,1954 жылы «Географгиз» баспасы шығарған «География оқулықтарына шолу (1876-1934жж.)» кітабы (көлемі -45 таспа табақ) жайында болып отыр. Оның оқу бағдарламалары да аса құнды.
Ғасырлар тоғысында ТМД елдерінде,соның ішінде Қазақстанда да экономикалық және әлеуметтік география бойынша ондаған оқулықтар мен оқу құралдары жарық көрді. Бірақ,бүгінгі таңда тіпті олардың өзін емес,тіптен жай ғана тізімін табу өте қиын. Ал Н.Н Баранский айтқандай, оларды сараптамалау және талдау,олардың ғылым деңгейімен сәйкестендірілуін айқындау өте маңызды. Баранский оқулықтарға сындық шолуды география ғылымының жаңа бағыты үшін күрес құралы ретінде әрі география ғылымының дамуына кедергі келтіретін нәрселерге қарсы күш ретінде пайдаланды. Бүгінгі таңда,біздің ғылымымыз –экономикалық және әлеуметтік география жаңа мазмұнмен және соңғы әдістермен байытылып әрі серпінді даму үстінде отырғанда ол қолданған тәсілдерді пайдалануға әбден негіз бар. Бұл тәсіл,аталмыш ғылымның дамуын кідіртіп отырған жағдаймен күресу үшін әрі отандық экономикалық-географиялық ғылымды жоғары сатыға көтеру жолындағы прогрессивті жаңа бағыт мәселелерінде қолданылса деген ойдамыз. Н.Н.Баранскийдің оқулықтарға деген сындық шолу бойынша атқарған жұмысы егеменді елімізде өз жалғасын тапса оңды болар еді.
Н.Н.Баранский ғалым-географ әрі әдіскер-педагог ретінде артында қалдырған шығармашылық мұрасы орасан мол. Оның үлкен ғылыми мұрасы көпшілік жағдайда еліміздегі географиялық пікір-ойлардың дамуына,ғылыми концепциялардың қалыптасуына,Қазақстан ғалымдары мен әдіскерлері жүргізген зерттеу жұмыстарындағы әдістемелік мәселелердегі оқу құралдары мен жабдықтарды даярлау ісіне айқындаушы ықпал етті. Әлі де болса ұзақ жылдар бойы Н.Н. Баранскийдің идеялары,экономикалық-әлеуметтік география ғылымын және ондағы ғылыми-педагогикалық қағидаларды,сондай-ақ қолданбалық және тәжірибелік іс-әрекеттерді,өзінің қуат беруші нәрлі шырынымен қоректендіре береді деген ойдамыз.