Разработка внеклассного занятия по математика на тему: «Тап?ырлар сайысы»
№275 ОРТА МЕКТЕП
СЫНЫПТАН ТЫС ЖҰМЫС
Тапқырлар сайысы
Қалмаханова Баян
математика пән мұғалімі
Байқоңыр
Сыныптан тыс жұмыстың тақырыбы: «Тапқырлар сайысы»
Мақсаты: оқушылардың ойлау қабілетін, шапшаңдығын, зеректігін, алғырлығын және тапқырлығын байқау. Сонымен осы кішігірім тартымды жарыста сыйластыққа, достыққа, адамгершілікке тәрбиелеу. Жарысуға, жарыстарда жеңімпаз болуға ұмтылуға дағдыландыру. Ұқыптылыққа, шапшаңдыққа, аңғарымпаздыққа, білімді, дарынды, озық болуға тәрбиелеу.
Түрі: сыныптан тыс жұмыс
Әдісі: ішінара іздендіру,зерттеу,сұрақ-жауап.
Пәнаралық байланыс: қазақ әдебиеті,музыка
Көрнекілігі: сұрақтар жинағы,суреттер, нақыл сөз жазылған плакаттар.
Барысы:І. Кіріспе.
ІІ. Әдеби-музыкалық монтаж
ІІІ. «Алгебра мен геометрия айтысы»
IV. Жұмбақ шешу
V. Жаңылтпаш айтысу
VI. Музыкалық үзіліс
VII. Қорытынды.
І.Кіріспе.
Міне бүгін оқушылар, бәрімізде 11 «А» сынып оқушыларының арасында өтетін математикалық жарысқа қатысып отырмыз.
Мақсатымыз, оқушылардың ойлау қабілетін шапшаңдығын, зеректігін алғырлығын және тапқырлығын байқау. Сонымен қатар осы кішігірім тартымды жарыста сыйластыққа,достыққа,адамгершілікке тәрбиелеу. Бүгінгі сайысымызды әдеби-музыкалық монтаж қоюдан бастаймыз.Содан соң «Алгебра және геометрия» айтысы орындалады. Сайыс соңында жұмбақтар мен жаңылтпаштар сайысы өтеді.Сонымен бүгінгі сайысымызды бастаймыз.
1-жүргізуші:– Уа, халайық, халайық,
Бәріңе жар салайық
Бүгінгі кеш төрінде
Математика елінде
Математика тілінде
Есеп шешіп жарысып
Жұмбақ шешіп аңдысып
2-жүргізуші:– Шабыт тасып шалқысып
Есеппен ән салысып
Көңілді кеш жасайық
Жұмбақ шерді шашайық
Ат салысып аянбай
Бар өнерге басайық
1-жүргізуші:– Асып әсте саспайық
Батыл қадам бастайық
Еркінді билеп барынша
Жарыста сірә қалыспа
Кеш қызығын, ей достар,
Осылайша шабытпен
Кәне енді бастайық.
2-жүргізуші:– Мұнда қызық табылар
Жаңылтпаш, жұмбақ бәрі бар.
Айтыс тартыс тағы бар
Сөз жұмбақ та, сан жұмбақ
Суретте жұмбақ шеш жұмбақ
О-о-ой, бір қызық сайыс болар
Өздеріңмен бес болар!
1-жүргізуші:–Сайыстың бағдарламасында:
2-жүргізуші:– Әдеби-музыкалық монтаж
1-жүргізуші:– «Алгебра» және «Геометрия» айтысы
2-жүргізуші:– Сергіту-музыкалық үзіліс.
1-жүргізуші:– Көрермендердің көмегімен жұмбақтар шешу.
2-жүргізуші:– Көрермендердің қатысуымен жаңылтпаш айтысу
1-жүргізуші:– Сергіту-музыкалық үзіліс.
2-жүргізуші:– Көрермендер қатысуымен сөзжұмбақтар шешу.
1-жүргізуші:– Көрермендер қатысуымен суретті жұмбақтар шешу
2-жүргізуші:– Көрермендер қатысуымен логикалық есептер шығару
1-жүргізуші:– Шағын концерттік бағдарлама
2-жүргізуші:– Сайыс қорытындысын, жеңімпаздарды марапаттау.
ІІ. Әдеби-музыкалық монтаж
Математика ғылымдар патшасы деп
Мойындаған бар ғалым жер шарында,
Сол қағида тағы да дәлелденбек
Бүгінгі кеш бағдарлы жоспарында.
Математика төрт амал негізінде
Туындатқан талай заң келбетінде
Жұмбақ әлем болғанмен, ей замандас,
Меңгерілер еңбек, талап шеңберінде.
Математика, математика қандай қиын
Оқымасаң шешілмейді ешбір түйін
Ал өмірде тек соның көмегімен
Орындалар заңдылық, байлам дүйім.
Мақтануға математика лайық та,
Шындық іске бір сәт мойын бұрайық та.
Парақтаумен әр ғалым, әрбір пнді
Байланысын ашық айтып тұрайық та.
Қиын пән химия да арқа сүйер
Реакция теңдеуін құрған кезде
Тарих пенен география карталары,
Масштабпен жасалар білгендерге.
Физика жақын туыс мын бізге
Қозғалыс, энергия, қуат, күш те
Біздерсіз есептелу мүмкін емес
Жария ғып айтайықшы мұны біз де.
Табиғатты тану мен биология
Ауа-райын өлшейді, күн қызуын
Мақтанбаймын бұған да қатысым бар,
Өсімдіктер өседі шашып бүрін.
Шабыттанып шалқытқан ақын сөзі
Құлағын сал біздерге нақыл сөзі.
«Өлең құрау тұнған бұл математика
4 амалғабағынар заңды жүзі».
Осылайша әдебиеттің саласында
Бағындырып тастадық және бізге.
Ән әуені тактымен есептелер
Әнді айтып ырғақпен тербелгенде.
Сызу, сурет бұлардың қармақтары
Өлшеу, салу бұлардың қармақтары.
Енді қалай айтпайсың дене шынықтыру.
Жарыс сәтін есептеп салмақтады.
Осылайша математика дараланды,
Қадір-қасиет айтылды сараланды.
Шабыт келіп достар-ау, алдарында
Көсілдік те шамамыз шамаланды.
Құрбылар көңіл күйін шалқытыңыз
Себебі, бүгін біздер шабыттымыз
Қатарға қоса білсек барлығыңды,
Бар шынымыз, шексіз сондай бақыттымыз!
Болашақ білім, ғылым тұтқасында
Мұны әркез әркім есте ұстасын да
Заманның компьютердей кезеңінде
Математика тағы тұр көш басында.
Елімнің үміт артар ұл-қызымыз
Дарынды әр оқушы жұлдызымыз
Математика кешінде, бірің достар
Ән боп енді шырқалар ғасырымыз.
ІІІ. «Алгебра мен геометрия» айтысы
Алгебра: – Кеш жарық құрбыларым
Бәріңнен аманшылық жөн сұрадым
Математика кешінің дәл төрінде
Шабытты айтыскердей сөз құрадым
Геометрия сыңарым тек сырласым
Айтысуға шықтық па кел құрдасым
«Сен үлкен» де «мен үлкен» шеше алмай
Қағытысып келеміз әлі бүгін.
Геометрия: – Оу, халайық, алдарыңа кез боп қалдық
Аманшылық сұрасақ болмас айып
Алгебра, құрбым-ау құтты болсын
Мен алғаш шықтым дейсің мейлі болсын
Үлкен болшы, апажан, көңілің толсын
Екеумізбен математика тік тұрмай ма
Қалайша ажыраймыз тең-тең болсын.
Алгебра:– Геометрия, сен өзің жалпылама
Шыққан жоқпыз бұл жерге текке бола
Айтыс деген ортақ мүдде қамқоршысы
Циркульді сірә балалар қолдана ма?
Геометрия: – Алгебра, апажан, тоқта, тоқта.
Сен немене қайрайсың мені босқа
Циркуль, сызғыш қолданбас балалар жоқ
Сұрасаң айтып берер тақта, тақта.
Алгебра: – Сенен ғой мен сірә оңайлаумын
Сондықтан да балаларға қаяу жанмын.
Дәреже, түбір, теңдеу төрт амалды
Оңай шешеді ол анық маған, саған.
Геометрия: – Қиындық пәннін сірә биіктігі
Оқушыны танытар біліктігі
Математика саласын қалағандар
Шыңына жетер ылғи жеңіп түбі.
Алгебра: – Біз екеуміз математика тармағымыз
Оқушыға тең түсер салмағымыз
Төрт амалдан басталған есеп жолы
Әр уақытта сара жол бармағымыз.
Геометрия: – Айтысты создық құрбым білгендерге
Ой тастап, сөз сөйледік көргендерге
Осымен бұл айтысты доғарайық
Ақ тілек тілеп бізге келгендерге.
Алгебра: – Көп рахмет, құрбым менің инабатты
Бойына жинап келген бар шабытты
Қоштассақ, қоштасайық ризалықпен
Қошемет көрермендер соқса мықты.
IV. Жұмбақ шешу
1-жүргізуші:– Математикалық атаулар мен ұғымдар
Есте болар, құрбылар, бәріңнің де
Енді бір сәт солар жайлы жұмбақ шешсек
Артық болмас, бастайық, кезек бізде.
2-жүргізуші:– Жақсылап шешіп, табайық жауабын
Сыйлық бар сіздерге, қадірлі ағайын.
1-жүргізуші:– Сонымен жұмбағымызды бастайық.
2-жүргізуші:– Нәрселерді санағанда
Керек ол бізге ауадай
Айтыңдаршы бұл қандай сан
Жан-жағыңа қарамай?(натурал сан)
1-жүргізуші:– Дүниеде бүтін нәрсе бола бермейді
Көңілге армандаған қона бермейді
Бүтін нәрсе бөлігін көрсететін
Қандай сан бар, достарым, пікір демейді(бөлшек сан)
2-жүргізуші:– Оң сандарға қол шатырдай
Қалпақ болған беделі
Квадраттасаң егер оны
Жоғалтпассың сен оны?(квадрат түбір)
1-жүргізуші:– Бүтін сан, бөлшек сандар
Барлығы да бар онда
Бұл қандй сан айтыңдаршы
Оң, теріс сан бәрі сонда(рационал сандар)
2-жүргізуші: – Үлкен, кіші сандарды сен
Ажыратқың келсе егер,
Қандай таңба қояр едің
Кәне, ойлан куәгер?(теңсіздік)
1-жүргізуші:– Бүтін, бөлшек бөліктерден
Үтір айырып тұрады,
Осы санның кім біледі
Аты қандай болады?(ондық бөлшек)
2-жүргізуші:– Бірдей санды бірнеше рет
Көбейтуден тұрады
Егер оны ықшамдасаң
Қандай атау болады?(дәреже)
1-жүргізуші:– Өзара перпендикуляр түзулерден
Құралған жазықтықта бұл қандай ось?(координата осі)
2-жүргізуші:– Түзудің бір бөлігі
Екі шеткі нүкте көрігі
Ұзындығы және бар
Айтшы сыйлық сенікі.(кесінді)
1-жүргізуші:– Нүктеден, екі сәуледен
Құралған бұл не екен?(бұрыш)
2-жүргізуші: – Доп емес, дөңгелек емес
Ұқсас бірақ достарым
Фигура ол ең негізгі
Дәл жауапты қостадым. (шеңбер)
1-жүргізуші: – Екі бұрыш ежелден
Көрші болған ең тату
Бірін-бірі толықтырған
Жазыңқыға, бар қаңқу.(сыбайлас)
2-жүргізуші: – Екі түзу қатар жүріп
Үшіншісі қияды
Сонда шыққан бұрыштарды
Кімдер айтып жияды.(айқыш, тұстас, сәйкес)
1-жүргізуші: – Санасаң сан жетпейтін нүктелерден
Құралған фигура бар қарапайым
Салу үшін сен оны сызғыш ізде
Бұл не өзі, бар ма, сірә, дара пайым.(түзу)
2-жүргізуші: – Параллель түзулер қос-қостан
Онды-солды жүріп өткен
Пайда болған фигура сонда
Бар ма іштеріңде көрген-білген. ( параллелограмм)
Жаңылтпаш айтысу
1-жүргізуші: – Есте ұстау қабілетің
Қандай сенің ағайын
Жаңылтпашты қайта айтшы
Қазір саған айтйын
2-жүргізуші: – Сонымен жаңылтпаш былай айтылады.
1-жүргізуші: – Рационал сан, иррационал сан
Иррационал сан, рационал сан
Біріккен сан, болған сан
Нақты сан деп аталған сан.
2-жүргізуші: – Шеңбер, шеңбер доп емес,
Доп сияқты, доп емес
Доп деп, доп деп шеңберді
Ойлама шеңбер ол емес.
1-жүргізуші: – Айқыш бұрыш, айқыш бұрыш,
Тең-тең бұрыш, тұтас бұрыш
Тұстас бұрыш, тұстас бұрыш,
Сәйкес бұрыш, құрған бұрыш.
Жазыңқы бұрыш, құрған бұрыш.
Музыкалық үзіліс
Бүгінгі кеш, қызықты кеш
Көрермендер халайық
Ой-түйсікті қозғап қазір
Биік қанат қағайық.
Математика салтанаты
Осы жерде құрулы
Белсенділік көрсетейік
Бар ықылас бұрулы.
Қайырмасы:Ойла-ойла шешілсін қиын түйін
Ойла-ойла жадырасын бал-бұл жүзің
Ойла-ойла жеңіс күлсін саған бүгін
Ойла бағың сыналар кезің.
Әлі де бар сөз жұмбақтар,
Сурет жұмбақ тағы бар.
Шешсе егер кімде-кімнің
Жарқыраған бағы бар.
Құрбы-құрдас арасында
Бедел-бақыт бәрі бар.
Шешсек бәрін батылдықпен
Би де, сыйлық табылар.
1-жүргізуші: – Бүгінгі сайыс талай шабыт шыңдады
Сайыс қызығын талай адам тыңдады,
Тәрбиелер тәлімі мол, әсерлі
Болса егер көңіл жақын таңдады.
2-жүргізуші: – Ақын жанды болмаған
Математик те бола алмас
Жақсы шумақ тумаса
Көңілге әсте қона алмас.
1-жүргізуші: – Олар жайлы төреші
Көрермендер өздерің
Ақ-қарасын айырып
Куә болды көздерің.
2-жүргізуші: – Көңіл бөліп бұл сайысқа
Келгендерге көп рахмет
Шын сезінген көрерменге
Мың рахмет, мың рахмет.
Қорытынды:
Сонымен, бүгін 11 «А» сынып оқушыларының арасында математикалық тартыс сайысы болды. Жеңімпазды құттықтаймыз. Алдағы уақытта бұдан да жоғары биіктен көріне беріңіздер. Міне, осындай жарысқа қатысып, жүлделі орындарға ие бола берулеріңізге тілектеспіз. Бүгінгі математикалық сайысымыз осымен аяқталды. Келгендеріңізге көп рахмет.