Ашы? саба? информатикадан Paint графикалы? редакторын ?орытындылау (7-сынып)


Мектепке дейінгі шағын орталығы бар Мұқаншы орта мектебі
156591015240АШЫҚ САБАҚ
АШЫҚ САБАҚ

Paint графикалық редакторын қорытындылау
7а, 7ә сыныптары
Пән мұғалімі: Жакиянова Ә.Б.
Көксу бекеті, 2014ж.
Сабақтың тақырыбы:  Paint графикалық редакторын қорытындылау
Сабақтың мақсаты:
Білімділік: Paint графикалық редакторының құрылымы мен функцияларының негізгі түсініктерін, сызықтар, эллипстер, тіктөртбұрыштар және көпбұрыштар салу істерінің негізгі принциптерін қайталау және бұрын алынған теориялық білімдерді практикада игеру;
Дамытушылық: Оқушылардың ойлауын, компьютерлік сауаттылығы мен іскерлігін, танымдық қабілетін, логикалық  сауаттылығын дамыта отырып, олардың  пәнге  деген қызығушылығын, белсенділігін арттыру, өз ойын сауатты түрде жеткізе білуді қалыптастыру.
Тәрбиелік: Пәнге, білімге, шығармашылыққа, ойын еркін жеткізе білуге, топта бірлесе жұмыс істеуге, тәртіптілікке, сабырлылыққа, еңбек сүйгіштікке, ұқыптылыққа  тәрбиелеу, ұшқыр ойлы, шығармашылық қабілеті бар жеке тұлғаны қалыптастыру.
Сабақты өткізу тәсілі: «Көңілді балық аулау» ойынын ұйымдастыру
Сабақтың түрі: сайыс сабақ
Сабақтың әдісі: сұрақ-жауап, практикум, көрсете баяндау, топпен және жеке жұмыс.
Сабақтың көрнекілігі: Интерактивті тақта (ойын презентациясын көрсетуге арналады), тақта, бор, дербес компьютерлер, оқушы дәптері, кроссворды бар қима қағаздар, үй суреттері, мозаика.
Cабақтың барысы:
І. Ұйымдастыру кезеңі (1-2 минут)
- оқушылармен сәлемдесу;
- сабаққа қатысуын және оқу құралдарын тексеру;
- сынып оқушыларын 2 топқа бөлу және команда капитандарын сайлау.
ІІ. Қайталау (10-15 минут)
2.1. Оқушыларды ойын шартымен таныстыру. Әрбір кезең үшін команда белгіленген ұпайлар санын алады. Бір ұпай үшін қағаздан қиылып жасалған балық беріледі.
2.2. Командаларға ат қою, қай команда бастайтынын анықтау. Екі топ капитаны интерактивті тақтадағы балықтардың кез келген бірін түрту арқылы топ атын («Шортан», «Сазан», т.с.с.) және ойынды кім бастайтынын анықтайды.
2.3. Сайыстың алғашқы «Дағдылану» кезеңі. Экранға әр түрлі балықтар және Paint графикалық редакторы терезесінің элементтері бейнеленген сурет шығарылады. Оқушылардың берілген сурет бойынша балықтардың санын, экрандағы элементтер атауларын жұмыс дәптерлеріне жазып шығуына 2 минут уақыт беріледі. Уақыт біткен соң оқушылардың дәптеріне жазылған дұрыс жауаптар анықталады. Графикалық редактордың терезесіндегі ұғымдарының мағынасын көптеп (бірдей жауаптар сызылып тасталады да, қалған жауаптардың әрқайсысы 1 ұпайдан есептеледі) көрсеткен команда анықталады.
2.4. «Балық аулау» кезеңі. Бұл кезеңде оқушылар көптеп балық ұстау керек. Мұндағы балықтардың ерекшеліктері бар. Әр балықтың артында сұрақтар жасырылған. Ал оқушылардың міндеті осы сұрақтарға дұрыс жауап беру арқылы ұпай жинау. Топтан кез келген 1 оқушы шығып жасырылған сұраққа жауап береді. Дұрыс жауап – 2 ұпай. Егер жауап қате немесе толық болмаса, сол топтың келесі оқушысы жауап береді. Ол кезде жауап 1 ұпайға бағаланады.
Сұрақтар:1. Paint графикалық редакторы қалай іске қосылады?(Жауабы: Іске қосу – Бағдарламалар – Қалыпты – Paint);2. Суретті дискіде сақтамай, Paint графикалық редакторын қалай жабу керек?(Жауабы: Файл – Шығу командасын орындау арқылы; Жабу батырмасын шерту арқылы. Суретті сақтау туралы мәлімет шыққанда, Жоқ батырмасын шерту керек).3. Қате орындалған әрекеттің нәтижесін қалай болдырмай тастауға болады?(Жауабы: Түзету – Болдырмау командасын орындау арқылы).4. Бұрынғы суретті өшіріп, жаңа бетті қалай ашуға болады?(Жауабы: Сурет – Тазалау командасын орындау).5. Сызық түрлерін көрсет.(Жауабы: Үш түрлі сызық бар: түзу, кез келген және қисық сызық).6. Әр түрлі сызықтар салатын құралды көрсетіңдер.(Жауабы: Түзу сызық – Сызық, кез келген сызық «Қарындашпен», ал қисық сызық «Қисықтар» құралы арқылы салынады).7. Тіктөртбұрыш пен квадрат қалай сызылады?(Жауабы: Тіктөртбұрышты таңдап алып, курсорды диагональ бойынша созу, Квадрат салу үшін Shift пернесін басулы күйде ұстап, тіктөртбұрышты салу қажет).8. Қисық сызық қалай салынады?(Жауабы: «Қисық сызық» құралын және оның қалыңдығын таңдау қажет. Курсорды қалаған нүкте аралығында созу. Сонан соң нүктелер аралығындағы доғаның қисықтығын екі рет өзгерту).9. Тік және көлденең сызықтар мен 45 градусқа бұрылған сызықтар қалай салынады?(Жауабы: «Сызық» құралын таңдау. Сызу кезеңінде Shift пернесін басулы күйде ұстау қажет).10. Көпбұрыш қалай сызылады?(Жауабы: «Көпбұрыш» құралын таңдау. Курсорды қалаған бағытта созып, көпбұрыш төбелерінде тышқанды шерту, ең соңғы төбеде тышқанды екі рет шерту).
2.5. Бірінші және екінші кезеңнің қорытындысын шығару.
Оқушылардың балығы саналып, екі кезең бойынша озаттар анықталады. Нәтижелері тақтадағы турнирлік кестеге жазылады.
2.6. Дене шынықтыру минуттары.
Мұнда ойын ойналады. Ойын «3, 13, 33» деп аталады. «3» деген кезде қол алға созылады, «13» деген кезде екі жаққа созылады, ал 33 дегенде қолды жоғары көтерілу керек. Мұны дұрыс орындамаған немесе қолын ауыстырып созған оқушы ойыннан шығады.
ІІІ. Практикалық бөлім (20-25 минут)
3.1. Мақсатты түсіндіру. Оқушыларға енді практикалық жұмыс орындайтындығы айтылады.
3.2. «Сөзжұмбақ шешу» кезеңі. Екі топқа бірдей сөзжұмбақ беріледі. Оң шешімін тауып тік бағытта жасырылған сөзді табу қажет. Шешімін алғашқы тапқан команда 1 балық алады. Ұзақтығы 1-2 минуттық жеңіл музыкалық сүйемелдеу болады.
3.3. «Мозаика жинау» кезеңі. Бұл кезеңде үйдің суреті берілген. Ал сурет ылғалданып, кішкене қағаз бөлшектерге айналып кеткен. Сондықтан сол бөлшектерді құрастырып толық үйдің суретін салу қажет. Тапсырманы бірінші болып орындаған командаға 1 балық беріледі. (Балалар мозаика жинап жатқанда, мұғалім ойынның алдыңғы қорытындыларын шығарып қояды).
3.4. «Үй суретін салу» кезеңі. Бұл кезең компьютерде өткізіледі. Балаларға жеке-жеке салынатын үйдің суреттері беріледі. Салынған әрбір үй үшін 1 балықтан беріледі. Ал ең бірінші болып үйді салып бітірген топ тағы бір балық алады. Сосын соңғы үш кезең қорытындыланып, тақтадағы турнир кестесіне жазылады.
ІV. Сабақты қорытындылау (1-2 минут)
Әрбір топтың аулаған балықтары саналып, қорытынды шығарылады да, турнир кестесіне толтырылады. Жеңген команда балаларына «5», ал жеңілген топтың балаларына «4» деген баға қоюға болады.
V. Үй жұмысы. (1-2 минут)
Үйге Paint графикалық редакторын жалпы қайталап келу беріледі.