Тарих п?нін о?ытуда?ы жа?а т?сілдер


ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТІРЛІГІ
МИНИСТЕРСТВО ОБРАЗОВАНИЯ И НАУКИ РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН
ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ ӘКІМДІГІНІҢ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ
УПРАВЛЕНИЕ ОБРАЗОВАНИЯ ВОСТОЧНО-КАЗАХСТАНСКОЙ ОБЛАСТИ
БАЯНДАМА
Тарих пәнін оқытудағы
жаңа тәсілдер
Тарих пәнін оқытудағы жаңа тәсілдер
Өз тарихын сыйламаған халық, өзін де сыйламайды" Н.Назарбаев Оқушылардың оқу әрекетін ұйымдастырудың тәсілі болып саналатын оқытудың әдістері білімді игерудің, сонымен қатар тұлғалық сапалар мен танымдық қабілеттерін дамытудың маңызды факторы болып табылады. Интеллектуалды дарынды оқушыларды оқытуда шығармашылық типтегі жетекші әрі негізгі әдістер - проблемалық, зерттеушілік, эвристикалық, ізденіс, жобалау әдістерін дербес және топтық жұмыс түрлерімен үйлесімде қолдану тиімді. Бұл әдістердің жоғары танымдық-ынталандырушылық әлеуеті зор және дарынды балалардың танымдық белсенділіктері мен қызығушылықтарының деңгейіне сәйкес келеді. Олар балалардың шығармашылық ойлауы мен көптеген тұлғалық сапаларын (танымдық ынтасы, эмоционалды тұрақтылығы, дербестігі, өзіне сенімділігі және ынтымақтаса жұмыс жасау қабілеті) дамытуда өте тиімді. Қазіргі замандағы тарих пәнінің міндет - ақыл-ой потенциалы жетілген, өткенді есте сақтай алатын адамды жасау ғана емес, өзінің ұлттық бастауын жақсы білетін, бұл дүниеде өзінің орнын таба алатын тұлғаны қалыптастыру. Кез келген ортада еркін пікір алмаса алатын, өз көзқарасын дәлелдеп, қорғай алатын белсенді азамат тәрбиелеу үшін оқыту үдерісінде жаңа тәсілдерді тиімді пайдалану арқылы іске асыруға болады [1]. Басқаша айтқанда, оқу бар, бірақ сонымен бірге оқуды үйрету де бар. Адамдар ойлауға қабілетті және ойлау туралы ойлануға да қабілетті. Кейінгі оқу үдерісінде мұндай ойлаудың нәтижелерін саналы қолдану оқушыға: • білім міндеті қоятын талаптарды түсінуге; • жеке ойлау үдерістерін және олардың жұмыс қағидаттарын зерттеуге; • міндеттерді орындау стратегияларын әзірлеуге және ойластыруға; • нақты міндет үшін сәйкес келетін стратегияларды таңдауға көмектеседі. Осы төрт тармақты іске асыру үшін оқушылардан оқуды үйрену талап етіледі. Мұғалімдер, өз кезегінде, өзінің сабақ беруіне емес, оқушылардың оқу ептілігін дамытуға назар аударуы тиіс. Осы мақсатта мұғалім оқыту ортасын құру керек, соның арқасында оқушылар ақпаратты енжар қабылдамай, оқу үдерісіне белсенді қатысатын болады. Әңгімеге арқау болған бөлімнің негізгі идеясы ақпарат беріледі дегенге саяды, бірақ білім мен түсінік оқушы бойында қалыптасады, ал мұғалім – бұл үдерісте көмек көрсететін жан [2]. Заман талабына сай өзгеріс енгізу әр ұстаздың басты міндеті болуы шарт. Оқытудың бірінші бетпе-бет кезеңінде өз педагогикалық тәжірибемізге өзгерістер енгізу мақсатында әдіс-тәсілдермен жете таныстық. Атап айтсақ, бағдарламаның жеті модулі мектеп тәжірибесінде табысты қолдануға ықпал ететін әдістемелік сипаттағы бірқатар жалпы ұсыныстардан тұрады: 1. Оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдер; 2. Сыни тұрғыдан ойлауға үйрету; 3. Оқыту үшін бағалау және оқытуды бағалау; 4. Оқытуда ақпараттық – коммуникациялық технологияларды пайдалану; 5. Талантты және дарынды балаларды оқыту; 6. Оқушыларды жас ерекшеліктеріне сәйкес оқыту және оқу; 7. Оқытудағы басқару және көшбасшылық; Бағдарламаға енгізілген жаңа тәсілдердің бірі мұғалімнің өз тәжірибесі туралы жүйелі түрде ойлануы және сынып деңгейінде тізбектелген сабақтар топтамасын жүргізу талабының қойылуы болып табылады. Жаңа сабақты түсіндіру кезіндегі тапсырмаларды Блум таксономиясының негізінде құрастыру арқылы сыни тұрғыдан ойлауға үйрету модулін ұтымды қолдандым. Жаңа тақырыпқа шығу барысында ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың мүмкіндіктерін қолданып отырдым. Оқушыларға сәйкесін тап, алған мағлұматтарды жүйеле деген тапсырмаларды пайдаландым. Тұжырымдамалық картаны тарих сабағында бұрын қолданбағанбыз. Бұл енгізілген бір өзгеріс болып табылды. Тұжырымдамалық картаны оқушы өзі ғана емес топ ішінде, бірлесіп орындады. Жаңадан алған мағлұматтарды тұжырымдамалық карта арқылы жүйелеуге жағдай жасалды. Сабақтың құрылымы өзгергендіктен, оқушылардың сабақ барысындағы іс әрекеті де өзгерді. Себебі, енді оқушылар жеке дара емес, балалар топпен, жұптасып жұмыс атқара бастады. Өздері құрастырған топтың жұмысының алтын ережелерін сақтай отырып, топ жұмысына әр оқушы өз үлесін қосқысы келді. Топтардын арасында бәсекелестік пайда болды. Көшбасшылар өздерін, топ жұмысын реттеп, басқалардың ойын тыңдай білуге дағдыланды. Оқушылар тыңдап қана қоймай, әрқайсысы өз ойын топ ішінде еркін білдірді. Үлгерімі төмен оқушылардың бойында өзгерістер көрінді. Сабаққа деген қызығушылықтары артты. Сабақтарға белсене қатысып, ойларын жеткізіп, топ жұмысына өз үлесін қосты. Мінезі тұйық кейбір балалар сабақ барысында өз ойын білдіріп, топ жұмысына қатысқаны, «Мұғалім мен айтайыншы», «Мен білемін» деген сөздері мен үшін үлкен қуаныш болды. Бұрынғы сабақтарда осы оқушылар сабаққа қызығушылық көрсетпей, өзімен-өзі отыратын. Енді постер қорғауда белсенділік танытып, ойын еркін және сенімді жеткізді. Үлгерімі төмен оқушылар өз-өзін реттеп, жұптық әңгімеде нақты дәлелдемелер келтіре білді. Александер ұсынған диалогтық талқылау түрінде ақпаратты тарату және мәселелерді шешу мақсатында ой бөлісу нәтижесінде оқушылар дәлелдеу, салыстыру мен сын айта алуға дағдыланады. Жауап беру барысында нақты дәлелдер келтіріп, өз ой-пікірін қоса білді.. Топтық жұмыс арқылы кейбір оқушылардың пәнге деген қызығушылығы артып, өзіне-өзі сенімді болғанын көрдім. Алғашқы сабақтарда бағалау қиындыққа соқтырса, кейінгі сабақтарда оқушылар әділ, шынайы бағалауға үйренді. Тақырып бойынша әр түрлі сұрақтар, проблемалық ситуациялар беріліп, оқушылар сабақ барысында бес жол өлең шығарды, эссе жазды. Жалпы сабақ үстінде оқушылардың оқу үдерісінде көптеген өзгерістер жүзеге асырылды. Жаңа форматты сабақтардың құрылымы өзгергендіктен, оқушы сабақтың әр сатысында өз ойын еркін білдіреді, сабақты өзі меңгереді, өзі қорытындылап, ой елегінен өткізеді. Оқушыларым белгілі бір нәтижеге келіп, жоғары деңгейлі тапсырмаларды өздігінен орындайтын дәрежеге жетті. Сабақ үстінде оқушыларға еркіндік беріп, өз тарапымнан бағыт бағдар ғана беріп отырдым. Сабақ берудегі қолданылатын тәсілдер де өзгерді. Жаңа тақырыпты меңгеруде деңгейлік тапсырмаларға негіздеп, жеті модульді ықпалдастырып отырдым. Мен үшін қиындық, оқушыларды тыңдай білуге дағдылану болды. Өйткені, бұрын сабақтарымда басым бөлігін өзім сөйлеп, оқушылардың ойын толық білдіруге мүмкіндік бермеппін. Сұрақтарды қойып, оқушылардан жауаптарын сұрап, ойлауға, ойлануға жағдай жасауды ескермеппін. Жаңа тәсілдерді енгізу кезінде көптеген қиындықтыр кездесті: оқушылардың ойлауларының баяулығы, жалпыдан нақтысын ажырата алмаулары, жауап беру кезіндегі өздеріне сенімсіздіктері. Барлық балалар үшін оқытудың басты мақсаты келешекте кәсіби әрекет саласында өздерін көрсете алуы үшін, олардың қабілеттері мен дарындарын ашып дамытуға мүмкіндік беретін шарттармен қамтамасыз ету болып табылады. Осылайша, баланың дербестігін қолдап, дамыту, тоқырауға ұшыратпау, қабілеттерінің дамуына кедергі болмау – дарынды балаларды оқытудың ерекше маңызды міндеттері болып саналады. Яғни, дарынды балаларды оқытудың басым бағыттары ретінде мыналарды бөліп атауға болады: – дарынды бала тұлғасының рухани-адамгершілік негіздерін, жоғары рухани құндылықтарын дамыту; – шығармашылық тұлғаны дамыту үшін шарттар туғызу; – дарынды баланың дербестігін (оның мүмкіндіктерінің өзіндік ерекшелігін анықтау және ашу) дамыту; – оқушылардың дербес қажеттіліктері мен бейімділіктеріне сәйкес білім берудің түрлі саласындағы құзыреттіліктің жоғары деңгейі мен әлемді тұтас түсінуді дамытудың шарты болып табылатын жалпы білімдік дайындықты қамтамасыз ету. 1. Ойлау дербестігін, бастамашылдық пен шығармашылықты дамытуға ықпал ететін әдіс-тәсілдерді таңдау және оларды төмендегі ережелерге сәйкес қолдану: – ақпаратпен жұмыс (талдау, салыстыру, салғастыру, жіктеу, қорыту); – оқу тапсырмасын жылдам әрі аз уақытта орындау; – сыныптың әрбір жауабын мақұлдай бермеу, керісінше оларды мұқият тыңдау, бағаламау. 2. Ғылыми жетекшімен бірлесе жұмыс жасау қабілетін жетілдіру мүмкіндігін беру, себебі ғылыми жетекші: - оқушының таңдаған тақырыбы бойынша мейілінше жоғары деңгейде кеңес береді; - мақсатқа жетудің әдістерін таңдау мүмкіндігін бере отырып, өзіндік әрекетін ынталандыру; - оқушылардың тұлғалық ерекшеліктерін ескере отырып, шығармашылық идеяларын іске асыруға жағдай жасайды; - белгілі бір саладағы нәтижесін ынталандыра отырып, басқа салада да өзін байқап көруге ықпал етеді. 3. Нақты бір саладағы дарындылығы анықталған балаларға арнап дербес оқу бағдарламасын жасау: - мұндай бағдарламаның мақсаты дарынды баланың дамуына барынша қолайлы жағдай туғызу; - бағдарлама жасауға психолог, тәлімгер, сынып жетекшісі және ата-ана қатыстырылуы тиіс. 4. Оқушыны сыйлау: - дарынды баланы дамытудың ерекшеліктерін түсіну; - сыныптастарымен қолайлы қарым-қатынас орнатуға жағдай жасау; - дарынды баланы ерекше даралауға және тым төмендетуге болмайды. Қиындықтардың алдын алу мақсатында оқушыларды сабақ барысында әрдайым мадақтап, дәлел-уәждерін тыңдап, сыни пікір-көзқарастарын жүйелі дамытуға көңіл бөлдім. Сабақта оқушыларға нақты ақпарат беріп, оқу материалының көлемін шектедім. Сыныптағы психологиялық ахуалды жүйелі түрде реттеп отырдым. Сабақты аяқтауда конверт сұрақ, бірге ойлаймыз, бағдаршам, басбармақ, кезбе тілші, крестиктер мен нөлдіктер, көршіңе әңгімелеп бер тәсілдерді қолдандым. Құрметті әріптестер, жаңа әдіс-тәсілдерді үйлесімділікпен пайдалана білсек оқушылардың зейінін ашып, есте сақтау қабілеттерін күшейтіп пәнге деген қызығушылықтарын арттыра алатынымызға кәміл сенемін. Назар қойып тыңдағандарыңызға рахмет. Пайдаланылған әдебиеттер: 1. "Қазақстан тарихы" журналы, 2009 ж, (25 бет) 2. Мұғалімге арналған нұсқаулық, 69 бет.