Колледж о?ушыларына психологиялы? сипаттама


Колледж оқушыларына психологиялық сипаттама

Қазіргі кезеңде тәуелсіз еліміздің ертеңі - жастардың білімінің тереңдігімен өлшенеді. Білімді, жан-жақты қабілетті ұрпақ- ұлтымыздың баға жетпес қазынасы. Бүгінгі таңда психология, педагогика ғылымыдарының өзекті мәселелерінің бірі – жеке тұлғаны жетілдіруде, жан-жақты дамытуда, білім беруде, ғылымның соңғы жетістіктерін қолданып, шығармашылық жұмыстарды жасауға қабілетті, дүние көзқарасы кең, рухани бай азамат дайындау.
Колледж оқушылары деп кәсіби, арнайы оқу орындарында оқып жүрген ұл-қыздардың әлеуметтік қоғамдастығын айтамыз. Колледж оқушыларының негізгі әрекеті - оқу, яғни мақсатты түрде жүйелі, тыңғылықты білім алуға, кәсіби еп-дағдыларды үйренуге ұмтылуы.
Зерттеу нәтижелері бұл шақта адам зиятының (интеллекті) ең күшті даму кезеңі болатындығын, оның аса күрделі әрі әр адамға тән ерекшелігі және өзгермелі келетіндігін көрсетеді. Мысалы, 18-20 жастағылардың көру, есту, қимыл-қозғалыс сезгіштіктері ең жоғары дәрежеде (оптимизм) болады. Көру кеңістігінің көлемі 20-29 жас аралығындағы өзінің максимунда (ең жоғары толысу) жетеді. Зейіннің көлемі, ауысуы (бұрылуы) талғағыштығы 18 жастан 33-ке дейін қарқынды өсіп-дамып, 34 жастан кейін олар төмендей бастайды. Ал зейіннің шоғырлануы мен тұрақтылығын болар-болмас ғана өзгереді екен.
Қысқа мерзімді сөздік жадының ең жоғары өрлеуі 18-30 жас аралығында деп келсек, өзара мерзімді сөздік жадыға ол 18-ден 35-ке дейінгі кезеңге сәйкес келеді. Ал, бейне жадысының адам жасының өзгеруіне тәуелді болымсыз болып келеді.
Логикалық ойлау қабілетінің ең күшті кезеңі 20 жаста байқалады. Содан кейін ол біртіндеп төмендей береді. Егер осы қабілет деңгейін 20 жаста 100 пайыз деп алсақ, ол 30 жаста 4 пайыз төмендейді, 40-та 13 пайыз, 50-де 20 пайыз, 60-та 25 пайыз, 70-ке келгенде 40 пайызға төмендейді екен.
Міне, жоғарыда айтылғандай адамның жас шақтарына байланысты психофизиологиялық функциялардың дамуы өте күрделі қарама-қайшылықта болады. Ол өзгерістер адамның еңбек әрекеті мен практикалық тәжірибесіне тәуелді бола келіп, онтигенетикалық даму заңдылықтарын бейнелейді.
Колледж оқушыларының негізгі сипаттарының бірі өз ырығымен таңдап алған кәсібіне құштарлық, сол кәсіпке толық ие болам деп бар ой-санасын, әрекетін бағыттау және осы бағытындағы тұрақтылық қасиеті. Егер білім алушы болашақ кәсібін дұрыс таңдай алса, ұнатса, сүйсе оның оқуға деген ынта-ықыласы да құштарлығы да жоғары болады.
Ал бұл жолда қателессе, болашақ мамандығы туралы мағлұматтары аз болса, онда оқуға деген ынта-ықыласы да төмен болады. Көптеген зерттеу нәтижелері негізінен колледж оқушыларының оқуға деген ынта-ықыластарының жоғары деңгейде болатындығын көрсетеді.
Жалпы, колледж оқушыларының тобына тән нәрсе әлеуметтік белсенділіктің жоғары деңгейде болуы. Сонымен қатар, олар байқалатын интеллектуалды және әлеуметтік толысудың гормониясы.
Бұл шақ - адам баласының кісі болып, тұлға болып қалыптасуының негізгі кезеңі. Бұл шақта жастардың алуан түрлі нәрселерге ынта-ықыластарының артуы шыңына шығады, олардың әр істе үлкен табыстарға жетуі байқалады (спортта, өнерде, ғылымда, техника салаларынды және т.б.).
Соңғы жылдары тұлғаның әлеуметтік ойлауы деп аталатын дербес сана-сезім жай-күйі туралы алынған деректер, өз кезеңінде, мұндай жұмыс сана деңгейінде қаншалықты жүзеге асырылуы мүмкін екенін, бұл сана-сезімнің тапшылығы қандай екенін түсінуге мүмкіндік береді.
Бір қатар халықаралық статистикалық деректерге сәйкес, белгілі бір кезеңде біздің қоғам анағұрлым білімді деп саналды. Біздің зерттеуіміз көрсеткендей, жастардың білім алуда ерекше зиялылығы байқалады (зиялылық белсенділіктің әлеуметтік белсенділіктен артық тұруы, вербализм т.б.). Бірақ осындағы қарама-қайшылық мынада, қоғамның интеллектуалдық қорын иеленуші ретіндегі интеллекті мен интеллигенция біздің қоғамымыздағы әлеуметті құндылық болған жоқ. Осының салдарынан тұлғада, әсіресе өзін-өзі тануға, өзін-өзі бейлеуге бейім жас шағында интеллект туралы жеке және әлеуметтік құндылық ретінде түсінік болмайды, сондықтан да өз ойлауын саналы түрде жетілдіруге, өзінің интеллектуалдық жұмысын белгілі бір түрде ұйымдастыруға талпыныс жоқ.
Жас ұрпақтың дүниетанымындағы өзгерістердің мәнін ой елегінен өткеріп, зерделеу теориялық міндеттер тұрғысынан қалай зәру болса, өмірілік мақсат-мүддеден де солай маңызды. Қоғам дамуының жаңа арнаға түсуі, яки еліміздің егемендік алуы – тәуелсіздігіміз қаншама құндылықтарға жол ашты. Қоғамның күллі бағыт-бағдары, ізгі мұраттары, қажеттіліктері мен себеп-салдарлары түбегейлі өзгерді, мұның өзінің жастардың ой-санасына, өмірлік ұстанымдарына әсер-ықпалы болмай қалған жоқ.
Біз ешкімді енжар қалдырмайтын қызық та таңғажайып уақытта өмір сүріп отырмыз; қоғам өмірінде, адам санасында, жастар дүниетанымында жүріп жатқан орасан зор өзгерістер оқымыстылар ортасында ғылыми талас үшін таптырмайтын азыққа айналды.
Басқаларға қарағанда жастар әлеуметтік топ ретінде өзгеше қасиеттерге ие екені белгілі. Бұл не қасиеттер? Ең әуелі, олардың ″рухының беймазалығы″, болмысқа сын көзбен қарайтындағы, ешкімге кіріптар болғысы келмейтін ″өзімшілдігі″ ақиқаттан, тіпті қоғамнан іргесін аулақ салуға ұмтылуы, саяқ жүріп, қара басының қамын бәрінен биік қоюы. Яғни, көңіл деген – көк дөнен, өз ерік-жігерінен қиялы ұшқыр.
Жастар қанша өзгеше қасиеттерге ие болмасын, ол топтан, әлеуметтік топтан тысқары өмір сүре алмайды. Сондықтан да жастар мәселесі күллі қоғамға қозғау салатын кең көлемдегі әлеуметтік проблемалардан да ауқымды һәм күрделі. Жетпісінші жылдары Батыстың көптеген қоғамтанушылары жастар арасында ″өмірді түсіну түйсігін жоғалту″ деп аталатын дерттің тез таратылуы туралы кәдімгідей алаңдаушылықпен дабыл қаққанды. Сол жылдары американдық журналдың бір санында осы тақырыпқа әр қырынан келген 200 сұхбат негізінде АҚШ жастары мен студенттерінің Декларациясы жарияланды. Содан үзінді: ″Біздің ең бір қиын проблемамыз – қоғамнан өз орнымызды табу. Бәрі сендердің болашақ туралы мазасыздануларыңның жөні жоқ: білімдісіңдер, таланттысыңдар деп иландырады. Бірақ қоғамның бізді шеттеткенінен емес, сол қоғамды біз қабылдай алмаймыз ба деп қорқамыз…″.
Сексенінші жылдары Батыста жастардың әлеуметтік қарсылығы саясбырси бастады. Оны тек босқа шабуылдан шаршау және, 60-70-жылдардағы жеңілістерден көңілдері қарадай қылып, түңілуден немесе еңсе басқан еріншектіктен ғана деп қарау жөн емес, ол қоғамға тән қажеттіліктің жоқтығынан, әйтсе де, бәрінен бұрын, күллі жүйедегі бұрынғы құндылықтың алмасуынан.
″Менің зауытым!″, ″Менің бригадам!″- бұл Совет жастарының асқан шабытпен айтатын сөздері еді. Жұмысшы табының, ұжымшар шаруаларының сапында жүргенін мақтаныш ету, өзі қалаған кәсіпке деген сүйіспеншілік әрбір жас адамның парызы болды. Біздің елімізде мемлекет пен қоғамды басқару істеріне барша мамандық пен барлық жастағы еңбекшілер аса белсенділік пен қатысты.
Бүгінгі жастарға, олардың ата-аналарына қарағанда, әлдеқайда қиын. Батыстағы замандастарына көбірек еліктейді, кертартпа ақпарат ағынына әуестігі басым. Батыстың әуен саздарының, ″ужас″, ″боевик″ кинофильмдерінің ықпалы зор – мұның бәрі идеологиялық қысым, оның құдіреттілігі сол – албырт та аңғал жастардың санасын улайды. Осы арада мынадай сұрақ туады: көптеген жас Батысқа еліктейді, Батыс несімен құдіретті? Оған табына еліктейтіндей жігіттер мен қыздардың осы тұсы неде? Сайып келгенде, Батысқа қайдағы бір рухсыздыққа альтернатива ретінде өмірлік мүдделері қара бастың қамынан аспайтын жүйеге қарсы наразылық ретінде, жастар қозғалысы мен жастардың контрмәдениеті пайда болады. Балалар, жас жеткіншек әлеуметтік мұратты, ең әуелі, ата-аналарынан қабылдайды. Қанға сіңген қасиет бар, әке көрген оқ жонып, шеше көрген тон пішетінін ескерсек, қорғасындай балқып тұрған жастың қалыптасу барысында қырық құбылатыны анық. Комсомол ұйымдары мен тәрбиенің алтын ордасы-мектеп жат пиғылды жастар санасына сіңірмеу үшін әкімшілік жолмен және даңғазалау ұрандармен тоқтатуға әрекет жасап бақты. Өскелең ұрпақтың тегіне ұлттық табиғатына, болмыс-бітіміне ден қоймады. Советтік ″жаңа адам″ тәрбиелеудің коммунистік идеологиясы ұраншыл патриотизмге жол беріп алған еді.
″Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі″. Тәрбиелік мәні де, философиялық салмағы да мол қазақ мақалынан ой тарқатар болсақ, бауырындағы балапанына жөн-жосық, өнеге көрсете алмаған ата-ана уысынан баланың қалай шығып кеткенін байқамай да қалады. Өмірді көруге, білуге құштар жас басқа бағытты, басқа құндылықты тез қабылдамайды. Мұның өзі де үлкендер әлеміне қарсы жасаған жастардың наразылығы.
Қазір жас адамдардар бір кездері ата-аналары пәлендей бой алдыра қоймаған ақшаға әуес, тіпті мол ақшаны жақсы көреді. Бұл арада, сірә, пәлендей сөлекеттік те жоқ. Әйтсе де, бір жағынан, көптеген жан сол мол ақшаның көзін маңдай ақы, адал терден емес, ″көзірлі″ мамандыққа ие болу арқылы табуға бейім, бұл алаңдатпай қоймайды. Тағы да еріксіз еліктеу мәселесі алдымызды орағытады. Өйткені Батыста әркімнің жеке табысы тікелей әлеуметтік статусына пара пар, қаршадайынан осыны көріп, біліп өскен бала өмір өзегіне айналған шындықтан аттап кете алмайды. Бүгін Батыстың осы психологиясы біздің жастарымыздан байқалады, уақыт озған сайын бұл олардың санасынан берік орын алып келеді. Мамандық таңдау өзінің бар қабілет-мүмкіндігін, тіпті талап-талғамын жүзеге асыру принципі бойынша емес, керісінше, қайда ақыны көп төлесе, сонда ұмтылады. Сондықтан да оған таңқалуға болмайды, олар педагог, дәрігер, сондай-ақ әлеуметтік саладағы мамандықтарға қарағанда шаштаразы, даяшы, менеджерді әлдеқайда жоғары бағалайды, тесік қалтадан гөрі бақыр толы бүтін қалтаны артық көреді.
Қалай болғанда да, жастардың бір толқынынан екіншісінің өзгешелігі неде? Өмір тәжірибелерінің артықшылығы қайсы? Ең басты өзгешелігі, сөз жоқ, ұрпақ психологиясына, қоғамның саяси-әлеуметтік, мәдени, экономикалық жүйесіне, әрине, оның әртүрлі кезеңдегі нақты даму артықшылықтарына тікелей байланысты.
Х.Шельски ХХ ғасыр жастарының тарихи үш толқынан даралап көрсетеді. Оның ойынша, біріншісі - романтикалық. Бар болмысы идеалистік философияға негізделген бұл ұрпақта ең әуелден адамға тән ақыл-парасат, ізгілік және түсіністік қасиеттер басым болды. Екіншісі - уайымшыл деген шартты атқа ие болған ұрпақ. Жастардың бұл толқыны әр түрлі саяси бірлестіктерде, қозғалыстарда, партияларда өздерінің құқықтарын қорғау үшін саналы түрде бірігіп, алға қойған мұраттарын жүзеге асыруға ұмтылады. Соңғы, үшінші ұрпақ - қоғамдық мұраттар мен құндылықтарға деген сенімсіздікті бойына сіңіріп өскен күдікшіл ұрпақ .
Бүгінгі жастар - тұзы жеңілдеу, өйткені рухсыз, барлық құндылықтан жұрдай, тек техникалық жетістіктерге ғана малданып отыр деп текке жазғырады. Барға бөлену – ойсыздыққа, парықсыздыққа, білімсіздікке, көргенсіздікке жетелемейді. Қайта алаңсыз ізденуге, білім іздеп, өнер қууға мүмкіндік береді. Рас, бұған дейінгі ұрпақтардағы өмірлік, әлеуметтік тәжірибе, ақыл-парасат бұларда жоқ шығар, бірақ бұл жастардың ешкімге ұқсамайтын саналығын, өз ой пікірімен жүріп-тұратындығын, максимализмін жоққа шығаруға болмайды және оны алдыңғы буынға қарсы қою жараспайды. Олардың қарым-қатынастарындағы әлдекімдердің ізімен жүргісі келмейтін ″өзім білемдіктеріне″ күддікпен қарауда ойлануды қажет етеді.
А.И.Афанасьева былай деп көрсетеді: ″Мирасқа қалғанды әрқашан жалғасын табу үшін, не қалды деп ой елегінен сын көзбен өткізу, оның құндысын іріктеп алу, алғаныңды жаңаша іске асыру керек және т.б. Ендеше, ұрпақ сабақтастығы объективті байланыс бола тұрып, сонымен бірге ұрпақтардың саналы түрдегі қызметі қосатын субъективті жағдайда болады″ [25].
Ұрпақ алмасуына орай қоғамдық санадағы өзгеріс үлкендерді мазаламай тұрмайды. Қазіргі жастар, сөз жоқ, қоғамдық өмірде батылда ашық, алайда оларда тәжірибе және сабыр жетпейді, өткеннің тәжірибесі көп еңбектене отырып үйренуді қажет етеді. Бүгінгі таңда жастарда бұған дейінгі тәжірибені толық меңгеру үшін уақыт бар, өткеннің сабақтарын үйрену осы заманды дұрыс түсіну деген сөз. М.Мит ұрпақтардың мәдени сабақтастығы мәселесін зерделей отырып, мынаған назар аудартады: мәдениеттің белгі үш түрі ішінен, атап айтқанда, бейнелі мәдениет, ең бастысы, болашаққа бағдар береді. Дәл осы мәдениетте үлкендер өз балаларынан үйренеді. Жас адамдар қазір өз аталары мен әжелері, әкелері мен шешелері білмейтінді біледі.
Жастар үлкендердің айтқан ақылдарынан ғибрат алып қана қоймайды, өздері де өмірдегі бар проблемаларға жауап іздеуге тырысады. Сондықтан өмірлік, мәдени және білім деңгейі, саяси мәдениеті, әлеуметтік шындықты түсініп, зерделеуде жаңа ұрпақты, оның кемшіліктеріне қарамастан, әрине, аға буындардың жас кезіндегі деңгейімен салыстыруға болмайды.
Жоғарыдағы сөз етілмеген жайларды талдай келе, біз сеніммен былай дейміз: жас толқын- бұл бүгініміз, ал біздің балаларымыз-болашағымыз. Мына біздер- жастар өз балаларымызға не бере алғандаймыз, олар қандай өмір тәжірибесі мен мәдени дәстүрді, ұлттық салт-санамыз бен әдет-ғұрпымызды мирас етпек?
Біз балалар мен жас жеткіншектердің интеллектуалдық өрісі өздерінің жас деңгейінен асып түсіп жатқанын жақтап отырмыз. Көптеген ата-аналар ″әлеуметтік бәсеке″ жолында өз балаларын жекеменшік арнаулы мектептерге орналастыруға ұмтылуда. Әлбетте, балалар, жастар жан-жақты, мол мағлұматты болып жетіліп келеді, бұл арада адамзат баласы білімпаз болып отыр, білім беру жүйесі нығайып, кең қанат жайды, ақпарат көлемі ұлғайды, демек, бұл факторларды назардан тыс қалдырмағанымыз мақұл. Солай бола тұрғанымен, тәрбиесінде мына мәселеге мән берілмей барады: жақсылыққа сүйеніп, жамандыққа күйіне білу; қайғыға бөлісе білу; қайырымдылық, қарапайымдылық; үлкенді сыйлап, кішіге ізетпен қарау; мейірбандық сияқты кісілік, адамгершілік қасиеттерді баланың тал бойына егіп, санасына сіңіруге жоқпыз. Соның нәтижесінде өмірде күтпеген тосын жағдайлар – парадокстар алдымыздан орағытып өтеді. Балалар қаршадайынан шет тілдерінде бұлбұлша сайрайды, бірақ ана тіліне шорқақ немесе білмегеннен бетімен жер басады [23].
Қазіргі кездегі жастардың құндылықтарына келетін болсақ олардың білімге деген көзқарасы өзгерді. "Жақсы білім – ертеңгі болашағың" деген қағида саяды. Олар білімнің сапасына, оқытушылардың біліктілігіне көңіл аудара бастады. Олар саяси ұйымдар мүшелігімен өз ойларын білдіруде. Тәжірибе көрсетіп отырғандай жастардың жаңа әлеуметтік концепциялары болып өзін-өзі тану, өзін-өзі анықтау, өзін-өзі бекіту, өзін-өзі әрекет ету болып табылады. Бұл концепциялар жастар үшін маңызды. Өйткені жастар Қазақстан қоғамында өзі қандай орын алатынын анықтап, өзінің Қазақстан азаматы ретінде қандай міндет атқаратынын, яғни, өзін-өзі танып білуі қажет.
Бүгінгі таңда балалар көзді ашып-жұмғанша есейеді. Сондықтан да оларға дер шағында нақты өмір шындығы туралы ақиқат сабағын бер, дер шағында өз тәжірибеңмен бөлісіп және олардың ойымен санасып, түйген пікіріне құрметпен қара. Жас мемлекетімізге білімді ғана емес білікті де азамат ауадай қажет.
Өз өміріңнің өткенінен бас тартуға болмайды, онсыз бүгінің, онсыз ертеңің жоқ. Ұрпақтар арасындағы түсінбестіктің көптеген себебі сол жылдардың әлеуметтік жағдайын терең білмеуден туындайды. Өмір тарихын және оны заман ілімі мен тәжірибесінің деңгейінде баяндағанда, біз сол дәуірге оның замандастары қандай көзбен қарады деген психологияны жиі назардан тыс қалдырамыз.