«?аза? тілі мен ?дебиет саба?тарында тіл дамыту ж?мыстары»


Оңтүстік Қазақстан облысы
Сайрам ауданы Жібек жолы ауылы
«Бөкейхан» атындағы жалпы орта мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Рыскулова Эльмира
«Қазақ тілі мен әдебиет сабақтарында тіл дамыту жұмыстары»
Тіл  дамыту – қазіргі  оқытудың басты мәселесі. Тіл мен сөйлеу процесін  жіктей оқыту, оқушының  дұрыс  сөйлей  білуіне көңіл бөлу, ауызша және жазбаша тілін дамытып, тіл мәдениетін жетілдіруде қазақ тілі мен әдебиет пәнінің алатын орны ерекше. Әр мұғалім  қазақ  тілі мен әдебиет сабақтарында  тіл  дамыту  жұмыстарын  шығармашы
лықпен  жүргізіп, дұрыс ұйымдастыра білсе, ол оқушының күнделікті өмірдегі құбылысты жан-жақты түсіне  білуіне, білген  нәрселерін  ауызекі  сөздерінде  қолдана  білуіне жағдай  жасайды. Сондықтан қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі көркем сөздің осы сияқты ерекшеліктерін оқушыларды тіл мәдениетіне үйретіп жетілдірудің мықты құралы ете білуге тиіс. Оқушының  тілін  дамыту  жұмысы,ол  баланың  жалпы  ойын дамыту деген сөз, өйткені оқушы пәнді оқып  үйренсе де, өзінің  істеген  жұмысы, көрген-білгені  туралы  күнбе-күн  сөйлеп, ойын  қалыптастырып  отырады,  яғни оқушылардың   тілін   дамыту   мәселесі   олардың   ойлау қабілетімен байланыстырылса,  сондай-ақ,  ойлау  мен  сөйлеу  процесінің  бірлігінде ұйымдастырылады.
Қазақ тілі мен әдебиет сабақтарында нақтылы тәрбиелік процесте ауызша тіл дамыту жұмыстары қай жерде, қалай жүргізіледі, оқушылардың сөйлеу тіліндегі кемшіліктер қандай әдіс-тәсілдер арқылы түзетіліп отырады-мұның бәрін ойластырып, педагогикалық, психологиялық, методологиялық тұрғыдан қарап, дұрыс шешімін табатын тек қана тіл маманы болып табылады.   Оқушылардың  ауызекі  сөйлеу  тілін,  тіл  мәдениетін  арттыру  мен  дамыту, сапалы  білім  беру-қазіргі  кезде  мектеп  мұғалімдерінің,  тіл  мамандарының алдында тұрған  басты  міндеттердің  бірі.
Қазіргі заман талабына сай білім беру  үрдісі білімді жеке тұлғаға қарай  бағыттай отырып, тұлғаны  жан-жақты  дамытуға, шығармашылықпен  айналыстыруға  жол ашып отыр. Алайда, осы іс-шаралардың  барлығы  мұғалімнің  ұйымдастыруы мен шеберлігінің  нәтижесінде  іске  асырыларды.
Сондықтан оқушылардың тілін дамыту, сөйлеу мәдениетін өрістетіп, жетілдіріп отыруды көздейтін мектеп көлемінде тиісті шаралар белгіленіп, жаппай жұмыс жүргізілмесе де, қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімдері оқу материалдарының мазмұны мен түрлеріне байланысты сынып жағдайында және одан тыс уақытта да бұл жұмысты үздіксіз жүргізіп отыруға міндетті.
«Білім  туралы  Қазақстан  Республикасының  Заңында»
«Жеке адамның шығармашылық,  рухани  және  дене  мүмкіндіктерін  дамыту, адамгершілік  пен салауатты өмір салтының  берік  негіздерін  қалыптастыру, жеке  басының  дамуы үшін жағдай жасау арқылы интеллектін байыту»-дейтін тұжырымдар бүгінгі білім берудің мақсаттары мен міндеттерін ғана емес, тіл дамытудағы өзекжарды мәселелерді де айқындайды.
Қазақ тілі мен әдебиеті сабағында оқушыларды сөзді дұрыс қолдана білуге,өз ойын орнықты жеткізуге, еркін сөйлей білуге жетелейтін тәсілдің бірі – тіл дамыту жұмыстары. Оқушылардың тіл дамыту жұмысын дұрыс ұйымдастырып, дұрыс жүргізіп отыру-әдебиетті сөз өнері ретінде шығармашылық шабытпен шебер оқыта білудің бір көрінісі болып саналады. Тіл дамыту мақсатындағы жүргізілетін жұмыстар оқушының ойлау қабілетіне,сондай-ақ өз ойын жеткізе білуіне, шығармашылық ізденісіне жол ашады. Оқушының білімі ғана жетіліп қоймайды, қабілетінің, дарын көзінің ашылуына түрткі болады.
Қазақ тілі мен әдебиет сабақтарында оқушылардың сөйлеу тіліне мынадай талап қойылады:
Оқушы айтайын деген ой-пікірін жүйелі, байланысты түрде әңгімелеп беруге жаттығу.
Сөз тартымды, мазмұнды болуға тиісті.
Әдеби тілдің нормасынан ауытқып кетпей, оны сақтап мәнерлеп сөйлеуге дағдылану.
Сөзді дұрыс, орынды қолданып, сөйлемді дұрыс құрап ойын айта білуге машықтану.
Тіл дамытудың басты құралы сөздік қорда жатады. Оқушының сөздік қорының неғұрлым көп болуы және оны тиімді қолдана білуі жүйелі еңбекті қажет етеді. Сөздік қорды байыту жұмысында іріктелініп алынатын атаулар, ұғымдар ұлттық дәстүріміз бен өткен тарихымызға байланысты болса, оның жан-жақты маңызы артып отыратындығы белгілі.Өйткені оқушылар өзінің туған халқының тарихымен, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрімен байланысты атауларды үйрену арқылы білім қорын жинай бастайды.
Қазақ тіліндегі тіл ұстарту жұмыстарының негізгі мақсаты – дұрыс, сауатты жазуға, оқушының ауызша және жазбаша ойын, грамматикасын және стилистикасы  жағынан дұрыс сөйлем құрап,жүйелі сөйлеуге үйрету. Мұғалім оқушының ауызша және жазбаша тілін дұрыс дамытуда грамматикалық ережелерді жақсы білуге, тыныс белгілерін
дұрыс қоюға үйретіп,көркем әдебиетті көп оқуға бағыт беріп,оның үлгісін көрсетіп отыруы тиіс. Әр мұғалім тіл ұстарту жұмыстарын шығармашылықпен жүргізіп, дұрыс ұйымдастыра білсе, ол оқушының күнделікті өмірдегі құбылысты жан-жақты түсіне білуіне,білген нәрселерін ауызекі сөздерін де қолдана білуіне жағдай жасайды.
Тіл дамыту жұмыстары ауызша-жазбаша жаттығулар,мәтінмен жұмыс, мазмұндама,шығарма,диктант, мақала жазу, мінездеме беру,суретпен жұмыс, сұраққа жауап жаздыру, жоспар жасату, кітап оқу сияқты жұмыс түрлері арқылы іске асырылады.
       Тіл дамытудағы өнімді тәсілдердің бірі – шығармашылық тапсырмалар. Шығармашылықтың түрі әр алуан, мәні біреу-ол жаңа мазмұн жасау. Озық педагогика: әрбір бала өзінше талантты, әрқайсысы шығармашыл бола алады. Шығармашыл бала өзінің қабілетін, күш-қуатын, бейімділігін сезіне алатынын дәлелдейді.
Тамаша педагог В.Сухомлинский: «Шығармашылық арқылы тұлғаның рухани байығы қалыптасады,шығармашылық адамды адамға тартатын  магнитпен тең. Сондықтан  да мектептің, мұғалімнің, ата-ананың, тәрбиешілердің негізгі мақсаты баланы өмірге, еңбекке шығармашылықпен қарауға үйрету» - деп атап көрсеткен.
 Оқушылардың ауызекі сөйлеу тілдері мен жазба тілдерін тіл дамыту жұмыстарында бірлікте ала отырып жүргізудің тиімділігі зор. 
Пайдаланылған әдебиеттер:
Аханов К. Тіл білімінің негіздері. – Алматы «Мектеп»
Балақаев М.,  Жанпейісов Е., Томанов М,. Манасбаев Б.
Қазақ тілінің стилистикасы. – Алматы «Мектеп»
А. Байтұрсынов Тіл тағылымы. – Алматы «Ана тілі»
Білім туралы ҚР заңы. Алматы, 2001ж.
Т.Ақшолақов Қазақ әдебиетін оқыту. Алматы «Рауан» 1993ж.