Статья ?иял?а ?анат бітірген жоба
Қиялға қанат бітірген жоба
Ұстаздық деген бір өзінше киелі мамандық қой,шіркін! Ал біздер, ұстаздар қауымы, бала деген періште көңіл кішкентай адамдардың арасында үнемі жүргендіктен болар , шамасы, өзіміз де бала сияқты болып кетеміз бе , қалай?..Қызық...
Басқару мен басшылық саласындағы деңгейлік курстың бетпе-бет кезеңін бітіріп,тәжірибеге кірістім. Мектепті дамыту жоспарын құрып, өзімше «бақайшағыма дейін қаруланып алғандай» болдым. Деңгейлік курсты аяқтап сертификатталған мұғалімдерді жинап отырыс өткіздім. Жоспарды бөлімдері бойынша талқылап, өздерінің пікірлерін білдірді, өздеріне тиесілі атқаруға тиісті іс-шараларын бөлісіп алып, жауапты мұғалімдер тағайындалды. Ал енді жоспар бойынша іс-шараларды жүзеге асыруға келгенде, қобалжу пайда болғандай. Осы жұмысқа енді ғана кіріскен «жас мұғалім» тәрізді күй кештім. «Көш жүре түзеледі» деген ата-баба қағидасы есіме түсті.
Келесі кезекте тәжірибелі ұстаздармен сұхбат жүргіздім, жоспармен бөлісе отырып олар атқаруы тиіс іс-шаралармен таныстырдым. Мұнда тәлім алушы ұстаздардың басым көпшілігі бар еді. Өзім сенетін, бетке ұстар, кеңес беретін ұстаздарым. Тәлім алушы ұстаздарға жаңа үлгідегі сабақтарды өткізуді ұсындым. Олар келісті, әрине, бірақ жүздерінде бір түрлі сенімсіздік тұрғандай болды. Дегенмен, қызу дайындық басталып кетті, менің қуанышымда шек болмады. Өзара сабақтарға қатысу, жаңа үлгідегі сабақтарды жоспарлау, тәлімгер ұстаздармен пікір алмасу,оларды талқылау, өз идеяларын ортаға салу... Тәлімгер ұстаздардың алдында кезекке тұрғандай болды-ау. Міне қажеттілік туса, ұстаздардың қолынан келмейтіні жоқ. Осы қызу жұмыстардың басында өзім тұрдым. Сол бір сәтте осы деңгейлік курстың тыңдаушылары қатарында болғаныма шын көңілмен қуандым. «Көз қорқақ, қол батыр» деген осы екен-ау! Әсіресе, химия пәнінің мұғалімі Р.Теңелованың жаңа үлгідегі сабағы мені ерекше қызықтырды. Тәжірибелі ұстаздың сабақты терең ойланып, әдістемелік шеберлікпен құрғаны маған жақсы әсер етті. Шынында, оқушыларды өзін-өзі оқыту арқылы және жанындағы сыныптастарын оқыту арқылы жоғары нәтижеге жетуге болатынын дәлелдеді. Себебі, біз сөйлемейді деп есептейтін балалардың өзі тақта алдына шығып өздерінің ойын айтып жатты.
Тәжірибе барысында өткізілген «Егер мен Майқанова болсам...» атты дебаттың қызықты өткені педагогикалық ұжымға мәлім. Ол ұстаздарға да, 11-сынып оқушыларына да ой салды. Мектебіміздегі «Қожа» - Жолдас Еділдің өзі қанша еркетотай, шолжаң бала болса да,тосыннан қойылған сұраққа тосырқап қалды. Жүзіне қан жүгіріп төмен қарап қызарақтай берді. Бұл - оның өзінің іс-әрекетінің дұрыс емес екендігін сезінгенінің белгісі. Қожа сияқты «ақылды тентек» болса екен деп тіледім ішімнен.Бұл ұйымдастырылған шараның екі жаққа әсері де, пайдасы да мол болды. Ұзақ мерзімді тәжірибеме байланысты тренер мектебімізге формативті бағалауға келген күні мектеп ұжымының есінде мәңгі қалды деуге болады. Олар сол күннің әсерін әлі айтып тауыса алмай жүр. Осы қызықты іс-шараларды ұйымдастыру барысында жағымды бір психологиялық ахуал туды. Соның әсері болар.
Алда әлі талай асулар тұр. Бағдарлама мені тағы да жаңа ізденістерге жетелейді. Қиялыма қанат біткендей...