Информатика п?нін о?ытуда?ы практикалы? ж?мысты? ма?ызы
Информатика пәнін оқытудағы практикалық жұмыстың маңызы
Білім беруді ақпараттандыру жағдайында оқушылардың ақпараттық сауаттылығын, ақпараттық мәдениетін және ақпараттық құзырлығы сияқты қабілеттіліктерді қалыптастыру мәселесі бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналып отыр.
Бүгінгі таңда кез келген оқушының компьютерлiк сауаттылығын арттыру, күнделікті өмірде компьютердi пайдалануын қалыптастыру және әлемдік ақпарат көзінен ақпараттарды iздеу мәдениетiн дамыту - қазіргі заман талабы.
Ақпараттандырудың негiзгi мiндеттерiнiң бiрi – мектепте компьютердi оқыту құралы ретiнде қолдану, яғни, оның мүмкiндiктерiн пайдалана отырып, практикалық, зертханалық жұмыстарды орындау арқылы жаңа материалды бекiту.
Оқушылардың жалпы компьютерлік біліктіліктерін, яғни клавиатурамен жұмыс, программа құру, принтермен жұмыс істей білу, дайын программаларды қолдана білу, текстік, графикалық редакторлармен жұмыс істей білуді жүйелі түрде қалыптастыру бүгінгі күннің кезек күттірмес талабына айналуда. Практикалық жұмыс тапсырмаларын информатика пәнінің кез-келген сабақтарында пайдалану, оқушының шығармашылык, интеллектуалдык қабілетінің дамуына, өз білімін өмірде пайдалана білу дағдыларын жетілдіруде жақсы әсерін тигізеді.
Күнделікті сабақ беру үрдісінде жаңа материалды оқушыға меңгерту үшін әр түрлі деңгейдегі практикалық жұмыстарды жүйелі жүргізудің маңызы өте зор және оның ерекшеліктері:
Не істеу керек екенін мұғалім айтып тұрады, ал оқушы дереу орындайды (барлық тапсырманы мезгілінде орындаған оқушы үлгермеушілерге көмектеседі);
Топ оқушыларынан толықтай жауап алу;
Мұғалім сұрақ қоя отырып, оқушылардың білім деңгейін анықтай алады;
Білімі төмен оқушылармен жеке жұмыс істеу мүмкіндігі ;
Дарынды оқушыларға өз бетімен жұмыс істеуге толық мүмкіндік береді;
Мұғалім тапсырманың дұрыстығын тексере алады;
Оқушының компьютермен жұмыс істеу дағдысы мен жылдамдығын бақылау және жұмыс барысында кездескен қиындықтарды дер кезінде шешу;
Кейбір амалдар мен әрекеттерді оқушылар өз бетімен орындайды;
Оқушылардың пәнге деген қызығушылығы артады;
Оқушылардың шығармашылық белсенділігі дамиды;
Практикалық жұмыстың табысты болуы мұғалімнің оқыту – білім беру шеберлігіне, мұғалімнің қаншалықты жауапкершілікті сезінетіндігіне, қаншалықты өз мамандығына ықыласты екендігіне байланысты. Себебі мұғалімнің еңбегі – шығармашылық еңбек. Әрбір сабақты мұғалім өз қалауы бойынша, оқушылардың мүмкіндіктерін ескере отырып жоспарлайды, сабақтың типін, оқыту формасын, сонымен бірге оқушылармен жасалатын жұмыс түрлерін, оны жүзеге асыру әдістерін таңдап алу оның өз еркінде.
Жаңа білімді қалыптастыруда практикалық жұмыстарды тиімді пайдалану, ондағы берілген тапсырмаларды барынша орындату жақсы нәтиже кепілі.
Информатика пәнінен қазақша оқу әдістемелік құралдардың аздығына, оқушы үшін дидактикалық материалдардың және жұмыс дәптерлерінің жоқтығына байланысты практикалық жұмыс тапсырмаларын мұғалімнің өзі құрастыруға тура келеді. Тапсырмаларды құруда оқу-әдістемелік құралдарын, «Информатика негіздері» басылымдарын, электрондық оқулықтарды, Интернеттегі ақпараттарды, т.б. ақпарат көздерін пайдалануға болады. Практикалық жұмыстың мазмұнын күнделікті өмірмен байланыстырып, оқушының қызығушылығын арттыруға әсер ететіндей құрастырған дұрыс. Тапсырмалар қызғылықты мазмұндалған болса, оқушыларда ынталану пайда болады. Практикалық жұмыс тапсырмаларының мазмұнына қарай төмендегідей түрлерге бөлуге болады:
Үлгі бойынша орындалатын ;
Меңгерілген білімді пысықтау, жүйелеу;
Жаңа материалды меңгеруге бағытталған және өмірмен, басқа пәндермен байланысты;
Меңгерген алғашқы қарапайым білімді бекіту және жетілдіру;
Білімдерін толықтыра отырып, жаңа білім меңгеру, өзі үшін жаңалық ашу;
Ой қорытуға және дағды қалыптасытыруға арналған (өмірден алынған мәліметтер бойынша график, диаграмма салу, көрнекі құралдар жасау);
Оқушылардың шығармашылық деңгейі мен жеке басының икемділігін анықтайтын тапсырмалар.
Жалпы сабақты түрлендіріп, қызықты өткізуге көмектесетін, жаңа білімді меңгеруде оқушылардың белсенділігін арттыратын практикалық жұмыс тапсырмаларын пайдалану өте тиімді.
Өзімнің іс-тәжірибемде жаңа теориялық материалдарды түсіндіру алдында оқушыларға бағдарлау сұрақтарын қоя отырып, осы тақырып бойынша білім деңгейлерін анықтап алуға тырысамын. Нәтижесінде кейбір топқа теориялық материалды толық түсіндіру қажеттілігі туындаса, ал кей топта практикалық жұмыстан бастап, жетелей проблемалық сұрақтар қоя отырып, жүзеге асыруға болады (теорияны оқулықтан оқу тапсырылады).
Мысалы:
7-ші сыныптарда «Paint графиктік редакторы» тақырыбында оқушылар үлгі бойынша сурет сала отырып, өз ойларымен, өз шығармашылығымен суреттер салуға тырысады.
8,10-шы сынып бағдарламасы бойынша «Word мәтіндік редакторы» тақырыбында қарапайым мәтіндерді құру мен оны редакторлеу, құжаттарды өңдеуді автоматтандыру, әр түрлі жарнамалар, қарапайым іс қағаздарын жасап үйренеді. Ал «Excel кестелік редакторы» тақырыбында кесте толтыру, өңдеу, формуламен жұмыс, диаграмма салу, мәліметтер базасымен жұмыс, қарапайым электрондық тестер жасауды меңгереді.
9-шы сыныптарда әр түрлі программалар құрып, әсіресе графиктік операторларға қызығушылығы соншалық әртүрлі программалар құрып, нәтижесін экраннан шығарып отырады.
11-ші сыныптарда PowerPoint программасымен әр түрлі тақырыпта презентациялар, қарапайым электрондық оқулықтар жасап, оларды безендіру және аннимациялар қою жұмыстарын жасауды үйренсе, Access деректер қорында қарапайым және күрделі кестелерді құру мен оны жобалау, сұрауларды, форма мен есептерді құруды, сүзгілеу мен сұрыптау әдістерін меңгереді;
Интернет тақырыбы бойынша түрлі іздеу жүйелері арқылы Интернеттен ақпараттарды іздеу, электрондық хаттарды құру, өңдеу, жөнелту мен оны алу жолдарын үйренеді.
Компьютерде жұмысқа дағдыланған оқушылардың сабаққа қажетті көрнекi құралдарды электрондық түрде дайындау, өзiндiк және практикалық жұмыс тапсырмаларын дайындауда мұғалімге көп көмегі тиеді.
Информатиканы оқытудың негізгі маңызы – оқушылардың шығармашық, зертеушілік қасиеттерін қалыптастыру және белсенді, әрі толыққанды өмірге, информациялық қоғам ортасындағы жұмысқа дайындау болғандықтан, өз тәжірибемде практикалық жұмыстарға көп көңіл бөлемін.
Қазіргі заман талабына байланысты оқушының информатика пәнінен алған білімін іс жүзінде пайдалана алатындай дәрежеге жеткізудің маңызы зор. Сондықтан оқушыларға білім негізін меңгертуде, пәнге деген қызығушылығын арттыруда және шығармашылыққа іздену қалыптастыруда практикалық жұмыстың алатын орны ерекше
Сабақ беру үрдісіндегі менің негізгі ұстанымдарым:
Оқушылардың теориялық білімдерін іс жүзінде қолдануды қалыптастыру;
Оқушыларды өз бетінше жұмыс істеуге үйрету;
Оқушылардың компьютерлік сауттылығын арттыру;
Оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту;
Қорыта айтқанда, сабақ барысында практикалық жұмысты жүйелі орындау оқушылардың ақпараттық мәдениетiн қалыптастыруға, компьютерлік сауаттылықтарын арттыруға, теориялық білімдерін бекітуге және оқытудың сапасын арттыруға игi әсерiн тигiзедi.