М??алімні? т?жірибесін іске асыруда?ы саба? беру мен о?ытуды? жа?а т?сілдері
3726815-307975
Сағиева Айгүл Қадырқызы,
Өскемен қаласы әкімдігінің
«№6 орта мектебі» КММ-нің
I санатты қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі.
Мұғалімнің тәжірибесін іске асырудағы сабақ беру мен оқытудың жаңа тәсілдері
Бүгінгі таңдағы білім беру жүйесі оқытудың құрылымы, мақсаты мен мазмұны, технологиясының түбегейлі өзгерісімен ерекшеленеді. Мұндағы мақсат – білім, білік, дағдыны механикалық түрде дамыту емес, танымдық қабілеті дамыған және өзін-өзі көрсете алатын жеке тұлға ақыл-ойын дамыту.
Бүгінгі уақыт Абайдың: « Жаңа жылдың басшысы – ол, Мен ескінің арты едім,» - деген өлеңін еске түсіреді. Белгілі бір дәуірдің соңына нүкте қойылды. Қазіргі қазақ ұрпағы – жаңа жылдың басшысы. Мына жаңа жағдайда біз оны қандай өреден көруге тиістіміз? Қазіргі заман талабына сай білім берудің жолы – тиімді педагогикалық технологияны басшылыққа алу. Еліміз болашақта көркейіп, өркениетті елдер қатарына қосылу мүмкіндігі бүгінгі ұрпақ бейнесінен көрінеді. Сондықтан мұғалімдер заманауи оқушы бейнесін қалыптастыруға байланысты күрделі шешімдер қабылдайды. Бұл шешімдер түрлі білім мен пікірлерге сүйенеді және әрбір оқушының не үйреніп, келешекте неге қол жеткізуге тиіс екендігіне бағытталады. Осы мақсатта мұғалімдердің оқушылардың ішкі мүмкіндіктерін ашу, оқытудағы ерекшеліктерді түсіну, көптеген тәсілдердің, тілдік және мәдени әсер мен мінезқұлық және дағдының, қызығушылық және оқыту амалдарының болатынын жете түсінуі қажет болады. Мұғалімдерге білім саласындағы болып жатқан өзгерістерді ескеріп, стратегияларды алдын ала қабылдау қажеттігі туралы барынша дәлелді тұжырымдар жасауға мүмкіндік беретін қосымша ақпараттар жинауға тура келеді. Шешім қабылдау үдерісінде мұғалім үшін ең маңыздысы оқушының қызығушылығы болып табылады. Ал күтілетін нәтижелер оқушылардың қалай оқу керектігін үйреніп, соның нәтижесінде еркін, өзіндік дәлелуәждерін нанымды жеткізе білетін, ынталы, сенімді, сыни пікір көз - қарастары жүйелі дамыған, сандық технологияларды меңгерген оқушы ретінде қалыптасуын қамтиды.
Облыстың бір топ ұстаздары 2013 жылы ақпан – мамыр айында үшінші деңгейлі Кембридж курсын оқып, тәмамдадық. Нені білдік? Нені үйрендік? Әріптестермен тәжірибе бөлістік, талқыға салдық. Қисынды ойладық. Осы теорияны практика жүзінде қалай қолданамыз, қандай нәтижеге жетеміз деп өзімізге мақсат қойдық. Табысқа жетуге қандай жолдарды қолданамыз, сабақ мақсатына жету үшін таңдап алған стратегиялар сабақ мазмұнына сай бола ма екен деген сауалдың жетегінде болдық. Осы жерде Джон Дьюидің «Біз қалай ойлаймыз?» (1910) деген кітабы рефлексивтік ойды шешуге жататын мәселелерді зияткерлендіру тұрғысынан қарастыра отырып, идеялар мен болжамдарды дамытып, практикалық жағдаяттардың зерттеулеріне бастама жасап және іске асыра отырып оқытуға ерекше ықпал ететіндігін қаперге алдық.[1] Шәкірттеріміздің бойына сыни тұрғыдан ойлау қабілетін сіңіруге ұмтылдық. Біз 7 модульдің ерекше теңдессіз, жаңа ғасырдың талаптарын жақсылап орындап шығуға мүмкіндік беретін және оқып үйренгендерімізді тереңірек түсінуге көмектесетінін білдік. Кез келген жастан бастап сабақтарда 7 модульді қолдануға болады. Әрине, оқу барысында балалардың ойлау қабілеттері жетіле түседі. Сыни тұрғыдан ойлайтын бала мәселені шешудің жолын өзі іздеп табады да, сол шешімдегі негізі бар, саналы дәлелдермен нақтылай түседі.
Мұғалімдердің осы технологияларды түрлендіруі үшін және ең ыңғайлысын, пайдалысын үйрету үшін білім беру жүйесінде сан алуан жұмыстар жүргізілуде. Соның бірі- оқытудың Кембридждік бағдарламасы. Бағдарламаның негізгі міндеті – қазақстандық мұғалімдерге педагогикалық тәжірибелерін жетілдіру мен бағалауға көмектесу. Сондықтан оқыту мен оқудың қазіргі заманғы әдістері мұғалімнің күнделікті тәжірибесі және кәсіби шеберлігімен өзара байланыста қарастырылады. Мұнда негізгі мәселе тиісті сабақтарда қарастырылатын жеті модульге сараланған[2].
Сыни тұрғыдан ойлау – Қазақстандағы білім беруді дамыту үшін маңызды болып табылатын қазіргі ең басты педагогикалық түсінік. Бұл модуль оқушылардың да, мұғалімдердің де сыни тұрғыдан ойлауды дамытуды саналы және оймен қабылдауын көздейді. Сын тұрғысынан ойлауды дамыту бағдарламасы – әлемнің түкпір-түкпірінен жиылған білім берушілердің бірлескен еңбегі. Жобаның негізі Ж.Пиаже, Л.С.Выготский теорияларын басшылыққа алады. Мақсаты барлық жастағы оқушыларға кез келген мазмұнға сыни тұрғыдан қарап, екі ұйғарым бір пікірдің біреуін таңдауға саналы шешім қабылдауға үйрету. Сабақты жаңашыл үрдіспен өткізу-оқушылардың білім сапасын арттырып, олардың шығармашылық және ойлау қабілеттерін дамытып отырады, ал педагогтар үшін кәсіби шеберліктерінің өсуіне жәрдемдеседі. Білімнің болашақта пайдаға асуы, қажетке жарауын қалыптастырады. Көп ақпаратты талдай, жинақтай отырып, ішінен қажеттісін алуға үйретеді.
Мен дәстүрлі сабақтар мен бүгінгі тәжірибем негізінде өткізілген сабақтарды салыстыра отырып, төмендегі айырмашылықтарды байқадым. Дәстүрлі сабақтар үрдісіндегі мұғалімнің әдістері мен оқушының іс-әрекетін жеке-жеке сараласақ, мұғалім тақырыпты өзі түсіндіреді, тақырыпты талдайды, оқушыларға әр түрлі тапсырмалар беріп отырады. Ал оқушы мұғалімнің айтқанын қайталайды, түсінгенін айтады, тапсырманы жеке орындайды. Ал Кембридж бағдарламасындағы сыни тұрғыдан ойлауға үйрету модулін енгізген сабақтарымда мұғалім оқушылардың сыни ойлауын дамытатындай тапсырмаларға бағыттайды, ал оқушылар болса өз ойларын еркін айтып, пікірлерін қорғауға, кез-келген мәселеге сыни көзқарасын білдіре алатынын аңғардым. Осы салыстырудан сыни тұрғыдан ойлаудың негізгі қағидаларының шығармашыл тұлға қалыптастыруға бағытталғандығын көреміз.
Сабақтарымның барлығында да АКТ, диалогтік оқыту, сыни тұрғыдан ойлауға үйрету модулін қолданып отырамын және бұның қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарына оңтайлы екенін ұғындым. Александердің «балалар күннен-күнге қолжетімділік артып келе жатқан анағұрлым кең коммуникациялық үдерістерге тиімді және ойдағыдай қатысуға мүмкіндік беретін сыни тұрғыдан ойлау мен зерттеу дағдыларын дамытуы керек» деген пікірін негізге ала отырып сабақ жоспарларыма осы сыни тұрғыдан ойлауға үйрету модулін енгіздім. Бұл маған сабақтарымды жүйелі жоспарлауға және тізбектелген сабақтар топтамасын құруға көмектесті[3]. Сондай-ақ оқушылар еркін сөйлеу, өз ойларын ашық айта білу, бір-бірінің пікірін тыңдау және бағалауға үйренді.
Мектептегі тәжірибемде тақырыптарды меңгертуде сыни тұрғыдан ойлауға үйретудің ассоциация, ЖИГСО, Венн диаграммасы, екі жақты күнделік, синкуэйн, түртіп алу, кластер, соңғы сөзді мен айтамын, еркін жазу, автор орындығы әдістерін пайдаландым. Сондай-ақ өзара пікір алысу, талдау, талқылау туғызу үшін сабақтарымда топтық жұмысты ұйымдастырдым және топқа бөлуді әр сабағымда тақырыпқа сай түрлендіруге тырыстым.
Оқушыға білім берудің негізгі көзі-«жеті модульге жеті қадам жасадым» деген ұстаныммен шектелмеуі тиіс. Сабақты оқытуда барлық модульдер мен «Блум таксономиясы да» сабақтаса қолданылып, олардың ішінде негізінен бір модуль ерекше көрініс табуы тиіс. Бұны біз өзіміз тізбектеген сабақтар топтамасының жоспарын құруда анықтадық. Сонымен қоса, өзіміз жоспарлаған сабақты тәжирбе барысында іске асыруда көрдік. Атап өтсем, мен өткізген арнайы тізбектелген сабақтар топтамасында қолданылған, менің пікірімше, тиімді саналғаны – «СТО» модулі. Осы модульді тізбектелген сабақтар топтамасында қалай қолданылған айтпас бұрын, «дәстүрлі оқыту» стилінде қолданылған сабақ барысына салыстырмалы талдау жүргізе кетейін. «Дәстүрлі оқытуда» мұғалім сабақ барысын, тақырып мазмұны өзі түсіндіріп, нақтылау үшін оқушыларға «Ереже дәптерлеріне» түртіп алуды ескертетін. Кейін қалыпты жүйеленген тақырыптық немесе қазақ тіліндегі түрлі лингвистикалық талдаулар арқылы талдатып, берілген қырық бес минутты әдеттегідей өткізетін. Бұл арқылы мен оқушыға толық білімді, яғни теорияны меңгерттім деп шешіп, әрі қарай келесі тақырыптарды түсіндіруге жол салып жүре беретін. Яғни, теория меңгерілгенімен, тәжірибе қалып қоятын. Ал жеті модульді бірімен-бірін сабақтастыра оқытатын сабақ барысы тек теорияны меңгертіп қана қоймай, оны тәжірибеде тиімді пайдаланудың жолдарын көрсетті.
Алғашында өткізген сабақтарым сондай керемет нәтиже бермесе де, соңына таман оқушылардың іс-әрекетінен олардың жұмыс жасауға деген талпыныстары, сабаққа деген ынталары байқалды. Сабақтардағы тақырыптар бойынша сурет салу, бір-біріне баға қою, өз ойын жазу оқушыларға барлығынан қатты ұнады. Жұмыстарын жинап алып, жинаққа салып отырдым. Балалар бұрын да топпен жұмыс жасағандықтан, өте белсенді болды. Бірақ, кері байланыс деген болмаған. Менің тарапымнан да алғашында қателіктер кетті. Сабағымды видеоға түсіріп отырғанымның нәтижесінде, әр сабақты талдаған кезде ол кемшіліктерді жоюға тырыстым. Атап айтатын болсам, мен үнемі оқушы білмей қалса өзім айтып түсіндіріп кететінмін. Сонымен қатар оқушыларды тым қатал бағалайтын сияқты болып көріндім. Осы жерде дана ұстаз, дара ұстаз Қ. Бітібаева апайдың «Мен 45 жыл мұғалім болып келемін. Әр сабағымда өлгендерді тірілтіп әуре боламын, тірілерді ұлықтап әуре боламын, соңғы 30 жылдың ішінде, балаларға екі деген баға қоймаймын» деген сөзі үнемі жадымда болды. Бала жаттау жаттамаса, не жаттығу жұмысын орындамаса: -Отыр! Екі! , -деп сыныпта алған білімін бағаламай, қадалып қалатынмын. Қазір ол ойымнан айныдым. Себебі, курста алған білім мені мүлдем өзгертті. Тағы да Қанипа апай: «Бала сабақтан шыққанда зілденіп кетпеуі керек, жағымды атмосфераның бәрі өз қолыңда» деп еді. Бұл да жақсы нәтиженің бастамасы болды . Әр оқушыға жеке көңіл бөліп, келер сәтіне сәттілік тілеп отыратын болдым.
Сындарлы оқытуға негізделген сабақтар оқушыларға өз білімдері мен ұстанымдары жайында ойланып, сұрақтар қойып, білімін толықтырып, белгілі бір тақырыпты оқуда өз түсінігін өзгертуге мүмкіндік алады. Бұл жерде Шульман «Мұғалімнің үш көмекшісі» деп атаған қасиеттер (бас, қол, жүрек) болған жағдайда ғана оқыту жақсы болып саналады деген ілімін басшылыққа алдым[4]. Атап айтатын болсам, яғни, сабақта барлық мәліметті дайын түрде бермей, оқушыларды іздендіріп, сол әкелген материалдарының қажетті жерлерін қолданып айта білуге, сыныптастарының алдында өздерін еркін ұстауға үйретіп, әрқашан оқушы пікірімен санасу керектігін, сондай-ақ, оқушылардың деңгейіне назар аударып, соған байланысты тапсырмалар беріп, оларды үнемі ынталандырып, оқушы бойына сенімділікті, өз пікірін дәлелдей алуды, алға мақсат қойып, соған жетудің жолдарын іздеуді үйрету қажет деп ойладым.
Қорытындылай келе айтарым, бұл тәжірибе менің алдымнан жаңа бір әлемді ашып, мектепте жұмыс жасаудың жаңа бағытын сілтегендей болды. Болашақта бұл әдістерді тек осы қалпында ғана қолданбай, үнемі өзгертулер енгізіп, толықтырып қолданып, сабақтарымның бала жүрегіне жол табуына бар күшімді салсам деймін.
Пайдаланылған әдебиеттер:
Мұғалімге арналған нұсқаулық, NIS, Джон Дьюи,1910.52 бет[1].
МАН. NIS, 12 бет[2].
МАН. NIS, Александер,50 бет [3].
МАН. NIS,Шульман, 4 бет[4].