Иса Байза?овты? шы?армашылы?ына арнал?ан «Жырларында найза?ай жар?ылы бар…» ?деби конференциясы
Иса Байзақовтың шығармашылығына арналған «Жырларында найзағай жарқылы бар...» әдеби конференциясының бағдарламасы:
«Өнерге айналған өмір»
«Дархан даланың жыршысы»
Поэзия минуты
«Тұла бойы тұнған өнер»
«Құлақтан кіріп бойды алар»
(Ақын әндерін орындау)
Ақын бейнесі ұмытылмайды.
Қазақтың дүлдүл ақыны Иса Байзақовтың туғанына 115 жыл толып отыр.
Бұл қазақ халқының рухани өміріндегі елеулі оқиғалардың бірі екені даусыз.
Халқының тарихына, әдебиетіне, мәдениетіне, қоғамдық өміріне өлшеусіз үлес қосқан қайраткер тұлғалардың салған ізі өшпейді. «Ғұлама жылдар парағын судырлатып» қайта ашқанда жақұттай жарқырап нұр шашып тұрады.
Сондай тұлғалардың бірі – құйрық жалы төгілген сәйгүлікке тән шабыс танытып, елінің еркесі, өнердің серкесі атанған арқалы ақын – Иса Байзақов. «Өлмейтұғын артынан сөз қалдырған» Иса таланты өнер әлемінің көз жетпес шыңында тұрғандай.
Енді ақиық ақынның өмір өткелдерімен танысу үшін «Өнерге айналған өмір» атты баяндаманы тыңдап көрейік.
Баяндамашы – 9 Б сынып оқушысы Жағуфарова Ботакөз
Жүргізуші:
Туа біткен қанына сөз дарып, ұлттық қадір-қасиетіне шешендікпен көсемдік сіңіп, сайын ғұмыркешіп келген халықта маңдайы жарқырап хас ақын болып туу қашанда оңай емес. Қай заманда ел жұртын дуалы аузына қаратып,халқының сөзін сөйлеп өткен тарлан ақындар аз болмаған. Олар өз дәуірінің рух биігін танытып, сауырына қамшы салдырмай арғымақтай ағып, көкжиекке қарай самғай берген.
Сондай текті тұлға – Иса ауызекі зулатып ала жөнелетін төкпе, әрі жазып шығаратын бесаспап, ойы-қыры бірдей ақын. Оның терең ойға, сертке соққан қанжардай жарқылдаған сезімге толы өлеңдері өмірдің сан түрлі жағдайын алдыңа жаяды.
Қасиетті жыр тауына ақындық ардақ туын қадаған жыр дүлдүлі Иса Байзақовтың ақындығы жайлы сөз қозғайық.
Баяндамашы – 8 А сынып оқушысы Амангелді Мадина
Жүргізуші:
Долданып буырқанған тау суындай, біресе балқыған болат ұшқынындай, енді бірде төпелеген нөсердей, тағы бірде найзағайдай жарқылдаған Иса ақын көмейінен ағытылған мәнді де, мағыналы, ұйқасы мен көркемдігі жымдасқан жырларын кешегі ғана емес, бүгінгі қауымның еншісі де болуы керек.
Желден жүйрік, жезтаңдай ақын ағамыздың өміршең өлеңдері туған халқының жүрегінде мәңгі сақталып, бүгінгі ұрпақ мақтанышпен айтады.
Ендігі сөз кезегі жыр сүйер қауымға, көркем сөз шеберлеріне беріледі.
Ақын өлеңдерін оқылады.
Жүргізуші:
Халық поэзиясын терең ұғынып, ел аузындағы әңгіме, ертегілерді жастайынан құлағына құйып, зердесіне көп тоқыған Иса тарихи тақырыпқа көбірек қалам тартқан.
Халық творчествосында өшпес із қалдырған «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» оқиғалары қазақ елінің етінен өтіп, сүйегіне жеткен ауыр оқиға болатын.
Осы тақырыпқа арналған Исаның «Құралай сұлу» поэмасының түркі төркіні тарихи шындыққа, сол шындықтың сәулесі болған батырлар жыры мен ел аузындағы аңыз әңгімелерде жатыр.
«Құралай сұлу» поэмасынан үзінді оқу және көрініс беру.
Жүргізуші:
Қазақстанның өзіндік искусствосының іргесін қалаушылардың бірі болып үздік өнер иесі; ақын-әнші, композитор И.Байзақов қосылды. И.Байзақов әсерлі әнші; құлашы кең, сөзі нық, ойы ұшқыр үлкен талант иесі. Оның тұла бойы тұнған өнер. Осыншама өнердің бір адамның пешенесіне жазылуы сирек құбылыс.
Иса ақынның таңғажайып таланты Қазақтың опера және балет театрының сахнасында аңызға айналған.
Ойнайтын рольдері көбіне ақын образдары болғандықтан Иса ақынның арқасы қозып, өлең жырдың нөсерін тыңнан қосып, неше түрлі түрлендіріп ойнақтатып алып кеткенде екіншісі әріптесі: «Исеке, ақырын, ақырын бізді ұмытпаңыз» деп кейін тартады екен.
Келесі сөз толғанысы осы Иса бойындағы өнер жайлы болмақ.
«Тұла бойы тұнған өнер» баяндамашы Қатыранова А.
И.Байзақовтың әндері орындалады.
«Желдірме», «Гәкку», «Назқоңыр», «Алатау».
Жүргізуші:
Иса Байзақов – халық ақындарының суырып салмалық айтыс өнеріне де айтулы із қалдырған ақын.
Иса ақынның табиғи дарынын, арқалы төкпе ақын екендігін замандастары мойындаған.
М.Әуезов Исаның ақындық, айтыскерлік талантының шырқау биікке көтерілген кезеңдерін еске алып:
«1943 жылы қырғыз-қазақ ақындарының айтысында неше түрлі майталманды шыдатпаған Исаны жиналған екі халық төбесіне көтеріп жетті, теңдесі болмады. Мен Исадай ұлы бар қазақтан туғанымды мақтан етемін», - деп тебіреніпті.
Айтыстан көрініс.
Жүргізуші:
Иса Байзақов – қазақ әдебиетін өркендетуге елеулі еңбек сіңірген көрнекті ақын. Ақын жырларынан оның салихалы тұлғасы, ұлттық намысы мен рухы, тағылымды тұрпаты биіктен көрінеді.
Ақын мұрасы бүкіл мазмұнымен, рухани болмысымен бүгінгі күн талаптарына да үн қосып жатыр.
Ақынның ғасырлық мерейтойы кезінде оның шығармашылығы мен өнегелі өмір белестерін көңіл зердесінде жаңғыртып, жаңа ғасыр ұрпағына ұлы өмір ұлағатын таныту басты парызымыз.
Жылдарды жылдар, заманды заман қуалап, мәңгілік өмір жалғасып жатады.
Біз бабалар аманатын арқалап, жаңа мыңжылдық табалдырығын аттап отырмыз.
Қай кезеңде болсын дарынды тұлғалардың есімі ұмытылмақ емес. Олар халқымен бірге мәңгі жасай бермек.