Сыни т?р?ысынан ойлау?а ж?не жазу?а ?йрету


Сыни тұрғысынан ойлауға және жазуға үйрету
Сын тұрғысынан ойлау технологиясы баланың өзі ізденіп, дәлелдеуі қызықтырады. Ол енді ізденуші, ойланушы, өз ойын дәлелдеуші, ал осы бағытты ұйымдастырушы, бағыттаушы мұғалім. Сын тұрғысынан ойлау бағдарламасы оқушының еркін сөйлеуіне, пікір таластыруын, достарының ойын тыңдауға, мәселені шешу жолдарын іздей отырып, қиындықты шешуге бағытталған бағдарлама. Сын тұрғысынан ойлау және жазу - ой қозғай отырып, оқушының өз ойымен өзгелердің ойына сыни қарап, білгенін талдап, салыстырып, реттеп, сұрыптап, жүйелеп, зерттеп, дәлелдеп, тұжырым жасауға бағыттау, өз бетімен және бірлесіп жұмыс жасауға дағдыландыру.
Сын тұрғысынан ойлауды дамытудың мақсаты барлық жастағы оқушыларға кез келген тақырыпты сыни тұрғыдан қарап, саналы шешім қабылдауға үйретеді. Жалпы оқушыға сыни ойлау қажет пе? Әрине қажет, қазіргі заман талабына сай оқушыда өзіндік көзқарасы, сенімі, ішкі уәжі қалыптасуы керек. Сондықтанда сабақтарды жоспарлағанда оқушыларда сыни ойлауын тудыратын сұрақтар немесе деңгейлік, кеңейтілген, құзырлылық тапсырмалардың сабақта болуын қадағалаймын.
Сындарлы оқыту теориясындағы жетістікке жетелейтін жеті модульдердің бірі «Cыни тұрғыдан ойлауға үйрету» басқа модульдермен де тығыз байланысты деп есептеймін. Оқушылар сабақта қалай оқу керектігін меңгереді, яғни метатаным пайда болады, өздері үдеріс барысында ой қорытады, нәтижеге жетуге ұмтылады. Мұғалім оқушыға қалай оқу керектігін үйретеді, ал бұрынғы дәстүрлі оқыту процесінде мұғалім білімді беруші болған болса, жаңа оқыту үдерісінде мұғалім бағыттаушы болып табылады. Сабақтағы басты тұлға, басты кейіпкер – оқушы болды. Оқушыны өз бетімен білім алуға, ол үшін ізденуге, терең ойлауға, зерттеуге дағдыларын қалыптастыру қажет екенін аңғара отырып, жаңа білімді меңгерту үшін ең тиімді әдіс сұрақ – жауап, әңгімелесу, диалог болып табылады. Топтық жұмыс арқылы «оқушы мен оқушы» арасында, «оқушы мен мұғалім» арасындағы диалогты тиімді ұйымдастыру арқылы мақсатқа қол жеткізе алдым. Өз ойларын жарыса айтып, қызу пікірталас тудыра алды. Жаңа сабақты өз беттерімен тез меңгере алды. Сабақта «үнсіз» оқушылар да сөйлеп кетті, олай дейтін себебім, мотивациясы төмен оқушылардың өзі тым болмағанда постермен жұмыс жасау барысында сөйлемесе де, сызбамен көмектескеніне көзім жетті.
Сабақтардың барысында оқушылардың сыни тұрғыдан ойлау қабілеттерін, соның ішінде ұтқырлық, сыңаржақтылықтың болмауы, пайым, тәртіп, өзіндік сана сезім секілді ерекшеліктерге мән бере отырып сабақ барысында әрдайым оқушылардың белсенді болуға, дәлелдерді талдай алуға , мағынаны анықтау үшін саналы түрде стратегияларды қолдана алуына мүмкіндіктер мен жағдай жасауды қамтамасыз етуді мақсат тұттым. Осында қарастырылған стратегиялар оқушылардың бірін-бірі тыңдап, дәлелдерді талап етіп, тиянақты және нақты да жан-жақты болуға, ынымақтастықпен бір-бірін құрметтеуге үйретті. Қуанышпен айта кететін жайт, бұрын үндемей отыратын балалардың да сабаққа қызу араласуда. Жай уақытта олар өздерін бұлай көрсете қоймас еді. Сабақтарды ерекше, жаңа әдіс бағдарламасымен сабақ өтуім оларға еркін сөйлеп, ойларын ашық жеткізуге, сыншыл көзқараспен ойлауға мүмкіншілік туғызғандай. Бұл әрине қазіргі қоғам мен мектептің басты талабы. Осы талаптарды әрі қарай дамыту әрине әр мұғалімнің парызы. Оқушылар күнделікті сабақтан, бүгінгі сабақтардың айырмашылығы; топтық, жұптық және жеке жұмыстардың нәтижесінде өздігінен бағалау, өз ізденістерінің арқасында бұрын мұғалімнің түсіндіргенінен өз бетінше ізденуінің нәтижесінде көптеген өз білімдерінде өзгеріс болғандығын байқады.
Оқушылар топта тапсырманы орындау кезінде бірінің сұрақтарына бірі жауап беріп, бірін-бірі оқытып жатқанын көрдім. Сонда байқағаным оқушылардың менің түсіндіргеннен гөрі өздерінің бірін-бірі оқытқан кезде ақпаратты тез қабылдайтыны. Бірте-бірте оқушылар арасындағы сенімсіздік, үрей сейіліп, сабаққа деген ынта-жігері ояна бастады. Әрине топтық жұмыс болған кезде оқушылардың барлығы қамтылып, біреуі сурет салса, біреуі тақырыпқа қатысты сөздерді тізбектесе, енді біреуі қорғауға дайындалып жатады. Бұл жерде бір-бірінің арасында ынтымақтастық орнап, лидерлер қасындағыларды да сөйлеуге тартып, бір-біріне жанашырлық пен көмектесе бастады. Мен мұндай нәтиже күтпеген едім, осыдан кейін мен оқушыларға көп еркіндік беріп оларға тек бақылаушы ретінде қарауым керек екеніне ой түйдім. Осыдан шығатын қорытынды сабақта нәтижеге жету үшін оқушыларға жетелеу сұрақтарын қоя отырып, жауап алып, балалардың бір-біріне сұрақ қоя білуін және оған ұтымды жауап беруін қалыптастыру керек екендігіне көз жеткіздім.
Менің бір түйгенім оқушыларға қосымша тапсырманы берген сайын оқушылар әр қырынан көрініп, бір жағынан оларды ғылыми зерттеуге бағыттаудың бір сатысына көтерудің қадамы сияқты боп көрінді. Осындай тапсырмаларды беру кезеңінде-ақ еріксіз оқушылардың деңгейлері де анықталып жатты.
Алдағы уақытта бағдарлама идеясы жеті модуль кеңінен енгізілсе деп ойлаймын. Өзімде осы бағдарлама модульдерін жүйелі пайдалану, мені және оқушыларды үлкен жетістіктерге әкелері анық. Шульман айтқандай мұғалімнің үш көмекшісі бас, қол, жүрек демекші, егерде шын ниетімен мұғалім оқушыны марапаттап, қолдап жатса бала бәрін де сезеді. Ол да сізге солай қарым-қатынас жасайды екен. Мен өз тәжірибем де соны байқадым. Мен енді алдағы уақытта сабақта ата-анаға бағалау парақтарын шығарып, бағалау үдерісіне қатыстырсам деймін. Қандай ұстаз болса да оның бастапқы мақсаты алдындағы оқушыны алға жетелеу, ал бағдарлама бізге дайын жол салып беріп отыр. Біз енді сол жолмен жүрсек үлкен тәжірибелі, кәсіби ұстаз боларымыз және сыни тұрғыдан ойлап, алған білімін өмірінде де пайдалана алатын оқушы тәрбиелейтініміз анық.

Пайдаланған әдебиет:
1. Мұғалімге арналған нұсқаулық ІІІ деңгей ІІІ басылым «Назарбаев зияткерлік мектебі» ДББҰ, 2012 ж
2. Қосымша материалдар
«Мұғалім неліктен өзгеруі керек?» C. Бич, 2012ж
«Мектептегі жастарға кеңес беру» Джин Раддак, Джулия Флаттер3. Мектептегі тәжірибе кезеңінде орындауға арналған тапсырмалар