О?ушыларды сауатты жазу?а ?йрету
Сауаттылық басты міндет.Бастауыш сыныпта оқушыларды сауатты жазуға үйрету мұғалімнің басты міндеті.Оқушылардың таза көркем жазуын қалыптастыру жазудың әдемі болуы оқушының мінез-құлқын тәрбиелеуге , әсемдік сезімін оятуға, ой-өрісін дамытуға мейілінше әсер етеді. Таза, әдемі жазылған жазба жұмыстары оңай әрі тез оқуға мүмкіндік беріп қана қоймайды, сонымен қатар сырттай қарағанда да сүйсіндіреді. Көркем жазу оқушыны ұқыптылыққа, тыңғылықтылыққа, еңбек сүйгіштікке баулып,адамгершілік, эстетикалық тәрбие алуға құлшындырады.Әсем каллиграфия оқушының орфографиялық қателер жібермей жазуын қамтамасыз етудің сенімді құралы.Көркем жазудың негізі бастауыш сыныпта қалыптасады.Көркем жазуды бастаудан бұрын сыныппен дайындық жұмысын жүргізу керек.Оқушыларды жазу кезінде дұрыс отыруға,дәптерді көлбеу қойып жазуға,қаламды дұрыс ұстауға дағдыландыру қажет. Бұл талаптарды орындау мектепке жаңа келген оқушылар үшін оңайға түспейді.Әсіресе мектепке алғаш келген оқушылар дұрыс отыру ережесін орындауға бірден төселіп кете алмайды. Баланың еркін қозғалып,жиі қимыл жасап отыруы табиғи қажеттілік екені белгілі. Сондықтан мұғалім жазу барысында біршама уақыт өткен соң, сергіту сәттерін өткізіп тұруы тиіс.
Мен өзім жазу сабағында бірінші күннен бастап, оқушыларды партада дұрыс отыруға, дәптер қаламды дұрыс ұстауға үйрете бастаймын және әр сабақта өткен сайын қайталап айтып отырамын.
Әліппе кезеңіндегі орындалатын жазу жұмыстарының түрлері сан алуан. Бірақ олардың қай-қайсысында да қойылатын негізгі талап оқушыларды сөз ішінде әріп орнын ауыстырмай, әрі әріп тастамай дұрыс жаза білуге дағдыландырады. Жазатын әр сөздің мағынасы түсінікті, әріп саны аз, бұрыннан таныс әріптер болуы шарт.Оқушыларды жазуға үйретуде жеке әріптерді дұрыс жазуға және оларды өзара дұрыс қосып жаза білуге, әрбір әріптің элементтерін дұрыс жазуға үйрету арқылы оқушыларды жазу жұмысына өте мұқият қарауға дағдыландыру керек. Сауат ашудың алғашқы кезеңдерінде екі-үш сөзден құралған сөйлемді көшіртіп жаздыру жеткілікті. Бұл кезеңде оқушыларды есту арқылы жазуға төселдірудің маңызы ерекше.Егер оқушыларды біркелкі көшіріп жазуға ғана дағдыландырып, есту арқылы жазуға үйретпесек олардың дыбыстарды есту қабілетін дамыта алмаймыз.Сондықтан әліппе кезеңінде диктанттардың бірнеше түрлерін орындатып, әріп диктантын, буын диктантын,сөз диктантын алып отыру өте маңызды.Жеке әріпті жазудан бұрын сөзді дыбысқа, буынға бөлгізу қолайлы.Сауат ашу мен жазу кезінде суреттермен бірге сол тақырып бойынша буынға бөлініп жазылып көрсетілген сөздер берілген көрнекіліктерді пайдаланған дұрыс.Сауат ашу кезеңінде жазудың негізі мен сауатты жазудың негізі қаланады.
1.Жазуға үйрету, партаға отыру, қаламды, дәптерді дұрыс қою ережелерін сақтаудан басталады.Жазу кезінде жарық баланың сол жағынан түсу керек.
2.Жазу дәптерде әліппеге дейінгі кезеңде баланың саусақ бұлшық еттерін жазуға икемдеп, дайындау үшін тапсырмалар берілген, сол үлгі бойынша жұмыс жүргізіледі.
3.Жазу дәптермен толық танысқаннан кейін оны партаның, үстелдің үстіне 30 градус бұрыш жасайтындай жағдайда орналастыруға ерекше көңіл бөлу.
4.Әрбір әріптің баспа және жазба түрі салыстырмалы түрде көрсетіліп отырады.
5. Жазу кезінде қалай отыру, қаламды қалай ұстау керектігі үнемі ескертіліп, отырған жағдайда ғана баланың жазуы жақсы,әдемі болады.
Енді өзім әліппе кезеңінде өткен бір сабағыма қысқаша шолу жасай кетейін.
Сабақтың тақырыбы: Т т дыбысы мен әрпі
Сабақтың мақсаты: Т т дыбысы мен әрпін тану арқылы,сөздерді оқу мен жазуға, әріп элементін дұрыс таңбалауға үйренеді.
Сабақтың көрнекілігі:Т т әрпінің баспа ,жазба түрі., суреттер
Сабақтың барысында үй тапсырмасы й әрпін мұқият тексеріп , берілген сөздерді оқыттым.Тапсырманы жақсы орындаған оқушыларды мадақтап, ал нашар жазғандар болса түзетіп ескерту жасаймын.
Жаңа сабақ суреттерді көрсете отырып сөз ішінде таныс емес әріпті тапқыздым.
Қай әріп таныс емес?
-Т т әрпі.
Әр сабақ сайын әріпті көреміз және жазамыз деп айтып отырамын.
-Тт әрпін ауада жазып көреміз.
Т бас әрпінің жазбаша түрі 4 элементтен тұратынын және т кіші әрпінің жазбаша түрі 3 элементтен тұратынын айтып, жазып көрсетемін.Оқушылар кітаптан қарап Тт әрпінің жазылуын тақтада көрсетілген әріппен салыстырып көреді. Тт әрпінің жазбаша түрін оқушыларға тақтаға жазғызып әдемі жазғандарын мадақтап , дұрыс жазбаса үлгіге қарап жазуды ескертемін.
Әрбір әріпті , сөзді дұрыс жазуды ескертіп отырамын.Әріптерді дұрыс қосып жазуларына көп көңіл бөлемін
Ат ай ас а-та от тай тас а-на
А-нау а-ла тай. А-ла тай а-сау. Тау-ман Ма-рат тай су-ар. Сөйлемдерін жазғыздым әріп таңбаларын , әріптерді қосып , сөздерді дұрыс буынға бөліп жазуларын қарадым.
Бірінші сыныпта әліппеден әріптерді өткен кезде үнемі оқушыларға әріп элементтерін дұрыс ,әдемі жазуды ,дұрыс қосып жазуды қадағалап отырса, сауатты көркем жазуға қалыптасады.
Оқу мен жазуға үйретудің элементтері қатар жүреді.Оқу мен жазудың негізі –ана тілінің дыбыстық құрылымын түсінуі өте маңызды.Бағдарлама талабына сәйкес оқушыларды жазудың графикалық дағдысы (әріптерді дұрыс жазу және олардың байланысы) және қарапайым орфографиялық дағды (сөздің дыбыстық және әріптік құрылымын дұрыс жазу) қалыптасуы қажет. Жазу бірнеше бөліктерден құралады. Жазатын сөздерге талдау жасай білу,дыбыстардың реттілігін сақтау, дыбыстарды
сәйкес әріптермен белгілеу, бейнелеу. Басқы кезеңде бұл бөліктер арнайы қайталанады.Жазу сабағы дыбыстық талдаусыз өтпейді.Сауат ашу кезеңінде жазудың негізі мен сауатты жазудың негізі қаланады.
Екінші сыныпта көркем жазу одан әрі жетілдіріле түседі. Оқушылардың бірінші сыныпта жазуға қалыптасқан әрекеттері, бұл сыныпта дамытылып, ары қарай әдемі жазуға үйрене түседі. Екінші сыныпта жүргізілетін көркем жазу сабақтарының негізгі мақсаты жазу қарқынын жеделдету, біркелкі ырғақпен жазуға үйрену.Бұл сыныпта біркелкі ырғақпен жазу мен тез жазуға арналған жаттығуларды орындауға баса назар аударылады.
Үшінші сыныпта оқушылардың жазу дағдысы одан әрі жетілдіріледі. Әріптерді әдемі, тез жазуға арналған жаттығулар жүргізіледі. Әр сабақта көркем жазуды қадағалап отырған жөн. Сынып жоғарлаған сайын кейбір оқушылар әріп элементтерін бұзып ,қате жазады. Мұндай оқушыларға үнемі ескерту жасап , қадағалап отыру керек. Сонда ғана білімді , сауатты оқушылар қатары көбейеді.