О?ыту мен о?уда ?згеріс енгізілгенін ж?не ол бас?арыл?анын растайтын тізбектелген саба?тар топтамасы ?ткізілгені туралы рефлексивтік есеп


Оқыту мен оқуда өзгеріс енгізілгенін және ол басқарылғанын растайтын тізбектелген сабақтар топтамасы өткізілгені туралы рефлексивтік есеп
Менің пікірім Бақылаушылардың пікірі
Менің ойымша, келешек жас ұрпақты білімді, жан-жақты, қабілетті етіп тәрбиелеуде ұстаздардың жауапкершілігі ерекше. Оның нәтижесі тынымсыз еңбек етумен келетіні анық. Ұстаздар қауымы сабақ беруге емес, оқушылардың оқу ептілігіне, оны дамытуды басты назарда ұстауымыз қажет. Яғни, оқушылардың өз бетімен білім алуға деген ынта жігерін ойластыру, бағыттау болып табылады. Бұрынғы тәжірибеде тек оқу бағдарламасымен шектеліп қана қоятынбыз. Осы курстан кейін оқушыға терең білім алуына мүмкіндік жасау қажет. Осы курстың бірінші бетпе-бет кезеңінен алған білімімді мектепте өткен тәжірибеде пайдаланып, оқытудың жаңа тәсілдері оқушыға оң ықпал ететіндігін байқадым. Ол үшін мұғалім өз тәжірибесінде білімді меңгертудегі бейімділікті, қабілеттілікті, біліктілікті қажет етеді. Осыған дәлел ретінде, мен осы курстан алған білімімді мектепте тәжірибе кезеңіндегі сабақтар барысында қадағалап, оны сараптап, қорытындысын шығарып, оқушылардың ынтасы мен қабілеттерін дамыту жолдарын іздестіруді, өз жұмысымның жетістіктері мен мүмкіндіктерін көруді, кемшіліктерді жоюдың жолдарын үйрендім. Бірінші «бетпе-бет» кезеңін бітіргеннен соң, өз іс-тәжірибеме өзгеріс ендірердей қызықты әрі танымды мәлімет жинай келе, мынадай қорытындыға шығардым. Білім беру саласына келіп жеткен оқытудағы жаңа технологиялар қажет деп ойлаймын, өйткені, қазіргі кезде білім саласы болсын, қай жағынан алсақ та жан –жағымызда барлығы өзгеруде, әрі қарқынды даму үстінде. Бұл курс маған не берді?-деп өз-өзіме сұрақ қояр болсам, мен сабақ беру жүйеме түбегейлі өзгеріс ендірдім деп айтсам болады. Менде өз пәнім бойынша теориялық білімім бар, бірақ оны оқушыларға шамам келгенше өзім түсіндіріп беріп келдім. Одан мен өзім ойлағандай нәтиже шығара алмайтын кездерім де болды. Оқушыларым жаттанды білім немесе менің түсіндіруімді ғана қажет деп санайтын. Ол білім сол кезінде ғана, ал өмірде біз оны көбінесе қажеттілікке жаратпаймыз. Бұл әдіс-тәсілдің ерекшелігі - мен ғана ізденбеймін, оқушыларыммен бірлесе отырып білім кілтін бірге ашамыз, яғни, бірлесе көтерген-жүк жеңіл демекші, бірлесіп жұмыс жасаймыз. Алған білімін өмірде қолдана алу дегенді білдіреді. Жеті модульді оқытуда түйіндегенім - алдымда отырған шәкірттеріме білім алудың жолын, яғни, қалай оқу керектігін үйрету, әр істеген ісіне сыни көзқараспен қарап, сыни тұрғыдан ойлайтын, өзін – өзі бағалайтын, қазіргі заман талабына сай ақпараттық технологияларды қолдана білетін, сонымен қатар өз ортасында дарыны мен талантын аша отырып, жас ерекшелігіне сай білім алатын, ізденімпаз, зерделі, тәуекелшіл, сенімді, дені сау, білімі жан – жақты толыққанды дамыған болашақ көшбасшы дайындап шығару менің басты міндетім. Сонымен қатар, сабақ барысында топпен жұмыс жасай білуде олар үшін жаңалық болды, бұрынғы тәжірибемде де топпен жұмыс болды. Мен онда әртүрлі әдіспен емес, отырған орындарына қарай, немесе сабақ үлгеріміне қарап топтастыра салатынмын. Неше түрлі әдіс-тәсілдер арқылы немесе сабақ тақырыбына сай топтастырғанда сабаққа деген ынталары артып, қызығушылықтары оянды. Өзара бірлік орнайды екен. Сыныпта ынтымақтастық атмосфера орнатып, эмоционалдық ахуалды қалыптастыруды үйрендім. Бұл да үлкен жетістік. Сабақ кезінде бір-біріне жақсы тілектер айтып сабақты бастаудың өзі керемет жағдай. Баланы сол сабаққа бейімдеп, көңіл-күйін байқап отыруда таптырмайтын тәсіл болды. Оқушылармен жұмыс жасағанда, олардың ішкі жан дүниесін түсінуге жол ашып, оларға түрткі беру арқылы терең ойлауға, ізденуге, өзіндік пікір қалыптастыруға үйрету екендігіне көз жеткіздім. Бұл әдіс-тәсілмен білім беру- оқушыларды топпен жұмыс жасау арқылы өздерін еркін сезінуге, бір - бірінің пікірін тыңдауға, пікір алмасуға, пікірін еркін жеткізуге үйретіп, топпен жұмыс жасау арқылы олардың білім деңгейлері көтеріліп, жан- жақты ашылуына мүмкіндік беретініне көзім жетті. Қазіргі кезде өсіп келе жатқан жас өспірімдердің барлығы дерлік ақпараттық коммуникацияларды жақсы меңгеріп, ғаламторда да оңай жұмыс жасай алатыны белгілі. Ал мұғалімнің жұмысы оқушылардың осы білімдерін дұрыс мақсатта, яғни білім алуда пайдалана алуларына бағыттау. Мысалға сабақтарымда АКТ технологияларын пайдалану маңызды деп ойлаймын, бірақ өз сабақтарымда өкінішке орай оны күнделікті қолдана алмаймын, өйткені, қазақ тілі кабинеттері интербелсенді тақтамен жабдықталмаған.
Бұрынғы сабақтарымда бірқалыпты әдістерді қолданып жүрдім деп ойлаймын, көрнекі құралдардан көбіне дидактикалық материалдар, кестелер, тірек сызбалар, оқулықтар болатын, ол тәсіл білім беруде аса көп қызығушылық таныта қоймаған екен. Ал қазіргі уақытта оның барлығы артта қалып бара жатқандығы аңғарылады. Өткені, бірқалыпты ондай көрнекі құралдармен сабақ өтіп жүре берсең, онда білім беруде аса нәтиже бере қоймайды деп ойлаймын. Көбінесе сабағым жоспарды орындауға ғана өткізіліп, оқушыларым өзін-өзі басқаруға қатыспай, менің айтқанымды тыңдап, тәуелді болумен шектеліпкелген болса, осы тізбектелген сабақтар топтамамда оқушылардың өздері оқу үрдісін басқаруға, өз беттерінше білім алуға, ойлау қабілеттерін ары қарай дамытуға, бір - бірімен қарым-қатынастарын жақсартуға, сөйлеу мәдениетін дамытуға, өз ойларын еркін жеткізе алуларына итермеледім. Яғни, дәстүрлі педагогика мен сындарлы педагогиканы салыстырсам, дәстүрлі педагогика - дайын білім беруге негізделген, механикалық есте сақтау, үстіртін білім, емтиханда ғана ұтымды пайдаланады. Ал сындарлы педагогика - алған білімі бойынша терең түсінік қалыптастыру. Бастапқы білім мен жаңа білімді байланыстыру. Алынған білім сабақтан тыс жерде пайдаланылады. Яғни оқытудың жаңа әдіс - тәсілдерін тиімді пайдалану мақсатында сындарлы сабақ беруге көшу болып табылады.
Осы үш айлық курсқа келіп, осы әдіс-тәсілді меңгергенімді зор мақтанышпен айта аламын, себебі, менің көзқарасым саналы түрде түбегейлі өзгергенін байқаймын. Нұсқаулықта Пажарестің(1992) ойынша: «Оқыту стилін таңдау кезінде мұғалімнің білімділігінен гөрі ұстанымға негізделген ой-тоқтамдарының ықпалы күштірек деп сендіреді: оқыту үдерісінде қалыптасқан көзқарастар мұғалімнің сыныптағы барлық іс-әрекеттеріне әсер етеді. Әдістемелік құралдар немесе оқулықтардан гөрі мұғалімнің сыныптағы іс-әрекеттеріне пәннің қалай оқытылуы керектігі жөнінде әбден қалыптасып қалған пікірлер анағұрлым күштірек ықпал етеді» дейді. Әрине, әрбір ұстаз оқу үлгерімі жақсы оқушыларды басты назарда ұстайтынбыз да, ал оқу үлгерімі төмен,ынтасы жоқ оқушыларға мүлдем назар аудармай қалатынбыз. Осындай жағдайды назарға ұстаған өз басым бірінші бетпе-бет кезеңінен кейін әрбір оқушыға зор сенім білдіріп, оқушылардың жеке басындағы ерекшеліктері мен қабілеттерін бағалай бастадым. Кейбір оқушылар менің сабағымнан төмен қабілет көрсетсе, басқа пәндерден сурет, музыка, еңбек, спорттан жақсы көрсеткіш көрсетеді. Осындай оқушыларға көңілді көбірек бөліп, қызықтыра оқытса, ол оқушылардан алға жылжу болатындығын байқадым. Нақтырақ айтар болсам, бұрын мұғалім негізгі тұлға болса, қазір оқушы негізгі тұлға. Курстан өзіме алған жаңалығым мол болды. Бағдарлама жеті модульден тұрады. Оқыту мен тәрбиенің тиімді тәсілдері мен әдістерін табуда мұғалімнің өз тәжірибесін өзі зерттей отырып, жинақтау ісі – әрі қиын, әрі күрделі мәселе екені белгілі. Оқушыларды сын тұрғысынан ойлауға үйрету үшін мұғалімнің өзі сыни тұрғыдан ойлауға үйренуі керек деп ойлаймын. Сын тұрғысынан ойлауға үйретудің мақсаты: оқушылардың ойлану дағдыларын дамыта отырып, олардың танымдық көзқарастарын кеңейтіп, тыңдау арқылы дәлелдерді жинастырып, шешім қабылдау дағдыларын қалыптастыру. Сын тұрғысынан ойлауға оқытуда сабақ құрылымы үш сатыдан тұрады: қызығушылықты ояту, мағынаны тани білу және ой толғаныс сатысы. Сын тұрғысынан ойлауға үйретуді курсының екінші кезеңінде, мектеп тәжірибесінде қолдандым. Осы курстың басында мені оқушылардың сын тұрғысынан ойлауын қалай дамытамын деген сұрақ мазалаған болатын. Қазір осы мәселенің шешімін таптым деп ойлаймын. Оқушы орындаған тапсырмаларына күмәнмен қарап, осы тәсілдің дұрыстығына көз жеткізе отырып, өз ойын дәлелдеуге машықтанды. Білім беру жүйелі болуы үшін рефлективті білім беру маңызды. Мұғалім кері байланыс орната отырып, оқытуды жақсарта алады. Әр сабақтарымда түрлоі кері байланыс жасауға тырыстым. Бұрынғы кезде кері байланыс жасап үйренбеген оқушыларым қазақы сыпайы мінездеріне салынып, сабақтың барлығы түсінікті екені, керемет деген сияқты сөздерін жазып, қысылып жатты. Өйткені, біздің бойымызда біреуге қарсы пікір айту немесе мұғалімге түсінбедім деген сөзді айтуға үйренбегендіктен деп тұжырымдап, оқушыларға нақты, қысылмай пікірлеріңді білдірген жағдайда сабақтарымыздан нәтиже болатындығын түсіндіргеннен кейін барып, жақсы кері байланыс орнатты. Келесі сабақтарымда кері байланыстан бастауға дағдыландым және нәтиже болатынын білдім. Кері байланыс кездерінде оқушыларым «жақсы баға ала алмадым» деген сөздерді көбірек жазатынын аңғардым. Бағалау - одан арғы оқу туралы шешімді қабылдау мақсатымен оқытудың нәтижелерін жүйелі түрде жиынтықтауға бағытталған қызметті белгілеу үшін қолданылатын термин. [Мұғалімдерге арналған нұсқаулық 56б.] Яғни, оқушының білімінің қай кезеңде тұрғанын бағалау арқылы білуге болатындықтарын ескере келе, мен өзіме- өзім оқушыларды қалай?, қандай мақсатпен?, нені бағалауым керек? деген сұрақ қойдым. Келесі сабақтарымда бағалаудың формативті түрін қолдануға тырысып, оқушылар өзін - өзі, бірін-бірі топта бағалады. Топ ішінде оқушылар бір-бірін бағалау кезінде, қойған бағаларына түсініктеме беріп отырды. Оқушылардың өз білімдерін бағалауы, білімдерінің қандай деңгейде тұрғанын, және әрі қарай қандай бағытта жұмыс жасау керек екенін көрсетіп, оқушыны өз білімі жайында ойландырады. Бағалау барысында оқушыда әртүрлі сұрақтар туындайды. « Мен пікірімді нақты жеткізе алдым ба?», «Берген жауаптарымның дұрыс екенін дәлелдеп, нақты дәлелдер келтірдім бе?», «Қаншалықты дәрежеде?», « Жаңа сабақты қаншалықты дәрежеде меңгере алдым?», «Белсенділік таныта алдым ба, қаншалықты дәрежеде?», «Құрбыларымның пікірімен санаса алдым ба?», «Үй тапсырмасын орындау барысында неге салғырттық таныттым ?». Осындай сұрақтар негізінде оқушы өзіне деген жауапкершіліктің зор екенін біледі. Өз білімін жетілдірудің керек екенін түсінеді. Білімін жақсарту мақсатында бағалаудың маңыздылығын түсінеді. Оқушыларды бағалаудың алдында оқушының нені білетіні, нені білмейтіні жайлы анықтау дұрыс болар деген ойдамын. Осыны анықтау барысында тапсырмаларды беру арқылы оқушылардың әр түрлі әрекетін, бір-бірімен әңгімесін, өзара пікірлерін, берген жауаптарын ескеріп, бақылау жүргіздім және оқыту үшін бағалау нәтижесіне сүйене отырып, оқушылардың қызығушылықтарын, сабаққа деген ынтасын дамытуды ойластырдым. Оқушылардың білім алуда бағалаудың басты рөл атқаратынын, бағалай білуді өздерінің меңгеруінің қажет екенін, өздерінің білімдерін жақсартып, алға жылжуына көмегін тигізері анық. Бағалау кезінде мен өзіме келесі негізгі критерийлерді анықтадым: оқу материалын білу мен түсіну, логикалық ойлану, мәліметті жеткізу, нәтижені нақты бағалау.
Оқушыларды әрі қарай бағалау кезінде де мен олардың өздерін бағалау процесіне қатыстырамын.
Сабақтарымды өткізу кезінде оқушыларды басқа қырынан көрдім, шынымен де алдымызда отырған оқушылардың көпшілігі талантты әрі дарынды екенін аңғардым. Көп жағдайда олардың өзін көрсетулеріне мүмкіндік жасамайды екенмін, ал қазіргі кезде бұрын үндемей отыратын оқушылардың өздері алға жылжып, шығармашылық жұмысқа араласып, топпен жұмыс жасаған кездерінде өз ойларын еркін жеткізе алуға үйреніп келе жатқандарын көрдім. Бұл оқушылар негізінен берілген тапсырмалар мен сұрақтарға тез әрі нақты жауап беріп, топта жұмыс жасаған кездерінде де өздерін көрсете білді, осындай оқушыларға қарап басқа оқушылардың да білім алуға тырысып, ынталанып жатқанын көрдім. Мен болашақта да осындай оқушылардың көмегі арқылы, басқа оқушыларды сабақтарыма қызықтыра түсуге бекіндім.
Келешекте оқыту үдерісін жақсарту үшін мынандай әрекеттерді жасасам, білім беру үдерісімнің жақсарады деп ойлаймын:
сыныпта психологиялық ахуалды қалыптастырып, мінез-құлықтары қиын балаларды назарда ұстау;
АКТ – ға көбірек көңіл бөлу;
Көшбасшы оқушылар топ мүшелеріне өз пікірлерімен бөлісіп, білетінін үйрете отырып, бірлесе жұмыс жүргізу керектігін түсіндіру;
Бағалаудың түрлі және жақсы әдісін ойластыру;
Өзімнің өзгергенімді білім беру үдерісімнен ғана емес, мектепке екінші бетпе-бет кезінде барғандағы әріптестермен өткізген осы курстан алған тәжірибемізбен бөлісу кезіндегі таныстырылымнан да аңғардым. Мектепке барып, әріптестермен курстан алған білімімізді көрсетуді жөн көріп, осы курста оқып жатқан жеті мұғалім жиналып, жоспарды түрде таныстырылым өткіздік. Өте сәтті және қызықты түрде өткен жұмыс болды. Әріптестер де бізден үлкен жаңалық күтіп отырғанын аңғардық. Бір күнді белгілеп, барлық мұғалімдерді шақырдық, әсіресе, жас мамандар қатты қызығушылық танытты. Біріншіден, жетеуіміз өз идеяларымызды ортаға салып, жоспар құрып алдық.

«Тілек ағашы» ( осы таныстырылымнан не күтесің?)
«Күн шуағы» ойынын ойнату
Өзі туралы сауалнама ( көршілес отырған екі мұғалім бір-біріне сұрақ қою арқылы толтырады).
Осы курстың мақсатын таныстыру, нұсқаулық бойынша (әркім өз пікірімізді айту)
Сергіру сәті
Кедергіні шешу жолдары
Тренинг «Қай ағашты таңдайсыз?
Кері байланыс

Аталған жоспарлар бойынша таныстырылым жасап, ынтымақтастық атмосферасын құрдық. Өздерінің басқа да ойларындағы сұрақтарын қойып жатты. Мұғалімдер жақсы қабылдап, өз пікірлерін айтып, барлығы да осы курсты оқысақ деген ниеттерін білдірді. Оларға жасаған жұмыстарымыздың барлығы тосыннан жаңалық болып көрінді.
Өздерінің өзгергендігін бірінші бетпе-бет кезеңінде аса байқай қоймаған осы топтағы ұстаздар қауымы екінші бетпе-бет кезеңінде өздерінің мектептегі жетістіктері мен кездескен кедергілерімен бөлісе келіп, әркім өздерінің толыққанды өзгергендіктерімен бөлісті. Осындай қағиданы ұстанған бізге тосыннан жаңалық болып, Англиядан келген Сандра ханыммен тәжірибе бөлісуіміз де үлкен жетістік болды. Ол кісі де бір күн сабағымызға қатысып, екінші күні өзінің іс-тәжірибесімен бөлісіп, біздің көкейіміздегі сұрақтарға жауап алдық. Жас ерекшелікке байланысты, дарынды және талантты балаларды анықтауды, бағалаудың критерийлерін тағы басқа сұрақтар төңірегінде жауап алдық. Мектепте өткізген тәжірибемізден кездескен кедергілерді де айтып, ақыл кеңес алдық. Біздің осы бағдарламадан алған білімімізді көрсеткен таныстырылымымызға қарап, ол кісі оң бағасын беріп, сәттілік тіледі.

Менің болашақтағы мақсатым:
Алдымдағы оқушылар ұжымын және әр оқушыны жеке танып білуге арналған психологиялық әдіс-тәсілдерге үйрену. Талантты және дарынды балалармен жұмыс жасау, оларға қолымнан келгенше мүмкіндік жасау. Топтық жұмысты жүргізуді одан әрі де қызықтыра отырып жетілдіру. Өзімнің сыни тұрғыдан ойлауымды қалыптастыру мақсатында жан- жақты іздену. Өзімнің жеке даму жоспарымды құру. Мұғалім бағыттаушы немесе дирижер қызметіне ауысуыма жан-жақты іздену дағдымды қалыптастыру. Келешекте 7 модульдің идеяларын әрі қарай сабақтарымда қолдану.
Келешекте өзім әріптестеріммен алған іс тәжірибелерімді бөлісіп, олармен тығыз қарым-қатынас жасап, сабақтарымды бұдан да қызықты етіп өткізу жолында талмай еңбектенем деген ойдамын.
Қорыта келе, «құзырлы мұғалім» бойындағы қасиеттерді өз тәжірибемде пайдалана отырып, сабақ беру жүйемді өзгерту. Ол үшін әр түрлі базалық мәліметтерді іздестіре келе, технологиялар мен ақпараттарды тиімді қолданып, икемділік танытып және еңбекте ынтымақтастықта болып, келіспеушілік пен әр түрлі көзқарасқа көренгендік танытсам, жетістікке жететіндігімді түсіндім. Сонымен қатар, сабақ барысында кездесетін қиындықтарды жеңе білу. Осы қиындықтардан шығудың жолы -тынымсыз еңбек ету арқылы оқушыларға дұрыс бағдар бере отырып, саналы, білімді, алған білімдерін өмірде тиімді қолдана білетін, жас ұрпақты тәрбиелеуді өз алдыма мақсат етіп қойдым.
 
Пайдаланған әдебиет:
Мұғалімге арналған нұсқаулық.