Тест т?рлерін ?олдану жолдары


Тест түрлерін қолдану жолдары
Оқыту үдерісіндегі ең маңызды бөлімінің бірі - оқытудың нәтижесін тексеру. Тексерудің барлық түрін, әдісін, пішімін қажетті жағдайда орындау, жүйелі түрде дұрыс қолдану оқыту сапасын жоғарылатып, оқушылар үлгеріміндегі жетіспеушілікті дер кезінде ашуға мүмкіндік береді.
Педагогикалық теория өлшемінің негізі "педагогикалық тапсырма" деген ұғымға саяды.
Педагогикалық тапсырма - барлық тапсырмалардың мақсаты мен мазмұнын қамтитын ұғым.
Педагогикалық тапсырма оқушылардың танымдық қызметін белсендіруге, білім сапасын арттыруға және педагогикалық еңбектің нәтижелі болуына ықпалын тигізеді. Педагогикалық тапсырма тест, бақылау жұмысы, диктант, зертханалық жұмыстар және басқадай түрде жүргізіледі. Осының қатарындағы кеңінен қолданып жүрген бақылау түрі - тест.
Тест ағылшын тілінен аударғанда "бақылау" "байқау", "зерттеу" деген мағынаны білдіреді. Қазіргі кезде ҚР барлық оқу орындарында тест түріндегі тапсырмалар кеңінен қолданылады. Ол сұрақ түрінде және бір ғана дұрыс жауапты табуға құрылған. Уақыт мұндай түрдің өзіндік кемшіліктері бар екенін байқатты. Себебі, бұл көп жағдайда анық білмей, кездейсоқ дұрыс жауапты белгілеп, білім деңгейі төмен оқушылардың жоғарғы көрсеткіш танытуына әкеліп соғып жатыр. Яғни, бұл - нақты білімді тексеру барысында өз мақсатына жетпегендігінің айғағы. Сондықтан да бүгінгі қоғамға сай білімді тұрақтандырудың және сапасын тексерудің жаңа түрлерін табу қажеттігі туындайды. Осы мақсатта Ресей Федерациясының педагогика ғылымының докторы, профессор Вадим Сергеевич Аванесов "Форма тестовых заданий" деген еңбегінде тест түрлерін көрсеткен.
Айтылған еңбекке сүйене отырып, мектеп мұғалімдеріне, жоғары оқу орындарының оқытушыларына арналған тест тапсырмаларын жүйелеп, төмендегідей түрде ұсындық: Тест тапсырмаларына койылатын талаптар: тест тапсырмалры белгілі бір жүйелі ойды бейнелейтін логикалық анықтама (тұжырым) түрінде болуы; форманың дұрыс таңдалуы; тапсырма элементтерінің дұрыс орналасуы; таңдап алынған форма шеңберінде дұрыс жауаптарды бағалаудың бірдей болуы; нұсқаудың оқушылар үшін біртектілігі.
Тест түрлері: жабық тест, балама тест, анықтау тест, тіке жауап тест, ашық тест, реттік тест, толықтыруды қажет ететін тест, фасет тест. Жабық тест берілген тапсырмаға үш жауаптың ішінен бір дұрыс жауабымен шектелуі тиіс. Мысалы: Мына мысалдан болымсыз антонимді тап. А) жақсы-жаман; ә) жақсы-жақсы екен; б) жақсы-жақсы емес; Балама тест берілген тапсырмаға "иә" немесе "жоқ" деген екі жауаптың біреуімен шектелуі тиіс. Берілген тапсырманың жауабы ойыңыздағыдай болса "иә" деген жауапты, ал егер дұрыс болмаса "жоқ" деген жауапты береді. Мысалы: Қазақ әліпбиінде 32 әріп бар ма? "жоқ". Екі жай сойлемнен жасалып, күрделі бір ойды білдіретін сойлем құрмалас сөйлем бе? "иә". Анықтау тест екі бағаннан тұрады. Бірінші бағанда берілген тапсырманың жауабын екінші бағанға жазасыз. Жауап өте қысқа және нақты болуы шарт. Мысалы:

Тапсырма Жауап
Мифтік ескі наным бойынша атын тура айтуға тыйым салынған сөзді не дейміз? табу
Тіке жауап тест мұғалімнің берген сұрағына оқушы бірден жауап беруі қажет. Мысалы: Бітеу буынға мысал келтір. Жауабы: бер, кел, қант, төрт.
Ашық тест дайын жауап берілмеген, оқушы жауапты өзі тауып жазады. Жауабы көлемдірек болады. Мысалы:
Тапсырма Жауап
Синоним дегеніміз не? Мағынасы бірдей, бірақ айтылуы мен жазылуы әр түрлі болтын сөздерді айтамыз.
Реттік тест берілген тапсырмаларды дұрыс ретімен орналастыру. Мысалы: А)Бірісе ол барады, біресе Айгүл барады. Ыңғайлас салалас. Ә) Күн де шығып тұр, жел де соғып тұр. Қарсылықты салалас. Б) Бұл шөп әдемі екен, бірақ зияны да бар. Кезектес салалас.
Толықтыруды қажет ететін тест-мәтіндер, сызуды формуланың жазылуында керекті сөздерді белгіні, таңбаны қоятын ашық орын қалдырылады. Мысалы: мен_______келдім.
Сіздің назарыңызға бірнеше дұрыс жауап болуы мүмкін тестілік тапсырма берілген. Барлық дұрыс жауапты дөңгелектеңіз.
Тапсырма:
1. Еріннің қатысына қарай езулік дауыстылар...
а; 2) б; 3) ұ; 4) ә; 5) о; 6) ө; 7) ү; 8) ы.
2. Антоним болатын сөздер: 1) ақ-қара; 2) үлкен-дәу; 3) жасыл-қызыл; 4) жомарт-сараң; 5) ақылды-данышпан; 6) жақсылық-жамандық; 7) ат ізін салмау-ат ізін құрғатпау; 8) ашу-дұшпан.
3. Анықтауыштың сұрақтары: Кім? Қай? Неге? Қайда? Қалай? Қашан? Кімнің? Қандай? Не үшін? Қашаннан?
Оқушылардың білім деңгейін тексеру мақсатында тесттің ФАСЕТ түрін пайдалану да өте тиімді. Фасет-бір тапсырмадан жауаптың бірнеше түрін табуға арналған тест түрі. Ол бір тапсырмада бірнеше нұсқа құрауға мүмкіндік береді, бұл бірдей нұсқаның қайталануынан туындайтын көшіріп алуды тежейді, яғни, нақты білімді анықтауға неғұрлым тиімді түрі болып саналады. Мысалы: 1. Өздік, сілтеу, жалпылау есімдігін корсет: 1) өзі; 2)біз; 3) мен; 4) сол; 5) бәрі; 6) анау; 7) күллі; 8) өзіміз; 9) түгел; 10) барша; 11) бұлар; 12) барлығы; 13) мыналар.
Тест тапсырмаларынның ендігі бір түрі-өзара байланысты немесе сатылы тапсырмалар. Яғни, мұндағы ерекшелік: дұрыс жауапты табу- алдындағы сұрақтың жауабының дұрыстығына байланысты болатындығы. Оның себебі мазмұн байланысында, яғни, ой үзілмей жалғасып отыруы қажет.
Тапсырма: 1. Қазақ халқын әлемге еткен шығарма: 1) «Қазақ солдаты»; 2) «Оянған өлке»; 3) «Абай жолы»; 4) «Шұғаның белгісі»; 5) «Дауылдан кейін»; 2. Оның авторы: 1)М. Әуезов; 2)Б.Майлин; 3)Ғ.Мүсірепов; 4)С.Сейфуллин; 5)Ғ.Мұстафин. 3. Басты кейіпкерлері: 1)Қайрош; 2)Шұға; 3)Абай; 4)Байжан; 5)Игілік.
Міне, осылай әр түрлі деңгейдегі білім сапасын тексеру мақсатында шексіз тапсырмалар құрай білуге болды. Мұнда тест тапсырмаларының тек бірнеше түрі ғана сөз болды. Ал олардың әлі де бірнеше түрлерін құрастырып, тиімді пайдалануға болды. Мұндай тест тапсырмаларын мектепте де, жоғары оқу орындарында да қолдануға болатын, білім сапасын тексерудің нәтижелі әдіс-тәсілдерінің бір түрі дер едім.
Оқушылардың білімі мен білігін тексеруде тест тапсырмалары қазіргі таңда өз нәтижесін беруде.
(«Қазақ тілі мен әдебиеті» журналынан)