«Мектептегі т?жірибе» кезе?інде орындау?а арнал?ан тапсырмалар?а ?атысты бірлескен таныстырылым бойынша рефлексия
«Мектептегі тәжірибе» кезеңінде орындауға арналған тапсырмаларға қатысты бірлескен таныстырылым бойынша рефлексия
Тыңдаушының ойлары
Курстың екінші кезеңі мектептегі практикаға келдік. Мектеп директоры Күлшира Олжабайқызы Астанаға ШАО-ға курсқа кетіп,орынбасары Сәдуақас Асанұлы уақытша директордың қызметін атқарып жүр екен.
Алғашқы жұмысымды мектеп басшыларымен кеңесуден бастайын деп Сәдуақас Асанұлының қабылдауында болдым.Кембридждік курс,оның мақсаттары мен міндеттері,жалпы курс туралы мәліметтермен бөлістім. Маған мектептегі АКТ-ны пайдалануға,қалаған сыныбыммен жұмыс жүргізуіме рұқсат ететінін,қажет болған жағдайда көмек сұрап тұруыма болатынын айтты.Нәтижесінде екінші ауысымда оқитын ,өзім сабақ беретін 7 «Ә» сыныбын таңдадым.
Курсқа менімен бірге барып,7-топтың тыңдаушысы болған Иманбек екеуіміз әріптестермен кеңесуді бірлесіп өткіздік.Биология кабинетіне жиналған әріптестерге «Әлем өзгереді» деректі фильмін көрсетіп, таныстырылым жасадық.Курс туралы қызу әңгімеге кіріскенде қызыға тыңдап отырған әріптестерімізді екеуміз бір-бірімізді іліп алып кетіп отырып,бірталай ақпараттармен қамтыдық.
Бір байқағаным,курсқа қызығушылық танытушылар көп сияқты.Ішінде жасы да бар, зейнеткерлікке таяп қалған жасамысы да бар.Жастар жағына отбасы жағдайы кедергі болса,үлкен кісілер АКТ-ны дұрыс қолдана алмайтындықтарын алға тартуда.Біздің практикалық жұмысымызға ерекше қызығушылық танытқандары да болды. Соңынан өзім жетекшілік ететін қазақ,орыс,ағылшын тілдері бірлестігінің мүшелерімен де әңгімелестік.Орыс тілінің мұғалімі Умиралиева Гүлжан мен Ордабаева Зәуре апайлар осы курсқа бару үшін компьютермен жұмыс жасауды үйреніп жүргендіктерін айтты.Мен осы жерде жоғарыда айтылған Дипактың іс-әрекеті туралы әігімені айтып,бірлесе жұмыс жасауға ұсыныс жасадым.Жас мұғалімдер Қойлыбаева Гүлнұр мен Өмірәлиева Маржан қуана келісті.
Балаларға сабақ өтуде алғашқы сабағымды ынтымақтастық атмосферасын қалыптастыруға арнадым. Менің оқытудың жаңа тәсілдерін үйрететін курсқа кеткенімнен хабардар сүйікті шәкірттерімнің ерекше жаңалықтар,ерекше үміт күтіп жаутаңдай қараған жанарларын көргенде мектеп басшыларының алдында тұрғаннан бетер қысылдым .Сол сәтте басшылардың үмітінен гөрі оқушыларымның үмітін ақтау мойныма үлкен жауапкершілік артып тұрғанын сездім.
Көп ойланып жатпастан оқушыларды тақтаның алдына шығарып,туған күндері бойынша айдың 1-10,10-20,20-30 аралығында туғандар деп үш топқа бөлдім.Топтар бойынша отырғызып, «Менің досымды сізге таныстырғым келеді» интерактивті әдісі бойынша диалог құрдық.Оқушылар өз достары,олардың бойындағы өзіне ұнайтын жақсы қасиеттері туралы қуана да құлшына әңгімеледі.Әсіресе Аружан ,Аяулым, Лауралардың әңгімелері әсерлі шықты.Балалардың көбі өз ойын шамасы келгенше жеткізуге тырысып жатқанымен Нұрсұлтан мен Жомарттың қиналыңқырап қалғанын байқадым.Осы Нұрсұлтан әншейінде сөзге қойсаң суырылып,елге кезек бермейді.Ал сабақ бойынша сөйлемейтін бала бүгінгідей бейтарап сабақта да онша белсенділік таныта қоймады.
7 «А» сыныбынан ауысып келген Айнагүл бұл сыныпқа әлі үйренбеген сияқты: сабағы үздік,қоғамдық жұмыстарға белсене араласатын Айнагүлімді бүгін тани алмай отырмын,кібіртіктеп,онша жақсы сөйлей алмады.
Бұл әдіс ылғи жыбырлап, сөйлеп отыратын Бақкелді мен Нұрдәулеттің оң жамбастарына келген сияқты:екеуі еркін сөйлеп,күліп,серпіліп-ақ қалды.
Былай ерке көрінгенімен тұйықтау,қасыма үйірсектеп жақын келгенімен ойындағысын ашып айта алмайтын Балнұрға да бұл әдіс оңай тимеген сияқты.
Жалпы диалогтік әңгімеден кейін оқушыларды бір-біріне қарама-қарсы қаратып тұрғызып қойып «Кір жуғыш машина» ойынын ойнаттым.Ойын балаларға өте қызықты болды.Улап-шулап,күліп,бір серпіліп қалды.Курстың бірінші бетпе-бет кезеңінде өзіміздің топпен осы ойынды ойнаған сәтіміз есіме түсіп,еріксіз күліп алдым:кір жуғыш машинаға түскім келмей, қашқақтап тұрған мені Балғынбай қолымнан тартып қалып,топқа қарай салып жіберіп еді.
Ойыннан кейін балаларды отырғызып қойып, «Сенің басқалар білмейтін қандай сырың бар?Оны басқалармен бөліскің келе ме?Әсіресе кіммен сырласқың келеді?Басқаларға таныта алмай жүрген қырларың немесе қасиеттерің бар ма?» деген сұрақтар төңірегінде өз ойларын жазып шығуға тапсырма бердім.Әрі бүгінгі сабақтың кері байланысы болсын дедім.Тапсырманың орындалу барысын өзім қадағалап жүрдім.Бәрі де өз шама-шарқынша жазып жатыр.
Жомарт та бірдеңелерді жазып отыр.Шығарма жазуда алдына жан салмайтын Аяулым да зуылдатып жазып жатыр.Сабақтың соңында бәрінің жұмысын жинап алдым.
Балаларға бүгінгі сабақ ұнаған сияқты:жарқын үнмен,жадыраңқы жүзбен қоштасып қалды.
Үйге келген соң оқушыларымның жазғандарын оқып отырып,үлкен ойға қалдым.Шынында,біз оларға бала деп қана қарайды екенбіз.Сол балалардың жан дүниесіне тереңірек үңіліп көрмеген екенмін.Әсіресе,анасы екінші рет тұрмыс құрған Нұрсаяның жазғанын оқығанда көзіме еріксіз жас келді. «Мен де басқалар сияқты биге қатысып,ән айтқым келеді.Бірақ үйдің жұмысынан,бала бағудан қолым тимейді.Мені ешкім түсінбейді,ешкімнің менімен дос болғысы да келмейді.Менің сізбен сырласқым келеді» деп жазыпты.Иә,үлкендер үйленеді,тіл табыса алмай ажырасып жатады.Бірақ соның зардабын тартатын балалар ғой.Балалық шағында еркін ойнап,еркін күлгісі келетін баланың арманын өгей әке мен өгей әжесі қайдан ұқсын?
Сабақты жақсы-ақ оқитын,сүйкімді,ауылдағы дәулетті отбасының қызы Аида «Мен мектепте ешқашан өз ойымды ашық айтып көрмеппін.Еркіндігім де, еркелігім де үйде ғана.Бұдан былай өз ойымды ашық айтып,осы мінезімді қалыптастырсам»деп жазыпты.Аяулым басқаларға қарағанда өзіндік жазу жұмыстарына төселгендігін,тіл байлығын көрсете алыпты.Жаңа әдіспен өтілген сабақтардың ұнайтынын,алда қызықты сабақтар күтетіндігін жазады. Балалардың көбі сырын ашып айтыпты.Мен бұған қатты қуандым.Олар маған сенеді,менімен дос болғысы келеді,менімен сыр бөліскісі келеді.Мені жақсы көретіндіктерін жеткізіпті.Бұл дегенің менің жаңаша әдіс-тәсілмен жұмыс жасауыма оқушылар тарапынан қолдау болады,сабақтарымды қызықты өткізуіме көмек болады деген сөз емес пе?
Оқушылардың сенімін ақтап,қызықты сабақтар өткізу үшін көбірек ізденіп,көбірек еңбектенуге тура келеді.
Сонымен, алғашқы күні мен ынтымақтастық атмосферасын осылай құрдым.Өз ойымша жаман өткізбеген сияқтымын.Балалардың өзім білмейтін біраз сырлары мен қырларын таныдым,өзіме деген сенімдерін,сүйіспеншіліктерін сездім.Бұл маған жұмысты әрі қарай жүргізуге көп көмегін тигізетін маңызды мағлұматтар болды деп айта аламын.
Тізбектелген сабақтар топтамасын өту кезінде қиындықтар кездесіп отырды.Топтық жұмысты оқушылар басында сайыс сабақ екен деп қабылдайтын.Әр топ бір-бірімен жарысып, тапсырмаларды ертерек орындауға тырысатын.Сабақта ең алдымен топқа бөлу кезінде қиыншылық туындады. Қиыншылықтың туындаған себебі балалар арасында келіспеушіліктер болды, яғни мен оның қасына отырмаймын дегендей келіспеушілік болды. Мұндай келеңсіздіктерді дер кезінде жоюға тырыстым.Тәжірибе кезеңінде балалар өзін-өзі реттей алатындығы,бірін-бірі бағалауды үйренді.
Мектептегі іс-тәжірибем аяқталған соң біздер екінші «Бетпе-бет» кезеңінде өз әріптестерімізбен кездестік.Тәжірибе кезеңінен алған әсерлерімізбен таласа бөлісіп, шұрқырай табыстық. Кейбір әріптестерімнің мектеп әкімшілігі,әріптестері тарапынан тарапынан көрсетілген көмек жайында айтса, ал кейбір әріптестерім мектептен, әріптестерінің тарапынан ешқандай көмек болмағандығы жайында айтты. Әріптестерімнен байқағаным, бірінші «Бетпе-бет» кезеңіне қарағанда екінші «Бетпе-бет» кезеңінде оларда өзгерістер байқалады. Екінші «Бетпе-бет» кезеңінің екінші күнінен бастап біздер мектептегі әріптестермен кездескен кезде болған жайттар жайында талдау жүргіздік. Талдауды жүргізген себебіміз әрқайсымызда әр түрлі жағдайлар болғандығы жайында жүргіздік, және де әріптестермен кеңесу тапсырмасы бойынша біздер әріптестермен топқа пәндер бойынша бөліне отырып презентация жасадық. Презентацияны жасаған себебіміз мектептегі іс-тәжірбие кезінде орын алған мәселелер бойынша топтағы әріптестермен кеңесе отырып , бір-біріміздің тәжірбиемізде кездескен мәселелер жайында топпен ақылдаса отырып, бір шешім жасай отырып презентация жасадық. Жасаған презентацияда біздер мектеп тәжірбиесіндегі мәселелер жайында көрсеттік. Яғни осы тапсырманы орындау барысында біздердің не үйренгеніміз,сабақ өту барысында кездескен кедергілер мен қиындықтар, оларды еңсеру жолдары туралы пікірлестік. Қандай қиындықтар болғандығы және осы қиындықты қалай еңсергендігіміз, бағдарламадағы жеті модуль арасындағы байланысты қалай құрғандығымыз жайында берілген тапсырма бойынша таныстырылым жасадық. Яғни әр топ өздерінің әріптестер арасында болған жайттар жайында таныстырылым жасады. Таныстырылымда болған жайттардың көбісінде ұқсас болып келді. Кейбірінде әріптестерін топтастыра алмаған кезінде олар хабарландыру жасап іліп қойған, ал кейбір әріптестердің әріптестер арасында немқұрайлық болған яғни бұл нәрсе өзіңе ғана тиесілі деген әріптестер де болған. Таныстырылым аяқталған соң, күннің екінші жартысында орта мерзімді сабақ жоспарына таныстырылым жасадық. Таныстырылымды презентация арқылы (5слайд)бойынша жасадық. Осы жасаған таныстырылым бойынша әріптестерім маған кемшіліктерім жайында айтып отырды. Таныстырылымның жақсы жасалғандығы, тиянақтылығы көрініп тұрғандығы жайында өз ойларын айтты. Үйге берілген тапсырма бойынша біздер мектептегі іс-тәжірибиеде болған өзгерістер жайында постер жасадық. Әр мұғалім өз мектебінде болған өзгерістер жайында жасаған постерлерінен таныстырылым жасады. Зарифа апай өз таныстырылымында болған өзгерістері жайында және де өзгерісте қолданған әдіс-тәсілдері жайында дәлелді түрде жеткізіп нақтылап түсіндірді. Гүлзағира апай өз мектебінде өткен тәжірибесінде болған өзгерістері жайында тиянақты , түсінікті етіп жеткізе білді. Жасаған постерлері де дәлелді болған. Ануархан апай өз тәжірибиесінде істеген іс-әрекеттері жайында толығымен айтып түсіндіріп берді. Барлық әріптестерімнің мектептегі іс-әрекеттері жайында жасаған постерлері тиянақты , дәлелді түрде көрсете білген. Мектептегі іс-тәжірибелері жағымды атмосферада өткендігін байқауға болады.
Пайдаланылған әдебиеттер:
Мұғалімдерге арналған нұсқаулық,2012
1 Бетпе-бет кезеңіндегі материалдар