Мектептегі т?жірибе кезе?індегі орындау?а арнал?ан ?ріптестермен ке?есу туралы рефлексивтік есеп.
Мектептегі тәжірибе кезеңіндегі орындауға
арналған әріптестермен кеңесу туралы
рефлексивтік есеп.
Қазіргі біз өмір сүріп жатқан, күнделікті өзгеріске ұшырайтын әлемде, балаларға білім беру жүйесі де өзгеріске ұшырайды. Кешегі күні қолданылған әдіс – тәсілдер, бүгінгі күні өзінің маңызын жоғалтып жатыр.
Бұрын дәстүрлі сабақта мұғалімнің негізгі міндеті оқушыға білім беру болса, қазір, жаһандану заманында, мұғалім оқушыны білім алуға бағыттайтын тұлға ретінде танылып отыр.
Оқушыны білім алуға ынталандыру әдістерінің бірі – Бағдарлама ұсынып отырған 7 модульдің әдіс – тәсілдері. Соның ішінде мен топтық жұмыс туралы айтқым келеді. Мерсер (2000) сипаттағандай, білімді бірлесіп алуда немесе «пікір алмасу» барысында тең құқылы серіктестер болып табылады. Мерсердің зерттеуіне сәйкес, әңгімелесу оқушылардың оқуының ажырамас бөлшегі болып табылады және әңгімелесудің үш түрі бар.
Мен сол әңгімелесудің үш түрімен осы курсқа келгенде, бірінші бетпе-бет кезеңінде таныстым. Алғашқы күні келгенде, тренеріміз бізге топтық жұмыс туралы түсінік берді. Топтық жұмыстың кейбір аспектілері: топқа бөлу және топты таныстыру әдістерімен таныс болдым. Топқа бөлу жаңа түрлерін білдім, бірінші күні бізді қаламның түсімен және жалпы түс бойынша бөлді.
Топт ережелерін құрудың түрлерімен таныстым. Бірлескен және топтық жұмыс түрлері, топтағы формалды және сапалы түрдегі жұмыс түрлерінің мағынасын түсіндім. Топтық жұмыстың тиімділігі мен тиімсіздігін ажырата отырып, постер қорғадық. Жұмыс өте қызу, қызықты және көңілді өтті. Топтағы жұмыстағы мұғалімнің рөлі:
1. білім беруші;
2. бақылаушы;
3. ынталандырушы екенін анықтадық.
Бұрын мен өзімнің тәжірибемде топтық жұмысты қолданатынмын, бірақ теориясын білмеген соң, толық түсінбей жүріппін. Ашық сабақтар, тәрбие сағаттар кезінде оқушыларды өзімнің білуімше топтастырып, отырғызып жұмыс істейтінмін. Қысқасы, топтық жұмыстың мағынасын, тиімділігін толыққанды түсінбегенмін. Енді осы курсқа келгенде, теориясын меңгердім, жаңа әдіс – тәсілдерді үйрендім. Топтық жұмыстың түрлері, тиімділігі туралы көп мәлімет алдым. Күнде топқа бөлу түрлірімен танысып, әр түрлі әдістермен топқа бөлініп жүрдік. Оның тиімділігі – күнде басқа топта болғанда, әр адамның ойы әр түрлі ғой, сондықтан орындап жүрген тапсырмаларымыз да қайталанбады.
Осы үйренген біліміммен мен өз мектебіме «мектептегі тәжірибе» кезеңіне аттандым. Алғашқы барған күні мен мектеп директоры мен оқу – тәрбие ісінің меңгерушісімен кездестім. Ол адамдарды өз жоспарыммен таныстырдым. Мектеп директоры да, оқу ісінің меңгерушісі де маған қолдау көрсетті. Әріптестеріммен кеңесу күнін белгілеп, сабақ жоспарын дайындадым. Әріптестеріммен кеңескен кезде алдымен психологиялық жағымды ахуал тудыру мақсатында «Сағат бойынша достар» сергіту сәтінен бастағанды жөн көрдім. Себебі, мұғалімдер сабақтар аяқталған кезде шаршап отырды, біраз сергіп қалсын деген ойым болды. Әріптестерім бұл сергіту сәті кезінде өздерін жақсы, еркін сезінді. Мен бағыттаушы ретінде, түсінбегендерін нақтылап отырдым. Содан кейін әріптестерімді топтық жұмыс түрлерімен таныстырып,топтарға смайликтер арқылы бөлдім. Әріптестерімне инклюзивті білім туралы түсіндірдім. Бірінші бетпе – бет кезеңінде курста орындаған постерлерді ресурс ретінде пайдаланып, көрсеттім. Содан кейін екі топқа «Инклюзивтік мектеп: тиімді және тиімсіз жақтары» тақырыбына постер құруды ұсындым. Екі топ белсене жұмыс істеді, өз пікірлерін постерге түсіріп, кейін тақтаға шығып, қорғады. Келесі кезеңде мұғалімдерді тізбектелген сабақтар топтамасында қолдануға жоспарланған жаңа әдіс – тәсілдермен таныстырдым. Атап өтсем, ол «Алты қалпақ», «ЖИГСО», «Аквариум», «Қарлы кесек», «5 саусақ» сияқты әдіс – тәсілдер. Кеңесудің соңында мен мұғалімдерге өздерінің түсіну деңгейлерін «Блоб ағашы» арқылы көрсетуді ұсындым. Қорытынды сөзде мұғалімдер ұнаған кезеңдерін атап айтып, алғыстарын білдірді. Болашақта сабақтарында қолданытындарын да айтып отырды.
Оқушылармен жұмыс кезінде де мен топтық және жұптық жұмыстардың әр түрін қолдандым. Сабақтарда мен «Венн диаграмма», «Ыстық орындық», сатылай талдау, «Қарлы кесек» сияқты әдіс – тәсілдерді қолдана білдім. Оқушыларға топтық жұмыс туралы түсіндіргеннен кейін, топ ережесін құруды ұсындым. Балалар белсенділік танытып, аса жоғары қызығушылықпен өздері критерийлерін анықтап, ережелер құрды. Сабақ барысында оқушылар әр кезеңде өздерін және сыныптастарын бағалап отырды. Топтық жұмыс кезеңі жеке және жұптық жұмыстармен аралысып жүріп тұрды. Бұл жұмыстардың барысында оқушылар өздерінің білімдерін көрсете алды деп есептеймін. Себебі, топпен, жұппен және жеке жұмыс орындаған кезде оқушылар бір-бірімен диалогке түседі, пікір алмасады, өз ойларын айтады. Осының нәтижесінде, балалар тұлғалық қасиеттері одан әрі дамиды, өз-өздеріне деген сенімділік пайда болады. Сергіту сәті кезеңінде де оқушылар бәрі видеоклиптегі ертегі кейіпкерлерінің қимылдарын келтіре отырып, биледі. Және өздерін еркін сезінді, себебі, жас ерекшеліктеріне сәйкес, бастауыш сынып оқушылары біреуге еліктегіш болады.Сабақтың соңында мен оқушыларға өздерінің жаңа тақырыпты түсінгендерін «Блоб ағашы» әдісі арқылы бағалауға ұсындым. Бастауыш сынып оқушылары болғандықтан және берілген тапсырма сурет түрінде болағандықтан оқушылар бұл тапсырманы жақсы орындап шықты. Сондай ақ, сабақ барысында, оқушылар өздерін және сыныптастарын әр түрлі формативтік бағалау түрлерімен бағалап отырды. Мысалы, жапондық бағалау, ұжымдық шапалық, «1 сурет, 1 тілек», «2 жұлдыз, 1 тілек», «Бағдаршам» әдістері бойынша бағалады.
Екінші бетпе – бет кезеңінде әріптестерімізбен бірге топтық жұмысты жалғастырдық. Мектептегі тәжірибе туралы пікір алмастық, өзіміз қандай әсер алғанымызды айта отырып, әр модульді қорғау барысында тиімді ойларымызбен бөлістік. Үздік сабақ талдау кезінде маған әріптестерім Әсия мен Әсемдердің сабақтары ұнады. Әсия 8 сыныпта орыс тілі сабағын өткізген кезде топқа бөліп, әр топ өздеріне ұран алғандары, спикер бағалау парағы бойынша бағалауы ұнады. Ал Әсем жетінші сыныпта «Қараңғы түнде тау қалғып» сабағында «Авторға базарлық» әдісі жақсы әсер қалдырды.
Келесі күні әр топ «Бағалау» тақырыбы бойынша постер қорғады. Сонда мен бақылаушы ретінде келесі кемшіліктер мен жетістіктерді байқадым:
№ 3 топта
Топтық бағалаудың тиімділігі;
Жиынтық бағалауда қалыптастырушы бағаны түсінеді;
Модульдерді толығымен ықпалдастырмаған.
№ 1 топта
Мақсаты белгіленген жоқ;
Модульдермен ықпалдастырған жоқ;
Толықтыру қажет.
№ 4 топта
Паразит сөздер көп айтылды.
Топтық жұмыс менің тәжірибемде өте тиімді деп есептеймін, себебі, топтағы жұмыс ең алдымен топ мүшелерінің тілдесу, сөйлесу, пікір алмасу қабілеттерін дамытудың негізгі өзегі, әлеуметтік қарым-қатынастың бастауы. Сынып оқушыларын бір ортаға жинап, оқушылар арасындағы қарым-қатынасты дамытудың бірден-бір жолы – әңгімелесу мен өзара сөйлесуге, талқылауға жағдай туғызу болып табылады. Жоспарланған жұмыстың нәтижелі қорытындысы да мақсатты түрде жүргізілген әңгімеге, көзделген дүниені талқылауға тікелей байланысты. Себебі, оқушылардың өзара әңгімелесуі, пікірлесуі, ой бөлісуі, ой қорытуы олардың өз ойларын қысылмай, еркін жеткізуіне, сыныптастар арасындағы қарым-қатынастың артуына, топтық жұмыстың жандануына оң әсерін тигізеді.
Топтық жұмыс арқылы оқушыларда сөйлеу дағдылары, өзара бағалауы, пікірлесуі және бір-бірін тыңдау қабілеттері артты.
Мен өзім мұғалім ретінде кәсіби өстім, тапрсымаларды тиімді қолдануды, оқушыларды топтық жұмысқа бағыттауға үйрендім.
Тәжірибе кезінде менде келесі қиындықтар кездесті:
Уақытқа реттелмеу;
Бағалау кезінде оқушылардың баға қоюдағы біржақтылығы;
Оқушылардың топта жұмыс істеу дағдыларының қалыптаспауы;
Бұл кедергілерден мен шығу жолдарын ойластырып, қиындықтарды жоюға тырыстым:
Топ ережесін оқушылармен бірге құрдық;
Бағалау әділ болу үшін оқушылардың өздеріне бағалау критерийлерін анықтадым;
Деңгейлік тапсырмаларды тиімді пайдалануға үйреттім.
Болашақта өзіме мақсат ретінде осы топтық жұмыс түрлерін сабақ үдерісіне жүйелі түрде қолданамын деп шештім. Әріптестеріммен бірлесіп деңгейлік тапсырмалар қорын жинап, қолдануды жоспарлап отырмын.