Рефлексивный отчет по практике внедрения и управления изменениями в практике.


Оқыту мен оқуда өзгеріс енгізілгенін және ол басқарылғанын растайтын тізбектелген сабақтар топтамасы өткізілгені туралы бір рефлексивтік есеп
Қазіргі Қазақстан мектебінің ұстазы алдында үлкен міндеттер мен шешілуі қажет мәселелер тұр.
Екінші «Бетпе-бет» кезеңіндегі мектептегі тәжірибе үшін мен зерттеу объектісі қылып 8 «А» сыныбын таңдап алдым. Сабақтарымды өткізбес бұрын мен оларға сынып жиналысын өткізіп, өзімнің жұмыс жоспарымның оқушылар білуі қажет мақсаты және қағидаттарымен таныстырып шықтым, олардың әрқайсысының зерттеу туралы пікір алу құқығы бар екенін ескерттім. Оқушылардың ата-аналарына балаларын зерттеуге қатыстыруға рұқсат сұрап хат жаздым. Әр ата-ананың келісімін беруі жөніндегі хаттың бұрышына «қарсы емеспін» деп жазып, қолын қойған ата-аналардың рұқсат қағаздары қолыма тиді де, мен сындарлы оқытудың жеті модулін іс – тәжірибемде жүзеге асыруға кірісіп те кеттім.
Бірінші және одан кейін өткізген сабақтарымның барлығында ынтымақтасу атмосферасын қалыптастыру және «Алтын ереже» ұстанымдарын құрудан бастау алды. Оқушылар «Мен сіздерді таныстырғым келеді» деген стратегияны пайдалана отырып көршілері туралы біз бұған дейін бейхабар болған ақпаратпен бөлісіп жатты. Мысалы, біз Асылханның музыканы, оның ішінде қазіргі кезеңде сәнді болып саналатын хип-хопты жақсы көретінін білдік.
«Алтын ережені» құру да көп уақытты қажет етпеді. Бірақ осы оқушылардың іс-әрекеттерінің нәтижесі мен талап еткендей орыс тілінде емес, қазақша оқылып жатты.
Мен төрт сабағымның әлеуметтік-мәдени теориясын дамытуға қажетті әдіс-тәсілдерімді оқушылардың өздігінен реттелуіне ықпал ететіндей қылып таңдадым. Бұлай жоспарлауымның басты себебі, сабақ басталмас бұрын мен оқушыларға олардың пікірлерімен санасатынымды, мәселені шешер кезде олардың пікірлері есептелетінін, сонымен қатар әр оқушы өз оқуын жетілдіре алатынын және өзіндік білім алуын бақылай алатынына тоқталып өттім.
Мен сабақтарымда оқушының өздігінен реттелуі тәртібін бақыладым, оқушылардың өз оқуын бақылауы өзін-өзі және құрбысын бағалау кезінде жүзеге асқанын байқадым. Жалпы менің бұл тәжірибені -жүзеге асыруда өзіме мықтап түйіп алған ойым, ол- әр оқушының өз бетінше оқығанда дербес болуды қалайтындығы (Мария Монтессори,1870-1952). Мен келешекте өзім іс жүзіне асырмақ болып отырған сындарлы оқыту идеясында оқушылардың өз бетінше оқуын нәтижемен ғана шектеп қоймай,зияткерлік іс-әрекетке жетелейтін, үдерістер мүмкіндігін дамытатын материалдарды пайдаланатын боламын деп түйдім.
Ақпараттық-коммуникативтік технологиялар құралдарын мен төрт сабағымда да қолдануды жоспарладым. Бірінші және екінші сабақтарымның мақсаты бір шығарманың төңірегінде өрбігендіктен, тақырыптың мәнін ашатын слайд үлгісін мен өзім әзірлеген болатынмын. Менің оқушыларға жасап әкелген таныстырылымым олардың ақпаратты бағалауына, таңдауына, берілген тапсырмаға қатысты ой қозғауына және сақтауына көмегін тигізді деген ойдамын. Үшінші сабақ таныстырылымын мен дарынды оқушым Асылға жүктеген болатынмын, себебі дарынды балаларға сапалы тапсырма бергенде «ол ақпаратты біліп, толықтырып, мәніне тезірек жетеді»деп тұжырымдама жасаған (Мұғалімге арналған Нұсқаулық, 73 б.). Сонымен мен өзімнің болашақта атқарар әдіс-тәсілдеріме қатысты тағы бір тұжырымдаманы негіздеме қылып ерекшелеп алдым. Ол-«мұғалімдер қосымша көмек беру арқылы балалар тобының аясын кеңейте отырып , бұдан да күрделі тапсырмаларды орындата алады. Бұл стратегиялардың сыныптағы талантты да дарынды оқушыларды анықтауда көмегі зор» деген ой-тоқтамы болды(Мұғалімге арналған Нұсқаулық, 75 б.).Мен неге бұл ойды өзіме негізгі етіп белгілеп алдым? Себебі, алдағы уақытта мен осы сындарлы оқыту стратегияларын сабақтарымда қолдану барысында сыныптағы басқа да оқушылардың дарындылық қабілетін дамытатын іс-шаралар жоспарын құрып, оны жүйелі түрде жүзеге асыруға міндеттімін деп ойлаймын.
Менің үшінші сабағымда қолданған Мерсердің «Бастама-жауап-кейінгі әрекет» (БЖӘ) стратегиясы сұрақ қою үлгісінде болды және тақырып «Обособленное дополнение» еді. Ал бұл тақырыптың көлемі жетінші сыныпта өткен бірнеше тақырыптарды еске түсіруді, ережені қайталауды қажет етті. Сонымен БЖӘ-ні жүзеге асыру үшін мен АКТ-мен жұмысты жоспарлаған едім: интербелсенді тақтада обособленное дополнениесі бар, бірақ тыныс белгілері қойылмаған жай сөйлемдерді келтірдім. Оқушыларға сөйлемдерді көшіріп жазып, бастауыш пен баяндауышты және «обособленное дополнениені» анықтап, астарын сызып, қажетті тыныс белгілерін қоюды міндет еттім.
Бастама (мұғалім): Прочитай предложение и определи в предложении главные члены предложения.
Оқушы: Все, за исключением моего товарища, приняли эту весть с радостью.Главные члены предложения: Все приняли.Подлежащее (кто?) Все. Сказуемое (что сделали?) приняли.
Кейінгі әрекет (мұғалім):Прекрасный ответ. Теперь найди и подчеркни в предложении обособленное дополнение.
Оқушы: за исключением моего товарища – обособленное дополнение.
Оқушы обособленное дополнение ережесін айтты және неліктен үтір қойылғанын түсіндірді.
«Мен оқушыға не үйреттім?»- деген сұрағыма жауап бере отырып, тұлғаның қалыптасуында оқыту үшін бағалаудың рөлі маңызды екенін өзіме тұжырымдама етіп белгілеп алдым.
Бағдарламаның жеті модулін әр сабағымда пайдалану барысында мен бізге ұсынылған стратегиялардың басым көпшілігін бұған дейінгі дәстүрлі сабақтарымда пайдаланатынмын. Ал өзім бұрыннан пайдаланып келе жатқан сын тұрғысынан ойлауды дамытатын стратегиялар менің сабағымның мән-мағынасын осыншама деңгейде дамыта алатын күшке ие деп ойланып та көрмеппін. «СТО стратегияларын пайдаландым, болды, оқушыларымды қызықтырдым, жетті»-деген оймен қолданған тәсілдеріме мен осы сындарлы оқыту Бағдарламасының идеясы негізінде жаңаша көзқарас қалыптастырдым.
Тағы бір атап өтетін ой, бұрынғы дәстүрлі сабағымда оқушымның бір сабақта алған білімін бағалау мен үшін түкке тұрғысыз мәселе болатын: сабақты тақтаның алдынан қозғалмай тұрап түсіндіремін, жалпы сыныпқа арналған жұмыс түрін ұсынамын, оны тексеремін, сосын бағалап тастайтынмын.Ал жаңаша оқыту Бағдарламасы тұрғысынан бағалау ол бір үлкен процесс екен, себебі бағалаудың өзі оқыту үшін (формативті) және оқуды (жиынтық) бағалау деген екі күрделі де жауапты кезеңдерге бөлінген. Формативті бағалау алған оқушы өзінің білім алудың қандай сатысында тұрғанын анықтайды, оны анықтап алған соң білімін дамыту үшін қандай қадамдар жасау керек екендігін мұғаліммен қоса ізденеді.Ал жиынтық бағалау мақсатына оқушыларға тоқсандық, жылдық қорытынды бағасын қою, сертификаттау кіреді. Сонда не өзгерді дейсіз бе? Жалпы оқушылардың өз біліміне өздері және құрбылары баға бере алу ерекшелігінің пайда болуы, оқушыларға тиімді болатын кері байланыстың орнауы және оқушылардың өз білімдерін жақсарту жолдарын іздеуі деп айтар едім. Дәстүрлі білім беруде баланың білімді қанша деңгейде меңгерген, меңгермегені мұғалімге, ата-анаға, мектеп әкімшілігіне ғана қажет ақпарат болатын. Сонымен қатар бұл ақпарат тек статистикалық ақпарат үлгісінде сақталатын: оқушының білім нәтижесі мұғалімге қажет (себебі мұғалім оқушысының білім деңгейін көтеруге қажетті жұмыс түрлерін саралап, оны оқушыға ұсынады, үлгерімі төмен оқушының ата-анасы тарапынан қолдау алады), мектеп әкімшілігіне (түрлі білім көрсеткішінің есептерінде пайдаланады) қажет. Сонда осы оқу, білім алу деген үлкен процесстегі басты тұлға-білімді меңгеруші оқушы барлық әрекеттен сырттап қалып отыр.
Міне негізгі мәселе қайда жатыр! Оқушының өзіндік «мақсаты» (Чиксентмихаи, 2008) мен «ішкі уәжі»(Райан мен Деки, 2009) қалыптасқан жағдайда ғана оқушылар өзін-өзі білім алуға ынталандыра алады, оқушыларда білсем, үйренсем деген қызығушылық пайда болады деген тұжырым жасағым келеді.Мен тәжірибелік сабақтарымда бағалаудың формативтік тәсілін пайдаландым. Олар: «Кері байланыс», «Бағдаршам», «Бас бармақ», «Он сұрақ», смайликтермен бағалау, «Екі жұлдыз, бір тілек», «+,-, қызықты», мадақтау сөздері.
Қазіргі үдемелі өзгеріске түсіп жатқан заманда білім берудің ең маңызды педагогикалық модульдерінің бірі деп сыни тұрғыдан ойлауды айтуға болады. Ал қазақ мектебіндегі орыс тілі мен әдебиеті сабақтарында оқушыларды сыни тұрғыдан ойлауға үйрете оқыту дегеніміз-ол мәнмәтіндегі берілген ақпаратты оқушылардың сыни тұрғыдан талдай, бағалай, қорытындылай алу мүмкіндіктерін дамыту деп айтар едім.
Мен бірінші «Бетпе-бет» кезеңінде бастаған орта мерзімді жоспарымда оқушыларды сыни тұрғыдан ойлауға үйрету-ол әр сабақта стратегия түрлерінің сан алуан түрлерін пайдалану болар деп ойлағанмын. Бірақ іс-тәжірибені жүзеге асыру кезінде мен орта мерзімді жоспарыма өзгеріс енгізуге мәжбүр болдым, себебі, біріншіден, стратегияның көптігі оқушының әрекетіне түсінбестік әкелетінін байқадым, екіншіден, сабақ уақытының шектеулі кезеңінде бірнеше стратегияны пайдалануға уақыт жетпейтінін топшыладым. Бұл әрекетімнің дұрыс екеніне сабақтарымды жүргізу барысында көзім жетті: таңдаған стратегияларымның саны аз болғанымен, сабақтың мақсаты мен міндеттерін оқушылар өздері анықтайтындай дәрежедегі таңдалған стратегиялар мазмұны оқушыларда қызығушылық туғызды, ынталарын оятты.
Мен өзімнің іс-әрекетімді «дамыту жұмысының көшбасшысы» ретінде белгілей отырып, кәсіби даму үдерісімнің нәтижесін жобаны жүзеге асыру кезеңінде бақылай алдым. Сонымен болашақта тәжірибені жүзеге асыруда мен «үндемейтін» және «жеке-дара» оқушыларымның өзін-өзі ынталандыра алатын оқушыға айналуына, оқушыларымның оқуға деген оң көзқарастарын дамытуларына қажетті жұмыс түрлерін жүзеге асыруға, өзімді таң қалдырған үдерістерге сараптама жасай отырып, жауап іздеуге, Бағдарлама идеяларын пайдаланып, кездескен кедергілерді жеңуге, мектеп жұмысы мен оқушы жетістігін дамытуға бар білімім мен мүмкіндігімді жұмсаймын деп ойлаймын.