Баяндама Та?ырыбы: «Мектепке дейінгі білім беру мен т?рбиелеуге к?птілді білім беруді енгізу».


«Приозерск қаласының «Балақай» КМҚК бөбекжайы
БАЯНДАМА ТАҚЫРЫБЫ:
«Мектепке дейінгі білім беру мен тәрбиелеуге көптілді білім беруді енгізу».

Дайындаған «Балақай» бөбекжайының әдіскері: Абатаева Ф.Ж.
Приозерск қаласы
2016 жыл
Тақырыбы: «Мектепке дейінгі білім беру мен тәрбиелеуге көптілді білім беруді енгізу».
Абатаева Феруза Жайлибаевна,
Приозерск қаласы,
«Приозерск қаласының «Балақай» КМҚК бөбекжайының әдіскері, ағылшын тілі оқытушысы.
«Тілдің үштұғырлығы – әлемді танудың тамаша мүмкіндігі және сонымен қоса қоғамды біріктіреді»
Н.Ә. Назарбаев, «Қазақстан – 2050» Стратегиясы.
Елбасының тілдің үштұғырлығын дамыту туралы қойған міндеттерді орындау мақсатында экономикалық және әлеуметтік жаңғыртудың маңызды аспектісі ретінде, мектепке дейінгі ұйымның оқу-тәрбиелеу іс-әрекетіне тілдің үштұғырлығын енгізу және мектеп жасына дейінгі балаларды үш тілге (қазақ, орыс, ағылшын) үйрету бағдарламаларын жасау қажеттігі туындады. Сондықтан мектепке дейінгі білім беру мазмұнын жаңартуға байланысты Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты және Үлгілік оқу жоспары әзірленіп, 2013 жылдың 1 қыркүйегінен қолданысқа енді. Онда шет тілдерді үйренуге вариативтік бөлімде сағаттар бөлінген, мектепке дейінгі ұйымдарда үш тілді оқытудың тәсілдері кеңінен қарастырылған.
Ағылшын тілін ортаңғы және ересек топтарда оқыту тек қалалық жерлерде ғана енгізіліп қоймай, сонымен қатар ауылдық жерлерде де үйірме жұмыстары мен қосымша білім беру қызметтері есебінен енгізілуде. Мектепке дейінгі ұйымдарда арнайы жабдықталған кабинеттер, тілдер бұрышы, шағын-мұражайлар ұйымдастырылып, семинарлар, байқаулар, тренингтері өткізіледі. Балабақшаларда тілдің үштұғырлығын енгізу бойынша жұмысқа белсенді түрде ата-аналар да тартылады. Аймақтарда үш тілді білетін мектепке дейінгі ұйым педагогтарын қамтудың жоспары әзірленуде, кадрларды қайта даярлау жүргізілуде.
Оқытудың алғашқы кезеңінде артикулияцияны, дауыс ырғағын меңгеру мен фонематикалық естуді қалыптастыру қарастырылған. Бұл жұмыс білімнің арнайы кезеңдері уақытында жүргізіледі. Сабақтың айрықша ерекшелігі – заттық-тәжірибелік қызметтің әртүрлі түрлерінің сәйкестігі. Сабақтардағы тіл дамыту кезекпен: балаларды қызметке қатысуға бағыттайтын жай сөзден шағын диалогқа, сонымен бірге педагог сөзін бар ынтасымен тыңдауға, оны түсінуге және меңгерілген тілдік материалды жауап үшін қолдануға үйретеді.
Бағдарламаны меңгеру үдерісіндегі оқу жұмысының негізгі түрлері:
ойындық;
көрнекіліктер материалдары жиынтығында орындалатын тәжірибелік жұмыстар;
шығармашылық жұмыстарды орындау;
Әрбір сабақ – іс-шаралар кешені, педагогқа балаларда қажетті тілдік икемдер мен дағдылар қалыптастыруды қамтамасыз етуге көмектеседі. Сабақтарды ұйымдастыру кезінде балалардың психологиялық ерекшеліктерін: қызығушылық, шынайы – бейнелік ойлау, тұрақсыз есте сақтау, тұрақсыз зейін, тез шаршау, ойынға деген қызығушылық, диалогтік, монологтік сөздерді меңгеру, шамадан тыс қозғалыс белсенділігін ескеру қажет. Бұл мән-мәтінде жұмыста белсенді түрде үш тілде тақпақтар, әндер, ойындар, санамақтар қолдану қажет. Дұрыс айту –тілдерді игерудегі қажетті жағдай. Сондықтан оқытудың басынан бастап тәрбиеленушілерде фонетикалық дағдыларының қалыптасуына ерекше көңіл бөлінеді.
Тілдерді сәтті үйрету көбінесе педагогтің сабақты қаншалықты қызықты өткізгеніне, педагогикалық үдерісте қай материал барынша тартымды екенін анықтай отырып ойындық әрекетті ұйымдастыруына байланысты. Тәрбиеші көрнекіліктер мен ойындық тәсілдерді барынша орынды қолданған сайын бала игерілетін материалды тез меңгереді. Әрбір әзірленген авторлық жұмыстың дидактикалық кешені немесе ОӘК бар. Компьютерлік сүйемелдеуді қолдану өте маңызды, себебі мониторда көрсетілген көрнекіліктер мен жағдаяттар шындыққа барынша жақын. Педагогтар таңдалып алынған тиімді технологияларды, әдістерді, қолданыстағы жұмыс әдістері мен тәсілдерін, әзірленген электронды құралдар – үйретуші ойындар, бейнематериалдар, аудиосүйемелдеулерді ұсынады.
Мультимедиялық технологияны қолдану балаға тек оқу үрдісінде ғана көмектесіп қоймай, сондай-ақ, бала тұлғасының жан-жақты дамуына көмектеседі. Үйретуші ойын дамуы артта қалып қойған балаларды жағымды тәрбиелік әсер беріп, әрі әсердің икемділігі мен ашықтығын, бояуын қамтамасыз ете отырып барынша дамыған деңгейге «тартады». Мәнерлеп сөйлеуді сүйемелдеу балаларда оқу үрдісіне жағымды әсер ететін көңіл-күйді тудырады.
Біз елімізде үштұғырлы тілдің болғанына түсіністікпен қараймыз. Алайда әрбір қазақстандықтың асыл парызы-мемлекеттік тілді біліп, құрметтеу. Сондықтан да, бала бойында ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, тілге деген қызығушылығын арттыруда «Балақай» бөбекжайында жаңа технологияларды игеруде жаңа талпыныстар жасалуда. Бөбекжайда орыс тілі 3 жастан, ағылшын тілін үйрену 4 жастан бастап жүргізіледі. Балаларға тілдерді үйрету жоспарға сай өткізіледі.
Қазіргі таңда авторлық бағдарламалар және оларға құрамына: (әдістемелік құралдар және ұсынымдар, шағын хрестоматиялар, жаттығулар және ойындар жинағы, үш тілде сыныптан тыс іс-шаралар жинағы, дидактикалық материал, видеотека және т.б.) кіретін оқу әдістемелік кешен (ОӘК) әзірленуде. Айта кетсек, «Балақай» мектепке дейінгі ұйымы «Сиқырлы қалам» мен «Ақылды балапан» жаңа таңбалық - белгілік технологияларымен жабдықталған. Олардың оқыту мүмкіндіктері, ойлау, зейін, ес, қабылдау, елестету қабілеттерін дамытуға әсері зор. Бұл технология мектеп жасына дейінгі балалардың жас ерекшеліктеріне, мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартының талаптарына сәйкес. Бағдарлама 35-негізгі және 25-қосымша тақырыптан , көп үйреніп, көп білгісі келетін балалар үшін қазақ тілінде сөздік қорларының белсенділігін арттыру мақсатында, мектепке дейінгі мекемелердің барлық күн тәртібі кезеңдерінде, билингвалды компонент ретінде басқа да ұйымдастырылған оқу іс-әрекеттерінде пайдалану жақтары қамтылған. Оқытудың танымдық мазмұнына «Сиқырлы қаламмен» бірге өлеңдер, әңгімелер, шығармашылық жобаларды орындауға арналған тапсырмалар жинағы енеді.
«Сиқырлы қалам» қалам түріндегі кіріктірілген акустикалық, дербес қуаттандыру және ақпараттарды сақтау элементтері бар және үш тілде (қазақ, орыс, ағылшын) сөйлейтін сымсыз құрылғы. Мұнда 35-негізгі тақырыптан басқа көп білгісі келетін балалар үшін 25-қосымша тақырып берілсе, ағылшын тілінде 10-тақырыптың күнтізбелік жоспары құрылған. Сиқырлы қаламды ортаңғы және ересек топтарта көптілді үйрету мақсатында қолдануға болады.
«Ақылды балапан» сөйлейтін кітапты қарапайым кітап секілді оқуға болады немесе парақ бетіне жүргізу арқылы сол парақта бейнеленген ертегі кейіпкерлері мен ертегіні дыбыстайды, сөйлейтін қаламды қосып тыңдауға болады. Сөйлейтін қалам парақта бейнеленген ертегі кейіпкерлері мен заттардың дыбыстары, әуендерін, шуларын және олардың сөздерін қазақ және орыс тілдерінде дыбыстайды. Мұнда 4 ертегі кітаптар, 60 дана кіші карточкалар мен 90 дана үлкен карточкалары берілген.
Балалар көрнекі түсініктерімен қатар, басқа тілді білікті дыбыстық сүйемелдеуін алады. «Сиқырлы қалам» мен «Ақылды балапан» балаларды оқытып қана қоймай, ата-аналар мен тәрбиешілерге де қажет, өйткені балалармен жеке жұмыс істеу барысында шетел тілінің оқытушысын немесе маман-педагогтің көмегін күтіп отырмайды.
Мектепке дейінгі ұйымдарда инновациялық іс-әрекеттің мақсаты – білім беру үрдісін заманауи тиімділігі жоғары технологиялармен және балалардың негізгі құзыреттіліктерін қалыптастырып, шығармашылық қабілеттерін дамытатын әдістемелермен қамтамасыз ету. Ақпараттық технологияларды қолдану балалардың оқуға қызығушылығын қамтамасыз етеді, баланы ерте дамыту оның танымдық қызығушылығы мен қабілеттерін дамытады, тілдік құзыреттілігінің негізін қалайды.
Өскелең ұрпақтың үш тілді: қазақ тілін – мемлекеттік тіл, орыс тілін ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілін халықаралық тіл ретінде оқып-үйренуге ұмтылыс жасауы – заман талабы, болашақ ұрпаққа қажеттіліктен туындап отыр. Сондықтан, бала бойында ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, тілге деген қызығушылығын арттыруда біздің мекемеде жаңа технологияларды игеруде жаңа талпыныстар, соңғы қадамдар жасалуда. Ал бұл тәсіл күнделікті тәжірибеде өз жемісін беріп отырғандығы анық. Назарларыңызға рахмет!
Қолданылған әдебиеттер:
Қазақстан мектебі 2002 жыл № 3 және №10
Балаларға арналған ағылшын тілі. Т.В. Крижановская, Е.В. Бедич
Ағылшын тілі мектепте 2010 жыл №1, 2010 жыл №13
«Новые решения» білім беру қорының ЖШС авторлық ұжымының әдістемелік нұсқаулығы 2012 жыл.