Махамбет ?теміс?лыны? XXI ?асырда?ы бейнесі


Мен –Атырау облысы,Индер ауданы,Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектептің түлегімін.Осында туып өстім,негізгі орта білім алып,өмірге қанат қаққалы отырмын. «Адамның туған жері –Мысыр шәрі» демекші,әр адамның туған жері өзіне қымбат әрі ыстық.Туған жердің өткені мен бүгінін танып білу болашақ ұрпақтың,әр азаматтың қасиетті борышы. Ел басына күн туған заманда етегімен су кешкен дарабоздар бұл жерде аз болмаған. Осы өңірдің перзенті бола тұра өскен өлкенің тарихына көз жүгіртіп, елім деп еңіреп өткен ерлерін ой елегінен өткізбегенім жөн болмас.Сондай батырлардың бірі, қазақтың көрнекті ақыны,патша өкіметін тірек еткен хан саясатына қарсы шыққан 1836-1838 жылдардағы Қазақстанның батыс аймағындағы халық көтерілісінің жалынды жыршысы,көтеріліс қолбасшысы Исатай батырдың қандыкөйлек жолдасы-Махамбет Өтемісұлы.Бұл ретте Махамбет пен Исатай бастаған шаруалар көтерілісінің тарихы да, жеке батырлардың өмірі мен шығармашылықтары да, олардың ерліктері де көп зерттеліп, тіпті Махамбет Өтемісұлының 200 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде тойланды.
Махамбет Өтемісұлы (1803-1846) - Исатай Тайманұлы бастаған көтерілістің көсемі әрі жалынды жыршысы, халқының азаттығын көксеген күрескер, ел бастаған батыр, қазақтың өр рухты ақыны.
Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданында туған. Бала кезінен мұсылманша, орысша білім алды. Әкесі Өтеміс елге ықпалды би болған. 1824-1828 жылдары Орынбор қаласында Жәңгір ханның ұлы Зұлқарнайынның қасында болды. 1829 жылы Махамбет Ішкі Ордаға Жайықтан жасырын өтті деген айыппен ұсталып, Калмыков бекетіндегі абақтыға 2 жылдай қамалды. 1831 жылы түрмеден қашып шықты, бірақ артынша ақталды. 1834 жылы Исатай батырмен бірікті. Осы жылы маусымның 9-ында Жәңгір хан Махамбетті өз жағына тарту мақсатында старшын лауазымын ұсынды.
Жер мәселесі, жайылымның тарлығы, орыс империясының қазақ хандығын жою мақсатындағы іс-қимылдары, сондай-ақ Жәңгір ханның жерді туған-туыстарына бөліп беруі мен ел билігінде қайын атасы Қарауылқожаға үстемдік берген астамшылық әрекеттері көтерілістің тууына себепші болды. Қарауылқожа мен Исатай-Махамбет арасындағы тартыс өршіп, наразылық үлкен қозғалысқа айналды. Исатай атынан жазылған «Әй, Махамбет, жолдасым!» атты ақын толғауы, ондағы «Хан баласы жылады-ай, Жанымды қи деп сұрады-ай» деген жолдар хан ордасын қоршауға алған соғыс күндерінің шындығын сипаттайды. Осы жылдың қараша айында көтерілісшілер Бекетай құмында өздерінен күші әлдеқайда басым Гекке әскерімен соғысып, жеңіліс тапты. Бұл оқиғалар ақынның «Соғыс» жырында бейнеленсе, «Жабығу», «Ереулі атқа ер салмай» туындыларында жеңілістің күйзелісті күйі шертіледі.
1838 жылы шілденің 12-інде Ақбұлақ бойындағы шайқаста Исатай қазаға ұшырап, Махамбет Хиуа жақта 2 жылдай жасақ жинауға әрекет жасады. Бұл ниетінен нәтиже шықпаған соң Бөкей ордасына жасырын өтіп, ел ішін паналады. Ақын өміріндегі ауыр да сүргінді жылдар жалғасып, 1841 жылы наурыздың 4-інде белгісіз біреулердің көрсетуімен Тілеков деген қазақтың үйінде отырған жерінде қолға түсті. Орал әскерінің 40 адамнан құралған жасағы үй иесі мен Махамбетті тұтқындап, Калмыков бекетінде 2 апта түрмеде ұстады, кейін Орынборға айдады. Орынбор генерал-губернаторы Махамбет ісін әскери соттың қарауына тапсырды. Сот 1841 жылы шілденің 7-інде «бүліншілікке» тағы араласса, қатаң жазаланасың деген үкіммен тұтқыннан босатып, шекарадан өтпеуді қатаң ескертті.
1841-1845 жылдар аралығындағы Махамбет өмірі туралы деректер тым аз. 1845 жылы ол баласы Нұрсұлтанды оқуға орналастырмақ ниетпен Орынборда болды. Шекарадан өтуіне байланысты генерал-губернатор істі қайта қозғаса, Кіші жүздің батыс бөлігінің әкімі Б.Айшуақов та ақынды қудалауын қоймады. Ол ақынның басына 1000 сом тігіп, оны ұстау үшін арнайы адамдардан құралған қарулы жасақ жіберді. Махамбет хорунжий Тұрымұлының қолынан қаза тапты.
Махамбет шығармалары - бұқара өмірінің рухани-поэтикалық шежіресі, шаруалар қозғалысының шынайы бейнесі. Ол жыраулық поэзияның көркемдік әлемін байытып, шығармаларында ұлт-азаттық идеяларын көтерді, елдікті сақтап қалуға шақырды. «Мұнар күн» жырында ел басына түскен ауыртпалықты ашына айтты. «Ұлы арман», «Жайықтың бойы көк шалғын», «Атадан туған ардақты ер» жырларында ақын алдағы күндеріне үмітпен, зор сеніммен қарады. «Біртіндеп садақ асынбай», «Арғымақтың баласы», «Қара нар керек біздің бұл іске», «Еменнің түбі - сары бал», «Жалған дүние», «Еріскедей ер болса», т.б. шығармаларында ұлт-азаттық қозғалыс рухы, ел тағдыры мен арман-мүддесі терең әрі шынайы суреттелген. «Халық қозғалса, хан тұрмайды тағында» дейді ол отты жырларында.
Ақын өлеңдерінің басты қаһарманы - Исатай Тайманұлы. «Исатай деген ағам бар», «Исатай сөзі», «Арғымаққа оқ тиді», «Тарланым», т.б. өлеңдерінде Исатай батырдың көркем тұлғасы, адамгершілік, қайсарлық, тапқырлық қасиеттері жан-жақты сипатталды.
Оның «Жәңгірге», «Баймағамбет сұлтанға» арналған өлеңдері патшаның жергілікті билеуші өкілдері - хан-сұлтандарға қарсы жазылған, олардың бет пердесін ашатын жырлар болды.
Ақын өлеңдерін дәстүрлі үлгіге негіздей отырып, түр, мазмұн, жағынан байыта, жетілдіре түсті. Лирикалық өлеңдері көбіне толғау, жыр, терме түрінде жазылды. Исатайға арналған өлеңдерінде жоқтау сарыны басым. Оның шығармалары қазақ поэзиясының сатира, элегия, монолог, арнау жанрларының қалыптасуына, стилінің дараланып, поэтикалық тіл құралдарының артуына, философиялық тереңдіктің орнығуына үлес қосты. Халық нақылына құрылған философиялық толғаулары мен жігерге толы ерлік жырлары, жауынгер рухты биік өлеңдері оның шығармашылығын жоғары деңгейге көтерді. Махамбет жырлары дәуір шындығын бейнелеп, көтеріліс айнасы болып қана қойған жоқ, асқақ рух пен болашаққа деген сенімнің ерекше үлгісін көрсетті. Ақын жырлары орыс, араб, парсы сөздерінің көп кездесіп, шағатай тілінде жазылуымен ерекшеленеді. Ол жыраулық поэзия дәстүрін шебер  дамыта отырып, қазақ өлеңінің табиғатын жаңартты.
Махамбет ақындығына қатар шебер күйші болды. Оның 11 күйі 1982 жылы «Шашақты найза, шалқар күй» деген атпен жарық көрді.
Ақын өлеңдерінің халық арасына тарауына Ш.Жарылғапұлы, Қуан ақын, кішкене Қобыланды, Қубала, Лұқпан, Мұрат, Ығылмандар көп еңбек сіңірді. Алғаш 1908 жылы Қазан қаласында жарық көрген «Мұрат ақынның Ғұмар қажы оғлина айтқаны» атты жинақта Махамбеттің 100 жолдан астам 2 толғауы басылды. Ғ.Мұштақ құрастырған «Шайыр яки қазақ ақындарының басты шығармалары» жинағында Махамбет толғауынан үзінділер берілді. 1939 жылы Қ.Жұмалиев ақын өлеңдерінің жинағын шығарды. 2003 жылы Махамбет Өтемісұлының 200 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО шеңберінде кең түрде аталып өтіліп, 4 томдық жинағы жарыққа шықты. Интернетте Махамбет сайты ашылды. Астана қаласындағы оқушылар сарайына ақын есімі берілді. Ресейдің «Выборг кеме жасау зауыты» ААҚ Қазақстанның тапсырысы бойынша «Махамбет» атты мұнай құю танкерін жасап шығарып, суға түсірді. Атырау облысында Махамбет атындағы аудан, ауыл, көше бар. Ақын қайтыс болған Атырау облысының Индер ауылынан 40 шақырым жерде кесенесі тұрғызылды. Белгілі антрополог Ноэль Шаяхметов Махамбеттің бет-бейнесін жасап шығарды.