Психология п?нінен жоба ?аза? хал?ыны? ?лтты? психологиясы мен ?лтты? мінез бітістері
Қазақ халқының ұлттық психологиясы мен
ұлттық мінез бітістері
Жоспары:
Кіріспе.
Мінез туралы жалпы түсінік
Негізгі бөлім.
Мінез және темперамент
2.2. Мiнез жөнiндегi бiлiмдер
2.3. Қазақтың ұлттық мінез бітістері
Ұлттық мінез жайлы оқушылардың ойлары
Қорытынды.
Түсінік хат
Өскелең жас ұрпақтың ұлттық мінез бітістерін қалыптастыру үшін халықтың рухы, әдет-ғұрып, салт-дәстүрі, оның өсіп-өну тарихы, діні туралы жүйелі түрде тәрбие берілуі қажет деп ойлап, ұлттық тәлім-тәрбие, ұлттық мінез бітістері туралы ой-пікірлеріне деген тұжырым туындады.
Тақырыбы: «Қазақ халқының ұлттық психологиясы мен ұлттық мінез бітістері»
Проблемасы: Қазақ халқының ұлттық психологиясы мен ұлттық мінез бітістері туралы мәліметтерді жинақтау, талдау;
Проблеманы шешудің жолдары: Ұлттық мінез бітістерін біле отырып, қазақ халқының ұлттық намысы мол, елжанды, табанды, жігерлі азаматтар тәрбиелеуге ден қою;
Мақсаты: психикалық дамудағы темперамент маңызды ролінің ерекшеліктерін және ұлттық мінез бітістерін зерттеу;
Мінез туралы жалпы түсінік
Мінез – адамның негізгі өмірлік бет алысын және оның өзіндік әрекетінің айырмашылығын сипаттайтын сапалы өзгешелік. Ол – көп қасиеттердің бірлігі, түрлі өзгешеліктердің қосындысы, сонымен қатар адамды әр қырынан көрсететін қасиет. Мінез бітістері көп. Олардың бәрі де жеке адамның қасиеттері болып табылғанмен, мұның кез-келгені мінездің бітістері болып саналмайды.
Мінезді даралық өзгешеліктің өзегі, адамның негізгі тіршілік бағытының өрнегі деуге болады. мінезде адамның сыртқы ортамен қарым-қатынасының тарихы бейнеленеді. Мінез – кең мағыналы ұғым. Онда түрлі сапалар тоғысып жатады. Мінездің моральдық жағынан тәрбиелілігі, бірқалыптылығы, толықтылығы, күші мен айқындығы, салмақтылығы – оның негізгі сапалары болып есептелінеді.
Моральдық жағынан тәрбиеленген мінез адамды мінез-құлық тұрғысынан да, оның айналасымен байланысы тұрғысынан да сипаттап отырады. Коллектевизм, гуманизм, жұртшылық пікірімен санаса білушілік, өзінің міндетін орындаудағы жауапкершілік пен адалдық – мінездің осы сапасының негізгі компоненттері.
Рухани дүниесі бай қажеттері мен қызығулары, талғамы мен ой-өрісі кең адамдарды толық мінезді адам дейді. «Адамның басына қонған бақыттың тұрақты болуы жақсы мінез-құлыққа байланысты (Әл-Фараби). Мінез сапаларының бірі – оның бірқалыптылығы. Мұндай адам құйындай ұйтқып тұрмайды, оның қастерлейтіні ылғи да сөз бен істің бірлігі. Кімнің мінезі толық болса, соның мінезі бірқалыпты да келеді. Бұл екеуі мінездің егіз қозыдай, бірінен екіншісі ешқашан ажырамайтын қасиеттері. Мінездің тұрақтылығы адамның саяси моральдық ұғымынан, түсініктерінен туындайды. Бұл қасиеттер адамның өмір сүруінің мән-мағынасын, әрекетінің мазмұнын белгілейтін мінездің сапасы.
Бірқалыпты, тұрақты мінезі бар адам басқалардың жетегінде кетпейді, оның зінің белгілі көзқарасы, принципі, өзіндік мінез-құлқы болады, ол қауіп-қатерден бой тасаламайды, керек жерінде батылдық көрсете біледі. «Бойда қайрат, ойда көз, болмаған соң айтпа сөз» деп Абай тегінен тегін айтпаған. Жақсы мінезге тән сапалардың біріне оның байсалдылығы жатады. Мінез адамның дүниеге көзқарасы мен сеніміне байланысып жатса ғана онда жоғарыда аталған сапалар қоры молаяды. Тек осындай мінезі бар адам ғана алдына айқын мақсат қоя алады.
И.П.Павлов адамның мінез бітістерін жоғары нерв қызметінің тума типтері мен өмір сүру барысында қалыптасатын уақытша нерв байланыстарының өзіндік «құйындысы» деп түсіндірді. Бұл жөнінде ол былай деп жазды: «... адамның мінез құлқының бейнесі нерв жүйесінің туа біткен қасиеттеріне ғана байланысты болып қоймайды, сонымен бірге организмнің жеке өмір сүру барыснда болатын ықпалдарға да байланысты, демек, кең мағынасында айтқанда, үнемі тәрбиелеу немесе үйрету жұмыстарына да байланысты болады».
2.1. Мінез және темперамент
Бозбала мен бойжеткендердің жеке басынан ерекше дараланып байқалатын психикалық сипаттардың бірі – мінез бен темперамент.
Адам мінезінің қалыптасуы қоғамдық болмыспен, әлеуметтік қоршаумен (мектеп, оқу, өндіріс ұжымдары, қоғамдық ұйымдар, т.б.) тығыз байланысты. Мінез өзгермейтін тума қасиет емес, ол өмірде қалыптасады. Мәселен, ешбір бала туысынан еңбексүйгіш не жалқау, тәртіпті не ұстамсыз болып тумайды. Оның мінезі ұзақ жылғы өмір сүру барысында, өмірдің сан алуан ситуацияларының ағымына қарай тәрбие процесінің ықпалымен қалыптасып отырады. Адамның сыртқы ортамен жасайтын қарым-қатынасы – белсенді қарым-қатынас. Сондықтан да кісі шама-шарқынша қоршауына тиісті өзгерістер енгізеді. Бұл жерде адамның нақты іс-әрекеті оның мінез бітістерінің қалыптасуында шешуші рөл атқарып отырады. Адамдардың өмір жолы мен іс-әрекетінің сипаты түрліше болатындықтан, мінездің басқа біреуде қайталанбайтын жеке-дара бітістері көптеп кездесіп отырады. Сонымен бірге адамдарда өзі өмір сүріп отырған қоғамның ерекшеліктеріне байланысты қалыптасқан, көпшілікке ортақ мінездері де болады. сондықтан бір адамның мінезі жөнінде сөз болғанда мінездің дара және типтік бітістерін қоса еске алып отыру қажет. Типтік мінездер – белгілі тарихи-қоғамдық жағдайлардың нәтижесі. Типтік мінезден әр адамның ұлттық, кәсіптік және жас ерекшеліктері байқалып отырады.
Иманжүзді, адамгершілігі мол адамның бойынан табылатын ұйымшылдық, төзімділік, жігерлілік, намыстылық сияқты тамаша мінез бітістері де – қоғамдық-әлеуметтік жағдай тудырған ұнамды психологиялық қасиеттер.
Мінез адамның басқа психикалық қасиеттерімен, атап айтқанда, қабілет, қызығу, темпераментімен де тығыз байланысты. Мәселен, адамда қабілеттіліктің дамуы кейбір мінез бітістерінің болуын қажет етеді. Айталық, табандылық, уақытша сәтсіздікке мойымау, еңбексүйгіштік, энтузиазм сияқты мінез бітістерінің қабілеттер үшін ерекше маңызды екендігі түсінікті. Ал, темперамент болса, ол мінез бітістеріне өзіндік бояу, реңк береді. Жақсы мінездің ықпалымен темпераменттердің кейбір нашар, осал жақтарын өзгертіп отыруға болады.
Орыс физиологі И.П.Павлов мінез бітістерін жоғары жүйке қызметінің типтері – тумыстан берілетін ерекшеліктерімен кісінің өмір сүру барысында қалыптасатын жүйке саласының өзіндік «құйындысы» деп түсіндіреді.
И.П.Павлов айтып отырған «құйындыда» мида қалыптасатын уақытша жүйке байланыстарының жүйесі ерекше маңыз алады. Әрине, жүйке типтері – адамның бүкіл мінезін, не оның жеке бітістерін толық көрсете алмайды. Өйткені, адамның кішіпейілді, сыпайы, қайырымды, не тұрпайы, қайырымсыз болып келуі жүйке жүйесінің кез келген типтерінің арасынан да табылады. Әрине, мұнда аз ба, көп пе әйтеуір жүйке жүйесінің тумыстан болатын ерекшелігіне қарай типтік бояу болатындығын жоққа шығаруға болмайды. Бұл жерде темперамент деген ұғымның мәніне қысқаша тоқталу қажет.
«Темперамент» - жүйке саласының тума қасиеттерінен туындайтын адамның жеке дара өзгешелігі. Мәселен қимыл-қозғалысы шапшаң, ұстамсыз, ылғи да күйіп-пісуге дайын тұратын күйгелек адамдар болады. мұндайлар істі бұрқыратып істейді де, кейде қолын бір-ақ сілтеп, сылқ түседі. Еті тірі, ойнақы, тынышсыз, шамданғыш, көңіл-күйі аумалы-төкпелі, жұртпен қарым-қатынаста тұрақсыз, пысық, бірақ бейқам келеді. Психологияда бұлар «холериктер» деп аталады.
Адамдардың енді бір тобы кісімен оңай, тез тіл табысады, өзін көңілді ұстайды, бұл ақкөңіл қызу істің адамдары. Қысылып-қымтырылмайды, кісіге қайырымды, еті тірі, бірақ істі бастап, кейде оны тастап кете салады, жеңіл мінезділіккке салынып, сылбыр күйге түсе кетеді. Мұндай адамдарды «сангвиник» темпераментінің өкілі дейді.
Енді біреулер сақ, байыпты, байсалды, ынтымақшыл келеді. Әр ісін ойлап істейді, тұрақты, бірқалыпты жүреді, орынсыз асып-саспайды. Бір істі бастаса салпақтап соңынан қалмайды. Мінезі ауыр, көрсеқызар емес, қимыл қозғалыстары баяу. Бұл – «флегматик» темпераментінің өкілі.
«Меланхолик» темпераментіне жататындар сәл нәрсеге ренжитін, өкпелегіш, тұйық, көп сөзі жоқ, пессимист, өте баяу қозғалатын, жайбасар адам. Ол жасқаншақ сіркесі су көтермейді, өте ынжық кісі. «Мен» деп ешқашан ұмтылмайды, өте ұялшақ, тартыншақ, жұрттан аулақ жүргенді жаны сүйеді. Мәселен, суретші Бидструптың «Төрт темперамент» жайындағы картинасында адамдардың сыртқы кейпінен темпераменттердің өкілдерін жақсы байқауға болады. өйткені мнда темпераменттің ұнамды-ұнамсыз жақтары, өзіндік ерекшеліктері мен басым сипаттары жақсы көрсетілген. Өмірде темпераменттің таза түрлерінің кездесуі сирек, олар бірімен бірі мидай араласып, баттасып жатады. Бірақ нақты жағдайларға байланысты олардың айқын көрінетін кездері де болады. Айталық, төрт студент қыз театрдағы ойынның басталуына кешігіп келген екен дейік. Шәрипа дейтін қыз билет тексерушімен дауласып, оған: «Сенің сағатың дұрыс емес», - деп залға күшпен кіруге ұмтылады. Нағима атты қыз: «Балконға барайық, сол жерден көрелік», - дейді. Ал Мағрипа: «Алғашқы көрініс қызық болмайды, буфетке бара тұрайық, антрактыны күтейік», - десе, Мәдинасы: «Менің әркез жолым болмайды. Бірінші рет театрға келуім еді. Ол сәтсіз болды» - деп мұңайып, үйіне кетіп қалады. Алдыңғы үш қыздың белсенділігі (холерик, сангвиник, флегматик) – олардың жүйке саласының күшті келетіндігінен; соңғысының жүйкесі әлсіз болғандықтан (меланхолик) әркез көнбісі болады.
Темпераментті тәрбиелеуге бола ма деген сұраққа жауап бермес бұрын адамдардың темпераментін өте мұқият зерттеу қажеттігін еске салайық. Жай жағдайда темперамент ерекшелігі байқала қоймайды. Бұлар жүйке жүйесінің тума типтеріне көбірек тәуелді болғандықтан, оларды тек лаборатория жағдайында ғана зерттеу жақсы нәтиже береді. Адамның іске қызығуы әуестенуімен байланыстылығын, істің әр саласында бір темпераменттің өзі әр түрлі көрінетіндерін психология ғылымы дәлелдеп отыр.
Түрлі темпераменттердің ішінен бұлардың қайсысы жақсы деп сұрақ қоюға болмайды. Кез келгеннің де ұнамды , ұнамсыз жақтары бар. Әр адам өз темпераментінің жақсы жақтарын біліп, нашар жақтарынан арылу жолын қарастырса, сөйтіп өз темпераментін меңгере алатын халге жетсе – бұл осы адамның сана-сезімінің жақсы көрсеткіштерінің бір болып табылады. Ал, керсінше, темпераментіне еріп, өзіне-өзі ие бола алмаса, темпераменттің қайсысы болсын адамды ұнамсыз көрсететін болады.
Төмендегі таблицадан темпераменттің әр түрлі жақтарын жақсы аңғаруға болады:
Темпераменттер Жақсы жақтары Жаман жақтары
Холерик
Сангвиник
Флегматик
меланхолик Шапшаң, белсенді
Пысық , оңтайлы
Ұстамды, сабырлы
Сезімтал Ұстамсыз, күйгелек
Тұрақсыз баяу, сылбыр
Тұйық
Адамның өзін-өзі ұстай алу қабілетінің дамуы темперамент тәрбиесіне жақсы жәрдем береді. Ерік-жігері күшті дамыған адамға темпераменттің қандайы болса да жараса береді. Мәселен, нағыз холерик темпераменттің өкілі боп саналған орыс қолбасшысы Суворов ерік-жігерінің аса күштілігінен темпераменттің жетегінде кетпей, соғыста ерлік істердің небір кереметтерін көрсетіп, өз отанының даңқын арттыруға зор үлес қосқан.
2.2. Мiнез жөнiндегi бiлiмдер
Мiнез құбылысын зерттейтiн ғылым характерология ұзақ даму тарихына ие. Ғасырлар бойы бұл психология саласы мiнездер типiн саралап, адамның əртүрлi өмiр жағдайларындағы əрекетқылығын болжастыру мақсатында əрқандай мiнез сипатын нақтылаумен шұғылданып келдi. Адамның тума емес, өмiр барысында қалыптасатын белгiсi болғандықтан, мiнез типтерiн жiктеу көбiне тұлға дамуындағы сыртқы, жанама факторларға негiзделедi. Осы бағытта ежелден өрiстеп келе жатқан, мiнез танып, əрекетқылық болжастырудың психологиялық жолдары бар. Солардың кейбiрiне қысқаша түсiнiк:
Жұлдызнама(гороскоп) адам мiнезiн туған күнiмен байланыстырып түсiндiредi. Жалпы қабылданған уақыт өлшемдерi белгiлi кезең, аралыққа бөлiнедi, олардың əрқайсысына нақты белгi, символ берiледi. Осы символға (ағаш, от, су, жануар т.б.) тəн əртүрлi қасиеттерге орай адам мiнезi суреттеледi. Мысалы, кельт жұлдызнамасында 22 желтоқсан мен 1 қаңтар аралығында туылған алмаға тектес, осыдан мұндай адам сүйкiмдi, ақ жарқын, кеуiлшең т.б., ал қазақы жұлдызнамада жоғарыда аталған күндерi туылғандар таутеке, яғни мұндайлар өжет, тұрақты, төзiмдi, тұйық, сыршыл келедi.
Физиогномика(phisis табиғат, gnomon бiлу) адамның сыртқы келбетiне жəне сондай келбеттi тұлғаларды ұқсастығымен белгiлi топқа бiрiктiрiп, олардың психологиялық сипатын анықтайтын ғылым. Адам дене бiтiстерiне қарай жануармен салыстырылады да сол жануарға тəн мiнез ерекшелiгi оған таңылады. Мысалы, Аристотель пiкiрiнше, адамның мұрын танауы өгiздiкiндей жуан да қалың болып келсе, ол ерiншектiк белгiсi; шошқадай кең танау, жалпақ мұрын ақымақтық; қой, ешкi жүнiне ұқсас шашты адам үркек; доңыз, арыстан қылшықтарындай тiке шашты адам ержүрек, батыл ж.т.б.
Адамның басқа да келбет көрiнiстерi (көз, ауыз, отырыстұрыс т.б.) негiзiнде мiнездi байқастыру осы физиогномика аймағында жоғары дамыған.
Хиромантия(сһеіг қол, тапііа бал ашу) адам мінезін алақанның тері бедерлері, түсі арқылы болжастыру жүйесі.
Дерматоглифика бармақ, алақан терісіне тумадан түсетін өрнектер арқылы адам мінезін анықтайтын ғылым жүйесі.
Графологиямəнерлі əрекет жазу таңбасына орай адам мінезін анықтауға бағытталған ғылым.
Қазақтың ұлттық мінез бітістері
Бұл өте күрделі, әлі де толық зерттеліп, шешімін таппай келе жатқан мәселе. Осы жәйтті жақсы аңғарған Н.Назарбаев былай деді: «Менің ойымша, қазақтардың қайталанбас этикалық, психологиялық әлемі әлі жете зерттелмей, зерделенбей жатқан тылсым дүние».
Ғасырлар бойы көшіп-қонып жүрген халық өзі өмір сүрген ортаның әлеуметтік-экономикалық жағдайларына, мәдениеті мен тарихына, табиғатына орайлас жас буынға тәлім-тәрбие берудің айрықша талап-тілектерін дүниеге әкелді. Мәселен, бұлар жас адамның жұртқа танымал моральдық-психологиялық нормасын «сегіз қырлы, бір сырлы» делінетін қанатты нақыл сөздермен қисындады. Осынау аталы сөздің мҽн-мағынасы мыналар еді: көшпелі мал шаруашылығын жете игеру; еңбек сүйгіштікпен қиыншылыққа төзе білу; ел намысын қорғау; жаудан беті қайтпау; ата тегін жадында сақтау; сөз асылын қастерлеу; тапқырлық пен алғырлық, ат құлағында ойнау; ата салтын бұзбау (жасы үлкенді сыйлау, құдайы қонақтың меселін қайтармау, көрші хақын жемеу, т.б.).
Көшпелі өмір тіршілігі қара күшке мығым, қиыншылыққа төзімді, құбылмалы табиғат жағдайына тез икемделгіш болумен бірге, жан-жүйесі жағынан да жан-жақты жетілген, кемел адамдарды қалыптастырды. Үйде де, түзде де бала ес білгеннен бастап із кесіп, жол қарап, жұлдыз санап өсті. Олардың көзі қырағы, құлағы сақ, қияндағыны шалатын болды. Аң аулап, мал бағып, күнделікті күйбең тіршілікпен жүрсе де жас өскін ақынның сөзін, жыраудың жырын, әншінің әні мен әуенін қалт жібермей тыңдап, ел аузындағы ұғымды мақал мен мәтелді, ертек пен жұмбақты, терме мен шежірені жадында сақтап, халық даналығын өзіне рухани азық етіп отырды. «әрдайым көшіп-қонуға дайын отырған қазақтар үшін аң-құс аулау, мал күзету, жау түсіру-тұрмыстың дағдылы машығына айналды. Өрбір көшпенді әрі жауынгер, әрі малшы, әрі шаңырақ иесі болып саналады. Осы айтқанымыздың дәлелі болып табылатын кейіннен мақал болып кеткен «Өнерді үйірен де, жирен», «Жігітке жетпіс өнер де аз», «Шебердің қолы ортақ», «Жауда жүрсе ат ойнатқан батырым, үйде жүрсе, құрт қайнатқан батырым» сияқты бес аспап адамның психологиясы жайлы қанатты сөздер біздің заманымызға дейін жетті. Көшпелі қауым бірін-бірі жақсы білді, әрбір адамның қадір-қасиеті оның жасына, жол-жоралғысына, әлеуметтік ортадан алатын орнына қарай белгіленіп отырады. Психологиялық тұрғыдан «бірауызды» болып қауымдасқан жандар үнемі өздерінің рулық одағына етене сіңіскен салттар мен дҽстүрлері ұстанады. Осыған орай көшпелі тұрмыс тҽліміне лайықталған бата беру, ант ішіп ақталу, айтысқа, дау дамайға төрелік айту сияқты этностық таптаурындар (стереотип) кең өріс алды. Әрине, осы топтық санамен бірге әркімнің жеке басының әлеуметтік жҽне биосфералық факторларға орайлас жеке дара, жас, жыныс ерекшеліктерінің де болатындығы еске алынды. Мәселең, көшпелі халық қыз
баланы ерекше қадірлеп, қастерлеп, әлпештейді. Оның әдемілік пен әдептіліктің, сұлулық пен іңкәрліктің символы деп, ал мінезі жайсаң, әдепті
жігітті «қыз мінезді жігіт екен» дейтін болды.
Қоғам өмірінде қазіргі кезде жүріп жатқан терең саяси экономикалық өзгерістер халқымыздың баға жетпес рухани байлықтары: тіл мен ділі, діні мен тарихы, өнері мен әдебиеті, табиғи ортасы, күн көрісі мен шаруашылығына (қолөнері, киім кешегі, ою-өрнегі, әуез аспаптары, үй жиһазы, т.б.) байланысты небір асылдарды, қысқасы, ұлттың бүкіл болмыс-бітімін (менталитетін) жаңартып, жаңа мазмұнмен байытуда. Әрине, еліміз бен жеріміздің түпкілікті иегері-қазіргі қазақтардың психологиясына осы этносқа ғана тҽн біртұтас ұлттық ерекшелік бар деп айту қиын, өйткені, қазақ этносының қазіргі бүкіл тыныс-тіршілігінде, отбасындағы әдет-ғұрпы мен салт дәстүр, жөн-жосық, жол жоралғысында кең байтақ өлкемізді біраздан бері мекен етіп келе жатқан басқа этностар мінездерінің элементтері де көрініс беріп жүр. Десе де, бәз біреулер айтып жүргендей, біз жылқы мінезділіктен айрылған, «қой мінезді» момын, жуас, намысы жаншылған халық емеспіз.
Жеріміздің ұланғайыр кеңдігімен, мұндағы табиғат сұлулығының әәсерінен ғасырлар бойы қалыптасқан дархан, жомарттылық, адамға деген мейрімділік пен өнерпаздық, қазақ биосферасының өзіндік ерекшелігінен туындаған асқан қонақжайлылық, жойқын соғыс пен қуғын-сүргінге ұшырау салдарынан тірнектеп жинаған рухани мұраны өсер ұрпаққа жеткізу ниетінен қалыптасқан балажандық, үнемі мал шаруашылығымен айналысудан қанымызға сіңген малжандылық, ешуақытта басқа жұрттың жеріне көз аларттпаған бейбітшілік саясат, өзі тиген дұшпанының қабырғасынан қақсатқан көзсіз батырлық, «мың өліп, мың тірілген» кездердегі керемет шыдамдылық пен барға қанағатшылық-біздің ұлттық мінезіміздің жоталы бітістері, халқымыздың ұлттық мақтанышы.
«Бұрыңғы уақытта-деп жазды Ж.Аймауытов пен М.Әуезов «Қазақтың өзгеше мінездері» деген мақаласында-қазақ елі ұйымшыл, әрі жауынгер, биі әділ, намысқор, адамы ірі, бітімді, қайратты, сауықшыл ел болған екен.
Досымен достасып, жауымен жауласуға табанды, қайғыра да, қуана да білетін халық екен»,-дейді.
Әрине, патшалық отарлау мен большевиктік империялық саясат тудырған ұнамсыз қасиеттердің біразы бізде қазір де баршылық. Қанымызға әбден «сіңіп» кеткен жағымпаздық пен жалтақтық, даңғазалық пен ұраншылдық, күдікшілдік пен күншілдік, арызқойлық пен жалақорлық, бойкүйездік пен салғырттық, жалқаулық пен шалағайлық, т.б. осы келеңсіз қасиеттері әлі күнге дейін алдымызға оралып, заман талабына бейімделуге бөгет жасауда. Әсіресе, Кеңес өкіметі жылдарында ұлттық мінезімізге дінсіздік, спирттік ішімдікке өуестік, келеңсіз тіршілікке құмарлық, бақталастық, т.б. (бұлар бұрын-соңды қазақтың түсіне де кірмеген мерез қасиеттер еді) осы секілді жағымсыз қасиеттер келіп қосылды. Бізде бұдан басқа еліктеп-солықтаулар (батысшылдық, ермелік, еліктеушілік, желөкпелік, т.б.) жетіп артылады. Бұл жҽйіт еңсемізді көтертпей, құлдық психологияның шырмауынан шығуға кесірін тигізіп-ақ келе жатқаннын естен шығармауымыз қажет. Қазақ халқы сонау есте жоқ ескі заманнан өзінің қадір-қасиеттерін қызғыштай қорғап, көздің қарашығындай сақтап, бұған шаң жуытпай, өз ұрпағын ауыздандырып келген ел. Сондықтан да қазіргі ұрпақ осынау ұлттық қасиеттерімізді ерекше қастерлеп, мақтан тұтып, жас өскіндер осы рухта тәрбиеленулері тиіс.
Тектілік мінез қай кезде де халықтың парасат биігінде болуын қамтамасыз етеді, адамды аздырар жаман мінездерден сақтандырады. Қазіргі кезде сондай сақтануға тиісті жаман мінездің бірі – мақтаншақтық. Мақтаншақтық – надандықтың белгісі. Бұл ретте ұлтымыздың ұлы ойшылы Абай: «әрбір жалқау кісі қорқақ, қайратсыз тартады; әрбір қайратсыз, қорқақ мақтаншақ келеді; әрбір мақтаншақ ақылсыз надан келеді» - дейді. Мақтаншақтық – ұлттық мінез емес. Жалпы түрік халықтары мақтануды ұнатпаған. Бұл ретте ХІ ғасыр ғалымдарының ірі ҿкілі Махмұт Қашқари
«Диуан-и-лұғат» атты ҽйгілі еңбегінің «Түрік» атты бабында: «түрікте өзін ұнату, мақтану жоқ. Түрік үлкен ерліктер және жанкештілік жасағанның өзінде ерекше іс істемегендей сезінеді», - деп жазады. Бұлай болуы заңды да еді. Өйткені түрік қоғамында ежелден қалыптасқан дәстүр бойынша адамның бала күнгі кезінен бастап бүкіл тірлігі қоғамның бақылауында болған. Сондықтан қоғам мүшесінің бірде-бірінің жасаған жақсы ісі де, жаман ісі де назардан тыс қалмай, дер кезінде өзіне лайық әділ бағасын алып отырған. Бар тірлігі таразыға тартылып, соған орай ортасы өз бағасын
беріп отырғаннан кейін, адамның өзі туралы «мен бүйттім, мен өйттім» деп мақтануының да, ақталуының да қажеттілігі болмаған. Бәрін өскен ортасы әділ бағалап отырған соң, адам ештеңеге алаңдамай, барынша қоғам талабына сай тірлік кешуді ғана мұрат тұтқан. Халқымыздың өмір жолына зер салсақ, жалпы түріктерге тән бұл мінез қазақ халқына да ортақ болғанын көреміз. Мұның солай екенін қазақтың өзінің: «Хас жаман қатынын мақтайды, бас жаман баласын мақтайды» немесе «Өзін-өзі мақтаған өліммен тең» болмаса «өзін-өзі мақтаған өлімнің қара басы» деген тәріздес ой тұжырымдары да дәлелдейді. Бұдан мақтануды хош көрмеген бұрынғы қазақтың, азат қазақтың ұлттық мінезі анық көрінеді. Кейінгі бодан қазақ бұл мінезден айырылып қалды. Дұрысы – айырылуға мәжбүр болды. Отарлаушылар өздерінің үстемдігін толық орнату үшін бұрынғы қазақ қоғамында бар қалыптасқан кісілікті, парасаттылықты түрлі айла-амал қолдану арқылы біртіндеп қажеттіліктен шығарып, оның орнына қазақ жұртын қалайда жанын жалдап күн кҿрудің артықшылықтарын пайдаланып қалуға насихаттап бақты. Осы жолда кім отарлаушылардың ойынан шықса, сол жақсы адам ретінде бағаланып, марапатқа ие болды. Ал ойынан шықпағандар – неше жерден керемет болса да, жамандар қатарына жатқызылды. Соның салдарынан жұрт асыл мен жасықтың, жақсы мен жаманның парқын ажыратудан қалды. Осыдан келіп, өз тірлігінің өзгелерге қарағанда артық екенін, дұрыс екенін біліп тұрған анау адам биліктілер тарапынан жасалған әділетсіз бағалауға төзе алмай, «ау, мен бүйттім ғой, мен сөйттім ғой» деп өзін-өзі көрсетуге тырысты. Бірақ оны құлаққа ілген жан болмады. Бағалаудағы әділетсіздік қайталанған сайын, қиянатқа төзбеушілердің үні де молая түсті. Олар алғашқыда ызамен, күйініп айтса, кейін өз-өзін басқа бағалар ешкім жоғын біліп, өзі жөнінде барынша майын тамызып, сүйініп айтатын болды. Сөйтіп мақтаншақтық жат мінез біртіндеп қазақтың болмысына еніп, әдеттегі тірлікке айнала бастады. Қазір мақтанды ұнатпайтын қазақ аз. Кезінде мән-мазмұнын ұлы Абай ашып берген осынеу жат мінез, жаман мінез Еліміз тәуелсіздік алып, өз билігіміз өз қолымызға тиген қазіргі шақта да кәрі қойдың жабағысындай жабысып қалмай жүргені еріксіз ойға қалдырады. Қол жеткізген азды-көпті жетістігімізге желпініп, жер-көкке сыймай жарыса мақтанғандарды көргенде осы құрғыр жаман мінез ұлттық мінезге айналып кете ме деп қорқамыз. Қалайда жаманның жамандығын жаныңмен сезініп, одан аулақ болғанға не жетсін! Осы орайда ата-бабаларымыздың өткен жолына үңіліп, тарих дерегінің берер мағлұматын сараптай зерделесек, ұлтқа қатысты киелі ұғымдардың бәрі сол ұлтты құрайтын халықтың қалыптасқан дәстүрінен бастау алып, тамыр жаятынын пайымдау онша қиындық туғызбайды. Осыдан келіп, барлық халықтық құндылықтардың бастауы – ұлттық дәстүрдің мәні мен мазмұнын
жете танудың қажеттілігі туындайды «Адамның басына қонған бақыттың тұрақты болуы жақсы мінез-құлыққа байланысты» деген Әл-Фарабидің ойымен сҽйкес келеді. Мінез сапаларының бірі – оның бір қалыптылығы. Мұндай адам құйындай ұйытқып тұрмайды,оның қастерлейтіні ылғи да сөз бен істің бірлігі. Кімнің мінезі толық болса, соның мінезі бірқалыпты да келеді. Сондай-ақ бүгінгі таңда оқушылардың арасында мінез-құлқында қиындықтар бар жастар көптеп кездеседі. Мұндай оқушылар қатарына білім деңгейі, талпынысы төмен, мінез-құлқы нашар, адамгершілік деңгейі төмен, құрбы-құрдастары мен тіл табыса алмайтын, ал кей кездерде психикалық дамуы, ойлау қабілеті кейін қалған ашуланшақ (әртүрлі жүйке ауруына шалдыққан, тәрбиеге әрең көнетін) жастарды жатқызуға болады.
Қазақ халқына алғырлық пен батылдық, қайырымдылық пен кішіпейілділік, ашық-жарқын көңіл мен кеңпейілдік, жайлылық пен дархандық қасиеттері тән. Өз жері мен Отанына, туған еліне деген шексіз сүйіспеншілігі, мал шаруашылығына икемділігі, меймандостығы, өмірдің қиындығына ,әділетсіз істерге төзімділігі, сөз өнерін ардақтауы, шешендік қабілеті, еңбексүйгіштігі мен шыншылдығы жалпы ұлтқа тән қасиеттер.
Қазақ халқы мінез-құлықты қалыптастыруда арзан күлкіге, арсыздыққа жол бермеген. Өз ұрпағын жігерлі, өжет, қайсар, ойлы, өткір тілді, арлы, иман жүзді, адал, зерделі, парасатты азамат етіп тәрбиелеген. Әр заманда ғұмыр кешкен ғұламалары адамзат бойында кездесетін мінез кемшіліктерін «мінездегі міндер» деп, былай саралаған:
- ұятсыздық пен арсыздық;
- ақымақтық пен ақылсыздық;
- екіжүзділік пен жарамсақтық;
- ӛсекшілік пен суайттық;
- күншілдік пен іштарлық;
- мақтаншақтық пен тәкаппарлық;
- өзімшілдік пен өркөкіректік;
- еріншектік пен жалқаулық;
- сараңдық пен пайдакүнемдік;
- даңғойлық пен дойырлық;
- салғырттық пен салдыр-салақтық;
- маскүнемдік пен нашақорлық.
Жаман мінез – рухани кесел. Бұл кеселді жою үшін түбіріне балта шабу керек. «Балтаны жастан» деген мақал бар, оның түпкі мәні, адам бойындағы жағымды мінез-құлық, жақсы қасиеттер бала кезден бастап қалыптасады дегенге саяды. М. Әуезов «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген ұлағатты сөзі арқылы ұрпақ тәрбиесі бесіктен басталатынын, ұзақ, үздіксіз үрдіс екенін ескерткен. Өзгермейтін, түзелмейтін мінез болмайды. Әр адам өз мінезіне өзі жауапты. Ұлы Абай: «Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім» деген екен. Күндер, жылдар зымырап өтіп жатыр. Бірақ, мінездегі келеңсіз көріністердің азаятын түрі жоқ. Әрине, мұның әр түрлі себеп-салдары да бар.
Қазіргі қоғамда жас ұрпақ бойында кездесетін «мінездерді» атап айтсақ:
а) ақпарат құралдары мен теледидар тасқыны шапшаң қарқынмен дасыған мына заманда ұрлық, бұзақылық, шабуыл жасау, зорлық-зомбылық, тонау, зорлау сияқты жексұрындық іс-әрекеттерге еліктеген жастар осы іс-әрекеттерді өздері қайталап, небір қылмыс түрлерін жасауда (ақша бермегені үшін ата-анасын бөлшектеп өлтіруге дейін баруда);
ә)компьютерлік «қатыгездік» ойындар балалар мен жасөспірімдер психологиясына үлкен әсер етіп, өзгертуде;
б) қала көшелерінде темекі, арақ жарнамалары өте көп. Темекі ,арақ, нашаға уланған әлсіз, жігерсіз, жасық, дәрменсіз, арсыз, даңғой, мақтаншақ жастар қатары көбеюде;
в) өз тіліне менсінбей қарап, өзге тілде шүлдірлеген мәңгүрт жастар, өзін заман ағымына сай азамат пен азаматшамыз деп сезінуде.
Осындай жастардан өз ұлтының жоғын жоқтап, халқының қамын ойлайтын азаматтар қайдан шықсын. Қазіргі таңда қылмыскерлердің басым көпшілігі жастар. Оған кінәлі кім? «Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оның замандастарының бәрі виноват» деген ұлы Абай. Олай болса, жастар мінезіндегі кемшіліктерге әсер етуші факторлар:
- әлеуметтік-экономикалық жағдай (жұмыссыздық);
- қоғамдағы орта;
- отбасындағы психологиялық ахуал.
Әрбір қазақ баласы «мінездегі міндерді» бойына дарыптауына, олардан аулақ жүруіне әбден болады.
Әркімнің өз биігі бар шығатын,
Әркімнің өз білігі бар ұғатын.
Әркімнің өз кемшілігі бар әсте,
Көкейінде жасырынып тұратын – деп, Т. Молдағалиев жырлағандай, адам әрқашан өз бойындағы кемшілігін түзетіп, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, «болмасаңда ұқсап бақ , бір
жақсыны көрсеңіз» дегендей өзін-өзі тәрбиелеуі қажет. Ақиық ақын М. Мақатаев «мінездің міндерін» өрелі оймен өткір сынаған. «Әттең, әттең» өлеңінде:
Қайтейін мінезіңді жарқылдаған,
Жақсылық бір өзіңнен артылмаған.
Несіне көзді көріп көлгірсисің,
Жігітім белгілі ғой артың маған!
Әлділерді көргенде қалтылдаған,
Әлсіздерді сескентіп жалтылдаған.
Жиіркенішті осы бір салтың маған,
Ыза кернеп бойымда қан тулаған! – деп, адам бойындағы мінез құбылысын, жаны ауырып, қаны тулап, қабырғасы қайысып жырлаған. Ақын, қоғам қайраткері Фариза Оңғарсынова: «Уақыт
адам мінезін жасаса, адамдар қарым-қатынасы уақыт, заман бейнесін сомдайды. Екі тумақ та, екі өлмек те жоқ. Өмір адамға бір ақ рет беріледі.
Ендеше сол бір келер өмірді өкінбей, ешкімге жалтақтамай өткізгенге не жетсін?! Жалтақтамай ғұмыр кешу мінездің ғана шаруасы емес, арға да байланысты. Ешкімнің ала жібін аттамағандардың ғана ары таза. Ал ары таза адамның сөзі де таза, тура. Менің ойымша заманның бір ерекшелігі – осындай адамшылық қасиеттердің сынға түсуі. Бұл біз үшін ауадай қажет нәрсе. Себебі, сынға жеке басымыз ғана түсіп отырған жоқ, сынға ұлттық намысымыз, халықтық қалпымыз түсіп отыр. Сол үшін көлеңкелі жерде қалтырап, күнгейлі жерде жалтыраудың түкке керегі жоқ» деп, мінез, ар, яғни адамдық қасиеттерге өрелі оймен сындарлы баға берген.
Ұлы Абай: «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады» деген. Адамзат баласының бойында кездесетін мінездің артықшылығын ұлылар «мінездің озықтығы» деп, былай саралаған:
- алғырлық пен тапқырлық;
- қайсарлық пен қайраттылық;
- өжеттік пен жігерлік;
- батылдық пен намысқойлық;
- адалдық пен шыншылдық;
- имандылық пен арлылық;
- табандылық пен байсалдылық;
- сабырлылық пен ұстамдылық;
- парасаттылық пен ізеттілік;
- дархандық пен жомарттық
- кішіпейілділік пен кеңпейілділік;
- мейірімділік пен қайырымдылық;
- әдептілік пен сыпайылық;
- еңбекқорлық пен елгезектік.
Міне, ұлттық мінез бітістері адамды өзгелерден ерекшелендіріп, биіктетіп көрсетеді. Ұрпақ тәрбиесімен шұғылданып отырған ата-ана мен ұстаздар қауымының адам мінезін қалыптастыруда атқарар міндеті, көтеретін жүгі, жауапкершілігі өте зор. «Адамның адамшылығы, ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, ұстаздан болады» дегенді де данышпан Абай айтқан.
Ақыл, мінез нышаны – ата-анадан. Сондықтан да халық «тегіне тартқан» дейді. Қазақ халқының ұлттық менталитеті сақталған заманда «тектілік» ұғымы айрықша орын алған. Ең бастысы халық қазақты дұрыс жолға салар «тектілікті» ту етті. «Шыққан тегің жаман болса, өз қылығын танытар» деген Ж. Баласағұни.ХҮ ғасырда өмір сүрген Шалкиіз жырау мынадай өрелі ой айтқан:
Айырдан туған жампоз бар,
Жүгін нарға салғысыз.
Арғымақтан туған будан бар,
Күнінде көрінім жерді алғысыз,
Жаманнан туған жақсы бар
Адам айтса нанғысыз,
Жақсыдан туған жаман бар
Күндердің күні болған,
Бір аяқ асқа алғысыз.
Ақыл, мінез баламен бірге туғанмен, жүре жетіледі. Дәннің өіп-өнуі топырағына, күтіміне байланысты болатыны сияқты, бала ақыл-есінің, мінезінің қалыптасуы да ортасына байланысты. Соны байқаған халық «Ұлың өссе – ұлы үлгілімен ақылдас бол», «Қарағайға қарап тал өссін, қатарына қарап бала өссін» деп, ұлағатты ой айтқан. Әсіресе, бүгінгі жас буынның ұлттық мәдениеттен нәр алған инабатты, иманды жеке тұлғаны қалыптастыру мәселелері үкіметтің қаулы қарарларына, тұжырымдамаларында негізгі орын алды.
Мінез адамның сырт қалпынан да байқалады. Мәселен, тәкаппар адамдар денесін шалқайта, кеудесін керіп, басын кекірейте ұстайды. Қарапайым адам көзге түсуді қаламайды, еңкештеніп басын мойнына тығып жүреді. Жағымпаз адам сөйлескен адамына жаутаңдай қарап, мүләйімсіп тұрады, көз түбінен қуланған күлкі болар-болмас байқалады. Қалыптасқан әдет пен дағды, мінез бітістері темпераментке әсер етеді, мінез құлықты өзгертеді.
Ұнамды мінездің бітістері: адам мінезінің түрліше құрылымда болуына орай мінез-құлықтың түрліше сипаты көрініс береді. Мінездің осындай сипаттары көп. Бірақ, мінездің негізгі топттары немесе түрлерін анықтауға болады. Бұларға мыналар жатады: а) моральдық (қайырымдылық, ілтипаттылық, сыпайылылық), ә) еріктік (тоқтамдылық, табандылық, беріктік), б) эмоциялық (қызбалық, құмарлық, мейірімділік).
Мінездегі моральдық тәрбиелілік. Бұл адамды мінез-құлық формалары мен бағыты жағынан сипаттайды. Мәселен, ұнамды мінезі бар адам мархабатты келеді. Ол іскер, қайырымды ғана емес қарым-қатынаста сыпайы, ізетті, ұйымшыл. Ұжымды сүйе ғана білетін адам емес онда өмір сүріп, жұмыс істей алады.
Мінездің толысуы. Бұл - адамның талпынысы мен әуестігінің жан- жақтылығын, іс-әрекетінің кеңдігін дәлелдейді. Мұндай адамдар жан дүниесінің байлығы және белсенділігімен ерекшеленіп тұрады.
Кесек мінезділік. Бұл - адамның психикалық тұрпатының тұтастығы, оның шындыққа қарым-қатынасының үйлесімділігінің, талабы мен мүддесінде қайшылық болмауы, сөзбен істің бірлігі. «Кесек мінезділік, - дейді Эрнес Тельман, - прогресшіл адам бойынан ажырамас қасиет болып табылады».
Айқындалған мінез. Бұл - мінез-құлықтың тұрақтылығымен, барлық жағдайда да қалыптасқан сенімге сәйкес әрекет етілген, жеке адамның өмірі мен іс-әрекеттің мән-мағынасын құрайтын, моральдық- саяси түсінік пен ұғымнан негізгі бағытынан көрінеді.
Мінездің күштілігі. Бұл - адамның көздеген мақсатына жетуге жұмсайтын қуаты, бұл-жан тәнімен құмартуға және қиындықтармен кедергілерге кездескенде қажырлық көрсетуге қабілеттілік, бұл-соларды жеңе білу.
Мінездің беріктігі. Бұл-адамның іс-әрекеттің табандылығынан, қайсарлығынан, көзқарас пен тоқтамға келген шешімді саналылықпен батыл қорғай алудан көрінеді.
Мінездің байсалдылығы. Бұл-іс-әрекетте және адамдармен қарым- қатынаста ұстамдылық пен белсенділіктің мейлінше үйлесімді болуы, И.П. Павловтың тілімен айтқанда, индивидке өзін қиын жағдайларда ұстай алуға, амал-тәсілдерді дұрыс пайдалануға мүмкіндік беретін мінез-құлықтағы
бірқалыптылық.
Мінез құрлымы өмір барысында үнемі өзгеріп отырады. Өсу, даму үрдісінде адамның іс-әрекетті де, өмір жағдайлары да өзгеріске түседі. Адамға қойылатын талаптар да өзгереді, бұл жағдайда жеке адам құрлымында сапалылық өзгерістер туғызады.
Сонымен мінез – адамның негізгі өмірлік бет алысын және оның өзіндік әрекетінің айырмашылығын сипаттайтын сапалы өзгешелік. Ол – көп қасиеттің бірлігі, түрлі өзгешеліктерінің қосындысы, сонымен қатар, адамды әр қырынан көрсететін қасиет. Мінез бітістері көп. Олардың бәрі де жеке адамның қасиеттері болып табылғанмен, мұның кез келгені мінездің бітістері болып саналмайды.
Төменде қазақтың ұлттық мінез бітістерінің кейбір жақтарына сипаттама беріліп отыр.
Елжандылық: халқымыз кір жуып, кіндік кескен атамекенін аялап, елінің тілі мен мәдениетін, әдебиеті мен тарихын, біртуар аяулы перзенттерін мақтан тұтып, қадірлеп-қастерлеуді ұрпағына аманат еткен. Бізде қай жүзге жататыныңды, қай рудан екеніңді білу ес жиып, есейгеннің белгісіндей деп отыра, мұның түпкі мақсат-мұраты біреу, ол-ынтымақты ел болуға бағытталған. Ер азамат үшін туған халқын жан-тәнімен сүю, оның шаруашылығы мен мәдениетінің өркендеп, көркеюіне бар күш жігері мен білімін, еңбегін жұмсап, үлес қосу перзенттік парыз болған. Қаз дауысты Қазыбек би: «Алтын ұяң- Отан қымбат... туып-өскен елің қымбат, кіндік кесіп, кір жуған жерің қымбат»-деп тәрбиелеген ғой. Қазақ елі-біздің Отанымыз, атамекеніміз, қастерлеп келе жатқан туған жеріміз. Осы жерді жан-тәнімен сүйетіндер де, оның сендердей ізбасарлары қаршадайынан өз отбасын, әкесі мен шешесін, бауырлары мен туған-туысқандарын қастерлеп, қадір тұтқан адам ғана есейе келе туған халқы мен ел-жұртын, атамекенін шын көңілімен сүйетін
болады, өйткені халқымыз «Отан отбасынан басталады», -деп бекерге айтпаған. Ата-анасын, өз үрім-бұтағын жанындай жақсы көріп сүймеген баланың ел- жұрттың, халқы мен ұлтын сүйетін толыққанды азамат болуы екіталай. Ұлтжанды кісінің имандылық-адамгершілік қасиеттері, сондай-ақ, оның жекжат-жұрағатқа деген оңды көқарастарынан да жақсы байқалады. Қазақ елінің кез-келген перзенті жұмыр жердің қай бұрышында жүрсе де өзінің іс-әрекеті мен мінез-құлқынан өз ұлты мен халқына деген сүйіспеншілік қасиеттерін тайға таңба басқандай айқын байқатып отыруы тиіс. Бұл үшін ата- бабалардың тарихы мен шежіресін біліп, оларды талдап таратуға ерекше мән берген абзал. Аталас ағайындардың аты-жөнін жүйелеп, оларды саусақпен санағандай айқын ажырата білу- кім-кімге де болса жарасымды адамгершілік сипат.
Намысқойлық: бұл-әр этностын өз халқының ар-ожданын, имандылық қадір-қасиетін көздің қарашығындай сақтай білуінен, қажетті жерінде бүл үшін жанын пида етуден көрінетін қасиет.
Қазақ халқы өзінің ұлы мен қызын қаршадайынан намысқойлыққа баулып, Отанына, кір жуып, кіндік кескен жеріне дақ түсірмеуді қатты ескерткен, «арым жанымның садағасы», -деп, ар намысты бәрінен де жоғары бағалаған. Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасындағы Баян батырдың інісі Ноян жастықпен махабаттың сезім күшін ақылға жеңдіре алмай, қолға тұтқын
болып түскен қызбен бірге қалмақ еліне қашып кеткенін білесіздер. Ағайын-туысқандарының «елін сатып кетті» деген бір ауыз сөзі намысна тиген Баян батыр оларды қуып жетіп, өлтіреді ғой. Кешегі Ұлы Отан соғысы кезінде өз ұлтының намысын қызғыштай қорғаған қазақ жауынгерлері қаншама! Атақты Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов, Рақымжан Қошқарбаевтың нымыс сезім қандай жоғары деңгейде болғаны белгілі. Осы соғыста жүзге жуық қазақ жауынгерлерінің Совет Одағының Батыры атағын алуы да ұлттық намысқойлығымыздың белгісі емес пе? Қазақ халқының арғы-бергі тарихынан мұндай мұсылманды көптеп табуға болады. Мәселен, 1986 жылғы 17-18 желтоқсанда қазақ жастары жүрек өмірімен ұлттық намысты қорғап, халқымыздың ардагер ұлы Дінмұхамед Қонаев (1912-1993) жұмыстан алынғанда оның орнына Қазақстанның басшысы қазақ ұлтынан, не болмаса қазақстандық болсын деп заңды талап қойған жоқ па? Осынау әділетті талап-тілек аяққа тапталып, арты қанды қырғынға ұласып, қаншама адам қаза болды. Қазақ қыздарына қол жұмсап жатқан қарулы милиция қызметкерлерінің анайы ісіне шыдай алмаған Қайрат Рысқұлбеков, жігіттік намыспен арашаға түскені үшін аяусыз жазаланып, өмірін қиды. Ол өлімге қасқая қарсы қарап тұрып, тергеушілер алдында басын имеді. Оның «Атам десең атындар, Еркек тоқты құрбандық», деген-сөзі кейін нақылға айналып, ұлт намысын қозғаудың тамаша ұраны болды. Қайраттың осынау жүректілігі ұрпақтан ұрпаққа үлгі боларлық, ұлттық намысты жанынан артық бағалаудың тамаша үлгісі.
Әдептілік: бұл халқымыздың ұлттық психологиясының өзегі имандылық пен адамгершілігінің басты белгісі, оның ғасырлар бойы қалыптасқан қоғамдық санасының практикалық көршісі, барлық кісілік қасиеттерінің жиынтығы. Әрине, «Тауына қарай аңы, заманына қарай заңы», «Әр елдің салты басқа, иті қара қасқа» дегендей, әдептіліктің әр елде тарихи, әлеуметтік өзіндік
ерекшеліктері болғаны белгілі. Ал, қазақ халқының әдеп сақтау дәстүрлі еш бір тапты, ұлтты, нәсіл мен жыныс айырмашылықтарын алаламайды.
Әдеп сақтаудың экологиялық астары да бар. Әдепті адам табиғаттың досы, оны қызғыштай қорғай да біледі. Табиғаттың әсемдігі мен сұлулығына, әдемілігіне әрбір адам зиян келтірмеуге тиіс. Мәселен, суды ластау, талды кесу, қайнардың көзін ашпау, жолдағы тасты алып тастамау, көкті жұлу, аққуды ату, құдыққа түкіру-барып тұрған әдепсіздік. Әдеп сақтау-мінез-құлық пен қарым-қатынастың қалыптасқан,халықтың өзіндік мінез-құлық кодексі. Осы ереже бұзылса, халықтық дәстүр де бұзылады, ұлтық намысқа нұқсан келеді. Әдеп сақтау-халықтық рәсімге, жол-жоралғы, тәртіпке құлдық етіп, еріксіз бағыну емес, бұл ата дәстүрді құрметтеу, қастерлеу, дәл айтқанда
адамгершілік борышты өтеу. «Әдептілік-әдемілік» дейді халық. Әдептілік: ізеттілік, кішіпейілділік, көпшілдік деген сөз.
Қонақжайлылық: бұл-қазақ халқының әлеуметтік, географиялық, тұрмыстық жағдайына байласты қалыптасқан ерекше қастерлі қасиеті. Бізде «Қонақ десе, қоң етін кесіп беретін қазақпыз» дейтін аталы сөз бар. Тәуліктің қай мезгілінде келгеніне қарамастан «көлденең келген көк аттыны» да жылы жүзбен қабылдап, төріне отырғызып, дастархан жайып, бар мәзірін алдына
қойып, күту-халқымыздың санасына мықтап орнаған имандылық пен шынайы адамгершіліктің белгісі. Әрбір қазақ үйінде тағамының дәмдісін, жылы- жұмсағын өздері жеместен келген қонағына сақтайды.
Бірде әрі батыр, әрі шешен С.Датұлы үйіне қонып отырған сыйлы қонағы, белгілі Төленді биден:
- Биеке! Қазақтың қонағы неше түрлі болады, соны айырып беріңізші ,– деп өтінген екен. Сонда би:
- Қазақта төрт түрлі қонақ бар. Олар: арнайы қонақ, құдайы қонақ, қыдырма қонақ және қылқыма қонақ, - деп жауап беріпті.
- Ал, олардың бір – бірінен айырмасы бар ма? – деп сұрағанда, Төленді би мұны әрмен қарай былай деп түсіндіреді:
- Арнайы қонақ – алыстан әдейі іздеп келген тума – туыстарың, жолдастарың. Бұлар нағыз сыйлы, сағына күткен қонақтар. Оларға деген құрмет, сый – сияпат “жат жанынан түңілетіндей” дәрежеде болуға тиіс.
Құдайы қонақ – бейтаныс, шалғай елден, алыс жерден жолаушылап жүрген тосын қонақ. Олар нағыз сауабы тиетін қонақтар. Оларды да ықылас – ынтамен қарсы алып, дұрыстап күткен жөн.
Қыдырма қонақ – ерігіп, желігіп, үйден – үйді, ауылдан – ауылды кезіп, сөз аңдып, өсек теріп, қымыз ішіп, ет жеуді әдетке айналдырған сандалма қонақ.
Қылқыма қонақ – түтіні түзу шыққан үйлерді торып, құлқыны үшін аузына салғанын шала шайнап, қылқытып жұтып, тағы бір түтіні шыққан үйге тарта жөнелетін – нағыз сұғанақ қонақ. Соңғысын халқымыз ұнатпай - “күнде қонақ” деп те әжуалайды.
Халқымыз қонақты ілтипатпен қарсы алу, оны күту, құрматтеп шығарып салу дәстүрін ерекше қастерлеп, оны ұрпақтан – ұрпаққа үлгі - өнеге ретінде қастерлеп, мұны отбасы тәрбесінің басты бір саласы деп түсінген. Осы Төленді бидің айтқан ғибрат сөздерінен-ақ қазақ халқының ұлттық мінез бітістерінің жағымды және жағымсыз жақтарын байқауға болады.
Бауырмалдық: қазақтың ұлттық психологиясына тән имандылық қасиеттің ерекше бір көрінісі-бауырмалдық. Халқымыздың бауырмалдығы «Бала бауыр еттен жаралған» деп, оны ерекше қастерлеп, әлпештеуден басталады. Ата текті дұрыс ажырата алу-бауырмалдықтың бір көрінісі. Бұл «рушылдық» емес, өзінің шыққан тегін білуге деген ынтызарлық. Өз руын ғана қастерлеу, қызмет бабында қандастарына ғана қамқорлық жасау білімді, инабатты, зиялы адамға
жараспайды. Кеңпейілді, ақниетті, адал жүректі, пәк көңілді қазақ халқының тумысындағы мінез-құлқына қарама-қайшы келетін «бөліну», «бөлшектену» пиғылдарын уағыздайтын адамгершілік жағы жетіспей жатады. Ондайлар ел бірлігіне нұқсан келтіріп, кейде жекелеген руларды, тіпті қайғы-қасіретке ұшыратуы да ықтимал. Халқымыздың бауырмалдық секілді атам заманнан сүйегіне сіңген асыл қасиеті «Құран Кәрім» қағидаларымен де ұштасып жатады. Осы туралы
қасиетті кітап: ешбір адам баласы жат емес, барлық адамзат баласы бір-біріне бауыр дейді.
Қайырымдылық: бұл дағды-халқымыздың ең ізгі қасиеттерінің бірі.«Қазақтардың,-деп жазды, осы халықтың өмірін, тұрмыс-салтын алғаш зерттеушілердің бірі. А.И.Левшин (1799-1879) - басқа Азия халықтарына қарағанда... қайрымдылық, адамды аяу, қарттарға құрмет көрсету, баланы
аялап, жанындай жақсы көруі- айрықша қасиеті». «Біздер- жылуы жоқ үйден без, қайырымы жоқ биден без» деп, осынау қасиеттен жұрдай адамның жұртқа қадірі болмайтынын бірден кесіп айтатын халықпыз. Адам өміріндегі ең игі істің бірі- қаріп-қасірге, кедей-кепшік, жарлы-
жақыбайларға қамқорлық жасау.
Бүгінде жеткіншектердің бойында ұлттық мінез бітістерін қалыптастыру халықтық, ұлттық тәрбие тағылымдарымен ұштастырылып жатыр. Себебі ұлттық салт-дәстүрімізді қайта жаңғыртып, қалпына келтірудің ең таңдаулы жолы жас ұрпаққа өз елінің халықтық психологиясы мен педагогикасын оқыту болып табылады. Радио мен телеарналарда біраз ұлттық болмысымызға сай
бағдарламардың жүргізілуін үлкен игілікті істің бастауы деп санауға болады. Мәселен, «Алтыбақан», «Ақсүйек», «Қымызхана», «Сырға», «Шаңырақ», «Бастаңғы», т.б. бағдарламалардың тәлім-тәрбиелік құндылығы өте зор.
Ұлттық мінез жайлы оқушылардың ойлары
Қазақ халқының ұлттық мінездерінің қалыптасуы XV ғасырдың орта шенінен басталды. Мәселен, XV-XVII ғасырлар халқымыздың ұлт болып қалыптаса бастаған және өзінің таза ұлттық мінездерін көрсете алған алғашқы кезеңі еді. Бұл кезеңді қазір шартты түрде «жылқы мінезді қазақтар» деп атап жүрміз. Шындығына келетін болсақ, бұл халқымыздың өз ұлтына тән «жайсаң мінезін» көрсеткен кезеңі.
Біз төменде осы мінезге байланысты оқушылармен пікірлестік. Мектеп оқушыларына сауалнама қойдық. Онда негізінен екі сұрақ қойылды. Оның біріншісі – қазақтың бұрынғы және қазіргі ұлттық мінез ерекшеліктерінің ұнамды және ұнамсыз жақтары қандай? Екіншісі – жастардың өз басындағы ұлттық мінездің ұнамды және ұнамсыз жақтарын көрсету сұралды. Сауалнамаға 15 оқушы қатысты. Бірінші сұраққа олардың қайтарған жауаптары төмендегідей болды.