Таби?атты аялау имандылы?тан бастау алады Ж?лде ал?ан о?ушы эсселері
Табиғатты аялау имандылықтан бастау алады
Эссе
«Табиғатты аялайық,
Киіктерді қорғайық!»
Мен киікті ешімге зияны жоқ пәктіктің, көрген жанды бей-жай қалдырмайтын сұлулықтың, жауын да жолға тастамайтын мейірімділіктің, ұшқан құсқа жеткізбес жылдамдықтың, талғамы күшті тектіліктің бейнесіндей, Алтайдан Атырауға дейін созылған кең-байтақ қазақ даласының киесіндей, төл тумасындай елестетемін. Киікті қазақ даласының бренді десе де болады. Ғылыми мәліметтерге сүйенсек, киік қазақ жерін ежелден мекен еткен және қазіргі уақытта киіктердің бес өсіп-өнетін аймағы болса, олардың үшеуі Қазақстанда, қалған екеуі Ресей (Қалмақ елі) мен Монғолияда екен. Бұл аймақтар да қазақ жерімен шекаралас. Қазақ жеріндегі жартастарға салынған суреттерде басқа аңдармен қатар киіктердің бейнеленуі, қазақ халқының ауыз әдебиетінде киікке байланысты аңыз – әңгімелер мен теңеулердің, өлең-жырлар мен ертегілердің көптеп кездесуі, тіпті халқымыздың ұл-қыздарына қойған есімдерінде, табиғат құбылыстары, жер-су, өсімдік атауларында киікке қатысты сөздердің жиі кездесуі ойымды айғақтай түседі. Мысалы, жерұйықты іздеген Асан Қайғы бабамыз Ойыл-Жем өңірін көргенде «Қырында киік жайлаған, суында балық ойнаған» деп сипаттаса, Шалкиіз ақын «Ақ киіктің шабар жері майдан дүр», Бұқар жырау: «Киігін қойдай қайырған», - деп толғайтын тұстары бар. Киік қазақ ақындары мен әнші-күйшілерінің шығармаларына да арқау болған. Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының «Киік» өлеңі, Құрманғазының «Ақсақ киік» күйі, Сәкен Сейфуллиннің «Ақсақ киік», Жақсыкелді Сейіловтің «Жез киік», Жалғас Назаров пен Несіпбек Айтовтың «Ақбөкен» әндері тектен-текке дүниеге келген жоқ. Барлығында да киіктің сұлулығы мен жазықсыз жануарға деген аяныш сезімі айқын байқалады. Қазіргі уақытта көп қойылмаса да Құралай, Ақбөкен, Киікбай, Бөкен би, Кейкі батыр, Бөкенбай сияқты есімдер немесе «текенің бұрқағы», «құралайдың салқыны», «киіктің матауы» сияқты ауа-райы құбылыстарының атауы, «киіктің лағындай», «киіктің асығындай», «кісікиік», «ортекедей» деп келетін теңеулер киіктің қазақ даласында ежелден мекен ететінін білдіреді. HYPERLINK "http://kk.wikipedia.org/w/index.php?title=1772&action=edit&redlink=1"1772 жылы қырғыз-қайсақ даласында болған орыс географы әрі өлкетанушысы П.Рычков «HYPERLINK "http://kk.wikipedia.org/wiki/%D2%9A%D0%B0%D0%B7%D0%B0%D2%9B"Қазақ жеріндегі киіктерге сан жетпейді. Оралдың төменгі ағысына келіп, теңізге құлаған ақбөкендерден өзен суы көрінбей қалды» деп жазуы ХVІІІ ғасырда да өлкеміздегі киіктердің өте көп болғандығының дәлелі. Барлық балалар теледидардан көріп жүрген режессер Батырхан Дәуренбеков ағамыз түсірген «Мұңлық-Зарлық» мультфильмінде Мұңлық пен Зарлықты киіктің асырап өсіруі біздің санасында киік - адам баласының досы, киік-киелі деген ұғымды қалыптастырады. Өкініштісі сол, кезінде қазақ даласында миллиондап өрген, адамдарға пайдасы болмаса еш зияны жоқ, сұлулықтың, еркіндіктің символы іспеттес осы жануардың күн санап азайып бара жатқаны. Қазақ халқында «Құлан қағын қорғайды, киік лағын қорғайды» деген мақал бар. Ал киіктерді кім қорғайды? Оларды кімнен қорғауымыз қажет?
Киік – өте жүйрік, сұлу, киелі аңдардың бірі. Оны халық «ақбөкен» деп те атайды, лағын «құралай» дейді. Киіктер мамыр айында төлдей бастайды, көбіне егізден, кейде үш лақ та туады, сол кезде міндетті түрде жауын-шашын болады. Халық оны «құралайдың суығы» деп атайды. Киіктер басқа жануарлар сияқты лағының шаранасын жалап аршымайды, шарана осы жауынның суымен шайылып кетеді немесе жел қағып, кеуіп барып түседі. Жаңа туған лақтар жарты сағаттан кейін енесін еміп, екі-үш сағаттан соң аяқтанып кетеді. Киіктердің тағы бір ерекшелігі – олар жаңа туған, енесінен ажырап қалған құралайды кездестіре қалса, қасына барып емізіп, өзімен ертіп кетеді екен. Табиғи ортаға тез бейімделгіш, өсімтал жануар. Олардың басты жауы – қасқыр, ал жас төлдеріне бүркіт, дала қыраны мен қарақұстар да шабуыл жасайды. Киіктің еті өте дәмді, мүйізі мен тұяғы дәрі-дәрмектерге құнды шикізат, терісі сапалы былғары болғандықтан кәсіптік мақсатта ауланған кездері де болыпты. ХХ ғасырдың ортасында Қазақстандағы киіктердің саны 2 миллионнан асқан екен. Дейтұрғанмен, өткен ғасырдың 90-жылдарынан кейін олардың саны күрт азайып кетті. 1996 жылы Халықаралық Табиғатты Қорғау Одағының Қызыл кітабына енгізіліп, жойылып кету қауіпі төнген түр деп белгіленді. Қазақстан Республикасы Үкіметінің арнайы қаулысымен 2005 жылғы 25 наурыздан бастап елімізде киіктерді аулауға тағы да тыйым салынды. Қазіргі уақытта олардың санын көбейту және қорғау үшін санақтар жүргізіліп, қорықтар құру, киіктердің жаппай қырылу себептерін зерттеу, киік ауруларын емдеу, үгіт-насихат жұмыстарын күшейту шаралары қолға алынуда. Шүкіршілік ететініміз бүгінгі таңда киіктер санының күрт азаюы тоқтап, олардың саны 120-150 мыңға жетіпті. Осы ретте киіктердің осыншалықты азаюына кінәлі кімдер, жыртқыш аңдардың көбеюі ме, әлде табиғаттың тепе-теңдігінің бұзылуы ма, немесе адамдар ма? деген сұрақтың тууы заңды. Сұраққа жауап іздегенде табиғи-экологиялық жағдайларды ескере отырып, адамдардың кінәсі басымдау екенін аңғарамын. Баспасөз бен ғаламтор материалдарын парақтасам киіктерге қатысты адам қолымен жасалған айуандықтың, ашкөздік пен зұлымдықтың куәсі болам. Олар киіктің «Қызыл кітапқа» енгенін, оларды аулауға тыйым салғанын біле тұра, заңсыз аулауын тоқтатар емес. Көптеген броконьерлер киіктің тек қана мүйізін алып, денесін тастап кетеді екен. Бағалы мүйізін шет елдерге сатып, мол ақшаға кенелгендер оның киесін де, обалын да ойлап жатқан жоқ. Тікұшақпен қуып, автоматпен қырғанда ойлағандары байлық, ақша ма екен?!
Мен кейде қанағатсыздық, ашкөздік, мансапқорлық, қатыгездік Адам ата Хауа анадан бастап (олардың жұмақ бағынан қуылуы) адамдардың жаратылысынан болған ғой деп те ойлаймын. Олай болмаса Жаратушы адамдарды тура жолға бағыттап, құдайын білгізуге неге бірнеше рет пайғамбарлар жіберген. Қасиетті кітаптарды оқысақ Жаратушы алтыншы күні жер бетіндегі жан-жануарлар мен хайуанаттар әлемін жаратыпты. «Енді адам баласын жарататын кез келді. Адам менің өзіме ұқсас жаратылуы тиіс», – деді. Осылайша еркек пен әйелді жаратыпты да: «Туыңдар, көбейіңдер, ұрпақ таратыңдар, сендердің балаларың мен олардың балалары жер бетіне жайылып, сол жердегі өсімдік пен жан-жануарлардың барлығына әрі қожа, әрі жауапты боласыңдар. Ал өсімдіктер әлемін азық етесіңдер», – деген екен. Жаратушы адамды жаратқанда рухани бай етуді мақсат етіп, оған қанат беріпті. Адам көкте самғағанда қоршаған әлемнің таңғажайып әсемдігін көретіндей мүмкіндік береді. Бірақ адам өзіне тарту етілген сыйды жеке басының мүддесіне қарай пайдаланып бүкіл жануарлар мен өсімдіктер дүниесін жойып жібере жаздаған кезде, Құдай өз сыйын қайтарып алады. Одан кейін адам жануарға айналып кетпес үшін оған Жан сыйлапты, кейін тағы бір рухани шың – Арманды сыйлайды. Арманға жету үшін адам сансыз күш жұмсап, ұзақ жылдар бойы игі мақсат жолында толассыз, қажырлы еңбек етуі қажет еді, тек сонда ғана Арман сол адамның басына бақыт құсы болып қонады. Бірақ адам айласын тағы да асырды, Арман түсінігінің өзін бұрмалап жіберді, өте биік рухани түсініктен жеңіл, қол жетімді, ең негізгі қажеттіліктерді қанағаттандыруға ғана пайдаланады. Өз қажеттіліктерінің балшығына батқан, құмарлық мұхитында ғайып болған, Арманды ашкөздікпен алмастырып, неғұрлым көп материалдық байлық жинауға ұмтылған адамдарда руханилық кейін калады. Құдайды ұмытып, имансыздық жайлайды. Мұның барлығы адамның Жаратушысы өзіне сеніп тапсырған Жерге, табиғатқа деген ашкөздік қарым-қатынасын күшейтті. Сонда "Не істеу керек?" Жауап жалғыз. Құдайды, адамдардың жүрегіне иманды қайтару. Имансыз адамнан бәрін де күтуге болады. Аң аулауға шариғат та тыйым салмайды. Отбасы мен балаларын асырау үшін аң аулау–күнә емес. Бірақ, мұсылмандарда буаз аңды атпау, жаралы жануарды емдеу, аң аулау мерзімін қатаң сақтау сияқты жазылмаған заңы болған. Осы жақсы әдеттер, «обал», «сауап», «қасиет», «кие» дейтін ұғымдар адамдардың жүрегіне ұяласа екен, өйткені, табиғатты қорғау деген ұғым осылардан басталады.
Сұлу сөз бен әсем әннен ескерткіш құйылған қазақ даласының ерке сұлуы-киігіміздің саны күн санап арта берсе екен.
Жақсылық Нұрдана Ғұбайдоллақызы
Ж. Мырзағалиев атындағы орта мектебінің 6 сынып оқушысы
Жазған уақыты: 30.11.2014 жыл
Менің ПрезидентімЭссе
Басшысы кемеңгер елдің бағы жанар Жер бетінде өз елін, елінің тәуелсіздігін, халқының бостандығын ойламайтын халық жоқ шығар. Тәуелсіздік – халық үшін басқа қонған бақ. Халықты бақытқа бастайтын тақ иесі. Күллі қазақ халқын бір шаңырақтың, бір тудың астына жинаған Керей мен Жәнібек, Абылай, Тәуке хандар сондай ұлы тұлғалар болған.
Менің туған елім – Қазақстан, ал Елбасымыз- Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Бұл адамды балабақшадағы есін білген сәбиден бастап, бүкіл халқымыз біледі. Тәуелсіздік жылдарында еліміздің әлемге танылғаны, еңбек пен татулықты ту етіп ұстап ең үздік 30 елдің қатарынан көрінуге ұмтылып келе жатқаны кемеңгер басшының көреген саясаты. Мен көрші елдерде болып жатқан соғыстар мен қантөгістеді теледидардан көріп, естіп жүрмін. Ал біздің Отанымыз тыныш, тату-тәтті, бейбіт өмір сүріп жатыр. Осындай елде тұрып жатқаныма қуанамын. Елімізде мен сияқты көптеген балалар білім алып жатыр. Біздің осылай білім алып жүргеніміз еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың арқасы деп түсінемін. Еліміз күні кеше бірінші желтоқсан -Тұңғыш Президент күнін атап өтті. Осы күні біздің мектепке Атырау қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары қонаққа келіп кітаптар сыйлады, өз мектептеріндегі білім алу жағдайларымен таныстырды. Осы кездесуден кейін және осы мектепте оқып жатқан әкем-Нұрданадан білгенімдей Назарбаев зияткерлік мектебінде оқушының білім алуына барлық жағдай жасалған. Қай оқушы осы мектепте оқуды армандамайды десеңізші! Еліміздің болашақ Президенттері де осы мектептерде оқып жатқан шығар! Бұл мектептің оқушысы атану менің де арманым.
Президентіміз бізге: «Еліңнің патриоты бол!», «Білім ал!» дейді. Біз атамыздың сенімін ақтап, жақсы білім алып, еліміздің өркендеуіне өз үлесімізді қосамыз деп сенемін. Мен елімізді Нұрсұлтан атамыздай Президенттің басқарғанына қуанамын, Президентпен бірге өзімді бақытты сезінемін!
Жақсылық Айшат Ғұбайдоллақызы
Ж. Мырзағалиев атындағы орта мектебінің 3 г сынып оқушысы
Жазған уақыты 14.12.2015 жыл