?лкей Мар??ланны? педагогикалы? ?ызметі


ӘЛКЕЙ  МАРҒҰЛАННЫҢ  ПЕДАГОГИКАЛЫҚ  ҚЫЗМЕТІ
«М.О.Әуезов атындағы педагогикалық колледж» ҚКМК
Оралова Әсем
Мұғалім еңбегі біріншіден, адамзат қоғамы тарихында жинақталған ғылым негіздерінен білім беруге тиіс болса, екіншіден, үнемі шәкірттерімен қарым-қатынаста болып, білсем, үйренсем деген бала арманы мен оның сырлы тағдырына басшылық етуді мойнына алған маман. Педогогикалық шеберлік – баланы тәрбиелеу мен оқыту өнері. Мұғалім адамшылық ар-ожданын, намысын, тұлғасын жасына қарамай силау, құрмет тұтуы керек. Мұғалім әрдайым өз шығармашылығын дамытып отыруы басты талап екендігі белгілі. Бұл мұғалімнің терең дүниетанымы мен үлкен жүрегінен, праксеологиялық негізінен келіп шығатыны белгілі.  Осы ретте ұлы ғұламалардың таным жолы біздерге үлгі. Колледж мақтанышы, ғұлама ғалым Әлкей Хақанұлы Марғұланның тікелей оқытушылық қызметпен айналысқанын көрсететін бірнеше нақты мәліметтер бар. Әлкей Хақанұлы Марғұлан өмір жолында 1919-1920 жылдары Павлодар қаласындағы мұғалімдік курста оқып, мұғалім мамандығын  алады да, содан соң 1920-1921 жылдары Баянауыл аудандық 1-ші дәрежелі екінші Далба мектебінде мұғалім болып қызмет істейді. 16 жастағы ауыл мұғалімі білімінің жеткіліксіздігін, толыспағынан сезіп, 1921 жылы Семей педагогикалық техникумына түседі. Техникумды 1925 жылы табысты түрде аяқтайды. Мұнда техникум қабырғасында сол 1921 жылы Әлекең әдебиет пәнінен сабақ беретін Мұхтар Әуезовпен танысады. Мұқаңның өзі айтқанындай, Әлкей оған білмекке құмарлығымен, жастығына қарамастан гуманитарлық мәселедегі ой-өрісінің кеңдігімен қатты ұнайда да, оған бірден көңіл бөліп, қамқорлығына алады, біраз уақыттан кейін оны пәтеріне өзімен бірге тұруға шақырады. Әлкей Марғұлан техникумды бітірісімен оқуын Ленинградтағы Шығыс институтының түркология факультетінде жалғастырады. Әлкей Хақанұлы бар ықылас-ынтасымен тарихтың, философия мен өнердің объективті заңын білуге талпынады. Осы мақсатпен ол Ленинград Мемлекеттік Университетінің тарих-филология факультеті мен Өнер институтының арнаулы лекциялары мен сабақтарына қатынасады. Сөйтіп Әлкей жоғары мектеп қабырғасында жүрген кезден-ақ білім қорын молайтып, нағыз ойлы зерттеуші, болашақ педагог екенін танытады.
Әлкей Марғұланның жиырмасыншы жылдары Қызылжар қаласындағы педагогикалық техникумда әдебиет пәнінен сабақ бергенін жазушы Ж.Бектұров «Ғұлама» атты мақаласында былай еске алады: «Еліміздің ірі ғалымдарының сүбелі архивтеріне сүңгіген, көне мұраларды шүйгіген, бірқатар беделді оқу орындарында, оның ішінде Қызылжар қаласындағы өз тұсының алдыңғы қатарлы педагогика техникумында сабақ та беріп үлгерген адам-ды. Осы техникумда жиырмасыншы жылдардың орта кезінде Ә.Марғұлан оқыған дәрістің сол күндергі бірер конспектісіне соңғы кезде қайтыс болған оқымысты-жазушы С.Талжановтың қолынан кезінде көз жүгіртіп, Әлкеңнің жас шағында-ақ өте білімді ұстаз болғанына көзіміз жетіп еді» /1, 90-91 беттер/. 1930 жылы Қазақстан мектептерінде оқытылатын пәндердің оқу бағдарламалары комплексті сипатта жүзеге асырыла бастағанда Қазақстан Оқу ағарту Комиссариатының білім кеңесі «Қазақ шаруа жастар мектебіне арналған программа және түсінік хаттар» атты жинақ шығарды. Ондағы қазақ әдебиеті пәніне арналған «Суретті әдебиет» атты бағдарламаны жасаушылардың бірі Әлкей Марғұлан болды /2, 102 бет/.
1930 жылы көктемде Алматыда Бірінші Бүкілқазақстандық өлкетану съезі ұйымдастырылды. Сол съезге қатысқан түрколог-ғалым Н.А.Баскаков өзінің «Ғұлама ғалым» атты естелігінде сол кезде Марғұлан «... жаңа ғана ұйымдасқан Қазақтың Мемлекеттік университетінде қызмет істеп жүрді» дейді /1, 9 бет/. Ал сол жылдың күзінде оның Орта Азия Мемлекеттік университетінде қызмет істегені туралы академик Ш.Шокин былай еске алады: «Отызыншы жылдың күзінде мен оқу іздеп Ташкенге бардым. ...Әлекең сол кезде Орта Азия Мемлекеттік университетінде жұмыс істейтін»
Әлкей Хақанұлы осындай көп жылдық педагогикалық қызметі арқылы тәжірибелі, шебер ұстаз дәрежесіне көтеріліп, қазақ әдебиеті мен Қазақстан тарихы бойынша мектеп оқушылары мен мұғалімдерге, студенттер мен жоғары мектеп оқытушыларына арнап бірнеше оқу құралдарын шығарған. Мысалы, ол 1941 жылы Қажым Жұмалиевпен бірігіп «Қазақ әдебиеті» атты орта мектептің 8 класына арналған оқу құралын жазған. Ондағы ауыз әдебиеті туралы түсінік, тұрмыс-салт жырлары, батырлар жыры, «Қорқыт» образы, «Жиренше шешен» образы туралы материалдарды Марғұлан жазған /3; 3-12, 16-28, 50-55 беттер/.Марғұлан «Қазақстан ССР тарихы» оқулығын жазуға қатысқан /4/.
Сонымен, Әлкей Марғұлан ғылыми жұмыспен жан-жақты айналаса отырып, оны педагогикалық қызметпен ұштастырып, мектеп оқушылары мен студент жастарға этномәдени білім берумен өзі тікелей байланыстырған әмбебап ғұлама-ғалым және ұлағатты ұстаз болған екен.
 
Пайдаланылған әдебиеттер:
 
1. Ғұлама: Тағылым (Әлкей Марғұлан туралы естелік мақалалар, деректі әңгімелер, очерктер, өлең-арнаулар). – Павлодар: ТОО НПФ «ЭКО», 2004.
2. Қазақ шаруа жастар мектебіне арналған программа және түсінік хаттар. Сборник программ ШКМ. – Қызылорда: Казиздат, 1930.
3. Жұмалиев Қ., Марғұлан Ә. Қазақ әдебиеті. Фольклор. Орта мектептің VІІІ класына арналған. – Алматы: ҚазБМБ, 1941.
4. История Казахской ССР с древнейших времен до наших дней. В 5-ти томах. (Глав. ред. А.Х.Маргулан и др.). – Алматы: Наука, 1971