Ашы? о?у іс-?рекеті (мектепке дейінгі ?йым)
Казталов аудандық әкімдігі Казталов ауданының білім беру
бөлімінің «Айгөлек» бөбекжайы МКҚК
Ашық тәрбие сағаты
Тақырыбы:
«Елбасы-ел мақтанышы»
Өткізген: «Көгершін» тобының тәрбиешісі
Досқалиева Айнұр Арыстанғалиқызы.
2016ж
Тақырыбы: «Елбасы-ел мақтанышы»
Мақсаты:
А) Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өмірі туралы мағлұмат беру.
Ә) Тәуелсіздік жолындағы ерен еңбегі туралы түсініктерін қалыптастыру.
Б) Елімізге, жерімізге деген сүйіспеншілікке,еліміздің нышандарына құрметпен қарауға тәрбиелеу, патриоттық сезімдерін ояту
Көрнекілігі: Н.Ә.Назарбаевтың, ата-анасының суреттері, шығармашылық кітаптары. Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері.
Барысы:
Әнұран орындалады.
Жаңа сабақ:
-Қайырлы күн, балалар!
-Қайырлы күн!
-Көңіл-күйлерің қалай?
-Жақсы.
-Ендеше ортаға шаттық шеңберіне тұра қояйық.
Шаттық шеңбері
Біз балдырған тең басқан,
Дос құшағын елге ашқан.
Тілейміз тыныштық.
Ашық болсын көк аспан.
Мықты болсын іргеміз,
Бәріміз де біргеміз.
-Рахмет. Орындарыңа отыра қойыңдар
Балалар, Тұңғыш Президент күніне орай өткізілгелі отырған бүгінгі ашық тәрбие сағатымыз «Елбасы-ел мақтанышы» деп аталады. Сондықтан біз сабағымызды Әнұранмен бастадық.
- Балалар, қазір жылдың қай мезгілі?
-Күз мезгілі.
-Күз айларын атап беріндерші.
-Қыркүйек, Қазан, Қараша.
-Өте жақсы. Бүгін Қараша айының соңғы күні. Ал, күзден кейін қандай мезгіл басталады?
-Қыс мезгілі.
-Дұрыс айтасыңдар. Қыс мезгілінің үш айының атайықшы.
-Желтоқсан, Қаңтар, Ақпан.
-Балалар , біз кай елде тұрамыз?
-Қазақстанда.
-Қай тілде сөйлейміз?
-Қазақ тілінде.
Дұрыс айтасыңдар балалар .
Қыстың алғашқы күні ,яғни1 желтоқсан күні біздің еліміз тұңғыш президент күнін тойлайды. Соған орай, бүгін біз де Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев туралы айтып, ой толғайтын боламыз.
Н.Ә.Назарбаев 1940 жылы 6 шілдеде Алматы облысы Қаскелең ауданының Шамалған ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. Н.Ә.Назарбаевтың ата-анасы осы тұңғыш перзенттерін 6 жыл бойы аңсап күткен еді. Міне ол күн де алыс емес еді, аңсаған армандарына жеткен ата-аналардың үйлерінде орасан той болды. Нұрсұлтан деп қойған Н.Ә.Назарбаевтың әжесі болатын. Мағынасы өте орасан зор . Нұр деген сөз-нұрланып, жарқырап жүрсін деген мағынаны білдіреді, ал сұлтан деген сөз осы елге құрметті азаматы болып, адамдарды сыйлап сұлтан болсын деген ниетпен атаған екен.
Н. Назарбаевтың әкесі –Әбіш көңілді, қадірлі адам болды. Қазақ және орыс тілдерінде ән айтып, әңгімелескен адамын зейін қойып тыңдайтын.
Анасы-Әлжан ән салып, өлең шығаратын онерлі адам болатын. Ол ұлын үлкенді құрметтеуге, сыйлауға баулыды.
Н. Назарбаевтың Болат, Сатыбалды деген інілері және Әнипа деген қарындасы бар.
- Балалар, осы біздің президентіміздің отбасылары туралы мына суреттерден тамашалайық.
Ол бала кезінен түрлі қиыншылықтарды басынан кешірсе де, мойымай, жасымай, еңбексүйгіш, ата-анасына қолғанат, бауырларына қамқор болып ержетті.
Ол еңбек жолын жұмысшы болудан бастады. Еңбекқорлығының арқасында оқуын оқып, еңбек жолымен біртіндеп көтеріле берді.
1991 жылы 1 желтоқсанда Н.Ә.Назарбаев бүкіл халықтық сайлауда ең көп дауыс жинап 98 пайызбен жеңіп, президент болып сайланды.
Әрине, ел басқару екінің бірінің қолынан келе беретін өнер емес. Жалпы өнер атаулының оңайы жоқ. Соның ішінде ел басқару өнері-қиынның қиыны. Баланың да, дананың да бабын біліп, жұрттың бәрімен бірдей ортақ тіл тауып, байтақ қауымның көңілінен шығу үшін бірегей білім, бай тәжірибе ғана емес, тума талант, дарабоз дарын керек. Бұл қасиеттердің барлығы Н. Әбішұлының бойынан табылады. Ол еліміздің көркеюіне , гүлденуіне , үлкен еңбек сіңірген адам.
Елбасымыздың арқасында біз қазір тәуелсіз, егемен елге айналып отырмыз.
Міне, биыл тәуелсіздік алғанымызға 25 жыл толды. Осы жылдар ішінде Н.Әбішұлы еліміз үшін елеулі еңбек сіңірді.
Енді балалардың еліміз туралы, Елбасы туралы айтатын тақпақтарын тыңдайық.
Ақат:
Отан-менің жүрегім
Отан- менің тірегім.
Отан сенің саяңда
Бақыт құшып жүремін.
Аққыз:
Туған елім-гүл елім,
Қасиетіңді білемін
Өзіңе деп жүремін-
Лүпілдеген жүрегім.
Мадияр:
Нұрсұлтандай атамыз,
Қазақ елін басқарған.
Атамыздай боламыз
Ел тағдырын ойлаған.
Инабат:
Талай жылдар аңсаған
Еркіндікті әперді.
«Туған елді, жерді сүй» -
Деп аманат етеді.
Дулат:
Халқымның көшбасшысы,
Тәуелсіз қазақ елім.
Бақ қонған ғажап елім.
Нұрсұлтан Назарбаев
Артамыз сізге сенім.
Мейірман:
Елім деп, жарім деген,
Адымдап сенімменен.
Халқымның көшбасшысы
Еңбектен ерінбеген.
Саламат:
Өнеге боп білімі бүгінгіге
Ұл, қыз өсіп келеді бүгін, міне.
Соның бәрі Елбасы қамқорлығы
Ұрпақ үшін айналған жыр-үлгіге.
- Балалар, біздің елордамыз қай қала?
-Астана қаласы.
-Ия,балалар, президенттің ерен еңбегінің ең маңыздысы- Астана қаласын елордаға айналдырып, аз уақыттың ішінде елімізді әлемге танытты.
1998 жылы 10 маусымда Астана қаласы Қазақстан Республикасының астанасы болып ресми түрде тұсаукесерін өткізді.
-Астанада не бар балалар?
-Бәйтерек.
-Ия, балалар Астанада көрікті жерлер, үлкен ғимараттар көп, соның ішінде Астананың символына айналған Бәйтерегіміз бар.
Сондай ақ, біздің мемлекеттік рәміздеріміз бар.
Мемлекеттік ту, Мемлекеттік Елтаңба және Мемелекеттік Әнұран.
Сергіту сәті:
Көп отырып шаршадық,
Қозғалуды аңсадық.
Жүгіргіміз келеді,
Әдемілеп ән салып.
Топ-топ басайық,
Жаттығулар жасайық.
Қайырымды жан болып,
Жамандықтан қашайық.
Астанамыз бен рәміздеріміз туралы балалар айтып берсін.
Гүлжайна:
Тәуелсіз боп ел тұрса аспан асты,
Бақытты онда қарты да, жас баласы.
Елбасының салынған қалауымен
Жарқырайды бұл күнде Астанасы.
Айзада:
Отанымның төрінде
Сарыарқаның өрінде
Ту ұстаған Астанам-
Әсем қала, бас қала!
Талант:
Бабалардың көзіндей,
Даналардың сөзіндей
Ұлы дала тұғырлы
Ұлы қала өзіңдей.
Мейірлан:
Әнұраны елімнің
Шақырады бірлікке
Егеменді халқымның
Болашағы бірлікте.
Әділет:
Елтаңбасы елімнің
Неткен әйбат, әдемі.
Тұнығындай көңілдің
Ортада аспан әлемі.
Сезім:
Күміс күннің астында
Желбірейді туымыз.
Қазақ деген халықтың
Ұлы менен қызымыз.
-Балалар, біз Елбасшымызды тағы да қандай қырларынан тани аламыз. Ол тек қана біздің президентіміз ғана емес, сонымен қатар ол кім?
-Жазушы. Суреттен кітаптарын көрсету.
-Ұлағатты әке. Үш қыздың әкесі.
-Мейірімді ата.
-Өнер иесі.
-Әнұранның авторы.
-Ақын.
-Қазақстан Республикасының Президенті.
Міне, балалар қараңдаршы біздің елбасшымыз қандай адам, ол өте мейірімді, бүкіл халықтың ойынан шығады, көңілін таба біледі.
-Сонымен балалар, біздің елбасымыз кім?
-Астанамыз қай қала?
-Ертең қандай мереке?
-Бәйтерек қай қалада орналасқан?
Жарайсыңдар, балалар бүгінгі ашық тәрбие сағатына өте жақсы қатысқандарың үшін мен сендерді елтаңбаның суретімен марапаттаймын.
Осымен бүгінгі біздің ашық тәрбие сағатымыз аяқталды.
Келген қонақтарға рахмет айтамыз.
Сау болыңдар!
Білім беру саласы: Қатынас
Бөлімі: Тіл дамыту.
Тақырыбы: «Ас –адамның арқауы».
Мақсаты:
А) Білімділік: Дәрумендер және олардың пайдасы туралы алғашқы түсінік беру.
Ә) Дамытушылық:Тыңдай білу және қарапайым ойын ережелерін орындай білу іскерліктерін дамыту.
Б) Тәрбиелік: Дұрыс тамақтана білуге, өз денсаулығын сақтауға тәрбиелеу.
Алдын-ала жүргізілетін жұмыстар: Мақал-мәтелдер ,сергіту сәтін жаттату.
Әдіс-тәсілдері: Түсіндіру, сұрақ-жауап, ойын.
Көрнекіліктер: Суреттер , қуыршақ Айдана, жеміс, көкөністер.
Билингвалдық компонент: Тамақ-еда -food, дәрумен-витамин-vitamin , пайдалы-полезный- useful.
Барысы:
-Қайырлы таң балалар!
-Қайырлы таң!
-Көңіл-күйлерің жақсы ма?
-Жақсы.
-Олай болса, ортаға жылулық шеңберіне тұрайық.
Жылулық шеңбері:
Топ-топ басайық,
Жалаудан күн жасайық.
Жаса, жаса алтын күн,
Жаса, жаса жарқын күн!
-Өте жақсы, балалар. Орындарыңа отыра қойыңдар.
-Балалар қазір қай мезгіл?
-Көктем мезгілі.
-Көктем айларын айтайықшы?
-Наурыз, Сәуір, Мамыр.
-Өте жақсы. Жарайсыңдар. Орындарыңа отыра қойыңдар.
-Балалар, біздің бүгінгі ашық оқу-іс әрекетіміз «Ас-адамның арқауы» деп аталады.
Мен сендерге жұмбақ жасырамын, сендер шешуін тауып көріңдерші.
-Үсті тас, асты тас,
Ортасында піскен ас. (нан)
Дұрыс айтасыңдар.
Балалар, бізге қуыршақ Айдана келіп отыр. Ол ауырып қалыпты. Дәрігер тексріп, оған дәрумендер жетіспейтінін анықтапты. Дәрумен дегеніміз не ?
Дәрумендер-денсаулығымызға және сергек болуымызға көмектеседі. Егер тамақта дәрумендер жетіспесе ,адамдар біздің қуыршағымыз сияқты ауырып, әлсіз болып қалады. Қуыршаққа дәрумендердің қайда болатынын айтайық. Дәрумендер көкөністерде, жеміс-жидектерде көп болады. Күнделікті көкөніс пен жемістерді көбірек жеп тұрған пайдалы. Сондай-ақ тек қана көкөністерді жеп қоймай, ертеңгісін, түсте және кеште ботқа, сүт және ет тағамдарын пайдаланып, нан жеп, шырынды ішуіміз керек. Адам ауырмау үшін дұрыс, уақытында тамақтанып жүру керек. Көкөністерді , жеміс-жидектерді міндетті түрде жуып жеу керек.
Суретпен жұмыс.
Балаларға суреттен азық-түлік, жеміс, жидек, көкөніс түрлерін көрсетіп, бір-бірінен айырып түсіндіру.
-Балалар менің қолымда не бар?
-Пияз.
-Пияздың дәмі қандай?
-Ащы.
-Оны аршығанда мұрынды ашытып, көзден жас ағады. Пиязда адамды түрлі аурудан қорғайтын дәрумен бар. Пияз көкөніске жатады.
Сергіту сәті
Орнымыздан тұрамыз,
Қолымызды созамыз.
Алма ағаштай жайқалып,
Әдемі боп өсеміз.
Мақал-мәтелдер
Шұғыла: «Ас-адамның арқауы».
Қарақат: «Ас атасы-нан».
Парасат: «Тату үйдің тамағы тәтті».
Сиқырлы сәт «Ғажайып қалта».
Қалтада көкөністер мен жемістер болады.Балалар көкөніс пен жемістерді бір-бірлеп алып, аттарын айтады. Көкөніс не жеміс екенін ажыратады.
«Қандай?» деген сұраққа жауап береді. Үлкен-кішкентай, тәтті-ащы екенін айтады. Балалар қолдарындағы жемістер мен көкөністерді ыдысқа дұрыс салуы керек. Жемістерді себетке, көкөністі тәрелкеге салулары керек.
Сөздік жұмысы :
Тамақ-еда -food,
дәрумен-витамин-vitamin ,
пайдалы-полезный- useful.
Дидактикалық ойын «Дәмін айыра біл»
Балалар кесілген жемістер мен көкөністерді аузына салып, дәмінің қандай екенін айтады.
Сұрақ-жауап.
-Дәрумендер жеткілікті болу үшін адам не істеу керек?
-Дәрумендер қайда болады?
-Көкөніс пен жеміс- жидекті жеу алдында не істеу керек?
Жарайсыңдар балалар. Бүгін біздер қуыршақ Айданаға дәруменнің қандай тағамда болатынын айтып түсіндірдік. Ол енді дұрыс тамақтанып, ауырмайтын болады. Жақсы қатынасқан балаларды марапаттау.
Күтілетін нәтиже: Оқу-іс әрекеті мақсатына жетті.
Баланың білгені: Дәруменді тағамдар туралы түсінік алды.
Бала қандай түсініктерді игерді: Көкөніс, жемістер туралы түсінікті игерді.
Меңгерген дағдылары мен түсініктері: Дәруменнің адам денсаулығына пайдалылығын меңгерді.
Білім беру саласы: Таным
Бөлімі: Қоршаған ортамен таныстыру
Тақырыбы: «Үй құстары»
Мақсаты:
а) Балаларға үй құстарын таныстыру, олардың тіршілігі мен пайдасын айтып, білімдерін, танымын жетілдіру.
ә) Балардың сөздік қорларын, есте сақтау қабілеттерін дамыту.
б) Үй құстарына қамқорлықпен қарауға, адамгершілікке тәрбиелеу.
Алдын-ала жүргізілетін жұмыстар: Балаларға құстар туралы тақпақтар жаттату.
Әдіс-тәсілдері: Түсіндіру, сұрақ-жауап, ойын.
Көрнекіліктер: Суреттер , құстарға берілетін азық түрлері, жастық, құстың жұмыртқасы.
Билингвалдық компонент: құс-птица-bird, тауық-курица-hen, балапан-цыпленок-nestling.
Барысы:
-Көңіл-күйлерің жақсы ма, балалар?
-Жақсы.
-Бүгінгі ашық оқу-іс әрекетіне дайынбыз ба?
-Ия.
-Олай болса, ортаға жылулық шеңберіне тұрайық.
Жылулық шеңбері:
Ұйқымыздан тұрамыз,
Бөбекжайға барамыз,
Ойнап, асыр саламыз.
Еркелеткен анамыз,
Біз бақытты баламыз.
-Өте жақсы, балалар. Орындарыңа отыра қойыңдар.
Сұрақ-жауап кезеңі.
-Балалар қазір жылдың қай мезгілі?
-Көктем мезгілі.
-Көктем айларын айтайықшы?
-Наурыз, Сәуір, Мамыр.
-Көктемде қандай өзгерістер болады?
-Күн жылынады, жер көгереді, ағаштар бүр жарады.
-Өте жақсы. Жарайсыңдар.
Тосын жағдай .
-Балалар, есік қағып тұрған сияқты ма? Қане, қарайық.
-Балалар, есік алдынан қорапша тауып алдым, сендердікі емес пе?
-Жоқ.
-Қонақтардыкі емес пе екен?
-Жоқ.
-Жарайды бұл жұмбақ қорапшаның ішінде не бар екен, көрейік.
Суреттер бар екен.
-Мынау ненің суреті ?
-Әтеш қандай дыбыс шығарады ?
-Мынау ненің суреті ?
-Тауық қандай дыбыс шығарады ?
-Мынау ненің суреті ?
-Үйрек қандай дыбыс шығарады ?
-Мынау ненің суреті ?
-Қаз қандай дыбыс шығарады ?
Балалар , енді осы құстардың жанды дауысын тыңдап көрейік.
Үй құстарының жанды дауысын тыңдату.
Жаңа сабақ.
Балалар бұлар-құстар. Құстар дала құстары және үй құстары болып бөлінеді.
Дала құстары өз беттерінше тіршілік ететін құстар. Суреттен дала құстарының түрлерін көрсетіп, таныстыру.
Үй құстары үйде адамдар асырап , бағатын құстар. Бұл құстарға қолдан жем, су беріп, арнайы орын дайындап , күтіп-баптайды. Біздер бүгін үй құстарымен танысатын боламыз.
Үй құстары үйде тіршілік ететін құстар. Үй құстарының адамға пайдасы өте көп.
Бұл құстардың етін жейміз,жұмыртқасынан түрлі тағамдар дайындаймыз. Мамығынан жастықтар дайындалады.
Құстардың түрлері туралы түсіндіру.
Адамдар үй құстарын қамқорлыққа алып, күтіп-баптайды. Олардың жем-суын беріп, тұратын жерін уақытылы тазалап отырады, ит-құстан қорғайды.
Құстың балапаны өте нәзік болатындықтан, оларға ерекше күтім жасайды.
Үй құстары арпа, бидай, тары, жем жеп, су ішеді.
Міне, үй құстарының адамға пайдасы мол болғандықтан, оларға тимей, қамқорлық жасау керек.
Үй құстары туралы тақпақтар
Айару: Ақ тауық-ай, ақ тауық,
Ақ тауық неден қақсауық.
Ертеменен қыт-қыттайды,
Ауламыздан шықпайды.
Ерасыл: Қазым, қазым, қаңқылда,
Суда жүзіп саңқылда.
Арпа, бидай шашайын,
Тойып алып, саңқылда.
Бейбарыс: Мен қоразбын, қоразбын,
Лас баламен аразбын.
Тазалыққа сүйінем,
Кір-қоқысқа күйінем.
Сергіту сәті:
Көбелекке ұқсап,
Ұшайықшы бәріміз.
Оңға қарай бір ұшып,
Солға қарай бір ұшып,
Айналайық жер шарын.
Қимылды ойын. «Үйіңді тап». Балаларға құстардың суреті таратылып беріледі. Сол суреттер бойынша балалар ұқсас суреттері бар үйшіктерге барулары керек.
Сөздік жұмысы :
құс-птица-bird,
тауық-курица-hen,
балапан-цыпленок-nestling
Сұрақ-жауап.
- Үй құстарына нелер жатады?
- Үй құстарының қандай пайдасы бар?
- Үй құстары немен қоректенеді?
Қорытынды.Жақсы қатынасқан балаларды марапаттау.
Күтілетін нәтиже: Оқу-іс әрекеті мақсатына жетті.
Баланың білгені: Үй құстары туралы мағлұмат алды.
Бала қандай түсініктерді игерді: Үй құстарының тіршілігі туралы түсінікті Меңгерген дағдылары мен түсініктері: Үй құстарына қамқор болуды, оларды қүтіп-баптау керектігін меңгерді.