Применение кейс технологий на уроках физики (на казахском языке)



ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
Алматы қаласы Білім басқармасының
«Алматы темір жол көлігі колледжі» білім беру мекемесі
Бекітемін:
Директордың оқу-әдістемелік ісі
жөніндегі орынбасары
_05.06_2015жыл
262890118110_________З. Д.Тулендинова
ӘДІСТЕМЕЛІК ДӘЙЕКТЕМЕ
Физикадан кейс технологиясын қолданып өткізілген
ашық сабақ
Тақырыбы:Механикалық тербелістер
«Жалпы білім беру және әлеуметтік» Дайындаған «Физика»
пәндер циклдық-әдістемелік отырысында пәнінің оқытушысы А.Ж. Жакупова
қаралып, бекітілді__________
«___»_________ 2015 ж. №__-хаттама
ЦӘК жетекшісі: _________ Н.С. Сагинаева
Алматы 2015 ж.
«Механикалық тербелістер» тақырыбы бойынша кейс технологиясын қолданып өткізетін сабақтың тақырыптық жоспары
Оқу орны: Алматы темір жол көлігі колледжі
Мерзiмі26. 05. 2015ж.
ТақырыбыМеханикалық тербелістер (кейс технологиясы бойынша)
Оқытушы: Жакупова Айнур Жанарбековна
Топ: Т-1-1 Оқушылар саны: 15
Сабақтың мақсаттары:
Білімділік - тербелмелі қозғалыстың пайда болу себептерін анықтау, тербеліс периодымен, жиілігімен, амплитудасымен, еркін және еріксіз тербелістер ұғымдарымен танысу;
Дамытушылық - кейс технологиясының элементтерін қолдана отырып, оқушылардың өз бетінше іздене білу дағдыларын қалыптастыру; ақпаратпен жұмыс істеу, негізгі ұғымдарды таба білу, зерттеу қызметі, график сызу дағдыларын дамыту;
Тәрбиелік - адамгершілікке, отаншылдыққа тәрбиелеу.
Ресурстар: (құралдар, мәлiметтер): интерактивті тақта, әдістемелік құрал, «Физика» оқу құралы, авт. Г. Я. Мякишев, Б. Б Буховцев. М, «Просвящение», 2005 ж., слайдтар.
Сабақтың кезеңдері:
1. Ұйымдастыру кезеңі(3 мин) (Сәлемдесу, оқушыларды түгендеу, оқушылардың сабаққа дайындығын тексеру).
2. Топпен жұмыс(15 мин).
- Негізгі ұғымдардың тізімінен өз бетінше мәтін құрастыру (сөйлем, сөз тіркесі болса да болады). Негізгі ұғымдар: жүйе, тербеліс, жиілік, период, амплитуда, маятник, энергия, қозғалыс.
3.Мәтінмен және слайдпен жұмыс(45 мин), (ойын технологияларын қолдану арқылы)
А) Дайын мәтінді оқи отырып, білім алушылар тербелмелі қозғалыстың пайда болу себептерін анықтайды(15 мин).
Механикалық тербелістер тақырыбы бойынша мәтін-конспект:
Тербелмелі қозғалыстар, немесе тербелістер табиғатта кеңінен таралған. Затты тербелту өте оңай. Дененің бір жақтан екінші жаққа кезекпен орын ауыстыруын тербеліс деп атаймыз. Уақыт өтуімен тербелістер біртіндеп әлсірейді (өшеді), ақырында тоқтайды. Жіпке ілінген кішкене шарды – қарапайым маятник деуге болады. Әдетте, маятник деп жіпке ілінген немесе оське бекітілген, ауырлық күшінің әсерінен тербелістер жасай алатын денені атаймыз. Бұл ретте ось дененің ауырлық ортасы арқылы өтпеуі тиіс. Маятник деп шегеге ілінген сызғышты, люстраны, иінтіректі таразыны атауға болады. Тербеліс кезінде дене қозғалысы қайталанады. Егер қозғалыс қайталанатын болса, оны периодты қозғалыс деп атаймыз.
Тербелістер – бұл белгілі бір уақыт аралығы ішінде қайталанатын қозғалыстар. Автомобиль қозғалтқышының піспегінің (поршенінің), толқын бетіндегі қалқыманың, жел кезіндегі ағаш бұтақтарының, біздің жүрегіміздің соғу қозғалыстары қайталанады.
Тербелістер еркін және еріксіз тербелістер болып бөлінеді. Еркін тербелістер дегеніміз: жүйені тепе-теңдік күйден шығарғаннан кейін ішкі күштердің әсерінен болатын жүйедегі тербелістер. Серіппеге бекітілген немесе жіпке ілінген жүктің тербелістері еркін тербелістерге жатады. Осы жүйелерді тепе-теңдік күйден шығарғанннан кейін жүйе сыртқы күштердің әсерінсіз тербелетін жағдай туады. Еркін тербелістердің пайда болу шарты: 1. Денені тепе-теңдік күйден шығарғаннан кейін жүйеде тепе-теңдік күйге бағытталған, сәйкесінше, денені тепе-теңдік күйге әкелуге тырысатын күш болуы тиіс. 2. Жүйеде үйкеліс күші аз болуы тиіс. Әйтпесе тербелістер тез өшіп қалуы немесе тіпті пайда болмауы да мүмкін. Өшпейтін тербелістер тек үйкеліс болмаған жағдайда ғана болады.
Еріксіз тербелістер деп сыртқы периодты түрде өзгеріп отыратын күштердің әсерінен пайда болатын тербелістерді атаймыз. Егер үстелде жатқан кітапты қолымызбен алдыға және артқа периодты түрде жылжытатын болсақ, онда кітап тербеліс жасайды. Алайда бұл тербелістер еркін емес, еріксіз тербелістер болады. Кітаптың тербелісі бұл жағдайда қолымыздың тарапынан әсер еткен күштің, яғни модулі мен бағыты бойынша периодты өзгеретін күштің әсерінен болып отыр.
Физикалық шаманың синус немесе косинус заңы бойынша уақытқа тәуелді түрде периодты өзгеруі гармоникалық тербелістер деп аталады. Тербелмелі қозғалыстың маңызды сипаттамасы – амплитуда болып табылады. Гармоникалық тербелістердің амплитудасы дегеніміз дененің тепе-теңдік күйінен ең үлкен ауытқу модулі. Амплитуда бастапқы күймен анықталады. Дене қозғалысының толық қайталанатын Т уақыт аралығын тербеліс периоды деп атаймыз және Т әрпімен белгілейміз. Тербеліс жиілігі дегеніміз уақыт бірлігі ішіндегі тербелістер саны, оны ν әрпімен белгілейміз.
ν=1ТЖиіліктің өлшем бірлігі: Герц (Гц).
ω0=2πТ=2πν - 2π с ішіндегі тербелістер саны немесе циклдік жиілік деп аталады.
Математикалық маятник деп салмақсыз тартылыс күшінсіз жіпке ілінген материалды нүктені атаймыз. Математикалық маятниктің тербеліс периоды
Т=2πlgМұндағы l – маятниктің ұзындығы, g - еркін түсу үдеуі.
Студенттер бұл тапсырманы үлкен белсенділікпен орындап, төмендегідей жауап нұсқаларын берді:
Тербелмелі қозғалыс пайда болу үшін денені тепе-теңдік күйден шығару қажет.
Тербелмелі қозғалыс өшпес үшін дене қозғалысына қарсы әсер ететін үйкеліс күші аз болуы тиіс.
Денені тепе-теңдік күйден шығарғаннан кейін, денені бастапқы тепе-теңдік күйіне әкелуге тырысатын күш болуы тиіс және т.б.
Б) Мәтіннің мазмұнын айтып береді. Мәтін бойынша фактілерді, құбылыстардың сипаттамаларын, идеяларын, заңдарын табады(10 мин).
Студенттер бұл тапсырма бойынша мәтіннің мазмұнын қысқаша баяндап, ондағы фактілерді, заңдылықтарды таба білді. Жауаптар нұсқалары дұрыс, нақты және келесі түрде берілді: Еркін және еріксіз тербелістердің бір-бірінен айырмашылығы –еркін тербелістер жүйені тепе-теңдік күйден шығарғаннан кейін ішкі күштердің әсерінен болатын тербелістер, ал еріксіз тербелістер – сыртқы күштердің әсерінен болатын тербелістер; Тербелмелі қозғалысты сипаттайтын шамалар: жиілік, тербеліс периоды және амплитуда болып табылады. Синус немесе косинус заңына байланысты өзгеретін тербелістер гармоникалық тербелістер деп аталады. Тербелмелі қозғалыстың табиғаттағы мысалдарына желдің әсерінен ағаш бұтақтарының қозғалысы, серіппеге ілінген жүктің қозғалысы, т.б. жатады.
В) Конспект – жоспар құрады, Мәтінді сызба арқылы көрсетеді (§18-19)(15 мин).
Бұл тапсырма бойынша студенттер мәтінді оқып шығып қысқаша дәптерлеріне конспект жасады және мәтін бойынша сызба құрды:
Тербелмелі қозғалыс
Гармоникалық тербелістер
Еркін тербелістер
Еріксіз тербелістер
Жүйені тепе-теңдік күйден шығарғаннан кейін ішкі күштердің әсерінен болатын тербелістер
Сыртқы периодты түрде өзгеріп отыратын күштердің әсерінен пайда болатын тербелістер
Т, Хm, ν


Г).Х орын ауыстырудың (t) уақытқа тәуелді графигін сызады(5 мин)
Студенттер Х орын ауыстырудың t уақытқа тәуелділігінің графигін өз бетінше сызды:
,
4.Бекіту(20 мин):
а) Математикалық маятниктің тербелмелі қозғалысының анимациясын көру (электронды оқулықтан): (Виртуальная школа Кирилла и Мефодия «Уроки физики» 11 класс)(10 мин);
в) оқулық бойынша сұрақтарға жауап беру §18-19(10 мин).
Сұрақтар:
Қандай тербелістер еркін тербелістер деп аталады?
Еркін тербелістерге мысалдар келтіріңіздер.
Қандай жағдайда жүйеде еркін тербелістер пайда болады?
Қандай тербелістерді еріксіз тербелістер деп атаймыз?
Еріксіз тербелістерге мысалдар келтіріңіздер.
5. Үй тапсырмасын беру(2 мин)1.§ 18-19 – оқып келу.
2.Портфолио: Резонанс. Резонанстың қолданылуы - ғылыми-танымал мақалалар, басылымдар (газет, журнал), фотосуреттер, суреттер жинау.
3. «Математикалық маятник» тақырыбына реферат (өзіндік жұмыстың тапсырмасы) жазу.
6. Сабақты қорытындылау: Бүгін біз сіздермен тербелмелі қозғалысты, оны сипаттайтын шамаларды, математикалық маятник ұғымын, еркін және еріксіз тербеліс түрлерін қарастырдық. Бұл мәселелерді қарастыру барысында біз ұғымды талдап, оның заңдылықтарын, құбылыстарының мәнін аштық. Барлықтарыңыз да сабаққа белсене араласып, өз білімдеріңізді, ізденістеріңізді көрсеттіңіздер.
7. Бағалау (5 мин). Сабаққа белсене қатысқан оқушыларға баға қою («5» - 4 студент, «4» - 6 студент, «3» - 2 студент).
8. Рефлексия. Кейс технологиясын қолданып өткізілген сабақ өзінің мақсаттарын қол жеткізді. Бұл сабақ студенттердің өз бетінше жұмыс істей білу, ақпаратты талдай білу, өз ойын ашық айта білу, физикалық заңдылықтарды, құбылыстардың мәнін аша білу дағдыларын дамытты. Осы технологияны немесе оның элементтерін қолдану студенттердің өз группаластарының мәселені шешу нұсқаларын қабылдау қабілеттерін дамытты. Сабақ барысында олар еркін әрекет ету құқығына ие болды.
Оқытушы: А.Ж. Жакупова