?абит М?сірепов — ?лтты? м?дениетімізді? тарихында?ы ?лкен т?л?а. Жазушыны? ту?анына – 115 жыл (Сыныптан тыс ж?мыс)


Алматы облысы Қарасай ауданы «Үшқоңыр ауылындағы орта мектеп-гимназия мектепке дейінгі шағын орталықпен» КММ
Тақырыбы:
Ғабит Мүсірепов - ұлттық мәдениетіміздің тарихындағы үлкен тұлға
Жазушының туғанына – 115 жыл
(Сыныптан тыс жұмыс)
2016-2017 оқу жылы
Мақсаты: Жазушының өмір жолы арқылы оқушыларды адамгершілік пен парасаттылыққа баулу,қазақ халқының әдебиеті мен мәдениетін құрметтеу,сөз құдіретін түсінуге тәрбиелеу,көркем сөйлеуге баулу.
1-жүргізуші: «Дүниеде адам баласының ұлы қасиеті екеу-ақ: Ой ұлылығы,сұлулық ұлылығы. Көркем айтылған ой ұлы, ойландыра алған сұлулық ұлы» ,- деп суреткер ақын Ғабит Мүсіреповтың өзі айтқандай, артына өшпес өнер,өлмес мұрасы әңгімелерін,очерк,публицистика,повесть,роман,драмаларын қалдырған қазақ әдебиетіндегі майталман жүйрік көркемсөз зергері Ғабит Мүсірепов өмірі мен шығармашылығы біздің бүгінгі тақырыбымыз.
2-жүргізуші: Ғабит Махматұлы Мүсірепов 1902 жылы қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданында дүниеге келген.1985 жылы 83 жасында дүниеден қайтты. Жазушының 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтілсе,бүгінгі күні жазушының туғанына – 115 жыл.
Орыс мектебінде жүргенде орыстың атақты ақын-жазушыларының шығармаларын оқып білуі,ауыл мектебінде өзін оқытқан әдебиетші мұғалім Бекет Өтетілеуовтің әсер ықпалы болашақ жазушының әдебиетке ерекше ықылас аударуына септігін тигізеді.
1-жүргізуші:1923-1926-шы жылдары Орынбор қаласындағы жұмысшы факультетіне оқуға түсіп,оны бітірісімен,Омбыдағы Ауылшаруашылық институтында бір жыл ғана оқиды. Содан кейін Кеңестік дәуірдегі баспасөз,халық ағарту көркемөнер мекемелерінде әртүрлі жауапты қызметтерді атқарады. Жазушының әдеби-шығармашылық еңбегі жиырмасыншы жылдардың аяқ шенінен басталды.
2-жүргізуші:Жазушы қаламынан жиырмадан астам әңгіме,хикаяттар «Қос шалқар»,«Ана туралы новеллалар», «Автобиографиялық әңгіме», «Талпақ танау», Екінші дүниежүзілік соғысы жылдарын бейнелейтін тұлғалы туындысы «Қазақ солдаты» романын жазады. Бұдан кейін ол араға біраз уақыт салып,өзінің ең ірі салалы да салиқалы шығармасы «Оянған өлке» романын жариялайды.Сонау отызыншы жылдарда - ақ үлкен драматург екенін танытып, «Қыз Жібек»операсының либреттосын, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу»пьесасын берген Ғабит Мүсірепов кейінгі жылдарда да бүкіл қазақ драматургиясының тамаша туындысы болып табылған «Ақан сері – Ақтоқты» «Амангелді» пьесаларын жазады. Оның шығармалары негізінде кинофильмдер түсіріледі.
1-жүргізуші: Отызыншы жылдардың орта шенінде жазушыны Максим Горькийдің ана тақырыбына жазған романтикалық әңгімелері қызықтырады.Гуманист жазушы М.Горькийдің адам деген ардақты атты жоғары бағалауы ,өмірге рух себуші ,тіршілік иесі аналардың қоғамдағы рөлі Ғабит Мүсіреповке үлкен ой салады. Ол М.Горькийдің «Адамның анасы», «Өлімді жеңген ана» атты екі новелласын аударып,өзі де «Ананың анасы», «Ашынған ана», «Ананың арашасы», «Ер ана», «Ақлима» атты әңгімелерін жазды.
2-жүргізуші: Иә,өмірде ана атану,перзент сүю ,артына ұрпақ қалдыру қашан да адамзат баласына тән асыл қасиет,үлкен арман емес пе?! Жер бетіндегі тіршіліктің өзегін болашаққа жалғаған,өсер ұрпағына ізгіліктің дәнін сепкен – аналар.
Ендеше, қазір ана тақырыбын сахналық көрініспен жалғастырамыз.
1-жүргізуші: Ғ.Мүсіреповтің «Өлімді жеңген ана» шығармасын сахналайтын, Ана кейіпкерін сомдайтын 9 В сынып оқушысы - Жалғасова Алтынай, Әмір-Темір кейіпкерін сомдайтын 9В сынып оқушысы – Елубаев Темірлан. (Үзінді)
1-жүргізуші: Елу жыл жалғанды жалпағынан басып, өзінен басқа өзге де күш бар екенін сезбеген, жеңілген елдің сүйегінен биік мұнаралы минарет,сарайлар салғызған,ажалмен күш теңестіріп,өмірді талқандаған Әмір Темір әйелге басын иеді. Ұлын тауып беру үшін үш жүз салт әскеріне жердің төрт бұрышын аралауға аттансын деп бұйрық береді.
2-жүргізуші:Ғ.Мүсірепов тіл туралы былай деген: «Тілін білмеген түбін білмейді». Өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін оқытудағы мақсат – мемлекеттік тілде сөйлей білуге,өз ойын айта білуге,сауатты жаза білуге үйрету.
«Ғабит Мүсірепов - ұлттық мәдениетіміздің тарихындағы үлкен тұлға» атты әдеби-монтажды бастаймыз.
Әдеби монтаж (Адай күйі ақырын жіберіледі.)
1-оқушы:Балаған елі шыңға да ең,
Асқардың өзі - ау шың – Ғабең.
Дарағай,дара тұлғамен
Асқақтап,асып туған ең.
Алаштың заңғар ұлына
Басын бір иген күллі әлем.
2-оқушы:Асқақтар дара аспаны,
Сарқылмас дана дастаным.
Шаңқ етер шыңнан асқақ үн,
Аңсатты елді асына
Алашты басың қосқаның.
3-оқушы:Әрлеумен ғасыр әжімін
Ғұмырдың өтер жазы мың.
Айғақтап ұрпақ тәжімін,
Әлпештер қазақ өз ұлын.
Ғабеңнен тапқан қашанда
Қазақы сөздің қазығын.
4-оқушы:Өтсе да талай таңдары,
Сағынар қазақ саңлағын.
Піріне балап аруағын,
Пайымдар қыран самғауын.
5-оқушы:Ғабит Мүсірепов – дүниежүзілік классик әдебиетшілердің драмалық шығармаларын қазақ тіліне аударған дарынды аудармашы. Ол У.Шекспирдің «Антоний мен Клеопатра», «Мольердің «Сараң», А.Островскийдің «Таланттар мен табынушылар» сияқты пьесаларын қазақ тілінде сөйлетті.
Ғабит Мүсірепов – ардақты ат! Мүсірепов туралы мың сөзден «Мүсірепов» деген бір сөздің мағынасы әлдеқайда терең,мазмұны әлдеқайда бай. Ғабит Мүсіреповті мақтаудың керегі жоқ. Онымен мақтануымыз керек. Зейнолла Қабдолов
1-жүргізуші:Жазушының ана тілі туралы айтқан сөздерін тауып оқып келген оқушыларды ортаға шақырайық.
1-оқушы: Ана тілін ұмытқан адам өзінің өткенінен де, болашағынан да қол үзеді...
2-оқушы:Ана тілін тек өгей ұлдары ғана менсінбейді,өгей ұлдары ғана аяққа басады.
3-оқушы:Ана тілін білмеушілер өздерін білімсіз деп санамайды - ау деймін,сондықтан өздерін асырап отырған ана тілін қалай болса да солай қорлай беруге ұялмайды.
4-оқушы:Ана тілінен айырылған адам өз халқы жасаған мәдени мұраның бәрінен құралақан қалады.
5-оқушы:Тілін білмеген - түбін білмейді,ондай адам күлдірем деп күйдіреді, сүйсіндірем деп сүріндіреді,білдірем деп бүлдіреді,қуантам деп қуартады,келтірем деп кетіреді,жұбатам деп жылатады.
6-оқушы:Тілден биік асқар тау,тілден асқан байлық жоқ,тілден терең теңіз жоқ.
7-оқушы:Ана тілі дегеніміз – баяғысын да,бүгінгісін де,болашағын да танытатын,сол халықтың мәңгілігінің мәңгілік мәселесі.
Мұғалімінің сөзі:
«Кім білгір?»
Ғабит атамыз туралы кім көп білетінін жедел сұрақтарға жауап беру арқылы анықтау. (интерактивті тақта)
Биыл Ғабит Мүсіреповтің туғанына қанша жыл? (115 жыл)
Ғабит Мүсірепов қай жерде дүниеге келді? (1902 жылы Солтүстік Қазақстан облысы,Жамбыл ауданы,Жаңажол ауылында дүниеге келді)
Жазушының қандай пьесалары бар? («Ақан Сері – Ақтоқты», «Амангелді», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Қыз Жібек» пьесалары)
Ғабит Мүсіреповтің ана тақырыбында қандай шығармалар жазды? («Ананың анасы», «Ашынған ана», «Ананың арашасы», «Ер ана», «Ақлима»)
Максим Горькийден аударған шығармаларын ата? («Адамның анасы», «Өлімді жеңген ана» новелласын қазақ тіліне аударды.)
Ғабит Мүсіреповтің алғашқы ұстазы кім? (Бекет Өтетілеуов)
Жазушының өзі туралы жазған шығармасын ата?( Автобиографиялық әңгіме)
Жапонияның Хиросима мен Нагасаки қаласына,адам мен адамзатқа тигізген зардабы жайлы жазылған шығармасы қалай деп аталады? («Жапон балладасы». Үш бөлімнен тұрады: Көздің әңгімесі,Тастың әңгімесі,Арқаның әңгімесі»)
Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарын бейнелейтін романын ата? («Қазақ солдаты»романы)
Жазушының 100 жылдық мерейтойы қай жылы өтті? (2002 жылы ЮНЕСКО-ның қолдауымен жазушының 100 жылдық мерейтойы аталып өтті.)
Қорытынды сөз: Осымен, бүгінгі біздің Ғабит Мүсіреповтің 115 жылдығына арналған «Ғабит Мүсірепов - ұлттық мәдениетіміздің тарихындағы үлкен тұлға» атты әдеби-кешімізді тамашалағандарыңызға көп рахмет.