Ашы? т?рбие са?аты ?ана?атшылды? — парасаттылы?ты? белгісі 6-сынып
Дарынды балаларға арналған
мамандандырылған мектеп
лицей – интернаты.
Амренова МС.
Қанағатшылдық – парасаттылықтың белгісі.
Мақсаты: 1. Оқушыларға «қанағатшылдық» деген сөздің мағынасын түсіндіру.
Қанағат ол да әдептілік екенін, әр тапқан дүниесін игілікке жұмсап,
қанағатшыл болуға тәрбиелеу.
Ұлағат сөздерді оқып талдау.
Кіріспе: Қанағат – азды жеткілікті көру. Адам пенде болғанан кейін ала берсем, жей берсем, кие берсем деп және тағы басқаларды қалай береді. Қолы бір нәрсеге жеткен сайын тағы молырақ болса екен дейді.
Егер бұл жаман қасиетке кісі өзі дереу тоқтату қоймаса, онда мұндай адам құнығып кетеді. Ондай адамды ел «Ашкөз» деп атайды. Ал, ашкөзділікке тоқтау салатын адамның бойындағы бірден бір қуатты күш – қанағатшылдық.
Қанағат – әдептіліктің басты белгісі және негізі. Ол адамның сана – сезімі мен іс-қимылындағы жақсы әдеп. Қанағатты әдетке айналдырған жан өмір бақи игілігін көреді. Өйткені ол адамшылық жолдан тайдырмайды, аздың өзіне қанағат қылдырады. Қанағат аш көзділікке жібермейді, біреудің дүние-затына сұқтандырмайды, сұғанақтық жасаттырмайды. Сондықтан қанағатшыл кісі жұмсақ, кішіпейіл де қарапайым болып, көптің құрметіне ие болады.
Қанағатшыл болу деген не?
Қанағатшыл болу дегеніміз - қолда бардың қадірін білу. Өйткені, қанағатты пір тұтқан адам қолында бар дәулеттің, дүниенің қадірін біледі. Сондықтан ол бұларды оңды-солды, есепсіз пайдаланбайды. Ол мұқтаж адамдардың қалін ойлап, өз-өзіне жөн береді. Бірақ, жұрттың бәрі бірдей мұны осылай деп түсінбейді. Қанша мол байлығы болса да, оны қанағат қылмайтындар да кездеседі. Ондайлар «болған сайын, болсам деп, толған сайын, толсам» деп ашкөзділікке салынып, құдайдың қанағат, нысабын ұмытады, сөйтіп, жалған сөйлеп екіжүзділікке барады. Егер адам өзінен кем-нашар жағдайдағы адамдардың жайын ойлап, өзінің де сондай күйге душар болып қалуының мүмкін екенін ескерсе, онда барына қанағат қылып, қайта жоқ-жітікке қайырым жасаса, «саулығың - байлығың» дегенді үнемі жадында ұстаса, қанағатшыл да, өмірі де мәндірек, қызықтырақ болары сөзсіз.
Мысалы: Сайф Сараидің «Түрікше гүлстан» кітабында осыдан 750 жылдай бұрын жазылған мынадай сөздер тап бүгін және қазіргі адамдарға ескерту ретінде айтылғандай. Онда былай делінген: «Дәулетті кім? Дәулетсіз кім?» деген сұраққа бір ақылман кісі: «Дәулетті – дәулетті жия білген, жиғанын жеген, бере білген. Дәулетсіз – есіл-дерті мал, дүние жию болып, өзі жеуге қимаған, сөйтіп, өмірінің қалай өтіп кеткенін білмей қалған адам» - деп жауап берген екен. Алғашқысы қандай сүйсінерлік болса, соңғысы қандай аянышты да жиіркенішті.
Ысырапшылдық деген не?
Сонымен бірге, қанағатшыл болу дегеніміз – Аллаға шүкіршілік ету. Әркімнің бұл дүниедегі несібесі әрқалай. Кім қандай да бір нәрсеге ие болса, әлбетте оны нәсіп етуші – жаратқанның өзі. Алла тағала адамға алдымен береді, егер оны қанағат етпесе қайтарып алады. Ендеше алланың бергеніне шүкіршілік ету керек. Бұл дегеніміз – қанағатшылдықтың дәп өзі.
Бұған қоса, қанағатшылдық дегеніміз – ысырапшылдық жасамау. Қанағатты адам ысырапшыл болмайды. Ысырыпшылық болса адамды жарлылыққа жетелейді.
Ысырап жасамау тек дүние-мүлік жұмсауда ғана емес, ішіп-жеуде, уақытты пайдалануда, сөз шығындамауда да керек. Өйткені не нәрседе болсын ысырап жасамау адам бойында үнемшілдік қасиетін өрістетеді. Олай болса қанағатшыл адам – әр нәрсені үнемді пайдалана білетін жан.
Шынында да адамның мәдениеті, рухани жан дүниесі неғұрлым бай болған сайын, оның заттық тұтынуы да шектеулі болатынына, ең қажет деген дүниені ғана қанағат тұтып, негізінен рухани байлыққа көбірек қызығатынына тарих куә.
Ал, ашкөзділік неге әкеледі?
Аш көзділік кісінің назарын буалдырландырып, рухани дүниені көріп – білуге кедергі жасайды, барлық есіл-дертін тамаққа, дүниеге аударып, жақындарынан, дос-жарандарынан аулақтатады, осылайша адамшылықтан айырады.
Қанағатсыздық жасынан алған тәрбиеге байланысты. Жастар емін-еркін әке-шешесінің еңбекпен тапқан, тірнектеп жинаған дүние-пұлын оңды-солды, бейберекет жұмсап, есепсіз шашып үйренсе, оның үстіне жаны қиналып, өз еңбегімен тапқаны болмаса, олар, әрине, аш көз болып өседі. Өйткені бәрін «менікі» деп дағдыланады. Бұл нағыз сорақы, жатыпішер ашқарақтық болмақ.
Ұлағат сөздер.
Қанағат – табиғаттың төл перзенті,
Тағы да денсаулықты ол күзетеді.
Әл-Фараби.
Тапшылықта азға да қанағат ете білгенің,
Өзіңе-өзің патша боп, еркін өмір сүргенің.
Р.Хорезми.
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым ойлап қой –
Бес асыл іс, білсеңіз.
Абай.
Кім азды қанағт тұтса, сол – бай.
К.Гольдони.
Ақылды адам азғантайды қанағат қылып, бақытты өмір сүреді, ал ақымаққа бәрін берсең де, аз.
Абай.
Қорытынды: Жалпы, бай болсын, кедей болсын, адам баласы үшін қанағатшылдық деген ежелден дұрыс өмір сүре білудің бір үлгісі ретінде танылып келген. «Адамның табысты тұрмысы көп табыс табуынын ғана емес, тапқанын үнемді жұмсай білуіне қарай өзгереді». Деген үлгі әр адамның бойында табылуға тиіс. Иә, қанағат адамды тәрбиелейді. Бұл тәрбиені қанына сіңірген адам Тәңірге де адал, жұртқа да сүйкімді болып, қоғамдағы мәнді орнын еш жоғалтпайды. Ұлы Абай: «Бес нәрсеге асық бол», - деп үйретке кезде солардың ішіне қанағатты да кіргізуі тегін емес екенін еш уақытта ойдан шығармауымыз керек.
Үйге тапсырма: «Қанағат – ол да бір дәулет» шығарма , ой толғау жазу.
Өскемен қаласы.