Музыка п?ні «Абай-а?ын, Абай-сазгер» сазды кеш
Утенова М.С.
Қызылжар негізгі жалпы білім беретін мектебі
«Абай-ақын, Абай-сазгер» сазды кеш
Мақсаты:Абайдың ақындық, сазгерлік өнеріне тоқталу, оқушыларды Абайдың әндерімен таныстыру, эстетикалық тәрбие беру,оқушылардың шығармашылық, орындаушылық қабілеттерін дамыту.
Көрнекілігі:Абайдың портреті, Абай әндері (кесте), М.Әуезов «Абай жолы» романы, проектор, «Абай» слайды, «Түнгі табиғат» слайды.
Жоспары:
І. Қызығушылықты ояту:топқа бөлу
ІІ.Мағынаны тану:
І топ: «Абай – ұлы ақын»
ІІ топ:«Абай - сазгер»
ІІІ. Толғаныс
Барысы:
І.Қызығушылықты ояту:
Құлақтан кіріп, бойды алар
Жақсы ән мен тәтті күй
Көңілге түрлі ой салар
Әнді сүйсең – менше сүй!-деген өлең жолдарын жазған кім?
- Абай Құнанбаев.
-Дұрыс таптыңдар,оқушылар.Ендеше,бүгінгі кешіміз қазақтың ұлы ақыны, әрі дана ойшылы Абай Құнанбаевқа арналады. Біз Абайдың ақындығымен қатар сазгерлігіне тоқталып, әндеріне шолу жасап, әндерінің сазы мен мағынасына үңілеміз.
Топқа бөлу: Абайдың «Ғылым таппай мақтанба» және «Әсемпаз болма әрнеге» өлеңдері арқылы топтастыру.
ІІ.Мағынаны тану:
І топ: «Абай – ұлы ақын»:
Абай Құнанбаев 1845 жылы Семей облысы (қазіргі Шығыс Қазақстан) Абай ауданындағы Шыңғыстау баурайында дүниеге келген. Шын есімі-Ибраһим.Анасы Ұлжан оны еркелетіп Абай деп атаған.Бала кезінен әжесі Зереден халық ауыз әдебиеті үлгілерін тыңдап (ертегілер, аңыздар, жырлар), халық өнерімен сусындаған. Абай алғашқы білімін ауыл мектебінде алады.Абай он жасқа келгенде әкесі Құнанбай оны Семей қаласына молда Ахмет Ризаның медресесіне оқуға берген. Осы кезде жас Абай Шығыстың атақты Науаи,Низами,Фирдоуси сияқты ақындарының шығармаларымен танысады. Өзі де соларға еліктеп өлең жаза бастайды. Абай – өз халқының көзі ашылып, алдыңғы қатарлы мәдениетті елдер қатарына қосылуын армандаған ақын. Ол шығармаларында жастарды өнер-білімге,ғылымға шақырады.
Мысалы: «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінде жаман әдеттерден аулақ болып, білім алуға, еңбекпен жақын болуға шақырады. «Әсемпаз болма әрнеге» өлеңінде жастарды өмірге жеңіл қарамай, өмірдегі өз орнынды тауып , халқыңа пайдаңды тигіз дегендей өсиет айтады.
Сонымен қатар, Абай өз өлеңдерінде табиғат көріністерін, жыл мезгілдері туралы жырлайды. «Қыс»,«Күз»,«Жазғытұры» өлеңдерінде адамдар мен жан-жануарлардың тіршілігі шебер суреттеледі.
Абайдың әдеби мұрасы тек өлеңдермен ғана шектелмейді. Абайдың өмір туралы терең толғаныстарға толы 45 “Қара сөздері” бар.
Абайдың шығармашылығына үлкен қозғау салған орыстың демократиялық (озық ойлы) ойы мен әдебиеті болды. Ол орыс достарының көмегімен А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов, Н.Крылов сияқты орыстың атақты ақындарының шығармаларымен танысып, ана тіліне аударды.
(Абай өлеңдері оқылады)
ІІ топ: «Абай - сазгер»:
Абай ақын ғана емес, Абай – сазгер, композитор, яғни ән шығарушы да болған. Абай басқа да халық арасынан шыққан әнші, күйші, композиторлар сияқты нота сауатын меңгермеген. Домбыра оның өмірлік серігі болды. Абай әндері әкеден –балаға мұра болып, ауызша таралып осы күнге дейін жетіп отыр.
Абай әндерін түрлі тақырыптарда жазды. Мысалы: табиғат туралы әндер, махаббат сезімі туралы әндері, үлгі-өнеге, тәрбиелік мәні бар, сыншыл әндері бар.
«Көзімнің қарасы» әні. Бұл әнде екі адамның жүрек сезімдері жырланады. Сонымен қатар әннен өкініш сазы да сезіледі. Абай бұл сезімді өлеңімен де, әнімен де өте дәл жеткізе білген. Ән асықпай, терең сезіммен орындалады.
«Көзімнің қарасы» әні орындалады.
Махаббат тақырыбына жазылған әндерінің бірі «Айттым сәлем, Қаламқас». Бұл әнге кең құрылымы мен саздылығы жөнінен орыстың қалалық әндерінің (городской романс) мәнерін енгізген.
«Айттым сәлем, Қаламқас» әні орындалады.
Абайдың аударма әндері де бар. А.С.Пушкиннің «Евгений Онегин» поэмасынан үзінділерді аударып, ән шығарған. Қазақ даласына «Татьянаның әні» деген атпен тарап кетті. Абайдың аударма әндерінің бірі – «Қараңғы түнде тау қалғып» әні. М.Ю.Лермонтов «Горные вершины» өлеңін кезінде немістің ұлы ақыны Гетеден аударған екен. Ал Абай оны қазақшаға аударып, ән шығарған.
«Қараңғы түнде тау қалғып» әні орындалады.
Ақын – сазгер Абай «Сегіз аяқ» әнінде надандықты, теңсіздікті ызалы саз үнімен тенейді. Ашу-ызасын тыңдаушыға жеткізу үшін бұл жерде қазақтың әндеріне тән әуездік өрістен әдейі бас тартады. Суреттемек бейнелерін қысқа, бірақ шебер суреттеп, тақпақтап жеткізбейді. Қазақтың халық музыкасында кездесетін терме, желдірме сипаттас сөйлеу тіліне жақын тіл табады. Сөйтіп, Абай сыншыл тақырыпта да ән шығарған.
«Сегіз аяқ» әні тыңдалады.
Жанға жайлы әсерлі әндерінің бірі «Желсіз түнде жарық ай». Бұл ән желсіз түндегі жарық ай астындағы тасыған өзенді, табиғаттың әдемі түнін елестетеді.Әуенінің өзі құлаққа жағымды естіледі.
«Желсіз түнде жарық ай» әні орындалады.
Қосымша деректер: Абайдың қаламынан туған тамаша өлеңдері мен әсерлі әндері қазақтың музыка тілін Абайдың өзіне ғана тән нақышымен толықтырды.
Қазақтың халық музыкасымен сусындаған Абай өз шығармаларында сол музыкалық дәстүрлерді біріктіріп, қазақтың ән өнерін жаңа бейнелеу құралдарымен байытты. Оның атақты әндерінің өлеңдері әлем халықтары тілдеріне аударылып, кеңінен таралып кетті. Көптеген музыка мамандары , зерттеушілері Абай шығармашылығын зерттеу үстінде. Оның көптеген шығармалары ұмытылған, жоғалған. Соңғы деректерге қарағанда Абайдың «Тор жорға» және «Май түні» атты екі күйі бар екені мәлім болды. Ұлы Абай 1904 жылы дүниеден озды.Бүгінде Абайдың асыл сөздері бүкіл адамзатттың рухани қазынасына айналды.
А.Құнанбаевтың 100 жылдығына арнап композиторлар А.Жұбанов пен Л.Хамиди «Абай» операсын жазды. Ол алғаш рет сахнада 1944 жылы желтоқсанда қойылды. Заманымыздың заңғар жазушысы М.Әуезов «Абай жолы» атты роман –эпопеясын жазды. «Абай жолы» әлемнің 30-дан аса тілдеріне аударылды.
ІІІ. Толғаныс.
1. Сұрақ-жауап:
1. А.Құнанбаевтың туған жері және өмір сүрген жылдары.
2. Абай қай қалада білім алды?
3. Абайдың жақын адамдарын ата?
4. Абайдың қандай өлеңдерін білесің?
5. Абайдың әндерін ата?
6. «Абай» операсын кімдер жазды?
7. «Абай жолы» романының авторы кім?
2. Танымдық ойындар: Сөзжұмбақ «Абай»
1. Құрманғазының күйі. /Ақбай/
2. Ерлердің жуан даусы. /бас/
3. Біржанмен айтысқан қыз/Сара/
4. Аспан денесі /Ай/
Қорытынды:
Парасатты болып туған
Шыңғыстаудың Абайы.
Ән мен жырын мұра еткен
Сарыарқаның Абайы.
Нақылымен сана құйған
Қазағымның Абайы.
Ақылымен дана болған
Бүкіл әлем Абайы!