Т?рбие са?аты Болмасын со?ыс, болмасын


Сабақтың тақырыбы: Болмасын соғыс, болмасын!
Сабақтың мақсаты: оқушыларды өз Отанын сүюге,қорғауға үйрету. Патриоттық тәрбие берумен қатар,олардың бойында өз еліне деген сүйіспеншілігін ояту. Ардагерлерімізді мақтан тұту, оларды парасатты азамат етіп тәрбиелеу.
Сабақтың көрнекілігі: даңқты батырларымыздың суреті,фотоальбом,ерлік туралы мақал-мәтелдер,буклеттер,кітап көрмесі т.б
Жүру барысы:
Хор: «ҚР-ның Әнұраны»
1-жүргізуші:Назгүл
Армысыздар, мектеп әкімшілігі, ұстаздар және ата-аналар мен оқушылар! Бүгін міне, Ұлы Жеңісімізге де 66 жыл толды. Мінеки, осы Ұлы Жеңіс мерекесіне орай сыныбымызда ұйымдастырылған мерекелік кешімізге қош келдіңіздер!
Ұлы мерекелеріңіз құтты болсын!
2-жүргізуші: Әділет
ССРО-Германия соғысы... ол біздің ақ шашты аталарымыз бен әкелеріміздің ерлік пен қаһармандыққа толы биік рухын күллі әлемге танытқан сындарлылық рәмізі болса, 9-мамыр – Жеңіс күні аға ұрпақтың сол жанқиярлық ісін ел жадында мәңгіге сақтауға арналған қастерлі мереке.
1-оқушы: Батырхан
1941 жылғы 22-маусымда таңғы сағат 4:00 – де бейбіт шырт ұйқыда жатқан Кеңес Одағына фашистік Германия тұтқиылдан шабуыл жасады. Шекарашылар қасық қандары қалғанша ұрыс жүргізді. Бірақ күшті жау ішкерілеп ене берді.
2-оқушы: Бекзат
Фашистік Германияның мақсаты бүкіл кеңес халқын құлға айналдыру, жерін басып алу еді. Фашистік Германия фюрері Адольф Гитлер қанқұйлы саясаты кеңес халқын дүр сілкіндірді.
3-оқушы: Әли
Уа,халқым!
Күн туды сенің басыңа,
Жау кірді сенің жеріңе,
Сұм фашистен қорғауға,
Аттан, халқым, майданға!
4-оқушы: Дастан
Кеңес адамдарының өз өмірін аямастан Отанның бостандығы үшін арпалысуға дайын екені соғыстың басынан –ақ көрінді. Кеңес шекарашыларының – Брест қамалын қорғаушылардың 1941 жылғы 22-маусымнан бір айдан астам уақыт бойы кескілескен ұрыста өздерін құрбан еткен ерлігі халықтың мәңгі есінде қалды.
5-оқушы: Батырхан
66 жыл толыпты ұлы күнге,
Оңайлықпен келген жоқ осы күнде.
Мың тағзым жанын берген батырларға,
Жеткізген мына бізді осы күнге.
6-оқушы: Жолдыбай
Жеңіс – деген жақсылықтың сыңары,
Жігер менен құштарлықтың құралы.
Күрескердің арманы мен ұраны,
Қуаныш пен мерекенің бұлағы.
7-оқушы: Жансұлу
Соғыс деген залалы ғой заманның,
Соғыс деген қайғысы ғой адамның.
Қара тұман құлы болған көк аспан,
Соғыс деген қарғысы ғой даламның.
8-оқушы: Құралай
Соғыс десе түршігеді жанымыз,
Дұшпан десе қайнайды ғой қанымыз.
Ал мен болсам адамзатқа тіледім,
Шырқалсын деп бейбіт өмір әніміз.
Хор: «Бейбітшілік күні»
9-оқушы: Дастан
Болашақты бізге мирас етем деп,
Қыршын кетті Әлия, Мәншүк апалар.
Әлия, Мәншүк аттары әнге айналған,
Әлия, Мәншүк қос жұлдыз ойнаған.
10-оқушы: Мирамбек
Мәншүк апай батыр қыз
Ардақтаймыз атын біз
Ұқсап Мәншүк апайға
Өсіп келе жатырмыз
11-оқушы: Дильназ
Жұлдызым, қарашығым, айналайын,
Білесің айтпаса да ана жайын.
Жауды жеңіп тезірек кел қарашығым,
Төсіме ұысып сені аймалайын.
Хор: «Ақ көгершін»
12-оқушы: Жолдыбай
Есінен шығарар ма ешкім мұны,
Ертемен шілденің дәл үші күні.
Көңіліне күллі елімнің жігер беріп,
Естілді радиодан Отан үні.
Көрініс: «Берлинде»
Жауынгер:
Қошқарбаев, сені батальон командирі шақырады.
Қошқарбаев:
Жауынгер Қошқарбаев сіздің бұйрығыңыз бойынша келіп тұр, жолдас командир!
Васильченко:
Жауынгерлік тапсырма бар.
Қошқарбаев:
Тыңдап тұрмын!
Васильченко:
Анаау үйді көремісің? Ол-Рейхстаг. Соның үстіне ту тігу керек. Мына жігіттер де саған ереді. Оқпен сүйемелдеп тұрамыз.
Қошқарбаев:
Құп болады, жолдас командир!
(Васильченко туды береді. Рақымжан туды алып, ішіне тығып алады. Ол терезеден секіріп түсіп, снаряд ойып кеткен шұңқырға жетеді. Гүрс етіп снаряд жарылады. (музыкамен снаряд дауысы шығады.) оққа ұшу қаупі күшейді. Қасында Булатов та бар. Олар Рейхстагқа дейін жүре берді. Осы кезде ракета атылып, белгі берілді.
Қошқарбаев:
Григорий, кезегі енді келді. Ал жөнелдік.
(екеуі жылжып терезеге жетеді. Екінші қабаттың балконы сияқты. Қойнынан жалауды шығарды.
Қошқарбаев:
Мін иығыма! Байла!
(олар Рейястаг төбесінде желбіреп тұрған өз туларын көріп, ерекше сезімге бөленді.)
Хор : «Бақытты біздер баламыз»
1-жүргізуші: Назгүл
Герман астанасын шабуылдау кезінде Кеңес әскерлері өлгені, жараланғаны бар 300 мыңдай адамнан айырылды. Бұл Жеңіс оңайлықпен келмеді. КСРО-ның 1710 қаласы күлталқан болды, 70 мыңнан астам село мен деревняны өртеп жіберді. Қаншама ана баласыз, қаншама бала әкесіз қалды. Соғыс даласынан 20 миллионнан астам адам қайтқан жоқ, ал оның ішінде 350 мыңы қазақ еді.
2-жүргізуші: Әділет
Қазақстандықтардың соғыста көрсеткен ерліктері тарихта мәңгі сақталып қалды. Кеңес Одағының батыры атағын алғандар: Бауыржан Момышұлы, Талғат Бегильдинов, Нүркен Әбдіров, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, тағы басқалары. Қаншама адам жауынгерлік ерліктері үшін медальдармен, ордендермен марапатталды.
13-оқушы: Батырхан
Қасым Аманжолов
«Сен -фашиссің, мен -қазақпын»
Сен –фашиссің, мен-қазақпын,
Сен айтқандай «азиатпын»!
Сен аспаннан «жұлдыз қақтың»
Мен далада түйе бақтым.
Енді мынау қарайсың тек,
Дәрменің жоқ, көзіңмен жеп.
Арланасың, қорланасың,
Тұтқын болдым тағыға деп.
14-оқушы: Арай
Егерде мен түссем қолға,
Қамар ең ау темір торға.
Олай болмай, бұлай болды,
Біздің бақыт, сіздің сорға.
Сен – фашиссің, мен-қазақпын,
Сен айтқандай «азиатпын»
Таң қаларсың философым,
Ғажабына табиғаттың.
Хор: «Атамекен»
15-оқушы: Диас
Бақытты болсын балалар,
Соғысты сүймес адамдар.
Өркендей берсін қалалар,
Гүлдене берсін далалар.
16-оқушы: Әли
Ер есімі-ел есінде. Кір жуып, кіндік кескен жер үшін, аялап, әлпештеп өсірген ел үшін жанған отқа түсіп, жалын кешкен ер азаматтар ешқашан ұмытылмайды.
17-оқушы: Дильназ
Халық тыныштық үшін, бақытты өмір үшін күресті. Сондықтан да, әділетсіз соғысты бастаған фашистік Германияны жеңіп шықты.
18-оқушы: Құралай
Енді сол елі, жері үшін аямай жанын берген ер-азаматтарды, апаларымызды 1 минут еске алайық.
19-оқушы: Диас
Жеңіс келді далама
Жеңіс келді ән болып
Жеңіс келді қалама
Келді ауылға сән көрік
Жеңіс келді әке болып
Жеңіс келді алақай
Жетім қалған балаға
Тоя жейтін нан болып
20-оқушы: Дильназ
Әлияны бұл күнде
Барлық бала біледі
Әлия аты – көңілде
Әпкеміз деп жүреді
Әпкеміз деп жүреді
Атын аңыз, жыр қылып
Елдің батыр түлегі
Әр жүректе жүреді
21-оқушы: Батырхан
Бауыржан, Мәлік, Талғаттар
Сүйікті болып қалды аттар
Олармен аттас қаншама
Сәби бар шәкірт, солдат бар
Аттары әнге ұласқан
Нүркен боп ашық тұр аспан
Табылар Мәншүк, Әлия
Қарасаң әрбір кластан.
1-жүргізуші: Назгүл
Тыныштық! Жаса тыныштық!
Осы сөз бізге тым ыстық.
Көркейе берсін еліміз,
Көркейе берсін ырыс – құт.
2-жүргізуші: Әділет
Қазақтың атын, Халықтың атын самғаттық!
Жасасын Жеңіс!
Тәуелсіз болып болашағыңа жүре бер!
Болмасын соғыс!
Болмасын соғыс! Болмасын!
Осы тілекпен барша халайық түрегел!
Хор: «ҚР-ның Әнұраны»